"Ақ жол" көтерген жастарға жатақхана салу мәселесі Елбасы тапсырмасымен үндес келді
2018 ж. 05 наурыз
5883
17
Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жоғары білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды атап өтіп, студенттерді жатақханамен қамту мәселесін қозғады. Осы орайда Мәжіліс депутаты Азат Перуашев кезінде "Ақ жол" партиясының осы мәселені алғаш болып көтергені туралы айтып, бұл тапсырманың үлкен маңызға ие екендігін атап өтті, деп хабарлайды "Қазақ үні" тілшісі.
Осы орайда депутат ауылдардан қалаларға елімізде кем дегенде 300 мың жас көшіп келетінін, ал еліміздегі мемлекеттік бағдарлама бойынша тек 100 мың пәтер салынатынын жеткізді. Оның айтуынша, қалаға келген 300 мың жастың 200 мыңы пәтерге қол жеткізе алмай, жүреді екен.
«Олар тапқан ақшасын жалға алған пәтеріне жұмсайды. Тіпті, жастар «пәтерді ипотекаға аламыз» деген үміттен айырылып отыр. Елімізде жастарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі өте өткір күйінде қалып отыр. Қазақстанда қаншама университеттер мен білім беретін мекемелер өз студенттерін жатақханамен толық қамти алмай отыр», - деді Азат Перуашев.
Сонымен қатар депутат бүгін жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне Президенттің өзі араласқанын айтып, бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деген үмітте екенін жеткізді.
«Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған мәселеге мемлекеттік тұрғыдан қарау қажеттігін айтып, арнайы тапсырма берді. Қазіргі таңда мемлекет осы мәселеге назар аударды. Президент аталған мәселенің бұрыннан бар екенін айтты. Енді оны шешу үшін тиісті жұмыстар жасалуы қажет», - деп түйіндеді сөзін Азат Перуашев.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 12 сәуірінде Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауыл жастары үшін арзан жатақханалар салу мәселесін қарастыруды ұсынған.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында елімізде ауылдан қалаға көшетін азаматтардың саны жыл өткен сайын ұлғая беретінін айтқан. Өз сауалында депутат Қазақстандағы ауылдарда 7,5 млн адам тұратынын, алдағы уақытта ішкі көші-қонның әлеуеті 2,5-тен 5 миллионға дейін жететінін мәлімдеген.
Перуашев келешекте ауылдан қалаға көшіп келген азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 15 жыл емес, 30 жыл, тіпті 50 жыл қажет болуы мүмкін деп болжам да жасаған.
Осы орайда «Ақ жол» фракциясының депутаттары «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2021 жылға дейін 35 мың жалдамалы пәтер салу жоспарланып отырғанын айта келе, осы пәтерлердің орнына жатақхана салуды ұсынған. Олардың пікірінше, осындай жолмен 49 мың отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге болады.