ШЫМКЕНТТІҢ ...ЖІГІТТЕРІ ПРЕЗИДЕНТ ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ҚҰЛАТЫП КЕТТІ...

ТЕНДЕРДЕГІ "ДЕМПИНГ" ЖЫРЫ БІТПЕЙ, ТЕҢДІК ОРНАМАЙДЫ... Иә, бұл биылғы жазда Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінде өткен мемлекеттік  тендер қорытындысында орын алған жағдай. Маусымның 3-і күні өткен тендерге 7 лот тігілді. Соның ішіндегі №3 лоттың 6 миллион теңгесіне 6 газет таласты. Бұлардың ішінде нұротандық, яғни биліктің азуын айға білеген әйгілі «Айқын», «Түркістан» газеттерімен бірге елге танымал, атынан ат үркетін «Президент және халық» газеті, бастауын Алаш арыстарынан алатын «Қазақ» газеттері де бар еді. Бірақ жеңіске бұлар емес, бұлардан үрікпек түгілі үркітіп, ең төменгі баға қойып, бәрін құлатып жіберген Шымкенттің «Журналист жігіттер» ЖШС осы тендерде бір емес қос лотты қолтығына қысып кете бар-ды... Олар 6 миллион теңгенің орнына «қайдан шықсаң, одан шық» деп, 1 757 500 теңгеге  бір-ақ түсті... «Оу, белгіленген бағаның төрттен біріндей теңгемен маңызы зор мемлекеттік тапсырысты қалай орындайды? Газеттерінің аты қандай екен өзі?»-дейді ғой республикалық белгілі газеттер басшылары бұл белден басудан  естерін жия алмай... «Бір мәнісі болар, шеше... шешеміз ғой бәрін...» деген қоржыны тоқ шымкенттік жігіттер әндетіп тайып тұрды... Шымкенттің «Журналист жігіттерінің» де, №12 лоттың белгілеген 9 миллион теңгесін «менсінбей» 3 млн.591 теңгесін ғана  «жеңіп алған» белгісіз «ХалНұр» ЖШС-нің  де айдарынан жел естіріп тұрған тендердегі «демпингтік баға» деген бәле болып тұр. Бұл жерде оларға кінә қоюдың өзі орынсыздау сияқты. Тендерге  кім болса да жеңу үшін келеді. Ал ұтуды ойлап ұмтылғандар   бар мүмкіндікті пайдаланады. Әсіресе, біздің шымкенттіктер бұл жағынан ешкімнен ақыл сұрамайды... Демпингтік бағаның талабы бойынша ең төмен баға қойған талапкер жеңіске жетеді. Ол демпингтің сенің кәсібилігіңе, потенциалыңа, көп жылдық тәжірибеңе түкіріп қойғаны бар.. Ең төмен баға қойып тұрған бәсекелестің жағдайы да... ең төмен болса да, ол мемлекеттік тапсырыс көлемін жоғары деңгейде сапалы орындай ала ма, оған бас қатырмайды ешкім... Мемлекеттік тапсырыстың орындалуы  ақсап жатса... «ол мемлекеттікі, менікі емес...» деген түсінік белең алып тұрғанда бел аса қоюымыз неғайбыл болып тұр. Ақпарат және мұрағат комитетіндегі басшылардың да қолын байлап, заңға қарсы шыға алмай отырған бұл демпингтік бағаны алып тастауға қол жеткізу олардың күн тәртібіндегі ең басты мәселе болу керек. Осыдан екі-үш жыл бұрын демпингтік баға деген бәле жоқ еді ғой... Қайта белгіленген бағадан 30 пайыздан астам төмен түссе, ұтылып қалып жататын... Сонымен Демпинг деген не бәле өзі? Ғаламтордан экономикалық анықтамаларды ақтарып көріп, біраз нәрсеге көз жеткізгендей болдық. Біздің Ақпарат және мұрағат комитетінің мемлекеттік тендер құжаттары да түгелдей шет елдің, Ресейдің мемлекеттік  тілінде болғандықтан, біз де орысша түсіндіре кетейік. ДЕМПИНГ - продажа товаров на рынке по искусственно заниженным ценам, вид недобросовестной конкуренции, способ прорыва на внешние рынки. Демпинг - антирыночное действие, поскольку оно противоречит честной конкуренции. Для борьбы с демпингом во многих странах разработаны антидемпинговые законы. Правилами Всемирной торговой организации демпинг запрещен. Демпинг нарушает правила справедливой конкуренции и влечет убытки местных производителей. В мировой экономической практике, в ряде стран принято противостоять демпингу путем применения антидемпинговых законов, установления специальных противодемпинговых пошлин. Міне, қарап отырсаңыз, демпинг деген дүлейіңнің зияннан басқа іліп алар пайдасы шамалы екен. Демпингтің кесірінен ұлттық өнім өндірушілер мен сатушылар ғана емес,  үкіметтің өзі де зиян шегеді. Бағаның төмендігінен қазынаға құйылар салық та төмендеп кетеді... Бұл демпингке қарсы күресті ең алдымен үкіметтің өзі бастау керектігін көзге шұқып көрсетпей ме? Қазіргі түрлі саладағы,  құрылысы бар, басқасы бар тендердегі демпингтік бағаның кесірінен мемлекетке тек орасан зиян келуде. Мысалы,  Астанада құны 3  миллиард теңгелік ірі құрылыс нысанын 2 миллиард теңге қойып, ұтып алып, бірақ салып бітіре алмаған бір фирмаға амалсыздан  тағы да қайта 2 миллиард  теңге қосып беріп, бұдан  мемлекет таза шығынға батып жатқан жайлар барлық жерде де жеткілікті.  Ал Тәуелсіздікке басты тірек болатын идеологиямыздағы, әсіресе қазақ тілді БАҚ қызметі мен баспа өнімдеріндегі  мемлекеттік сатып алу бағасының төмендігінен, сонымен бірге орындалу  сапасының  да төмендеуінен келешекке келер нұқсан еселеп зиян келтіретінін ұмытпау керек. Ал талай БАҚ-ты басқарған, баспасөздің жілігін шағып, майын ішкен майталман қаламгер, республикалық «Президент және халық» газетінің Бас редакторы Марат Тоқашбай: -Басы­лымдарды қаржы­ландыруда тендерлік әдісті қолдану мүлде дұрыс емес,- дейді. - Кітап пен кірпіш жа­сауды салыстыруға бол­майды ғой. Ұлт­тың өзіндік үніне айналған белді де бел­гілі басылымдарды сарыжағал баспа өнім­дерінің қатарына түсірмей, арнайы мемлекеттік деңгейде субсидия жасау мәселесін көтерген орынды деп санай­мын. Сонда бүгінгідей түсінбеу­шіліктер тумаған да болар еді. Сол үшін мем­ле­кеттік сатып алулар туралы заңға өзгеріс енгізу қажет. Иә,  ұлт  баспасөзі мен әдебиетінен  бүгін жырымдап үнемдеген тиындар ертең орны толмас орасан зор рухани шығындарға соқтыратыны ел тағдырына енжар қарамайтын бәрімізді ойландыруы тиіс. Әсіресе, билік басында отырғандарды...

Қазыбек ИСА

Мемлекеттік тапсырыс мәселелері талқыланды

  3 тамыз күні бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен көрнекті әдебиетшілер бас қосып, баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл жиында «Тәуелсіздікке жиырма жыл: журналистер мен әдебиетшілерді қолдау бағытындағы әлеуметтік бағдарламалардың жай күйі; Ақпарат және мұрағат комитеті: БАҚ және кітап шығару саласындағы мемлекеттік тапсырыстарға қатысты өзекті мәселелер" сөз болды. Жиынға Ш. Елеукенов, Қ.Жұмаділов, М.Айтқожа, Т. Көпбаев, М.Тоқашбай, Қ.Қайым сынды көрнекті ақын-жазушылар мен «Үш Қоңыр» қоғамдық қорының бас директоры Б.Батыр және т.б. қатысты. Баспасөз мәслихатында  журналистер мен әдебиетші қаламгердің қоғамдағы орнын айқындап, олардың моралдық- әлеуметтік хал-ахуалын жақсарту мақсатында Қазақстан үкіметі тарапынан қандай игі  шаралар қарастырылды деген сауалдар ортаға салынды. Сонымен қатар  мемлекеттік саяси баспасөзді электронды ақпарат құралдары арқылы жүргізу, әлеуметтік маңызы зор әдебиет түрлерін шығару салаларында шешілмей жатқан көптеген проблемалар қозғалды. Бұл жөнінде талай баспасөз беттерінде сөз болып келеді.  Міне, осы сынды маңызды мәселелерді шешу жолдары талқыланды.

Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ