ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫ ТЕК ХАНАФИ МАЗХАБЫН МЕЙЛІНШЕ БЕКЕМ ҰСТАНУЫМЫЗДА ҒАНА ЖАТЫР!…

30
3531

Бейбіт Сапаралы, жазушы, дінтанушы, ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық «Экология» академиясының академигі, «Қағанат» ғылыми-мәдени орталығы және «Қағанат» консорциумының басшысы.

ЕКІ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕГІ ДІН ТУРАЛЫ ЗАҢДАРДЫҢ ЕҢ НАШАРЫ,

АНТИМЕМЛЕКЕТТІГІ – БІЗДІҢ ЗАҢ!..

–  Қазіргі таңда қазақ қоғамында дін мәселесі не себептен бірінші орынға шығып отыр деп ойлайсыз?

– Кең ауқымда алып қарайтын болсақ дін мәселесі жер шарындағы ең бірінші инсан-Адам Ата ғ.с. заманынан бері қарата тек бірінші орында болып келеді. Алғашқы парақша-сухуфтар, Жаратушы Иеміздің таңдаулы нәбилеріне жіберген бұйрықтары, кейінде заман-заманымен расулдарға түскен  шариғи кітаптар адамзат баласы үшін өте маңызды рухани қазыналар болатын.  Онда айтылған әрбір аятты талқылай оқып, мың мәрте қайыра шұқшиып, Адам Ата ғ.с. ұрпақтары өздеріне Аллаһтың тура жолын, яғни хидаятты табатын. Ризық табу тәңір хақтың әмірімен болатын екінші кезектегі құбылыс екенін айқын сезініп, адамзат қауымы діни ахуалды әрдайым алдыңғы қатарда алға ұстанатын. Алпауыт империялар жаһанда билік жүргізе бастаған тек бертіңгі кезеңде ғана құдайдың барлығына, бірлігіне сенбейтін кәпірлер қауымы ақиқи дін мәселесін теория жүзінде кейінгі сатыларға қасақана ысырып тастап, әлеуметтік және экономикалық жағдаяттарды әдейілеп бірінші кезекке шығаруға тырысып бағады.

Біздің қазақ халқына келетін болсақ ата-бабаларымыз  үш ғасырлық патшалық Ресей отарлаушылығын, 70 жылдық Кеңестік атеистік тасқұрсау тәртіп кезеңін басынан өткерді. Христиандық миссионерлік идеология, мұсылман мен православие арасынан көшпелі қазақ бұратанасы үшін жаңа дін жасамақ талаптары, иуда-масондық қаншеңгел идеология, шамандық қалдықтары, зороастризм сарқыншақтары, антұрған құдайсыз атеизм, міне, мұның барлығы да мың жылдан астам Аллаһтың хақ діні исламды ұстанып келген атам қазақтың басына қарақұйын пәлекет болып төндірілді. Қазіргі ұлттық идеологиямыздағы қайсыбір кертартпа түсінік те тап сол 400 жылдай адасқан алақұйын мезгілдің  сарқыншақтары десек те болады. Ең әуелі экономикамызды көтеріп алсақ, әрі қарай рухани өркендеп дами береміз деген марксистік-лениндік түсініктің қателіктері, бүгінгі қоғамда үлкен кедергілері мен проблемаларын көрер көзге бадырайтып шығарып алдыға тартып жатыр. Тәуелсіз мемлекет болған 20 жылдың ішінде  әлемде де көптеген төңкерістер мен өзгерістер, «жаһандық жаңа тәртіп» деген шайтани ұстанымның алапат сілкіністері  болды. Экономика, ФРС, банктік- қаржы жүйесі арқылы бүкіл 7 миллиард адамзат баласын құрсаулап алған алпауыт топтар бар. Олардың да өзіндік жоспарлары бар. Біздің мемлекеттің ішінде де небәрі жиырма  жылда әр түрлі жолдармен долларға шаққанда миллиондап, миллиардтап қаржы тауып байып алғандар жетерлік. Олардың да өзіндік іске асырсам деген ой-жоспарлары  бар. Оның сыртындағы қарапайым халықтың күнделікті тіршілігін алып қараңыз. Осының бәрі қоғамда астасып, қойындасып келген жағдайда рухани, діни  мәселені әлбетте  бірінші кезекке шығарып  отыр.  Еліміздегі қазіргі қалыптасқан діни ахуалды бір жүйеге келтіру үшін, сонау 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заңды толықтай өзгертуіміз керек. Олай етпейінше  біздің қоғамдағы діни жағдаят ешбір де жақсармайды. Бас муфти болып тұрған кезінде Рәтбек қажы Нысанбайұлы  Парламент депутаттығы қызметін қоса атқарысып, дін туралы тәуір заң қабылдануына белсене атсалысқаным бар деп мақтанып жүретін. Ал уақыт өте келе бұл «мақталған» заң 200-ге жуық әлем елдеріндегі дін туралы заңдардың қайсысымен салыстырып қарасақ  та, ең нашары, антимемлекеттігі болып шығады. Ол ескі заң бойынша 15-20 адам бас қосып діни бірлестік ретінде әділет басқармасында тіркеліп, мемлекеттен көмек алып іс атқара береді. Қазақстандағы 11 миллион мұсылман мен Қарағандыдағы 40 адамнан құралған «Сатанистер қоғамы» мемлекет алдында тең құқылы. Үкіметтен қаржылай бір көмек берілетін жағдай туындаса жаңағы сектант 40 адамға да,  11 миллион мұсылманға да тең бөліп беруге шенеунік міндетті. Сол себепті Қазақстан діндердің сынағын өткізетін алаң сияқты болып тұр.

Заң демекші, «Қағанат» ҒМО-ның  маман мүшелері 2000 жылдың басынан бастап ҚР дін және конфессияаралық қатынас жөніндегі мемлекеттік саясаты Тұжырымдамасы жобасын, Мемлекеттік идеология және ахлақтық қарым-қатынас ісі жөніндегі агенттік құру жобасын, Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы жаңа заң жобасын әзірлеп, Елбасы назарына, үкімет және парламент басшылары назарына 2001-2002 жылдары ресми түрде тіркетіп ұсынған болатын. Бұл жобалар мәтінімен, үкімет басшылары жолдаған жауап хаттар мазмұнымен  2008 жылы жарық көрген екі томдық кітабымыз арқылы  танысуға болады. ҚМДБ мен муфтияттың сан-салалы жұмыстарын қандай түбірлі өзгерістер енгізіп жандандырса болады деген ондаған нақтылы ұсыныс- пікірлеріміз де тап сол 2000 жылдан бері қарата отандық, халықаралық басылым беттерінде үздіксіз жарияланып келеді. Бір ғана мысал, біздің ұсынысымыз бойынша бас муфтиге қоса оған тікелей бағынатын 7 аймақтық  муфти қызметі 2005 жылғы Құрылтайда белгіленіп, бес  өлкеде(шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік және орталық Қазақстанда)  толыққанды жұмыс жүргізе бастаған шақта, Астана мен Алматы муфтилері оған қосылып қыруар дін насихаты істерін атқарып тастайтын еді. Облыстағы өкіл имамдар да аймақтық муфтилер тарапынан қатаң бақылауға алынып, экстремистік және радикалды бағыттағы діни жат ағымдар іс-әрекеттеріне дереу шариғи баға беріліп, 3-4 облыс көлеміндегі діни ахуал жіті назарда ұсталатын еді. Жергілікті құқық қорғау, қауіпсіздік саласы қызметкерлері де теолог іздемей, аймақтық муфтимен кеңесіп нақтылы мәселе шешер еді. Ал бір ғана «жай муфтиі» жоқ «бас муфти» жыл он екі ай бойына қандай керемет болса да байтақ Қазақстанды тынбастан шарлап, өкіл имамдары жұмысын бұлтартпай қадағалап, аудан-аудан, ауыл-ауылдарды жіті назарда ұстап  аралап, ислами мәселелердің барлығына дерлік дер уақытында жауап беріп отырады деген бос әурешілдік. Сонымен қатар, діни білім беру, электронды садақа салу жүйесіндегі біртұтас қаржы-қаражат, қажылық қоры, зекет қоры, қайырымдылық қоры, мұсылман әйел-аналар қоры, діни атау сөздер мен әдебиеттер орталығы жұмысын жандандыру мәселелері, діни неке, жаназа, мешіт жанындағы мәйітхана, діни бизнес, ислами банкинг, діни спорт, діни сауықтыру орталықтары, халал өнім мен өндіріс жүйесін харамнан аластау мәселелері, діни наным-сенім орталығы, медіреселер ұжымдастығы, қарилар орталығы, халал индустрияға негізделген туризм орталықтарын ашу жайлары, т.т. толып жатқан тақырыптар бойынша біздің «Қағанат» консорциумы төңірегіне топтасқан білікті діни мамандардың зерттеу-зерделеу ұсыныс-жобалары әлдеқашан дайын. Осы сияқты күрделі жайттар басқа да дін қайраткерлерін жер-жерде көптен бері толғандырып жүргені рас. Алайда, Құрылтайлар тар аяда жабық өтуі себепті, бас муфти денсаулығыра байланысты және протоколды сақтап, көлденең көп ешкімді қабылдамауы  себепті еліміз мұсылмандарының бұл қордаланған мәселелері «жабулы қазан» күйін кешіп, осы таңда шешуін таппай бұрқ-сарқ қайнауда!

(Бұл дін туралы заңымыздың ашық қораға айналғаны жайында «Жас қазақ үні» газеті осыдан екі жыл бұрын үлкен мәселе көтеріп, Мәжілістен өткен Дін туралы заңға өзгерістер мен толықтыруларға қарсы шығып, қабылдаттырмай тастаған Конституциялық кеңеске хат жазып, зерттеу мақаласын жариялаған болатын. Бірақ Конституциялық кеңес жауап бере алмай үнсіз һәм қарекетсіз қалды… Енді міне, кешегі Ақтөбеде басталған қанды  оқиғаларда да біздің құзырлы заң орындарымыздың «үлесі» аз емес деп айтуға болады… Редакция)

 

УАХАБИСТЕР МЕН САЛАФИТТЕРДІҢ ҚАУІПТІЛІГІ НЕДЕ?

 

–       Уахабистер, салафиттер дегенді өте көп естиміз. Олар да мұсылман ғой. Біздің қоғамда өмір сүруге құқылы шығар…

–          Әлбетте, «әһлі суннә уәл-жамағат» деп ғұламалар ат қойған, расул акрамның өзі қошаметпен айтқан мұсылман үмбеті ішінде болу барлығымыз үшін хош тағдыр. Алайда, арада он ғасыр өткеннен кейін діни таза жолды іздейміз, соны оп-оңай таптық деген желеумен үй ішінен қасақана үй тігіп жатса, ол пиғыл тек бүліншілікке, дүрдараздыққа, түсініспеушілікке әкеп соқтыратыны бесенеден белгілі жайт. Елімізде соңғы он бес жыл ішінде ашық бой көрсете бастаған исламның атын жамылған әр түрлі діни ағымдарға байланысты кешеуілдетіп болсын ҚМДБ-ның шығарып жатқан пәтуалары бар. Соған қарап әлгінде сіз айтқан жолды таңдаушыларды жаза баспай тануға болады. Мысалы, «Ахмадия» деген діни адасқан топты алар болсақ, осыдан небәрі үш ғасыр бұрын өмір сүрген Мырза Ахмет деген адамды олар өздерінше Иса, Будда, Кришнаның басы қосылған біртұтас белгісі, ақырғы пайғамбар санайды. Түп-тұқиянында, атақты банкир Ротшильдтер әулеті қаржыландырып келген мұндай іріткі салушы ағымдардың барлығының орталығы Лондонда шоғырланған.  Олар басқа елдерді іштей әлсіретіп, бағынышты етіп алу үшін әр түрлі бүлдіргіш ағымдардың негізін үсті-үстіне қалап жатыр.   Жаңағы «Ахмадияны» дүниежүзі елдерінің барлығы дерлік кім, қандай мақсатта екендіктерін танып өз жерінен қуып жіберген. Бірақ, Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бері қарай белгілі қоғам қайраткерлерінің білместіктен адасуға бой алдырып, өрескел қате жіберуі нәтижесінде 1994 жылдан бастап (жазушы Роллан Сейсенбаев алғашқы жетекшісі болуымен, сол кездегі министр Нағашыбай Шайкеновтың қол қоюымен) аталмыш кәпірлік, исламға жат ұйым деп танылған секта біздің Әділет министрлігінде ресми тіркеуде тұр.

Енді соңғы кезде өте көп айтылып-талқылана бастаған уаһһабизм мәселесіне қысқаша тоқталар  болсақ,  оның негізін салушы Мұхаммед  ибн Әбді-Уаһһаб деген адам осыдан тұп-тура үш ғасыр бұрын ғана дүниеге келген жан.  «Хадистанушы» деген атаққа ие болып, «пайғамбар заманындағы алғашқы сәлафтар секілді  таза дінді ұстануымыз керек» деп селт еткізер ұран тастаған, ағылшынның құпия қызмет орнымен тікелей байланыста болған   сол кісі салып кеткен «жаңа жолды» ұстанатындарды кейінде мұсылман  елдерінде уаһһабшылар, кейде сәлафилар деп атап кеткен. Уаһһабшылдар халықаралық жасырын ұйымдардың қызу қолдауына ие болып, мұсылман әлемін біртіндеп жаулай бастайды. Хиджаз өлкесіндегі бәдәуи араб тайпалары да арада біршама уақыт салып уаһһабшылдықтың толықтай шырмауына оратылады. Осман империясы күйреп, Сауд әулеті ресми мемлекеттігін жариялап, Мұхаммед ибн Әбді-Уаһһабтың тікелей ұрпақтары Меккатул-мукаррама мен Мадинатул-мунаууарадағы қасиетті екі харамның қалт еткізбес шырақшысына айналады. Расул заманынан келе жатқан қадыми тарихи ғимараттар қиратылып, атақты сахабалардың «жаннатул бақидағы» қабір басындағы белгілері тып-типыл бұздырылады. Уаһһабшылдардың бүлдіргі әрекеттеріне әр заманда қазақтан барған қажылар да куә болып, діни саясаттың терең қатпарларына байыптап үңілмеген олар жабайы көрініске таңданысып қайтады. Міне, мұның барлығын «алыстың алыстығы» деп сипаттаса болады. Ал оған қарсы «жақынның жақындығы» деп Имам Ағзам Әбу Ханифаның мазхабын айтсақ жеткілікті. Имам Ағзам-Нұғман ибн Сабит асылында табиғин болған. Куфаның өзінде 1500-ден астам Мұхаммед пайғамбарға с.ғ.у. ең жақын болған сахабаларды күнделікті көріп-біліп, шариғат мәселесінде әрдайым пікір алысып кеңесіп отырған. Демек, біздер бір миллиардтан астам мұсылман ұстанатын ханафи мазхабта бола тұрып «қайдағы бір қияли таза жолды іздейміз» деп мың жыл бертіндегі Әбді-Уаһһабтың дегеніне көнетін болсақ, онда орынды сауал туады емес пе, біздер сөйтсек қайнар көзге жақындай түсеміз бе, жоқ әлде үсті-үстіне алыстай береміз бе деген?!

–       Олар біздің қоғамға қауіпті ағымдар ма?

–       Біріншіден, діни топтар саясатқа белсене араласа бастаса қоғамдық өмірде сөзсіз қауіп күшейеді. Екіншіден, Саудия мемлекеттігі іргетасын қалап, түріктің Осман империясын күйреткен, одан бертіндегі бір ғасыр бойына жаһандағы мұсылман елдерінде жүздеген ірі-ірі қантөгіс оқиғалары орын алуына себепші болған уаһһабшылдық-тәкфіршілдік сияқты өте радикалды топтардың тарих сахнасына шығуына да себепші болуда. Үшіншіден, Әбді-Уаһһабтың тікелей ұрпақтары діни мәселе тетіктерін мықтап қолға ұстап отырған қазіргі Саудия патшалығының іргесін шайқалта бастаған(2002-2006 жылдардағы эр-Риядтағы терактілер, полицейлермен қақтығыстар, қауіпсіздік арнайы жасақтарымен жанберіскен соғыстарды еске алсақ та жеткілікті) терроршыл топтардың денінде – уаһһаби, сәлафи, такфири ағымдар өкілдері болып келуі де зұлымдықтың кері қайтара өздеріне шапқан көрінісі болса керек-ті. Төртіншіден, 1990-шы жылдардың басынан бастап қазақ қоғамына аз-аздап сіңісе бастаған бұл теріс ағымдар ондаған жылдар бойына нақтылап шариғи тұрғыдан зерттелмесе, заң жүзінде шұқшиып тексерілмесе, қаржылық көздері әлеуметтік ушыққан аймақтарға еркін жетіп барып жататын болса, насихатшы-уағызшылары Саудияда бірнеше жыл «білім алып келіп» қалың жамағат ішіне кедергісіз еніп кететін болса, діни басқарма мен мемлекеттік құзырлы орындар тарапынан үздіксіз қолдау көрсетіліп жатса, міне, қауіптілік ахуалы осындай себептерден туындай бермегенде қайтсін?! Бесіншіден, құрықталған экстремистік топ мүшелері түрме ішінде айрықша қарқынменен насихат жүргізетін болса, сол сияқты сыртқы әлеммен де байланысты күшейтіп, сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа бой алдырған құқық қорғау саласы қызметкерлерінің немқұрайдылығы нәтижесінде жаңа сыпаттағы террорлық әрекеттерін де ұйымдастырумен болады.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла субхана уа тағала ихтилафқа, өзара жанжалдасуға түскен қауымдарға Әл-Ғымран сүресінің 105 аятында былайынша ескерту жібереді: «Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне, соларға зор азап бар».  Ал Әбу Зәррі Ғифари р.ғ. айтуымен жеткізілген мына бір хадисте ардақты пайғамбарымыз с.ғ.у. бұл турасында былайша пікір түйіндейді: «Кім жамағатқа бір сүйемдей қайшы келсе, ол өз мойнынан Исламның міндетін түсірген болады». Демек, қазіргі қазақ қоғамындағы тыныштық пен бейбітшілік дін ислам тұрғысынан ханафи мазхабын мейлінше бекем ұстануымызда ғана жатыр екен.

–       Ол теріс ағымдардың қазақ қоғамындағы салмағы қай деңгейде?

–                   Үлес салмағы аз деп айтсақ та, көп деп айтсақ та шындыққа жанаспайды. Ең дұрысы, муфтият жұмысы әлсіздігінен олардың қатарлары жыл өткен сайын молыға түсуде. Және де жоғарыда аталған уаһһаби мен сәлафтардың алғашқы беттегі ұстанымы орташа, орнықты деңгейдегі діни ағым болса, жылдар өте келе, шеттегі шайтани орталықтардың бұйрығына байланысты ол дүниетаным қатаңдана бастайды, жөні жоқ жерден фитна, ихтилафтар шығарады, ақырында келіп әртүрлі тоңтеріс діни фатуалар негізінде мүлдем оқшауланып, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың барлығын дерлік бидға, жоққа шығарып, ата-анасы, ағайын-бауыры, көрші-көлемі, туған-туысы, ауылдасы-жерлесі, бәр-бәрімен кетісіп тынып, оларды түгелдей дінсіз кәпір деп жариялап, суық қаруды кезеніп «жәннатқа, шахидтыққа» бет алады.

Қазақстанда имамдар білімі өте жоғары деуге келмейді, олар фиқх мәселесінде қатты шорқақтайды, олар Құранды жатқа білмейді, олар жүз-мыңдап хадистер айта алмайды, олар тәпсірлерді жақсылап оқымаған, олар араб тілін еркін меңгермеген, олар шариғи ілімі терең ұстаздар алдын көрмеген, олар теріс оқу оқыған жамағатты ілім-білімімен өзіне баурап әкете алмайды, олар ҚМДБ шығарған барлық фатуаларды жатқа білмейді, олар дін мәселесінде пікірталасу мәдениетін жақсы меңгермеген, олар араб елдеріндегі ислами білім ордаларының сан-салалы  жұмыстарымен жетік таныс емес. Ал керісінше уаһһабилік, сәлафилік, тәкфирилік бағыттағы қазақ жастары ұрылып, соғылып әбден піскен, шетелде діни оқу тауысқан, араб тілін бір кісідей меңгерген, қандай қиын жағдай болмасын тек өзіне ғана пайдалы тұрғыда мәселе шешіп машықтанған, қиналғанда демеушілік жасайтын қорларды тез тауып үйренген, аудан, ауылдық жерлерде өз жамағаттарын әбден електен өткізіп қалыптастырған, парақорлық меңдеген мемлекеттік қызметкерлерді жерлестері алдында әшкерелеп мойындатып алған… Бір сөзбен айтқанда осы қоғамда нақтылы өз орындарын таба бастаған. Осыдан келіп шығар қорытынды, ресми діни және мемлекеттік идеология ислам атын жамылған қауіпті ұйымдардың алдын-алу іс-шараларына келгенде бүгінгі таңға дейін өте-мөте дәрменсіздік танытып отыр.

–       Шетелге барып білім алатын жастарға, «мында бар, мұнда барма»  деп бақылау жасауға неге болмайды?

–                 Әрине, болады. Діни оқу орындары, мұсылмандық қорлар, елшіліктер, т.б. тетіктер арқылы әу бастан шындап кіріскенде мықтап бақылауға алуға болатын мәселе еді бұл. Араб, түркі, малай елдеріндегі ең үздік діни оқу орындарымен келіссөздер жүргізіп, меморандумдарға қол қойып, мазхаб мәселесін алдыңғы шарттарға жатқызып, кейін барлық оқу бітіргендерді арнаулы комиссия, діни ғұламалар алқасы қатаң тексеруінен өткізіп, сынақты үздік тапсырғандарға дереу қызмет беріп, сүрінгендерді қайыра білім жетілдіру курстарынан өткізіп, ешкімді де өз бетімен жібермей қатаң бақылауда ұстап, қабылеттілерін ислами әдебиеттер орталығы жұмысына тартып, күнкөріс жағынан бөтен ешкімге тәуелді болып қалмау жақтарын қарастырса болатын еді. Бұл жөнінде біздің «Қағанат» ғылыми-мәдени орталығы жетекші мамандары  ондаған  жылдар бойына тоқтаусыз  айтып-жазып  келеді.  Дербес мемлекетіміз  шетелден білім алғысы келетін барлық талапкерлерге есікті айқара ашып қойған. Кім, қайда барып, қандай  білім аламын десе де өз еркі. ҚР Сыртқы істер министрлігі өздерінің мұсылман елдеріндегі елшіліктері арқылы қандай азамат, қайда барып білім алып жатқаны жөнінде хабардар болып отырады. Бірақ олар «сен бұл жерден оқы, бұл жерден оқымайсың, теріс ағым бар мұнда» деп үзілді-кесілді айтуға құқығы жоқ. Елшілік шалғайға шығандап барған жастарды тіркеуге алып, тиісті мекемелерге ақпарат берумен ғана шектеледі. Қазақстанда Үкімет отырысында, Ақ ордадағы қауіпсіздікке байланысты алқалы жиындарда бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. ҚР Сыртқы істер министрлігі басшылары қайта-қайта ҚМДБ-ға: «Сіздер мұны неге бақылауға алмайсыздар, тап бүгінде 2500 студент шет жұрттарда діни білім алып жатыр, ал олар қай мазхабта шариғат оқуда,  кейін олар қайда барып жұмыс істейді, кім болады?»-деп сұрау қойып талай мәрте ескерткені бар. Дегенмен баяғы жартас бір жартас. Енді Дін істері жөніндегі агенттік бұл мақсатта білек сыбанып кіріспесе, күрделенген мәселенің жуық арада шешілетін түрі көрінбейді.

 

–       Бұл діни басқарманың міндеті ме, Білім министрлігіне қарасты іс пе?

–                   Қазақстанда 30 ұлт өкілінен құралатын 11 миллион мұсылман бар десек, оның шариғи мәселесінің барлығы да ҚМДБ құзырында. Ата заң бойынша мемлекет діни бірлестіктер ісіне кіріспейді деген және тоқтам бар. Діни басқарманың, оның басты басқарушы органы Құрылтайдың қарайтын міндеті. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан Білім министрлігі арнаулы лицензия да бермейді, оған жауап та бермейді. Діни басқарма тарапына орынды сын айтылатын болса бас муфти: «Біз 20 шақты ғана адамымыз бар шағын қоғамдық мекемеміз, оған шамамыз келмейді» –деп жауапкершіліктен қашып, тайқып шыға келеді. Ондай  қол қусырған дәрменсіздік көрсететін  болса муфтият барлық құрамымен босқа уақыт алмай баяғыда–ақ орнынан кетуі тиіс еді. Қазақстан қандай зайырлы мемлекетпіз дегенмен де бас муфти жете зерттеп орнымен мәселе көтеретін болса құзырлы мекемелер оған қажетінше көмектесе алады. Қандай елдерден жастарды оқытуға болатынын анықтап, оқу орындарымен келісім- шарт жасауы қажет болатын. ҚМДБ-ның жанынан үлкен комиссия құрып, шеттен діни оқу бітіріп  келген жастарды сұрыптап, көзбе–көз жақсылап пікір алмасу қажет.  Сол кезде олардың шариғи ілім деңгейі, ұстанған бағыт-бағдары, тәрбие-тағлымы білінеді. Өте қатты адасқан намазхандар болса, онымен бөлек жоспар құрып жұмыс жүргізу қажет. Бұлайынша жасамай қоғамдық ортадан қаншама жастарды ысырып тастағандық себепті осындай ушыққан түсініксіз діни ахуал туындап отыр. Демек, мына жаһанданған заманда  қоғам дамып, діни сұраныс күшейген сайын ҚМДБ-ның жауапкершіліге де, міндеті де өте үлкен ауқымда зорая бермекші.

–       Уахабилер деп айта береді жұрт. Сонда олар кімдер? Танымал адамдар арасында сондай біреулер бар ма?

–                Қазақ халқы өзіне дәстүрлі болмаған ағымға, көңілі сеніп, көзі үйренбеген әдет-ғұрыпқа солайша үрке қарауы, сескене, тіксіне қарауы заңды құбылыс.  Ислам дегенде ұлтымыз біржолата атеист болып кетіп, барлық діни құндылықтарды жадынан шығарып алған десек онымыз өрескел қателік болады. Біздің өзіміз Кеңестік идеологияның нағыз шырқау шегіне жеткен «құдайсыздық» дәуірінде өмір сүріп, есейсек те, әппақ қардай таза киінген, сақал-мұрттары келісті басылған молдаларды, сүндетке отырғызып, дем салып, үшкіріп, аластап, кәпір жын тигендерді аяттар оқып емдеп, мұсылманша неке қиып, ғұсыл алғызып, кебін кигізіп мәйітке жаназа оқып, шілденің шіліңгір аптабында тақуалықпен ораза ұстап, бес уақыт намаздарын қаза қылмай оқитын, орайы келген сәттерде таңды таңға ұрып діни қиссаларды жатқа соғатын жергілікті діндарларды өз көзімізбен көп көрдік. Ендеше араб, түркі, пәкстан, иран елдерінен келген мұсылман қауымның жүріс-тұрысы, ғибадат-құлшылығы, діни машықтарына қарап үйреншікті керектісін алу, көкейге қона бермейтін жат әрекеттерін қоштамау ұлттың діндарлығы, мазхаб дағдылары мәселесіне келіп саятын құбылыс деп түсінген жөн. Осы орайда қауқитып сақал қойысы, мұртын тықырлап басып тастасы, қысқа балақты шалбар, шолақ жең киім киісі, жамағатпен намазда бас киімсіз әркез қатынасы, мойынға масих тартпай тахарат алысы, намазда қиямда аяқты алшақ қойып тұрысы, қолды кіндіктен төмен емес, көкірек тұсында байласы, «Әминді» жария айтысы, рукуге барып-қайтқанда қолды қосымша  көтерісі, намаз уақытында қосымша қимылдарды көп жасасы, имамның артынан жарыса қирағат қылысы, парыздан кейін сүннет намаздарын оқымай, ғибадат жасаудағы өзге мұсылман қауымның алдын қасақана кесіп өтіп, намаздан кейінгі дұға ішінде болмай мешіттен сыртқа шығып дүние сөзін сөйлеп бекерге тұрысы, міне, осы сияқты сыртқы көзге тез көрінетін жат амалдарына қарап-ақ діннен терең хабары жоқ, шариғаттан білгені аз кез-келген қарапайым қазекем оларды-уаһһаби, сәлафи, такфири деп түсінеді. Басқаша болуы да мүмкін емес.

Ал енді олар кімдер деген сұрағыңызға қайтып оралар болсақ қазіргі қазақ қоғамындағы ең көп талқыланудағы бұл мәселе жайында түрлі-түрлі сайттардан, ғаламтордың қатпар-қатпар қойнауларынан көптеген нақтылы мағлұматтар алуға болады. Уаһһабилердің қазақ топырағындағы серкелері туралы да талдама мақалалар асып жетерлік.   Соның ішінде мемлекеттік саяси-зерттеу институттары сарапшылары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті жетекші мамандары, белгілі дінтанушы-теолог ғалымдар атын атап, түсін түстеп жүрген – Қайрат Сатыбалды, Бекболат Тілеухан, Мұхаметжан Тазабеков, Абдрахман Ескендір, Таһиржан Ибраһим, Дарын Мубаров, т.б. есімдері елге танымал бауырларымыз тап осы уаһһабизмнің қазақ жерінде алғаш қанат жаюы және мықтап орнығуы үрдістерімен тікелей байланыстырылады. Шынтуайттап келгенде мұндай дау-дамайы көп мәселеде жеке тұлғалар өз таным-түсінігі деңгейінде баға беріп жатқаннан гөрі, ҚМДБ-ның  ғұламалар алқасы шариғи фатуа шығарып, қорытынды тұжырымдарын ашық дәлелдерімен муфтият сайтында қадап көрсеткендері абзал. Ондаған жылдар бойына бұл бағыттағы талдау-сараптама жұмыстары қызу қарқынмен жүргізіліп келгенде бәлкім көптеген қанды оқиғалардың алдын алуға болатын еді. Уды у қайтарады демекші, сырттан келген жат ағымдардың уытын қайтару үшін қыруар іс-шаралар қолға алынғанда, күрделі жоспарлар жасалғанда, Саудия, Сирия, Ресей, Қырғыз… елдеріндегі бұл бағыттағы сан-салалы ізденістердің нәтижелерін қорытып керектісін өзімізге нұсқау-бағдар етіп алғанда, барлық рухани күштер сол мақсатта жұмылдырылғанда, дін ислам мәселесінде әлдеқайда саф тазалыққа, орнықтылыққа, тақуалыққа қол жеткізер ме едік.

 

АҚТӨБЕДЕГІ ҚАНДЫ ОҚИҒАДАН КЕЙІН ОБЛЫС ӘКІМІНДЕЙ БАС МУФТИ ДЕ ОРНЫН БОСАТУЫ ТИІС ЕДІ…

–       Бас Мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі жыл сайын ораза кезінде халыққа Үндеу жариялайды. Азық түліктің бағасы арзандасын, арақ-шарап сатылмасын дегендей. Бұл қаншалықты орынды? Басқа мұсылман елдерінде де осылай бола ма?

–  Бас муфти шынымен орынды пайдаланатын болса мұсылман үмбетіне жыл он екі ай ішінде жүздеген мәрте қымбатты ұсыныстар тастай алады, әрдайым тақуалыққа шақыра алады. Ол таңда да, кеште де, тіпті түн ортасында да мешіттер мен медіреселер, заманауи ғаламтор мүмкіншілігін пайдаланып миллиондаған жамағатқа тоқтаусыз үн қата береді. Алланы неге көп ұлықтап жатсың деп оған көп ешкім сын таға алмайды.  Дүниежүзі мұсылман елдері шағбанның соңғы күні, демек рамазанға бір түн  қалғанда ғана хадиске сүйеніп жаңа туылған айды көріп барып жар салады. «Хош келдің, Рамазан!» мағынасындағы Жарапазан жырлары да тап сондай сәттерде көшпелі қазақ сахарасында туған.   Соңғы он жыл ішінде біздер оразаны әлем  мұсылмандарымен дәлме-дәл уақытта бірге бастағанымыз сирек. Не бір күн кеш, не ерте бастап кетеміз. Қадыр кешіміз де солайша  жылжуда деген сөз. Ал мұсылман елдерінің жағрафиялық орналасқан жерлеріне қарасаңыз уақыт айырмасы 3-4 сағат айналасы ғана.  Соңғы үш жыл ішінде мың жыл бойғы атам қазақ айтқан «Отыз күн оразаны» қасақана 29 күнге қысқартып келе жатқанымыз, т.б. толып жатқан жанға батқан мәселелерді ықтияттап бір жүйеге түсіруге болар еді.

Муфтидің үндеуіне қайтып оралар  болсақ, әр жылдың Рамазан айында өзіндік ерекшеліктер бар. Таухид пен тақуалыққа бет бұрған Қазақстан мұсылмандары қалайша діни таным-сенімдерін өркендетуі  керек? Он екі айдың сұлтаны – Рамазан айын қандай дайындықпен  қарсы алып, ифтар, тарауихты қалайша ұжымдасып өткізуге тиіспіз? Еліміздегі діннің өзегіне әртүрлі секталардың кесірінен  құрт түсе бастаса, ихтилафтардан, бүліншіліктен оны қайтып арашалаймыз? Міне, осы сияқты тақырыптарда муфтидің салиқалы ғұламалық сөздері айтылуы тиіс еді. Амал нешік,   муфти өз үндеуін азғантай әкім мен министрлерге бағыштап жолдапты. Ақыры ниет еткен соң оны үндеу қылып айқайлатпай-ақ аталған лауазымды тұлғалардың жеке сайттарына бірер ай бұрын бадырайта арнау хат жазып іліп қойса да әбден болар еді. Тимур Құлыбаев, Болат Өтемұратов, Нұржан Субханбердин сықылды миллиардерлерден зекет алып, тиісті сегіз түрлі зекет алушы қауымға таратып бергенде де муфтият қаншама сауапқа кенелер еді. Белгілі кәсіп иелері өз беттерінше жыл бойына қайырымдылық істемейді, садақа таратпайды дегендік өтірік болады. Осы тұрғыда жеке кәсіпкерлердің қолындағы азық-түліктің нарықтық бағасын әкімдер арқылы тек қана Рамазан айында 10 пайызға төмендетейік  деген ұсынысы да қай жағынан алып қарағанда да орындалуы қиын шаруа. Әне, министрлер мен әкімдердің шамасы келместен мұнай өнімдері қымбаттай бастауда. Демек, өзге тауарлар құны шарықтай береді деген сөз. Ендеше Рамазан айында ғана Қазақстан мұсылмандары сол 10 пайыз негізінде қарындары тоқ болады деген не? Одан кейін әкім мен министрлер Рамазан айында жекеменшіктегі мейрамханалар мен дүкендерге сендер харамнан тиылып, арақ сатпаңдар  деп тапсырма бере алмайды ғой. Сонда қалған 11 айда арақ іше беріңдер дегенге сай емес пе бұл?

Міне, бұл көрініс он жыл бойына айнытпай  қайталанып келеді. Муфтият және бас муфти басқаша  деңгейде жұмыс жасауы керек. Дүние жүзінің басқа елдері Рамазан айында көбірек қайырымдылық жасайды. Олар бұл айда кәсіпкерлер мен байлардан түскен қайыр-садақаны нақты мекенжайлар  бойынша алуға тиісті адамдарға бөліп таратып береді. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейінгі соңғы жиырма жылда ҚМДБ-ға кірген тау-тау қаржы көздері бар. Зекет, қайырымдылық, жеке жан басы садақасы, жай садақа  дегендей. Тіпті Абай.кз, Зона.кз, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі  «әл-Баян» газетінде атап көрсетілгендей, өткен жылы бас муфти араб байларынан Қазақстан мұсылмандары қажеттіліктері үшін деп 13  миллион АҚШ доллары көлеміндегі жария садақа алыпты. Қайда, қандай мақсатта жұмсалғаны ешкімге белгісіз бұл қаражаттың есебі қайда? Тиісті заң орындары мұқияттап тексерсе, ақиқат жай орнығар еді.  Пақырдың, міскіннің, кембағалдың, жетімдер мен жесірдің ақысын өздеріне кісілікпен жеткізіп беріп жатсақ,  осы қамтылған мәселелер нақты жоспарлы жария түрде жүзеге асырылып жатса,  халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына өте үлкен сеп болар еді.

 

 

 

–        Соңғы кездері «Мүфти күзде ауысады» деген сыбыс шыға бастады. Бұл жөнінде не тыңдадыңыз?

–                    Жаңадан бас муфти сайлау мәселесі 2001 жылдан бері Қазақстан мұсылмандарының күн тәртібінде тұр десек артық айтқандық емес. Өйткені, тап сол жылы наиб-муфти Серік Ораз бастаған он екі облыс имамдары Елбасы атына ашық хат жариялап, өзекжарды мәселені төтесінен қойған болатын.  Он жыл бас муфти болған Рәтбек қажы Нысанбайұлы да, кейінде он бір жыл бас муфти болған Әбсаттар Дербісәлі де орнымызға лайықты ешбір діндар жоқ деп,  мұсылмандардың өзгеріс қалаған ниет-тілектерін тыңдамай келеді. Мықты муфти сайланатын болса саясатқа дереу кірісіп, біртіндеп билік басына шабуылдай бастайды деп Ақ ордаға теріс кеңес беретіндер де бұл орайда отқа май құйғандай бола түскен. 2003, 2005, 2007, 2009, 2010 жылдары да бұл мәселе Елбасы деңгейінде сөз болып, Мемлекеттік хатшы О.Әбдікәрімов, Президент кеңесшісі И.Романов, ҰҚК төрағасы А.Шабдарбаев, Президент әкімшілігінің конфессияаралық қатынас бөлімінің меңгерушісі Р.Жошыбаев, Дін істері жөніндегі комитет төрағасы А.Досжан, және т.б. лауазымды тұлғалар біздің бұл орайдағы пікір-кеңестерімізді тыңдаған. Негізінде, бас муфтиді сайлау мәселесі ҚМДБ-ның Құрылтайы құзыретінде болғанымен, алқалы жиынды бас муфтидің өзі ғана шақырып, күн тәртібін тек қана өзі белгілейтіндіктен, миллиондаған мұсылмандардың дауыс көтеріп, мәселені оңтайлы шешуге құқықтары болмауда. 1990, 1992, 2000, 2005, 2010 жылдары ғана шақырылып, оның өзінде Құрылтайға жүздеген имамдар, муфтият қызметкерлері ғана қатыстырылған бірер сағаттық жабық жиынды Қазақстан мұсылмандары Құрылтайы дегеннен гөрі, муфтияттың кеңейтілген алқа мәжілісі десе орынды.

Сыбыстар дегенге келсек оның анықтамасы сыбыс қана ғой. Ал бізге керегі сыбыс емес, нақты іс. Сыбыс әдейілеп  таратылады. Үкімет жағындағы жауапты қызметкерлер де күбір-сыбырдың ордасы болып қалады. Кезектен тыс Құрылтай шақырылар болса оны ҚМДБ алдын-ала ескертіп, қай уақытта, қай жерде өтетінін, аймақтардан қандай тәртіппен мұсылман өкілдері шақырылатын шарттарын айтып, алқалы жиынның құрамын, шетелден шақырылар қонақтары жөн-жобасын,  күн тәртібін, қаралар мәселе ауқымын, шығарар шешімдерін, пікір білдіруге болатын электрондық адрестерін, т.т. тұспалдап болсын мұсылман жамағатқа құлағдар етуі тиіс. Күзде деген қайдан алынған жорамал?  Біздіңше, 11 жыл бойғы басқа өте күрделі мәселелерді айтпағанда, жақында ғана болған Ақтөбедегі қанды оқиғадан кейін, мешіттерді имамсыз, жамағаттарды мазхабсыз қалдырғаны үшін, оқиға өршігенде барып 18-25 жастағы қатты адасқан өрімдей жас мұсылмандар өміріне араша түспегені үшін, облыс әкімі сияқты бас муфти де өз еркімен орнын босатуы тиіс. Өз еркімен болмаса, ғұламалар алқасы да қарар алуға қауқарлы. Қасиетті Рамазан айында, шайтандар байлаулы тұрған ұлық айда барлық үлкен істерді бисмилла деп  бастап жіберсек құба-құп.

–       Мүфти сайлауы болады дегенді естімедіңіз бе?

–       Нақты естімедім.  Әлгінде айтқандай, әр түрлі қоғамдық ортаның гулеген пікірі оқтын-оқтын шығып жатқаны рас. Өткен жылы желтоқсан айында қайта сайланарда бас муфтиге бір жылдың ішінде еліміздегі діни ахуалды реттейсің, немесе орныңды дереу босатасың деген жоғарғы жақтан қаһарлы пәрмен болыпты деп естігенбіз.  Бірақта соңғы  жарты жылдың өзінде-ақ Тәуелсіздіктен кейінгі жиырма жылда болмаған діни сенім негізіндегі көптеген қақтығыстар, жарылыстар, атыс-шабыстар, дүрдараздықтар, ихтилафтар, қайшылықтар көрініс тауып үлгерді ғой. Демек, ақылды инсан бұндай ушыққан жағдайда ақиқатқа бетпе-бет қарап, кешеуілдетпей шешім шығарса керек.

–       Нақты емес ақпарат көздері бойынша сізді де мүфти болып сайлануы мүмкін деп естігеніміз бар. Сізді осы орынға ұсынып жатса қалай қарайсыз?

–                    Ел аузына қақпақ бола алмайсыз. Аңғал қауым кім ұнап қалса, соны дереу болашақ муфтилікке лайық екен деп жатады. Өзгерісті, жаңғыруды қалағандықтан бәйек болып, бата берісіп жатады. Қарапайым жамағаттан бастап, жер-жердегі діндарлар қауымы, Елбасының алдына дейін кей-кейде осындай ұсыныстар көтеріліп қалатынын соңғы он бес жыл бойына естіп келемін. Үлкен үміт арқалап, шын ниетімен пікір білдірген  ел ардақтыларына истиғфар айтып, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал муфтилікке ұсына қалса не істер едіңіз деген сауалға келсек, осыдан он жыл бұрын ондай ұсыныс болғанда маған салса ол кезде денсаулығы күшті, шариғат пен араб тілінің жетік білгірі Абдолла қажы Жолдасұлын қолдасаңыздар деп, дінтанушы ретінде қатыстыра қалса, Құрылтай қатынасушыларына үндеу тастар едім. Осыдан бес жыл бұрын тап осы мәселе көтерілгенде Қызылорда облысының өкіл имамы, шариғат, тариқат, ханафи мазхаб білгірі, араб және парсы тілдерінде сауаты күшті, ол кезде денсаушылығы да мықты Дайрабай Рысбайды Құрылтайда ашық қолдар едім. Өткен жылғы желтоқсанда болған Құрылтайға қатынасқанымда Нұр-Астана мешітінің наиб-имамы, Мысырда әл-Азхарда діни оқу бітірген, хафизул-Құран, тақуа діндар Садуақас қариды, Ақтөбеде облыстың өкіл  имамының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген діндар ғалым, Әл-Азхарда 14 жыл оқыған бірден-бір қазақ Сансызбай дамолланы, Қарағанды облысының өкіл имамы, жас та болса көптеген діни іс-шаралар атқарып үлгерген Наурызбай қажы Өтпеновты мүдірместен бас муфтилікке ұсынар едім. Ал алдағы уақытта Құрылтай толыққанды мәнісінде кезектен тыс өткізілер болса, оған ресми қатынасуға шақырылып жатсақ, әлбетте, қордаланған діни мәселелер жөнінде пікір-байламдар айтпай үнсіз қала алмаймыз. Біздің атымызды айтып бас муфтилікке ұсынар болса, қиын да сындарлы кезеңде еңбегімізді елеп еске алып жатқан жамағатқа дән ризашылығымызды білдіреміз. Бас муфтилікке тап осы алмағайып заманда кімдер лайықты деген көкейдегі ұсыныстарымызды да бүкпесіз ортаға жайып саламыз. Алайда, алдағы уақытта дін саласындағы барлық көшелі мәселелерді тек қана Қазақстан мұсылмандарының Құрылтайы шешеді деген бұлжымайтын қағидаға тоқтасақ қана, Шураға-Кеңеске негізделген дін ислам мәселесі өркендейді, ақылдаса отырып талай кедергілерден тосырқаусыз өтеміз, ең үлкен қоғамдық ұйымның жұмысы жалпыхалықтық бақылауға алынады, мұқтаж адамдар еңсесі көтеріледі, ел ішінде берекет жайлайды, жамағатқа хидаят табылады, ихтилафтар тиылып, келмеске кетеді дегіміз келеді. Дін ислам елде көркейсе барлығымыздың екі дүниеміз хасанатта болады.

 

Бейбіт Тоқтарбай

 

 

 

30 ПІКІРЛЕР

  1. жарты бет пікір жазып, оның өзін сумбурға толтырыпсың бауырым. әуелі араб тілін өте жетік меңгеріп, сонан соң құран кәрім мен хадистерді толықтай, тәпсір-түсініктерімен түсініп оқып, одан кейін төрт мазхаб иелерінің барлық еңбектері, пәтуаларын оқып танысып, одан бертіндегі діни ғұламалардың барлығының пікірлерімен танысып, тек сонан соң барып 1,5 миллиард мұсылманның 70 пайызы әбу ханифа мазхабын ұстанып келе жатқанын біліп, түсінуге болады. әйтпесе, уаххабилер әлсіз хадиске сүйеніп шығарған жалған ағымын, құраншылдар тек құранға ғана сүйеніп өзің пәтуа шығарып ешкімді тыңдамай өмір сүре бер деген теріс тұжырымын, т.б. ұстанып кәпір жынның ауылынан бірақ шыққаныңды білмей қаласың. сұрақ қойған, ойланған жақсы, ал ілімі болмай, шариғат мәселесін түсінбей діннің тереңіне барамын деу, ол ібіліс лағнаттың адастыра бастады деген сөз.

  2. Сол ханафи молдалар мен ишандар кешегі Алаш Ордашыларға да қарсы шыққан, қазақ әйелінің құқығының тапталуын құптап отырған Дәстүр мен жаңашылдық мәселесін шешетін жолды табу керек
    _________

    Саин көшесіндегі қазақ әйел құқығының тапталуына қарсы шықса ханафи молдаларды мен де қолдар едім.

  3. ханафи мазхабы бізді құтқарады деген пікір онша дұрыс емес Әрине қазір діни саланы сауықтыру үшін осындай акцент жасалуы керек Ханафи -мұсылман деген ол дәстүршіл мұсылман Ол сыртынан білдірмегенмен барлық жаңашылдықа, реформаторлыққа қарсы Мысалы, Абайдың дін туралы айтқаны оларға еш авторитет емес Себебі олардың түсінігінде Абай мен Шәкәрім – мүджтахидтер емес, ал иджтихадтың (ақылмен жаңа шешеім табу) «есігі» ортағасырдың өзінде жабылыпты-мыс Барлық сұрақтарға Әбу Ханифа мен оның шәкірттері жауап беріп қойған дейді енді сол дәстүрмен еш ойланбай жүре беру керек….Яғни ханафи дәстүршілдігі келе келе модернизация, ислам философиясы сияқты құбылыстармен қайшылыққа келуі анық Ханафи болса керемет екен деген пікір тумауы керек Сол ханафи молдалар мен ишандар кешегі Алаш Ордашыларға да қарсы шыққан, қазақ әйелінің құқығының тапталуын құптап отырған Дәстүр мен жаңашылдық мәселесін шешетін жолды табу керек

  4. Өте қатты адасқан намазхандар болса, онымен бөлек жоспар құрып жұмыс жүргізу қажет.
    ______

    не сандалап отырсыз? Адамның адасқан-адаспағанын тап басып білетін сендер, (Астағфируллаһ), (түсініктірек болу үшін) Алласыздар ма сонда?! Ғазіреті Әли (р.а.) ла илаһа илла Аллаһ, Мухамаддан Расулуллаһ деген адамды «бұл қорықанынан иман айтты» деп өлтіріп жібергенде “Ол адамның жүрегінде не жатқанын сен қайдан білесің” деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ғазіреті Әлиге ұрысқанда, оның қасында сендер кімсіңдер сонша, адамның адасқан-адаспағанын cыртынан айырып отыратын? Мүмкін, тап сен өзің адасқан адам шығарсың?

  5. Тимур Құлыбаев, Болат Өтемұратов, Нұржан Субханбердин сықылды миллиардерлерден зекет алып, тиісті сегіз түрлі зекет алушы қауымға таратып бергенде де муфтият қаншама сауапқа кенелер еді.
    __________________

    тіпті турасын айтар болсақ, рибадан түскен ақшадан зекет дәмету деген – рибаны халал деп тану дегенді білдіреді. Ал бұл діннен шығу деген сөз.

  6. Алайда, алдағы уақытта дін саласындағы барлық көшелі мәселелерді тек қана Қазақстан мұсылмандарының Құрылтайы шешеді деген бұлжымайтын қағидаға тоқтасақ қана, Шураға-Кеңеске негізделген дін ислам мәселесі өркендейді, ақылдаса отырып талай кедергілерден тосырқаусыз өтеміз, ең үлкен қоғамдық ұйымның жұмысы жалпыхалықтық бақылауға алынады, мұқтаж адамдар еңсесі көтеріледі, ел ішінде берекет жайлайды, жамағатқа хидаят табылады, ихтилафтар тиылып, келмеске кетеді дегіміз келеді. Дін ислам елде көркейсе барлығымыздың екі дүниеміз хасанатта болады.
    _____________

    «зайырлы» деп танылған мемлекетте дін ұйым бастықтары ақша жинап жеке бастары баюдан басқа бірдеңелерді тындырады деп айту – өзін-өзі алдаудың бір түрі

  7. 18-25 жастағы қатты адасқан өрімдей жас мұсылмандар
    _______

    «басқа бәле – тілден». Кімнің «қатты адасқанын» Бір Құдай біледі.

  8. Тимур Құлыбаев, Болат Өтемұратов, Нұржан Субханбердин сықылды миллиардерлерден зекет алып, тиісті сегіз түрлі зекет алушы қауымға таратып бергенде де муфтият қаншама сауапқа кенелер еді.
    __________________

    Аллаһ харам еткен ақша (бұл жерде рибадан түскен ақша айтылып отыр, дүние-мүліктерді алаяқтық жолдармен басып алғанды айтпағанның өзінде) ол мың жерден зекет берсе де харам болып қала бермек. Ондай ақшадан дін адамдарының зекет дәметуінің өзі харам,

  9. Осы орайда қауқитып сақал қойысы, мұртын тықырлап басып тастасы, қысқа балақты шалбар, шолақ жең киім киісі, жамағатпен намазда бас киімсіз әркез қатынасы, мойынға масих тартпай тахарат алысы, намазда қиямда аяқты алшақ қойып тұрысы, қолды кіндіктен төмен емес, көкірек тұсында байласы, «Әминді» жария айтысы, рукуге барып-қайтқанда қолды қосымша көтерісі, намаз уақытында қосымша қимылдарды көп жасасы, имамның артынан жарыса қирағат қылысы, парыздан кейін сүннет намаздарын оқымай, ғибадат жасаудағы өзге мұсылман қауымның алдын қасақана кесіп өтіп, намаздан кейінгі дұға ішінде болмай мешіттен сыртқа шығып дүние сөзін сөйлеп бекерге тұрысы, міне, осы сияқты сыртқы көзге тез көрінетін жат амалдарына қарап-ақ діннен терең хабары жоқ, шариғаттан білгені аз кез-келген қарапайым қазекем оларды-уаһһаби, сәлафи, такфири деп түсінеді. Басқаша болуы да мүмкін емес.
    ____________

    ал намаз жөнінде айтқандармен толық келісу керек. Намазды жергілікті жер ұстанатын мәзһабпен орындау абзал. Пайғамбардың қалай оқығанын видеоға түсіріп алған ешкім жоқ, мүмкін Ол Әбу Ханифа мәзхабындай оқыған шығар, мүмкін басқа мәзһабтардағыдай оқыған шығар, оны Бір Аллаһ біледі. Ең бастысы құлшылықта ниет түзу болу шарт, әркім ыру-дыру ойына келгенін істеу дұрыс емес.

  10. Соңғы үш жыл ішінде мың жыл бойғы атам қазақ айтқан «Отыз күн оразаны» қасақана 29 күнге қысқартып келе жатқанымыз, т.б. толып жатқан жанға батқан мәселелерді ықтияттап бір жүйеге түсіруге болар еді.
    ________

    қазақтың оразаны отыз күн тұтқанын қайдан біліп отырсыз? Қазақта күн санап отырған календар болып па? Қазақта күн санау түгілі, қазіргідей жыл санау да болмаған ғой. «Қазақша жыл санау» дегеннің не екенін білесіз бе өзі? Білмесеңіз «қазақша жыл санау» дегенді жазып интернет іздеулерінен қараңыз. Ал қазіргі қатарынан бірнеше жыл 29 күн белгілеу сіздің теріс ойыңыздай «қасақана» емес, Айдың Жерді толық айналып шығуының ғылыми тұжырымына (http://ru.wikipedia.org/wiki/Месяц) байланысты шешім.

  11. «Хош келдің, Рамазан!» мағынасындағы Жарапазан жырлары да тап сондай сәттерде көшпелі қазақ сахарасында туған.
    __________

    дінге түк пайдасы жоқ бидға. Одан да бес уақыт намазыңды оқып, сосын басқа басыңа пайдалы шаруаңды істесейші. Оған да шыдамай ішің жарылып бара жатса Құран оқып сауап ал.

  12. «Кім жамағатқа бір сүйемдей қайшы келсе, ол өз мойнынан Исламның міндетін түсірген болады».
    __________

    ең дұрыс Ислам жамағаты кімдер? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жақсылары – менің замандастарым. Мұнан кейін олардың соңында-ғылар, сонан соң олардан кейін келгендер», – деп айтқан. Ал осы жамағатқа қарсы келіп «ой-бай біз өз салт дәстүрімізден шыға алмаймыз, арабтардыкі бізге оң емес» деп шулап жүргендер кімдер?

  13. Біздің өзіміз Кеңестік идеологияның нағыз шырқау шегіне жеткен «құдайсыздық» дәуірінде өмір сүріп, есейсек те, әппақ қардай таза киінген, сақал-мұрттары келісті басылған молдаларды, сүндетке отырғызып, дем салып, үшкіріп, аластап, кәпір жын тигендерді аяттар оқып емдеп, мұсылманша неке қиып, ғұсыл алғызып, кебін кигізіп мәйітке жаназа оқып, шілденің шіліңгір аптабында тақуалықпен ораза ұстап, бес уақыт намаздарын қаза қылмай оқитын, орайы келген сәттерде таңды таңға ұрып діни қиссаларды жатқа соғатын жергілікті діндарларды өз көзімізбен көп көрдік.
    ______________

    «діндарларды өз көзімізбен көп көрдік.». Ия, прямо көз алдымызда қаптап жүретін… тура Ауғанстандағыдай… Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай айтпасаңыз болмайды ма? Ондайлар он мың адамнан біреу-екеу ғана болатын. Онда да ол бейшаралар көпшілікке араласпауға, белсенді коммунистердің көздеріне көп түспеуге тырысатын.

  14. – Біріншіден, діни топтар саясатқа белсене араласа бастаса қоғамдық өмірде сөзсіз қауіп күшейеді.
    _________

    осы сендерді не қылған таусылмайтын жалпақшешейлік?… Сонда мұсылмандар елдегі мемлекеттік деңгейде жүріп жатқан небір озбырлықтарды, алаяқтықтарды, аярлықтарды, қарақшылықтарды, қиянаттарды, жемқорлықты, ел мүддесін сатуды, парақорлықтарды көріп отырып аузын буған өгіздей мылқау боп жату керек пе, сен тимесең, мен тимен деп? «Патшаның бетіне шындықты тура айту ең үлкен джихад» деп Пайғамбарымыз айтып кетпеп пе еді?

  15. Өте қатты адасқан намазхандар болса, онымен бөлек жоспар құрып жұмыс жүргізу қажет.
    ______

    не сандалап отырсыз? Адамның адасқан-адаспағанын тап басып білетін сендер, (Астағфируллаһ), Құдайсыздар сонда?! Ғазіреті Әли (р.а.) ла илаһа илла Аллаһ, Мухамаддан Расулуллаһ деген адамды бұл қорықанынан иман айтты деп өлтіріп жібергенде «Ол адамның жүрегінде не жатқанын сен қайдан білесің» деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ғазіреті Әлиге ұрысқанда, оның қасында сендер кімсіңдер сонша, адамның адасқан-адаспағанын айырып отыратын? Мүмкін, тап сен өзің адасқан адам шығарсың?

  16. ейййййй Казактар ай бір бірлеріннін арттарыңды аша алмай журе алмайсындар гой.Муфтиятта нен бар енди айтшы???Олар оздері жауап берет кудайдын алдында.

  17. Дербісәлі мен Оңғар басхатшы шұғыл кеңесіп, бар таланттарын ортаға салып, Талғат Бигелдинов, Кенжеәлі Мырзабаев имам, т.б. күштеп қол қойдырып, солардың аттарынан Бейбіт Сапаралы үстінен жалған мәлімдеме жариялатқаны сияқты, енді Б.Сапаралы бас муфти болуға лайықты деп аттарын атаған Абдулла Жолдасұлы, Дайрабай Рысбай, Садуақас қари, Наурызбай қажы, Сансызбай дамолла т.б. аттарынан Сапаралы үстінен жаңа арыз, жаңа сын мақала дайындап, қорқытып қол қойдыруға дайындалып жатқан көрінеді. Осылайша, олардың ең үлкен проблемасы елдегі діни ахуал емес, муфтиятқа сын айтқан адам үстінен қалайша қаралауды, жазғыруды ұйымдастыру.

  18. Баспасөз хатшысы Оңғар көкеміз соңғы кезде Әбсаттар жерлесінің орнын тартып алғандай болып, салафтар туралы фатуа беріп тастады. Ал кеше баспасөз конф.өткізіп, Шұбаршиде 1,5 жылда жергілікті мешіттегі үш 20-22 жастағы имам ауыстырылды, соңғы уақытта тіпті бос қалды, жамағат аз, жәшікке ешкім ақша салмайды депті. Сонда сылтауының түрі осы болып қарап отыра бере ме? Дербісәлі 50 жас қазақтар бір-бірлерін атып өлтірген қанды оқиғаны ҰҚК, ІІМ-гі жауапты болып шешсін дейді. Пакистанға 3 айға құпия лагерлерге Шұбаршиліктер топ-топ болып барып, дін емес, соғысқа үйреніп қайтқандарына қарағанда, мұнай ұрлап байығандарына қарағанда, жергілікті жамағаттың өздері салған мешіт шығынын толық көтеріп тұруға әбден жағдайлары жеткілікті сияқты. Тіпті болмаса, сондай мешіттерді орталықтан қаржыландырып тұруға көп-көп мүмкіншіліктер бар емес пе?!

  19. Экс-муфти де, қазіргі муфти де тыныш ұйықтаса болады, өйткені олардың «тағын» Бейбіт Сапаралы 2000 жылдың өзінде символический тартып алған. Дәлел, Алматының Орталық мешітіндегі Орта Азия бойынша ең биік( 7 метр 77 сантиметр), қазақша өрнектермен ғажайып шеберлікпен жасалған бас минбар. Бұл минбарды қадір(кедр) ағашынан өз қаражаттарына, өздері ескіліктегі Селжук мешіттеріндегі минбарлардың пішініне қарап отырып Алматы әкімшілігі мен ҚМДБ басшылығымен кеңесе отырып жасаған «Қағанат» ғылыми-мәдени орталығының хас шеберлері(жобаның жетекшісі әрі авторы Б.Сапаралы, бас шебері марқұм Қалқаман Тілеуқанов). Сол минбар орнатылғаннан бері қанша уағыз айтылып, хұтбалар оқылды десеңізші. Оны көпшілік қауым біле бермейді.

  20. Соның ішінде мемлекеттік саяси-зерттеу институттары сарапшылары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті жетекші мамандары, белгілі дінтанушы-теолог ғалымдар атын атап, түсін түстеп жүрген – Қайрат Сатыбалды, Бекболат Тілеухан, Мұхаметжан Тазабеков, Абдрахман Ескендір, Таһиржан Ибраһим, Дарын Мубаров, т.б. есімдері елге танымал бауырларымыз тап осы уаһһабизмнің қазақ жерінде алғаш қанат жаюы және мықтап орнығуы үрдістерімен тікелей байланыстырылады.
    __________________________________________ _______________

    Басқаны былай қойғанда Бекеңнің сұқбатының осы ашықтығы жетклілікті.

  21. мұсылман барлық ізгі істерді, залымдармен күрес амалдарын шайтандар байлаулы тұрған осы айда істесе игі.

  22. Сансызбай мен Наурызбайды жақында Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф шақырып алып, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарына уаххаби, салафилермен тыңғылықты жұмыс жүргізіп қайтыңдар деп арнайы іссапарға жіберген екен. Ал муфтият такфирлермен күреспейді де, үндемейді де. Полицейлер енді өзіміз шариғат білгірі боламыз ба деп шатақ шығарып жатқандары анау.

  23. Өте дұрыс айтылған, діни басқарманың барлық кіріс қаражаты(садақа, зекет, пітір садақа) жәшікке салу немесе қолма-қол емес, электронды түрде Халық банкі арқылы тасталатын болса бақылау күшейеді, елдің сенімі артып, пақыр-міскіндерге көп садақа тиіп, ұрықол имамсымақтардың сұғанақтығы сап тиылады.

  24. 2000 жылы-Абдолла қажы, 2005 жылы Дайрабай шейх, 2010 жылы Садуақас қари бас муфти болып сайланғанда, расымен де елдегі діни ахуал мүлдем басқалай болатын еді ғой. Әттең, әттең, қор болған қазақ, енді уаххабтардың бүлігінен тәуелсіздігіңнен айрылып қалмасаң нетті.

  25. діни басқарманың штатный комментшілері тым-тырыс үндемей қалыпты ғой, жеке басқа тиісіп, тірлігің майда, оңбағансың деп айқайлап кететін еді. айтар уәждері таусылған сияқты.

  26. Жақсы жаңалық, през.әкімш.жетекшісі Аслан Мусин бас болып өткен жұма күні дін туралы заңның жаңа жобасын талқылаған екен. Күзде парламент қабылдаса, елдегі діни ахуал күрт өзгеріп, көп жақсылықтар болатын шығар.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз