Мұратхан Тоқмәдидің сотында куәгер жаңа деректерді жайып салды
2018 ж. 22 ақпан
2939
0
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында бизнесмен, «Депутаттық корпус» атты қылмыстық топтың серкесі Мұратхан Тоқмәдидің ісі бойынша сот ісі жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазірдің өзінде таңдап алынған 75 куәгердің 40 куәгерінен жауап алынды. Жалпы, 135 куәгер бар. Алайда олардың 75-і ғана сотта сөйлейді. Тоқмәдидің ісі бойынша куәгер ретінде өтіп жатқан 25 азаматтан сотқа келе алмайтыны туралы өтініш түскен. Бұл туралы агенттік тілшісіне Бас прокуратураның аға прокуроры Ілияс Есқалиев хабарлады.
БТА Банктың бұрынғы бас-менеджері Жақсылық Жәрімбетов сотта айтқан сөзі бойынша М.Әблязов түрмеден босап келген соң Н.Дүтбаев оған Ресейде бизнес бастап, өз жобаларын дамытуға көмектескен. Тәтішевке осы жерде Әблязовтың әсіресе Ресейдегі бизнес жобаларына, «Бетпақ-дала» компаниясын дамытуға 300 млн АҚШ долларын несие ретінде банктен ақша беруге міндеттейді. «Тәтішевті мен білемін, ол Әбілязовке мұндай ақшаны ешқашан бермес еді, екеуінің арасы жақсы емес еді»,-деді куәгер.
Ержан Тәтішевтің аңға шыққандағы өлімі туралы ол былай деді: «Ол кезде Тәтішевке Әбілязов пен Дүтбаев тарапынан қысым жасалды. ҰҚК тарапынан әдейі ұйымдастырылған тексерулер жүріп жатты. Естуімше, Тәтішев күйзеліс жағдайында жүрген. Сол себептен аңға жиі шығып тұрған» Куәгер Әбілязовпен Лондонда кездескен әңгімесінде не туралы айтқанын жеткізді.
«Мен одан Ержан туралы сұрағанымда Әблязов айтты: «Мурка, өзінікін жасады, саған ол не керек, араласпа» ол кезде бұған мән бермеген едім, өз шаруам бастан асып жатқан. Қазір ойласам, ол сөздер тегін айтылмапты»,-деді куәгер. Ол өзін Ержан Тәтішевті жақын досы санайтынын және оның қазасына қатты күйзелгенін де жеткізді.
«Тәтішевтің өліміне Мұратхан Тоқмадидің қатысы болуы мен үшін жаңалық болды. Мен бұрын да Тәтішевтің өлімі Әбілязов үшін пайдалы екендігін білетінмін. Оның өлімінен кейінгі 4-5 айдан соң ол «БТА Банк» тізгінін толықтай қолына алды. Ержан Тәтішев тірі болғанда ол банкке қол жеткізе алмас еді»,-деді ол.
Еске салайық, «Депутаттық корпус» қылмыстық тобының жетекшісі М.Тоқмәди 2017 жылдың қазанында Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен бопсалаушылық жасағаны үшін және заңсыз қару-жарақ сақтағаны үшін сотталған еді. Сот оны үш жылға бас бостандығынан айырған болатын. Белгілі болғандай, 2017 жылдың қазанында шыққан сұхбатында сотталушы М. Тоқмәди банкир Ержан Тәтішевті 2014 жылдың 19 желтоқсанында Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар стансасы маңында аңшылыққа шыққан кезде атып өлтіргенін мойындаған.
Бұдан бөлек, жемқорлық жасағанын - ҚР ІІМ Тергеу-жедел тобының басшысы Ержан Артықбаевқа ақшалай сыйақы бергенін де мойнына алған. Енді М.Тоқмәдиге 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «ж», «з» тармақтарында (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен адам өлтіру) қарастырылған қылмыстар жасады деген айып тағылуда. Сот барысында айыпталушы өзіне тағылған айыптардың бәрі негізді екенін айтып, Ержан Тәтішевті өлтіргендігін толықтай мойындаған болатын.