Берік ДҮЙСЕНБИНОВ, Мәжіліс депутаты: Шенеуніктер де қазақша емтихан тапсырсын!
2018 ж. 10 наурыз
3397
5
Күні кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек мемлекеттік тілде жүргізілуі керек» деп тайға таңба басқандай етіп нақты тапсырма берген еді. Ол Парламенттен бірден қолдау тапты. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы бастаған бір топ депутат латын әліпбиін балабақшадан бастап оқыту қажеттігін ұсынды. «Латын әліпбиі қазақтілді мектептерде ғана қолданылатын болса, бұл тұтас қазақ ұлтының тілдік негізде бөлшектеніп кетуіне әкеп соғуы мүмкін» деген алаңдаушылық білдірді, – М.Бақтиярұлы. Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Берік Дүйсенбинов Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, Үкіметке мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту туралы заң жобасын дайындауға ұсыныс жасады. Біз депутатқа жолығып, бірер сауал қойдық.
– Берік Сәлімжанұлы, сонда лауазымды шенеуніктердің барлығы қазақ тілінен емтихан тапсырсын деген ұсыныс жасап отырсыздар ғой?
– Өз басым ел басқарып отырған азаматтардың (министрлер, әкімдер және т.б.) мемлекеттік тілді білуі, сөйлеуі міндетті деп санаймын. Сол себептен мемлекеттік тілді игеруге тиісті лауазымды шенеуніктердің тізімін одан әрі кеңейтуді қарастыру керек. Қазіргі кезде тек Президенттікке үміткерлер ғана қазақ тілінен емтихан тапсырады. Шенеуніктер де қазақша емтихан тапсырсын! Екіншіден, қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту үшін, Конституциялық нормаларға сәйкес, ана тілімізді міндетті түрде пайдалану талабын енгізуді ұсынып отырмыз. Депутаттық сауалымда Норвегияның заңын мысалға келтірдім. Норвегия – үлгі аларлық алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі. Осы ел өзінің «Мұнай туралы» заңының 6 және 37-баптарында: «Мұнайға қатысты қызметте норвег тілі бірінші орында тұруы керек. Басқа тілдерді қажетті жағдайда пайдалануға болады» деп жазыпты. Әрине, бұл талап-тарды заңмен бекіту бір күндік жұмыс емес. Десек те, Үкіметке «Ақ жол» фракциясы 2012 жылы ұсынған мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту туралы заң жобасына қайтып оралуды ұсындық. Елбасымыздың өзі мұндай бастамаға ұйытқы болып отырғанда оны кейінге қалдыруға болмайды.
– Заң дегеніміз – міндеттеу деген сөз. Бірақ міндеттеу арқылы жаппай тілді үйрете аламыз ба? Өйткені тілге деген қажеттілік жоқ…
– Адамды міндеттеу, жазалау арқылы ешқандай тілді үйрете алмаймыз. Сондықтан, ең алдымен, қазақ тіліне деген қажеттілік туғызуымыз керек. Мысалы, талапты жастар қазақша білмесең министр, әкім, бастық бола алмайтынын түсінсе, ана тілімізге деген сұраныс туады. Қазіргі кезде мектеп қабырғасындағы оқушылардың 80 пайызы қазақ тілінде білім алуда. Енді 10 жылдан кейін халықтың 80-90 пайызы қазақша сөйлейді деген сөз. Өз басым орыс мектебінде оқитын өзге ұлт өкілдерінің де, қалада тұратын ұлты қазақ балаларының да қазақша таза сөйлегенін көріп, қатты қуанамын. Өкінішке қарай, Қазақстанда туып-өскен, жасы қазір 70-80-ге келсе де, бір ауыз қазақша білмейтін басқа ұлт өкілдері де бар. Ондайларды көргенде тек елге, ұлтқа деген құрметі жоқ адамдар деп санаймын. Елбасы бірнеше рет атап айтқандай, қазақ тілін білу – күллі қазақстандықтарды біріктіретін фактор. Ана тілімізді дамыту арқылы басқа ешқандай тілге зиян тигізіп, оны шеттетіп отырған жоқпыз. Жуырда Бакуге жолым түсті. Әзірбайжандар – латынға ерте көшкен халық. Жастарымен сөйлескенде байқағаным, латынға, ағылшыншаға тілдері жаттығып қалыпты. Біздің жастарымыз да солай болары анық. Латынға көшкеннен кейін қазақ тілі жинақы, қолайлы болады. Бүгін бізде қазақ тілін меңгеруге деген шынайы ұмтылыс бар. Қазақ тіліне өміріміздің барлық салаларында сұраныс туып, ол ғылым мен технологияның тіліне айналатын болса, болашағы да сенімді болар еді. Елбасының тапсырмасымен Үкімет экономиканы цифрландыруды қолға алды. Бұл – өте дұрыс бағыт, өйткені қазір экономикада және бизнесте күнделікті сұранысқа ие тілдің ғана болашағы бар. Менің ойымша, цифрландыру мен латын әліппесіне көшу арқылы тіліміздің жинақы, қолайлы болып, дамуына мүмкіндік туады. Ендеше, Елбасының латынға көшу және мемлекеттік тілге қатысты берген тапсырмасын негізге ала отырып, жоғарыдағы қадамдарға баруымыз керек.
Төлен ТІЛЕУБАЙ
"Астана ақшамы"