Планшеттегі пәлен-пәштүген - 3
· Көршінің ұрысқаны – көңіл көтереді.
· Халыққа қызмет ету – балаңды тәрбиелеуден басталады.
· Қазақта ұйымшылдық психология жоқ. Әйтпесе, бізде де футбол дамитын еді.
· Біздер большевиктерден құтылдық, коммунистерден құтылдық, ал Батыраш-Қотыраштардан арылатын емеспіз. Арыла алмайтын да шығармыз...
· Билікке барғанның бәрі ақылды болса – Еліміз баяғыда гүлденіп кетер еді.
· Бізде ертеңгі елу жылын ойлаған әкім көрсем – көзім шықсын.
· Креслоға отырғанның – көңілі көтеріңкі.
· Қазақ әдебиеті қандай бай болса, қазіргі әдебиеттің интеллектісі сондай – жүдеу.
· Ең оңай нәрсе - адам боп ояну... Ең қиын нәрсе – адам боп жату...
· Осы күнде терминдерді қазақшаға аударып жүр. Бұл жақсы. Ал, көп жағдайда осы тәржіма дұрыс емес. Біздің жазушы-журналистер орысша тұрмақ, ағылшын, грек, яғни халықаралық, әлемдік сөздерді аударады. Кейде тіпті күлкің келеді. Мысалы: «артист», сөзін – «әртіс» деп аударыпты. Грекше «арт» сөзі, (өнер, творчество), «ист» – «орындаушы» деген ұғым. Яғни, өнер иесі. Сол өнерді атқарушы деген сөз. Ал, «әртіс» – түсініксіз. Жолдан қосылған – Жолдаяқ. Бізге үйдің ішінен үй тігудің қажеті жоқ. Ұлы өркениеттен шеттемеу керек. Қазақтар да әлемдік өркениеттің, мәдениеттің бір бөлшегі.
· Сұлу қызды көргенде – әйелің сұрықсыз болып көрінеді.
· Алатаудың қадірін – Астанада білесің...
· Алматыда жер сілкінсе – Астаналықтардың зәресі ұшады.
· Кәрі биші билесе – есті көрермен еденнің шегесін санайды.
· Әкім қашан кетем деп ойлайды,
Ақын қашан келем деп ойлайды.
· Пәлелі қызға жоласаң - помадасының ізі қалады.
· Жақсы молданың үш қасиетіне көңіл аударам... Біліміне, мақамына һәм сақалына...
· Халыққа қызмет ету құдайға құлшылық жасағаннан да қиын.
· Долы қатын атом бомбасынан да жаман.
· Кешегі коммунистердің көбі – бүгінде «Нұр Отанның» мүшесі болған. Ал, бүгінгі коммунистер тек көңіл көтеру үшін... Клоунада...
· Құдайдан қорықпаған – финполға жем болады.
· Зиратқа барғанда – тәубеңе келесің...
· Самолетке отырғанда – уақыт өтпейді.
· Американың қарасын көргенде – қазақтың қарасы аппақ болып көрінеді.
· Ананың махаббаты шексіз, сәбидің риясыздығы шексіз, адамның ақымақтығы шексіз...
· Цифрлы мемлекеттің, нанотехнологияның - адамгершілікке ешқандай қатысы жоқ...
· Бір күндік мақсатпен өмір сүрген қоғамда мемлекет құру мүмкін емес...
· Оппозиция болу үшін – алдымен ақыл, сонан соң ақша керек.
· Легализация капитала начинается с головы.
· Шет елде үйі бардың – екі жаны болады.
· Алтын тісің болғанша – күміс сақинаң болсын.
· Көк аспан - шексіз, көк теңіз - шексіз, көңіл – шексіз...
· Бізге Герадоттан Герағаң жақын...
· Өмірдегі Батыраштан – өнердегі Қотыраш қауіпті.
· Мешіттен шыққанның бәрі – періште емес.
· Сақалсыз молда көрсем, Райкомның хатшысы еске түседі.
· Спорт та, өнер де – уақытқа тәуелді. Спортта тағдырың секундтармен өлшенеді, ал өнердің бағасын жылдармен білесің...
· Әйелін сыйламаған – келінін де сыйламас...
· Теледидардан айтылғанның бәрі – шындық емес.
· Байдың тойына барғың келмейді.
· Ақымақ қатын қырық жасында да қыз болам деп қылымсиды.
· Опера театрында жартысы спектакль көру үшін барса, жартысы көйлегін көрсету үшін барады.
· Көйлексіз қыз болса да, шалбарсыз қыз болмайды.
· Джинсы кигеннің бәрі- жігіт емес.
· Шаммен отырғанның бәрі – романтик емес.
· Джиптің де желі болады.
· Толғақ тез ұмытылады, сайлау тез ұмытылады, жақсылық тез ұмытылады...
· Бұрын ақынның жиынына баратын едік, енді әкімнің жиынына баратын болдық.
· Бүгінде сөйлегеннен үндемеген тиімді.
· Қазы жегеннің бәрі – қазақ емес.
· Қадіріңді білмейтін қатын жаман, қамшыласаң жүрмейтін атың жаман.
· Жалақы алған – жарымас.
· Ақыл айтқанның бәрі- көсем емес.
· Әдемі қыздың ақылы – айнада болады.
· Әкімнің баласы – әкім болса, таңданбайсың, әкімнің баласы – ақын болса, таңданасың.
· Сүйкімді боп келуден - сүйкімді боп кету әлдеқайда қиын...
· Атақ, абырой, құрмет – ол қоғамның саған берген қарызы.
· Бір нүктеге қарап отырғанның бәрі ойшыл емес...
· Пайдасыз қалған тұз жаман,
Таңертең келген қыз жаман.
· Қазақтың әні мен күйі біткен күні қазақ жер бетінен жойылады.
· Ең үлкен ерлік – атақты бола тұра қарапайым болу...
· Қатынына қарайлаған еркектен елдің қамын жейтін ер шығады деу- өтірік.
· Байынан күндіз-түні қателік іздеген қатын – сорлы.
· Бір-біріне сенімсіз адамдар ғана «біз бір-бірімізді сүйеміз» деп жар салады.
· Ақымақ қатынға ұры да бір, ұлы да бір.
· Махаббат – Алланың адамға берген сыйы.
· Таңертең сайрау тек бұлбұлға жарасқан...
· Бақаның да өз тілі болады.
· Таң атпай біреуді сүю – тек анаға жарасқан...
Талғат ТЕМЕНОВ,
Қазақстанның Халық артисі, профессор
Қазақ үні