Қазақ олигархы 179 мың долларға торт алдырған
2018 ж. 15 қаңтар
6059
23
Құны 179 мың доллар тұратын тәтті торт заманауи тілмен айтқанда соңғы күндері нағыз “хитке” айналды. Ел ағаларынан бастап, жаппай қоғам шымкенттік олигархты сөз етуде. Бұл ретте Stan.kz оқырман назарына аталған тортқа қатысты елге танымал тұлғалардың ең қызықты деген жазбаларын ұсынды.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
Түсінбеймін, олар соңғы күн өмір сүріп жатыр ма? Әлде ертең оларды өлім не финпол алып кете ме? Қарапайым адамдардың ашуын келтіріп, мұндай жылдамдықпен әрі ақымақтықпен ақша жаратудың не керегі бар?
Той мен мерекеге немесе шақырылатын қонақтарға шектеу қоюға қарсымын, салт-дәстүрге де еш қарсылығым жоқ. Бірақ дегенмен… Әр нәрсе өз орнымен болуы керек, моралдық-этикалық тұрғыдан шектеу болу қажет деп ойлаймын. Мәселен, тойға кететін ақша сол аймаққа сай болуы қажет…
Бейбіт Сарыбай, жазушы:
Дәулетті адам болсам, ұрпағымның үйлену тойына 179 000 долларға торт пісірткенше; не жастар орталығын, не неке сарайын салып, иә болмаса қаланың қақ ортасына Қыз Жібек пен Төлегенге арнап ескеткіш орнатар ем.
Торт это без пити боқ… “Адам бір боқ көтерген боқтың қабы”-дегенді айтқан Абай атаң тірі болып, мына сорақылықты көрсе; не жүректен кетер еді, не 46-қара сөзін жазар еді. Біз ғой Өміржан не дер екен деп отыра береміз…
Тимур Чигиров, тәуелсіз сарапшы, Лондонда тұратын қазақ:
Қазақ олигархы 179 мың долларға торт алғызыпты, оны әнші Валерия кескен, ал тойда Коля Басков ән салған. Ал біздің Марк Цукерберг басқаша жасады.
2012 жылы үйленген ол тойға 100 адам шақырды (қазақтарда бұл ұят) Ең қызығы, той үйдің артында, яғни Марктың бау-бақшасында жасалды. Зәулім сарайда не қонақүйде емес. Қонақтарға үйлену тойы болатыны алдын ала айтылған жоқ, тосынсый жасады.
Тамақты үйге жақын дәмханалардан алғызды. Жақын жердегі кондитер дүкенінен шоколадты торт та әкелінді. Қалыңдық қарапайым ақ көйлек киді. Ал саусағына күйеу жігіттің өзі ойлап тапқан жүзік.
Ал Марктың өзі бұл оқиға үшін арнайы костюм киіп, галстук тақты. Басқа кезде ол сұр түсті футболка мен капюшоны бар жемпірін тастамайтын.
Бұл әлемдегі ең танымал адамдардың бірінің тойы. Байлығы бойынша әлемде 5-орында тұрған адам. Өзін-өзі жасаған және бірде бір күн мемлекеттік қызметте істемеген адамның тойы.
Бұл әлемдегі ең дамыған мемлекетте болған той. Менің ендігі ойым: Қазақтар мақтануды қашан доғарар екен?
Бибігүл Дәулетбекқызы, журналист:
Тұрсынбек-ау, Инстаграм ғана емес, бүкіл әлемнің ауызы ашылып, “елде жоқ тортты” жегісі келіп отыр. Бірақ, деймін де, Сейітжанов Серікжан көкеміздің қарамағындағы жұмысшылар аштан отырғанын біле ме екен өзі? Ол торт жесе, 3 айдан бері жұмысшылары қара нанға зар болуда. Әділдік қайда? Төрелігін өзің айта қойшы, Тұрсынбек? Білем, сен жәй ғана асабасың. Бірақ, осы тортты елге көрсетіп, таныстырдың. Сондықтан сенен сұрап отырмын.
Оқырманымның бірі жанайқайын жазғанында, тортқа ауған есімді жиып алдым. 60 миллионның тортын миллиардер Билл Гейтстің өзі де жемеген. Онан да қара халықтың 3 айдан бері ала алмай отырған ақшасын неге қайтармайды? Ұят қайда?
Өткен айда Қарағандыдағы “АрселорМиттал”-дың кеншілері де басшылары Лакшмиге наразы екенін бізден жақсы білесің. Осындай қызына жасаған аста-төк тойды оның өзі дәл бұлай жасамаған болар? Не дейміз? Біздің миллионерлеріміз жасай берсін! Браво! Ертең -ақ бүкіл әлем Сейітжановтың тортын ғана емес, сол тойға кеткен ақшасын есептеп шығарып береді.