Баланы ұрған әкім: Бастан теппедім, өзі құлап қалды
2018 ж. 28 ақпан
3432
10
Жұдырығы жуан әкім қызметінен кетті. Ақмола облысында баланы соққыға жыққан Жанат Омаровты тәртіптік кеңес мемлекеттік қызметтен қуу туралы ұсыныс айтқан. Ал Қорғалжын ауданының әкімі іле-шала түн ішінде бұйрық шығарып, қоластындағы қызметкерді орнынан кетірді. Атқамінер жасөспірім орындықтан өзі құлады, мен бастан тепкен жоқпын деп отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады. Жарты жыл бұрын аудан депутаттары бір ауыздан сайлаған ауыл әкімі ұрда-жық, қызуқанды болып шықты. Бойы 190 сантиметр, салмағы 130 келі Жанат Омаровтың 14 жасар жұдырықтай баланы тепкілеуі естіген елді шошытты. Әкім осылайша өз баласын қорғамақ болыпты. Қорғалжындағы мектеп-интернатқа рұқсатсыз кіріп келіп, оқушыға ұмтылғанда қаным басына шауып, өзімді ұстай алмай қалғанын айтады ол. Бірақ басынан тепкілеген жоқпын дейді. Жанат Омаров, Қорғалжын ауылдық аймағының бұрынғы әкімі: -Былай жақындап келдім де, жағасынан алмақ болдым. Директорға апарғым келген. Ол орындығымен құлап түсті. Мен оны ұрған жоқпын, шкафқа да соғылған жоқ. Баламның мұрнынан қаны ағып мейірбикеде отырғанын көріп, осылай өзімді ұстай алмай қалдым. Бірақ тепкіледі деген бекер сөз. Жағасынан алмақ болғанда құлап қалды деген оқушы Диас Мұқан бөлмесінде ес-түссіз жатқан. Жұдырығы жуан әкімнің айтуынша, жанында мұғалімдер болыпты. Бала соққы алғаннан кейін мейірбике келіп көмек көрсеткен. Бірақ бұл оқиғаны көзімен көргендер ешкімге тіс жармауға бекініпті. Тіпті аудан әкімдігі аппаратының, білім бөлімінің басшылары да 2 күн өткен өткен соң естідік деп тұр. -Соққыға жығылған Диас Мұқанның ата-анасы дабыл қақпағанда, бұл жағдай жабулы қазан күйінде қалар ма еді. Оқиға болғаннан кейін 4 күннен соң өткен облыстық Тәртіптік кеңесте олардың барлығына Қорғалжын ауданы әкімі орынбасарының дымдарың іштеріңде болсын дегені туралы айтылды. Диасты ата-анасы алдымен аудандық ауруханаға апарған. Баланың халі мүшкіл болғанын бас дәрігер енді айтып тұр. Марал Ақылбаева, Қорғалжын аудандық ауруханасының бас дәрігері: -Баланы көтеріп әкелді. Ес-түзсіз, тілі күрмеліп жатты. Жағдайы ауыр болды. Денесі тартылып қала берді. Орындықтан құлап түсіп, осындай жағдайға жетуі мүмкін емес қой. Біз бір ауданда жұмыс істейміз, нақты кімнің қорқытқанын айта алмаймын. Мектеп-интернатта екі баланың төбелесінен басталып, соңы осындай үлкен дауға ұласқан оқиға бойынша қазір полиция тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Бұл жағдайдан кейін бір әкім ғана емес, жауапты біраз шенеунік қызметімен қоштасатын сияқты.