ЗИЯЛЫЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІНДЕЙ ЕДІ
2018 ж. 26 қаңтар
2560
0
Қоғамдық ортада адамның ғұмыры өнегелі өмір жолымен, өресі биік іс-әрекетінен көрініс табатыны белгілі. Осы орайда, кейбір азамат адами, азаматтық тұрғыдан білім мен ғылымның тұңғиық тылсым күшін өзінің зердесі мен бойына сіңіру арқылы, елі мен жұртына жасаған елеулі еңбегінің нәтижесі бойынша өнегелі өмірдің, өресі биік іс-әрекеттердің үлгілерін жасап, қоғамдық ортаға аса қажетті рухани ізгіліктің, интеллектуалдық таусылмас қазына жасайтыны белгілі. Сондай азаматтардың бірі де, бірегейі Қазақстан білімі мен ғылымына, оның ішінде экономикалық ілімнің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан және жоғары оқу орнында білікті, білімді мамандар даярлауға өзінің қажыр-қайратын аямай жұмсаған Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстанның жоғары мектебі ғылым академиясының академигі, Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Қаби Оқаевтың орны ерекше еді.
Қаби Оқаұлының өмір жолы үлкенге өнеге, кішіге үлгі боларлықтай. Ол 1929 жылы 2-қыркүйекте Гурьев облысының Теңіз ауданының (қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы) Өтері ауылында шаруа отбасында жарық дүние есігін ашты. Оның балғын балалық шағы коллективтендіру, бүкіл қазақ халқына нәубат әкелген ашаршылық, Алаш арыстарын қынадай қырған репрессия, сұрапыл соғыс жылдары мен одан кейінгі ауыртпалық арқалаған кезеңдерге тап келіп, бұғанасы қатпаған, белі бекімей 15 жастағы жасөспірім еңбек жолын колхозда қарапайым жұмысшы болудан бастады. Бұл оның өмір жолындағы ең қиын кезеңдердің бірі еді. Өйткені оның үш ағасы отан қорғау үшін соғысқа аттанып, отбасына бас-көз болуды өзіне басты мақсат тұтқан болатын. Сондықтан да ол оқудан қол үзіп, күндіз-түні еңбек етуге мәжбүр болды. Өзінің алғырлығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында небәрі 16 жасында «Коммунизм жолы» колхозының есепшісі, ал 18 жасында бас есепшісі қызметіне көтеріліп, өмір мен еңбектің шыңдалу мектебінен өтті. Осы орайда орыс халқының ұлы жазушысы А.П.Чеховтың «Менің өмірімде балалық шақ болған емес» деген сөзі ойға оралады.
Жастайынан еңбекке араласып, мектептегі оқуынан қол үзген Қаби Оқаұлы, орта мектептегі оқуын Ресейдің Иркутск облысындағы Братск қаласында совет армиясының құрамында азаматтық әскери борышын өтеп жүрген кезінде жұмысшыларға арналған кешкі мектепте жалғастыруға мүмкіндік алды. Осы орайда ерекше ескеретін жағдай, армия қатарында жүрген азаматтардың ол кезде жұмысшыларға арналған кешкі мектепте оқуға құқығы мен мүмкіндігі болмайтын. Дегенмен, Қаби Оқаұлы азаматтық борышын өтеп жүрген әскери құрама басшылығы, оның оқу-білімге деген ынтасын, алғырлығын және әскери қызметін үздік атқарып жүргенін ескеріп, қалыптасқан тәртіп пен тәжірибеден тыс, кешкі мектепте оқуға мүмкіндік береді. Өзінің жүрек жарды бір әңгімесінде «әскери борышымды өтеп жүріп, кешкі мектепте дәріс алуым білім мен ғылымға деген құштарлығымды еселеп арттырды, саналы ғұмырыма және еңбек жолыма сәулелі нұрын төкті...» дегені бар. Әскери борышын өтеп келгеннен соң, 1954 жылы 25 жасында Атырау облысының Қосшағыл елді мекенінде орта мектепті бітіру емтихандарын тапсырады.
Кешкі мектепті бітіргеннен кейін, оқу-білімге деген ынтасы мен жігерлігінің арқасында және өз қатарынан бұрын еңбектің ащы-тұщысын татқан, шаруашылық жүргізу мен экономикалық күрделі үдерістердің нақты жүйесінде 9 жыл жұмыс істеген ол, осы саланың теориялық, әдіснамалық негіздерін терең меңгеру мақсатында 1954 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) экономика факультетіне оқуға түседі. «Арман алдамайды, үміт үзілмейді» демекші, білімнің тұнық бастауынан сусындап, еңбекорлық пен табандылықтың арқасында университеттің Лениндік стипендиаты болып, 1959 жылы жоғары білім алып шығады.
Осы орайда Қаби Оқаевтың замандасы, әріптесі, белгілі ғалым-ұстаз, Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері, профессор К.Бердалиевтің «Қаби Оқаевтың күнбе-күн 10-15 сағат бойы кітапханада отырып ғылымның құпия сырларын жалықпай игерген жанкештілігін біз көзімізбен көріп, көңілімізге түйіп өстік» деген жүрек жарды сөзі көп жағдайды аңғартады.
Қаби Оқаұлының белгілі ғалым-ұстаз, зерттеуші, жоғары білім жүйесінің білікті басқарушысы және ұйымдастырушысы ретінде қалыптасуына 1963 жылы Қазақстанда жоғары кәсіби білім беру саласының белгілі ұйымдастырушысы профессор А.И. Беловтың басшылығымен еліміздің ұлттық экономикасының әр түрлі салаларына аса қажетті білікті, білімді экономистер мен басқарушы кадрлар даярлауға арналған бірегей оқу орнының Алматы халық шаруашылық институтының (қазіргі Нархоз университеті) ашылуымен тығыз байланысты. Осы орайда ерекше айта кететін жағдай Қаби Оқаұлы жаңа оқу орнының ашылуына ақыл парасатын, күш-жігерін жұмсаған азаматтардың алдыңғы қатарында болды және оның қалыптасуы мен өркендей түсуіне ғылыми-педагогикалық, қоғамдық қызметінің үздіксіз 55 жылын арнап, сүбелі үлес қосты. Осы уақыт аралығында 21 жыл факультет деканы, 30 жыл бойы үздіксіз кафедра меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
Ол Қазақстанның экономикалық білім беру жүйесінде үлкен ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық жұмыстарды үздіксіз атқарды. Кезінде ҚСРО және ҚазССР-і жоғары білім беру министрлігінің экономикалық мамандықтар бойынша оқу-әдістемелік бірлестігінің мүшесі болды. Отандық жоғары оқу орнының Ресей, Беларусь, Украина және басқа да шет елдердің жоғары оқу орындарымен байланысын кеңейтуге елеулі үлес қосты. ҚР Білім және ғылым министрлігінің экономикалық мамандықтар жүйесі бойынша оқу-әдістемелік бірлестігінің мүшесі ретінде оқу үдерісіне еңбекті ғылыми тұрғыдан ұйымдастыруды енгізе отырып, нарықтық экономика талаптары мен халықаралық стандарттарға сай білікті, жаңа тұрпатты экономист және басқару жүйесінің мамандарын даярлау саласында табысты еңбек еткендігін ерекше атап өту қажет. Оның шәкірттерінің арасында есімі елге белгілі мемлекет қайраткерлері, облыс, қала әкімдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, көрнекті ғалымдар, өндірісті ұйымдастырушылар, заман талабына сай ұлттық экономикамыздың әртүрлі жүйесінде жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер мен бизнесмендер бар. Сонымен қатар, профессор Қ.О.Оқаевтың шәкірттерін еліміздің басқару жүйесінің барлық басшылық құрылымдарынан және ТМД елдерінен де жиі кездестіруге болады.
Ғалым беделінің айнасы және оның қандай жетістіктерге жеткені, оның ғылыми ізденістерінің, еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына, күрделі проблемаларды шешуіне қосқан үлесі арқылы анықталатыны белгілі. Осы орайда профессор Қ.О.Оқаевтың концептуалдық тұрғыдан ғылыми ізденістерінің аясы кең және ұлттық экономиканың өзекті мәселелерін дер кезінде қамтуында. Оның еңбектерінде өндірістегі негізгі қорлардың ұдайы өндірісі, шаруашылық жүргізудің экономикалық заңдылықтары, экономиканы тиімді басқару, нарықтық экономика жағдайында отанымызға аса қажет кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуын тиімді түрде ұйымдастыру, өнеркәсіп жүйелерінің экономикалық дамуының теориялық және тәжірибелік аспектілерін жан-жақты зерттеу барынша мәнді де мағыналы көрініс тапқан.
Оның 300-ден астам ғылыми еңбектері, оның ішінде 18 монография, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді. Оның ішінде «Толық шаруашылық есеп және өнеркәсіптің негізгі қорлары», «Негізгі қорлар және өнеркәсіптің өндірістік тиімділігі» және басқа монографияларындағы ғылыми тұжырымдар, ұсыныстар өнеркәсіп орындарында мамандар даярлау жүйесінде кеңінен пайдалануда. Ерекше атап өтетін жәйт, профессор Қ.О.Оқаев негізгі қорлардың ұдайы өндірісі проблемалары бойынша Қазақстанда ғылыми мектептің негізін қалаушылардың бірі болды.
Профессор Қ.О.Оқаев Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Минск, Ташкент, Бішкек, Таллин, Рига қалаларында және басқа да шетелдерде өткен көптеген халықаралық, бүкілодақтық және республикалық ғылыми, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, съездер, конгресстерге қатысып, баяндама жасағаны көзі қарақты жұртқа белгілі.
Ескеретін жағдай, профессор Қ.О.Оқаевтың өмірі мен еңбек жолы туралы, оның көзінің тірісінде замандастары, әріптестері және шәкірттері ғылыми және мерзімді ақпарат құралдарында өздерінің ой-пікірлерін, ұстазға деген жүрекжарды ыстық ықыластарын білдіргені мәлім. Олардың қатарында осы жолдардың авторлары да бар. Дегенмен Қ.Оқаұлының ұлтымыздың басына төнген қиын-қыстау кезеңдегі, яғни, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі елдегі ұжымдағы ахуал жағдайындағы ерен еңбегі, азаматтық ұстанымы туралы әлі де болса айтылмай келеді.
Профессор Қ.О.Оқаевтың ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметтердегі ерен еңбегін еліміз бен үкіметіміз жоғары бағалап, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» грамотасымен, «КСРО жоғары білімінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медальдарымен марапаттады, Атырау облысының Құрманғазы ауданының «Құрметті азаматы» деген деген атақтар берілді.
Қаби Оқаұлы Оқаевтың өмірінің өзегінің негізі ретінде - өнегелі отбасының иесі, үлгілі әке, сүйікті ата болғаны көпшілікке мәлім. Оның жұбайы – Фазила Әмірғалиқызы еліміздегі химия ғылымының дамуына өзіндік үлес қосқан ғалым. Ол өзінің ақжарқындығы мен кеңпейілділігі, мейірімділігі мен ақкөңілділігінің арқасында Қаби Оқаұлының барлық шәкірттерінің ерекше құрмет тұтатын анасына айналды және қамқоршысы болды. Әкесінің айтқан аманатын басшылыққа алған қыранның қос қанатындай болған Ермек пен Еркебұлан жақсы әке ғана емес іскерлік ортада сыйлы азаматтар. «Абысын тату болса – ас көп…» деген халқымыздың қанатты сөзін есіне сақтаған, тектінің көзін көріп, батасын алған, ағайынды бауырларға адал жар, аяулы ана болып отырған қос абысын – Ғалия мен Алтынайды бөліп-жара алмайсың. Оларды ешқашан келін деп атамай, ақ босағаны аттаған алғашқы сәттен бастап-ақ қызым деп маңдайынан иіскеп, жылы сөзін , ыстық ықыласын, аталық мейірімін аяған емес. Ал немерелеріне деген мейірімі мен шексіз махаббатының талай рет куәсі болдық. Сондықтан да болар немерелерінің барлығы да атасына еркелеп, қалағанын жасатып қана қоймай, айтқан ақылына да айрықша назар аударатын. Міне, осындай өнегелі өмірдің үлгісін жасай білген отағасының өсиеттерін жалғастыратын салиқалы ұрпақтарының болуы көңілге қуаныш ұялатады. Ұрпақ сабақтастығы дегеніміз осы болар.
Сөз соңында Қаби Оқаұлының бейін – беделі қандай десек, оның ата-анасының шыққан тегінен немесе табиғаттың тартуынан болар, еңсегей бойлы, шарасы үлкен, нұрлы көзі, қайратты бұйра шашы, адамдармен сұхбаттасқандағы ойлы, өрелі тұжырымдары кез-келгеназаматтардың жүрегінен орын тауып, бей-жай қалдырмайтыны дүйім жұртқа белгілі. Оның жан-жақты терең білімі, дәріс оқығандағы асықпай байыппен, құлаққа жағымды майда қоңыр даусы кез-келген адамды өзіне тартып,оның қалтқысыз сеніміне ие болушы еді. Сонымен қатар, қазақ азаматына тән қарым-қабілеті мен адалдығы, тазалығы, оны классикалық үлгідегі ұстаз ретінде танытты. Осы тұрғыдан алғанда қыры мен сыры, сан-саланы қамтитын, қиындығы мен қызығы қатар жүретін, үнемі ізденіс пен үздіксіз шығармашылық еңбекті қажет ететін, кезінде «адам жанының инженері» аталған, екінің бірінің қолынан келе бермейтін ұстаздық қызмет жағынан да Қаби Оқаұлының еңбек жолы жаңашылдық пен реформаторлық бастамашылыққа толы үлгі тұтарлық жол екенін үнемі жадымыздан шығармағанымыз абзал.
Еліміздің кез-келген түкпірінен, ал кейбір жағдайда жақын шет елдерден «Сізден дәріс алып едім», «Сіздің жақсылығыңызды ұмытпаймын» деген көптеген азаматтар мен азаматшалардың жүрек жарды естеліктерін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Мүмкін ұстаздың қарызы мен парызының аяқталғаны, ұрпаққа аманатының жалғасы осындай болар.
Жүзінен шуақ, әр сөзінен жылылық сезіліп тұратын ұстаздың алдын көру бақыты бұйырған кез-келген шәкірттің ұстазын сағынуы, оған жүрекжарды жылы лебізін білдіруі, оның орындалмаған арманын жүзеге асыруы ұзағынан болғай.
Алпысбай Сейдахметов,
Аружан Сейітқазиева,
Ержан Әмірбекұлы,
Рақымжан Елшібаев,
Нархоз университетінің профессорлары
qazaquni.kz