ҚАЗАҚТЫҢ КӨСЕГЕСІ ҚАШАН КӨГЕРЕДІ?..
2018 ж. 09 ақпан
2227
0
Жұмыс берушілердің вакансиясы аясынан шықпай, демография және мемлекеттік тіл мәселелерін шешу мүмкін емес.
Жылдар бойы көтеріп жүрген жәйттердің бірі – «Оңтүстіктен жас отбасыларды және шетелдегі қандастарды солтүстік аймақтарға шақыру» мәселесі соңғы жылдары қолға алынды» деп қуануға әлі ертерек сияқты. Бұл түйткілдің «еліміздің болашағына алаңдап, солтүстік аймақта мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және демографияны жақсарту мақсатынан туындағанына» күмәнданған жұрттың қарасы қалыңдаған сайын біз де ойға қалдық. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген бар, ендеше аталған көші-қон проблемасының қолға алынуына не түрткі болды екен және көші-қон квотасын бөлу қалай жүзеге асып жатыр?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Қостанай облысы. Қарабалық аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жанат Ескендірова мен Өрнек ауылдық округінің әкімі Оразхан Қалдамановтың айтуынша, «қазіргі уақытта бұл шараның басты мақсаты – ауданымыздағы бос жұмыс орындарына қажетті жұмыс күшін тарту» ғана екенін білдік. Мәселен, ауданымыздағы медициналық мекемелерге дәрігерлер, ал білім беру саласына тәрбиешілер мен мұғалімдер, жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен ауылшаруашылығы жеке кәсіпкеріне дәнекерлеуші, не механизатор қажет делік. Жұмыспен қамту орталығы аудан бойынша бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді жинақтап, жұмыс берушілермен бірлесіп, оңтүстік аймақтардың бірінде «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» өткізеді екен. Өз мамандығы бойынша Қостанай облысының Қарабалық ауданында жұмыс істеуге ниетті азаматтарға квота бойынша көшіп келу тәртібі егжей-тегжей түсіндіріледі. Квотамен көшіп келудің тағы бір жолы бар. Мысалы, оңтүстік тұрғыны солтүстікке облыстық жұмыспен қамту орталықтарына хабарласып, бос жұмыс орны бар-жоғын сұрастырып, түйіндемесін (резюме) факс арқылы немесе электрондық пошта арқылы салады. Оның түйіндемесі аудан, ауыл әкімдіктеріне, кәсіпорындарға, кәсіпкерлерге таратылады. Іздеген мамандығына сәйкес жұмыс табылған жағдайда, жұмысқа орналасуға ниетті азаматқа хабарланады, оның отбасына «көші-қон» квотасы бөлінеді. Бұл – екі мысалда да жұмыс іздеуші өз отбасымен бұрын-соңды көрмеген бейтаныс, беймәлім ортаға тәуекел етіп көшіп барады. Биыл – 2018 жылға, Қостанай облысы бойынша 272 вакансияға квота бөлінген. Соның ішінде Қарабалық ауданындағы жұмыс берушілерінің талап-тілегіне байланысты жұмыс күшін тарту мақсатында 11 отбасыға ғана квота тиесілі екен. Жұмыс күшін тарту – 1954 жылы тың көтергендегі сияқты «топтап», «көптеп» шақыру емес, жай ғана, «ана ауылдағы», «мына ауылдағы» жеке кәсіпкерлерге, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге және аудан орталығындағы мемлекеттік мекемелерге қажет бос жұмыс орындары бойынша ғана сұрау салу екен. Дәл осы жол еңбек ресурстарына қатысты тапшылықты шешетін шығар, бірақ бұл тәсілмен солтүстіктегі демографиялық ахуалды жақсарту мүмкін емес, және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де септігі тиеді деп айту қиын. Себебі, көшіп келген отбасылы маман көшіп кеткен отбасылы маманның орнын ауыстырады, «басы артық» адам келмейді. Сондықтан «жұмыс бар, квота бөлінді, баспана өтемақысын алады, енді не керек?» деп, мәселені жауып қоюға болмас. Бұл ділгірлік өте күрделі болғандықтан оны жан-жақты ойласып шешу керек деген пікір бар. Жоғарыда атап өткеніміздей, демография мен тіл мәселесінен өзге, бұл жерде кеудесінде жаны, жүрегінде сезімі бар адамдар мен олардың отбасыларының тағдырына алаңдау да жоқ емес. Олар климатында, менталитетінде, табиғатында ерекшеліктер бар аймаққа келеді. Әсіресе, солтүстік аймақтарда ауылды жерлерде мемлекеттік тілде білім беретін мектептер жоқтың қасы, қазақтілді балабақша, не қазақ тобы ашылмаған ауылдар көп екендігін, араласатын көршілері мен ауылдастары арасында туған-туыс, таныстары жоқ, не қазақша сөйлемейтін жаңа ортаға, жаңа жерге үйренгенше қаһарлы қыс түсетінін ескеру керек. Көшіп келгеніне өкініп, жерсінбей, қайта көшіп кету фактілері де жоқ емес. Бұл – отбасы үшін көп шығын, әрқайсымыз үшін үлкен сынақ. Қазақы ортада тәрбиеленген отбасылар келетін болғандықтан олардың балаларына қазақ мектебі мен ана тілінде тәрбие беретін балабақшаның болуы маңызды екенін ескеруге болмас па еді? Енді «Не істеу керек?» деген дағдылы сұраққа жауап беріп көрелік. Бұл жерде көші-қонға Үкіметтің оң көзқарас танытып отырғанын атап өткіміз келеді. Көші-қон мәселесі нәтижелі болуы үшін, атап айтқанда, демография жақсарып, мемлекеттік тіліміздің рухы көтерілуі үшін нақты ұсыныстар бар. Мысалы, көшіп келушілерді жоғарыда атап өткеніміздей тек «ана жердегі», «мына жердегі», «ана ауылдағы», «мына шаруашылықтағы» бос жұмыс орындарына «шашыратып» орналастыра бермей, бір-біріне демеу, бір-біріне қорған болатындай, бір ауылға топтап қоныстандыруды ойластыру туралы ой-пікірлер соңғы кездері жиі айтылып жүр. Бұл пікір көптеген азаматтардың көңілінен шығады. Осы мақсатта әр ауданда бір-екі негізгі ауыл «көші-қон «плацдармы» («Оңтүстіктің филиалы») болуы тиіс. «Көші-қон плацдармы» болуға кандидат ауыл кем дегенде 10-15 отбасын қабылдай алатын ауыл болуы тиіс. Жалпы, мәселе атауда емес, қызметінде болмақ.Нақтырақ айтсақ, сөзімізді түсініктірек болуы үшін Қостанай облысы Қарабалық ауданын мысалға алайық. Ауданымызда қазақы ауылдардан қалғаны осы – Өрнек ауылын «Көші-қон «плацдармы» болуға лайық болар еді. Ауыл жағдайы: 1. Мектеп ғимараты жаңа десек те болады. Қазір бос тұр. Мектеп осыдан 30 жыл бұрын 200 балаға шақтап салынған. Мектеп қайта ашылса, бұл – орта мектеп мұғалімдеріне дайын тұрған бос жұмыс орындары. 2. Ауылда әр түрлі жөндеуді қажет ететін 20-ға жуық баспана бос тұр. Бұл – мұғалімдердің отбасыларына баспана бола алатын үй-жайлар. 3. Табиғаты көркем. Аққайыңды орман, шөбі шүйгін, шие, жидек, саңырауқұлақ көп өседі. Жабайы аңдар мен құстар көп. Бұғы, елік, түлкі, қоян, қарсақ, кірпі, қабан, тоқылдақ, көкек, тырна, аққу, қаз, үйрек, т.т. 4. Емдік қасиетті тұзды көл бар. Ем-шара санаторийін ашуға болады. 5. Егістік алқаптары, шабындық, жайылымдық жерлер бар. 6. Мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жер. 7. Құс шаруашылығын дамытуға болады. 8. Омарташылық, балықшылық, 9. Қолөнерді дамыту... т.т. Біздің пікірімізше, көшіп келушілерге қойылатын ұсыныс-талаптар: 1.) Кем дегенде 15-16 отбасы көшіп келуі. 2.) Көшіп келетін отбасылардың 10-12-сі мұғалімдер (орта мектеп пәндері бойынша) отбасы болуы. Әр түрлі пән мұғалімдері болуы да шарт. 3.) Көпбалалы (кемінде 3-4 бала) жас отбасылар болуы. 4.) Мектепке техникалық қызмет көрсететін көпбалалы (кемі 4-5 баласы бар) отбасылардан 5-6 отбасыны шақыру. Осы талап-ұсыныстарды орындасақ, ауылда мектеп ашылып, көшіп келушілердің әр отбасында тұрақты жұмыс істейтін тым болмаса бір адам болар еді. Балалары өз ауылында, ата-аналары жанында білім алар еді. 5.) Көшіп келушілердің өзге ересек мүшелері кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыратын «Бизнес-бастау» курстары арқылы оқып, өз кәсіптерін бастауға дайын болуы. 6.) «Оңтүстіктің филиалы» («Көші-қон плацдармы») дегеніміз – көшіп келушілерді жұмыспен қамту мақсатында өз кәсібін ашу үшін оңтүстіктің қалталы азаматтары «Өрнек» ауылына инвестиция салып, өздерінің бұрынғы жерлестері, туыстары арқылы мал шаруашылығын, егін шаруашылығын, құс шаруашылығын, омарташылықты, балықшылықты дамытып, тіпті ... санаторий ашуға, балалардың жазда демалатын лагерін ашуына мүмкіндік ашылар еді, қосымша үйлер салып, жұмыс күшін шақыруға болар еді. Бұл жерде жергілікті билік те, оңтүстік аудандары билігі де көші-қонға мүдделі болуы тиіс. Оларға қойылатын талаптар: 1.) Аудан бойынша бос жұмыс орындарын барынша көптеп ашу ниеті болуы: вакансияларға сұраныспен шектелмей, ауданның болашағы – халық санын көбейту, еліміздің болашағы – қазақ тілі қолданыс аясын кеңейту мақсатын көздеу; 2.) Солтүстіктегі демография ахуалын жақсарту және мемлекеттік тілді дамыту мәселелерін шешу – солтүстік аймақтың ғана мәселесі емес, ел болашағының мәселесі, тәуелсіздікті нығайту шарасы екенін түсінуіміз керек. Оны шешу бойынша әр аймақ қандай көмек көрсете алады?» деген мәселе көтеріп, халықтан ұсыныстар қабылдау; Көші-қонның жандануына солтүстік аудан әкімдігі мен мәслихаты ақша бөліп, немесе жергілікті кәсіпкерлермен тіл табыса отырып, бәлкім, «әлеуметтік жауапкершілік» аясында жоғарыда аталған 20-ға жуық баспананы жөндеп берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ал, көшіп келушілерді өздерінің туған жеріндегі аудандық әкімдік пен мәслихаттары кәсіпкерлерімен келісіп, жанар-жағар майын шығарып, бірнеше жүк көлігін бөліп, жаңа қонысқа шығарып салып, көшіп келуін жеңілдетер еді. Сонымен, Өрнек ауылын көшіп келушілерге «плацдарм» ретінде пайдалану ұсынылады. 15 отбасы бір жерге шоғырланып тұрса, олар бірі-біріне демеу болар еді, олар «далада» қалғандай сезінбес еді, жаңа мектеп ғимараты бұзылудан аман қалар еді, ауыл халқы көбейіп, халықтың ауыл болашағына сенімі артар еді. Алдағы уақытта осы ауылды жағалап, өзге ауылдастары да жетер еді. Жергілікті халықпен араласып, құда-жегжат болмас па еді. Кейін келгендері көрші ауылдарға орнығып, ауылдар, ауыл шаруашылығы да дами бастамай ма? Оңтүстіктен келіп жатқан ағайынның қалталы туыстары осы ауылға инвестиция салып, егін шаруашылығын дамытып, жылқы, қой шаруашылығын дамытпас па еді? ... Міне, солтүстікте, шығыста демография да осы жолмен жақсарар еді. Мемлекеттік тілдің өрісі кеңейер еді, Шекаралық аудандар мәселесі, бала саны аз мектептер мәселесі, ауыл мәселесі, әлеуметтік мәселелер, азық-түлік қауіпсіздігі т.б. мәселелердің шешілуіне үлкен қадам жасалар еді. Бұл – Елбасымыз айтқан «Рухани жаңғыруға» қосқан үлесіміз болар еді. P.S. «Көші-қон нәтижелі болуы үшін мынадай-мынадай қадамдар жасауымыз керек!» деп, Қарабалық ауданы Жұмыспен қамту орталығының директоры Жанат Оразалықызы Ескендірова мен Оразхан Мұқтарұлы Қалдамановқа осы ұсынысымызды тәптіштеп айтып едік, олар: «Қолдаймыз! Аудан әкіміне айтып көрейік» деп қалды. Бұл жағдайға оқырман нендей пікір қосар екен?Төлен РАМАЗАНҰЛЫ, Қостанай облысы, Қарабалық ауданы