Шағын несие бизнестің дамуына серпін беріп, халықтың жағдайын жақсартады – Азат Перуашев
2018 ж. 05 наурыз
6768
12
Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қазақстандықтарға өз ісін бастау үшін шағын несие беруді жалғастыру керек екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізе беруді тапсырды. Осы орайда аталған мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Азат Перуашев өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Мемлекет басшысының бұл бастамасы өте орынды. Егер біз елімізде кәсіпкерлікті дамытамыз десек, оған жағдай жасау керек. Бизнес бірден ірі кәсіпке айналмайды. Себебі, ол дамып, ірі бизнеске айналуы үшін уақыт пен қаржы керек. Азаматтар өз кәсіптерін осындай дәрежеге жеткізуге шамасы жетпей жатады. Егер несиені алу үшін халықта кепілдікке салатын меншігі жоқ болса, оларды біз далада қалдырмауымыз керек. Сондықтан мемлекет тарапынан осындай азаматтарға көмек көрсетілуі қажет», - деді депутат.
Оның айтуынша, елімізде азаматтарға шағын несиені беруді кеңейтіп, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, азаматтардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік тудырады.
«Бұл – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың бір жолы. Біз әсіресе ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін азаматтарға өте жеңіл шартпен несие берсек, олар мал шаруашылығымен айналысуға, егін егуге мүмкіндік алады. Соның арқасында азаматтар өз кәсібін ашып, жағдайын жөндейді. Кейін өз кәсібін кеңейтеді», - деп түйіндеді сөзін Азат Перуашев.