"ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ": ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК - АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ
2018 ж. 14 ақпан
8222
5
Елімізде мыңдаған шетелдік және отандық кәсіпорындар жұмыс істеп жатқаны белгілі. Әрине, олардың бәрі өздері ғана пайда тауып қоймай Қазақстан экономикасын көтеруге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға күш салуға міндетті. Дегенмен олардың осы бағыттағы үлесі әрқилы. Заманауи технологияны кеңінен енгізіп, өндірісті өркендетіп отырғандар алдыңғы қатардан көрінуі заңдылық. Солардың бірі - "Теңізшевройл" (ТШО) ЖШС. Құпиясы қатталған өзге кәсіпорындардай емес, ашықтықты көздейтін бұл компания биыл да қалыптасқан үрдіс бойынша Алматы қаласында БАҚ өкілдерімен кездесіп, 2017 жылғы атқарылған жұмыстары жайында баяндап берді.
Биыл бірлескен бұл ірі кәсіпорын өзінің 25 жылдық жұмысын қорытындылап, қол жеткізген жетістіктерін салтанатты түрде атап өтпекші. Ол 1993 жылы 6 сәуірде Қазақстан мен "Шеврон" компаниясы арасындағы жасалған келісім негізінде құрылған болатын. Серіктестікте - "Шеврон" - 50, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ - 20, "ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк." - 25 және "ЛукАрко БК" - 5 пайыз үлесі бар.
1993 жылдан бері ТШО-ның Қазақстанға тікелей қаржы төлемдері 125 млрд. доллардан асқан. Бұған жергілікті қызметкерлеріне еңбекақы, қазақстандық тауар өндірушілер мен жабдықтаушылардың өнімдері мен қызметтерін сатып алуға жұмсалған қаржы, мемлекеттік кәсіпорындарға аударылатын тарифтер мен төлемдер, қазақстандық серіктеске бөлінген дивиденттер, мемлекеттік бюджетке аударылған салық және роялти түріндегі төлемдер кіреді. 2017 жылы Қазақстанға 8,5 млрд. аса АҚШ доллары төленді.
ТШО 2017 жылы 28,7 млн. тонна мұнай өндірген. Сол сияқты 1,38 млн. тонна сұйытылған газ, 7,45 млн. текше метр құрғақ газ, 2,49 млн. тонна күкірт сату деңгейіне қол жеткізген. 2000 жылдан бері қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған жобаларға 3 млрд. доллар көлемінде қаржы жұмсаған. Осы кезеңде мұнайдың бір тоннасына шаққандағы ауаға жіберілген шығарындылардың көлемі 70 пайызға азайған.
ТШО-да жұмыс істейтін қазақстандық қызметкерлердің үлесі 1993 жылы 50 пайыз болса бүгінгі күні ол 83 пайызға жеткен. Жергілікті ұлттық басшылардың, жоғары және орта буын жетекшілердің үлесі - 67 пайыз. Кадрларды оқыту және шыңдау нәтижесінде жауапты басшылық лауазымдарға тағайындалған жергілікті ұлт өкілдерінің қатары жылдан-жылға өсіп келеді.
Жер қойнауының байлығы алдымен сол жергілікті жердегі тұрғындарға тиесілі. Былайша айтқанда түскен қаржы бірінші кезекте сол аймақты дамытуға жұмсалуы керек. 1993 жылдан бері ТШО-ның Атырау облысындағы әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды, жергілікті тұрғындар мен қызметкерлерге көмек көрсетуді қаржыландыруға бөлген ақшасы 1,4 млрд. асқан екен. Кәсіпорын өзінің "Игілік" ерікті әлеуметтік инфроқұрылым бағдарламасы арқылы Атырау облысында 110 жобаны іске асырды. Өткен жылы да мектеп, балабақша, мәдениет үйлері мен түрлі спорт кешендерін салуға 25 млн. АҚШ долларын жұмсапты. Соның ішінде былтыр мамандандырылған гимназия мен ірі ретросайбақты іске қосты. Биылғы жылы Атырау қаласының "Жұлдыз" ықшамауданында 624 орындық мектептің, Құлсары қаласындағы 290 орындық екі балабақшаның, Индер ауданы Бөдене ауылындағы 200 орындық мәдениет орталығының, Индер ауданы Есбол ауылындағы 300 орындық мәдениет орталығының құрылысын салып пайдалануға тапсырмақшы. Бұдан да басқа нысандар салу көзделуде.
Жергілікті халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезіну, оны абыроймен атқару үлкен күш пен мол қаржыны қажет етеді. Ең бастысы соған деген ниет керек. "Теңізшевройл" компаниясы бұл бағытта көптеген жұмыстар атқаруда. Сондықтан атыраулықтардың арасында олар үлкен беделге ие, жергілікті тұрғындардың алғысына бөленіп келеді.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz