Сыртқы істер министрі Қытайда қамалған қазақтарға қатысты мәлімдеме жасады
2018 ж. 15 ақпан
10256
8
СІМ басшысы Қайрат Әбдірахманов мұндай мәселелер ешқашан назардан тыс қалмайтынын айтты. Қытай оқулықтарында Қазақстан жерінің Қытай жері деп көрсетілуіне қатысты қандай да бір мәлімет пайда болса, бұл мәселе үкіметаралық кездесулерде міндетті түрде көтеріледі. Қазақстан үкіметі бұған тосқауыл қояды.
Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдегені туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.
Бұған дейін Қытай сайттарында мектеп оқушыларына Қазақстанның Жетісу, Алматы өңірі Қытай жері деп оқытылатыны туралы ақпарат тараған болатын. Бұл мәселе қоғамда біраз дау тудырған еді. Осы жағдай енді тағы қайталанып жатқанға ұқсайды. Журналистер сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтан осы мәселеге қатысты Қытай үкіметіне ресми сауал жолданды ма деп сұрады.
“Оқулық, картаға байланысты қандай да болсын мәлімет түссе, біз оны ешқашан назардан тыс қалдырмаймыз, нақты тосқауыл қоямыз. Мұндай мәселелерге өз ағымымен жүруге мүмкіндік бермейміз. Өздеріңізге мәлім, біз Қытай тарапымен өте тығыз байланыстамыз, екіжақты консультациялар жүргізіп жатырмыз. Оның ішінде желтоқсанда Бейжіңде өткен қауіпсіздік мәселелері туралы келіссөздерді айтуға болады. Жуырда үкіметаралық комиссия аясында бірсыпыра келіссөз өткіземіз. Осындай үкіметаралық кездесулер арасында мұндай мәлімет пайда болса, үкімет атынан көтереміз. Оған ешқандай күмән болмауы керек”, — деді министр.
Қытайдағы қазақтардың туысқандары Қазақстаннан көмек сұрап отыр. Сондай-ақ Әбдірахманов Қытайда ұсталған Қазақстан азаматтарына қатысты да түсініктеме берді. Айтуынша, министрлік бұл мәселені бақылауында ұстап отыр.
“Ұсталған азаматтардың туыстары бізге қажетті мәліметтерді берді. Ол деректер расталған соң, Қытай тарапына ресми түрде дипломатиялық нота жібердік. Сонымен қатар, Бейжіңдегі елшілігіміз, Үрімшідегі паспорттық-визалық қызметтің өкілдері Қытай тарапымен тығыз жұмыс істеп жатыр. Толық мәлімет алған соң, біз оны міндетті түрде бізге өтініш білдірген Қазақстан азаматтарының туыстарына жеткіземіз”, — деді ведомство басшысы.