Ерлан Қарин: Көңіл көтеру бағдарламалары - теленарықтағы маңызды сегменттердің бірі
2018 ж. 12 қаңтар
3445
10
Соңғы кездері «QAZAQSTAN» арнасына және осы телерадиокорпорацияны басқаратын Ерлан Қаринге қатысты сын көп айтылып жүр. Тіпті әлдебіреулердің ойынша, бұл телеарна соңғы кездері тек әзіл-оспақ, көңіл көтеру жағына қарай ойысып бара жатқан көрінеді.
«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин кеше ғана өзінің Фейсбуктегі парақшасында қаптаған сынға жауап қайтарды, деп хабарлайды Caravan.kz.
Қарин мырза ең алдымен «QAZAQSTAN» телеарнасында түрлі жанрдағы бағдарламалар барын айтқан. Олар – көңіл көтеру, жаңалықтар, ақпараттық-танымдық, пікірталас, сараптамалық, сондай-ақ, телехикаялар, көркем, деректі және анимациялық фильмдер. Содан кейін РТРК басшысы осы жанрлардың ара салмағына тоқталыпты.
«25% телехикая өндірісі, 22% гуманитарлық бағдарламалар, 11% көңіл көтеру, 19% музыкалық, 7% жаңалық, 8% әлеуметтік-саяси, 3% көркем фильмдер, 2% спорттық бағдарламалар» дейді Е.Қарин.
Оның айтуынша, былтыр телеарна эфиріне 20-дан астам жаңа жоба шыққан. Солардың 70 пайызы ақпараттық және әлеуметтік-танымдық бағдарламалар екен. Яғни «QAZAQSTAN» рейтингтің азайып кетуі мүмкін екеніне қарамастан, осы бағыттағы телехабарларды көбейтіп жатыр.
«Бірақ көңіл көтеру бағдарламаларының теленарықтағы маңызды сегменттердің бірі екенін айта кету керек. Оны әртүрлі буындағы аудитория қажетсінеді. Мысалы, 2017 жылы бірегей халықаралық музыкалық жобалар шықты. «Мен қазақпын» қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен дәстүрлі музыкасын дәріптейді. Ал «Silk Way Star» Қазақстанда ғана емес, 8 елде көрсетіліп, жетістікке ие болды. Бірақ соның өзінде де бұларды жаңа сапамен жасауға тырысып жатырмыз. Қазақстандық телеөнім бірінші рет бірнеше елдің телеэфирінде көрсетілді» деп жазады «Қазақстан» РТРК басшысы.
Айта кетейік, Ерлан Қарин «Қазақстан» РТРК басшысы болып былтыр ақпан айының басында тағайындалды.