Көмірге таласқан халықты тыныштандыру үшін полиция шақыртылды
2018 ж. 01 ақпан
4265
13
Бар көмірді тығып, қалдық таратқандар тұрғындардың ашуын туғызды. Алматы облысы Шамалған ауылындағы көмір орталығына келген жұрт отынды әдейі жасырғандарды көріп дау шығарды. Қазір мұнда көмір үшін талас өршіп тұр, деп хабарлады КТК арнасы.
Өлшеп берілетін отыннан қағылмайын деп жанталасқан адамдарда есеп жоқ. Ал Талғар қаласында тіпті бұл жағдайдың жанжалға ұласпауын қадағалауға келген полиция қызметкері көлік астында қала жаздады.
«Алматыда жоқ, жоқ» деп көпшіліктің көмірді жырлағанына аптадан асты. Талғардағы базаға отын түскенін естіген тұрғындар таң атпай жиналған. Иін тірескен көліктер легінің көптігі соншалық, мұндағы қозғалысты реттеуге полицейлердің өзі жетіпті. Бірақ, қарбаласта оларды жүргізушілер елемек түгілі таптап кете жаздады.Көмір тапшылығын көргендер кезегін күтпей, килігіп кіруге ұмтылды. Пагон таққандардың «айқайынан» кейін ғана сәл де болса сабырға келді.
Талғардағы базаға бар-жоғы бір вагон көмір жеткізілген. Сондықтан әр адамға 1 тоннадан артық сатылмайды. Жүргізушілер болса, өзара тізім жасаған. Оның мына қарақұрым адамның бәріне жетпейтінін ешкім ескермеген секілді.
“Жоғары жақта отырған шенеуніктерді осы жерге кезекке қойып қою керек еді. Таңғы сағат 4- тен бастап мынадай суықта. Көретін ек, сол кезде ғана түсінеді. Әйтпесе былай түсінбейді”, – дейді Талғар қаласының тұрғыны Асқар Шүкірбеков.
Ал, Шамалған ауылындағы жағдай бұдан да сорақы. Төрт вагон көмірді үлгергендері алып, тып-типыл еткен. Қолы жетпей қағылғандар амалдың жоқтығынан жердегі қалдықты тиеп жатыр. Сөйтсе, бұл тапшылық қолдан жасалған болып шықты. Көмір орталығындағы пысықайлар қандай себеппен екені белгісіз, бір вагон көмірді тығып қойған.
“Бөліп-бөліп бермей ме елдің бәріне. Өңкей сыбайлас, таныстарына басып береді. 500 келіден болсын бөліп беру керек қой. Қолдан жасалған ғой. Біз сияқты байы жоқтар, мүсәпірлер жүрміз осы жерде тентіректеп”, – дейді ашынған тұрғындар.
Әрекеттері әшкере болғаннан кейін, адамдардың бәлкім ашуынан ыққан болар, амалсыз сүрдей сақтаған көмірді үлестіретін болды. Бірақ, Алматының басқа аудандарында әлі де болсын тапшылық жойылмаған. Көмір үшін жанжал жалғасып жатыр.