Назарбаев даңғылынан екі тал кескен кәсіпкер орнына жиырма ағаш отырғызады
2018 ж. 14 ақпан
2150
1
Алматыда кәсіпкер 10 метрлік «Тянь-Шань» шыршасы мен қасында тұрған тағы бір боз аршаны түбімен отап кетті. Қазір ол тәртіп сақшыларына ұсталып, жасаған әрекетін түсіндіріп жатыр. 35 жылдық тарихы бар ағашты кесіп тастаған оған 36 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ өз есебінен заңсыз әрекеті үшін екі кезеңмен 20 ағаш отырғызатын болды. Кәсіпкер Райымбек пен Назарбаев даңғылдарының қиылысынан жалға нысан алған екен. Бизнесін дөңгелетпек болған ол дүкенді көлеңкелеген жасыл желектен құтылуды көздепті. Жымысқы әрекетін жүзеге асыру үшін жұмысшылар жалдаған болуы мүмкін. Айта кетейік, былтыр қала бойынша әкімдік тарапынан әр түрлі нысанның алдындағы 3 мың апатты ағашты кесуге рұқсат берілген. Бұл туралы Алматы арнасы хабарлады.
«Жеке үйлердің қасы, мектеп, балабақша осындай әлеуметтік нысандарға. Ал коммерциялық мекемелер, магазин болсын, басқа бір мекемелер болсын, біз максималды түрде егер ағашты емдеуге, оны ертеңгі күні қалпына келтіруге жағдай болатын болса, оны тек қана санитарлы қырқуға ғана беріп жүрміз қазір. Биылғы жылы бұндай арыздар мекемелерден келіп түскен жоқ», – деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айдын Темешов.
Дәл осы маңда 2 апта бұрын әкімдіктен нысанды жалға алушы жеке тұлға бір қарағашты отауға, ал біреуін санитарлы кесуге рұқсат алған. Бірақ төрт ағашты заңсыз кесіп тастаған. Оған 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, 22 түп тал егу жүктелген. Енді көктемде кепілдік міндеттемені көктемде орындайды.