Оразақын Асқар:МҰҚАҒАЛИДЫҢ ҚОНАЕВҚА ЖАЗҒАН ХАТЫН ЖЕТКІЗБЕЙ ТАСТАДЫ...

 

Ораз

– Мұқағали ақынның азаматтық қырларына барлау жасаңызшы. Ол кісімен қандай қарым-қатынаста болдыңыз?

– Мұқағали менімен танысқан кезінде 1955 жылы ауылда қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ беретін мұғалім екен. Жасы жиырма бестерде. Темекі тартпайды, арақ ішпейді. Орыс тілін өздігінен меңгерген. Ауылда, ауданда, мектептерде кітапханалардың бәрін де оқып алған еді. Сонда Лашынның інісі Мәскеуде жұмыс жасайды екен. Сол жігіттен арнайы Ресейден кітаптар алдырады екен. Мұқағали өзін өзі оқытып, өздігінен білім алған. Бір қызығы, Казгудың филология факультетіне түсіп, екі жылдан кейін ол жақтан шығып кеткен. Одан кейін ақын шет тілін білуі керек деп, неміс тіліне қызығып, шет тілдері институтына оқуға түскен. Оны да солай тастап кеткен. Тіпті Мәскеудегі екі-ақ жыл оқытатын Горкий институтына түсіп, келесі жылы кетіп қалған екен. Өзінің күнделігінде жазады ғой, «білімім орташа, бірақ жоғарыдан кем емес» деп. Ол расында да артық білген. Алла оған дарын берген.

– Мұқаңның өлеңдері мәңгі өлмейді. Ол асқар шыңдарға шықты. Сол шыңға жету жолынан үзік-үзік сырлар айтыңызшы.

– 1952 жылы «Жастар жыры» деген жинақ шықты. Оны Қасым Аманжолов шығарған. Сол кезде Мұқағалидің 2 өлеңін сол жинаққа қосқан екен. Қыранды қыран алыстан таниды дейді ғой. Бұл да соның бір айғағы десек болар. Бұл бір емес, Әбділдә Тәжібаев та «өзімнің гөрі отты, рухты» ақын деп, жас та болса мақтап мақала жазып, сол кездегі «Лениншіл жасқа» тұсаукесерін жасады.

– Оразақын аға, жақында ақиық ақын Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойы өтпек. Қандай шаралар ұйымдастырылады?

– Мұқағалидың туған күні жылда тойланады. Биыл енді ерекше той өтпек. Себебі ақиық ақын 80 жасқа толып отыр. Сексен жылдығының қарсаңында, яғни 2010 жылдың басында Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетов арнайы комиссия құрған еді. Мен сол комиссияның мүшесімін. Сол комиссия Мұқағалидың туған күнін жақсылап өткізу үшін бір жыл бұрын дайындықты бастауымыз керек деген еді. Оған «Жетісу» газетінің басшысы, «Мұқағали» журналының бас редакторы, Жазушылар одағының төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, Мұқағали мұражайының директоры, өзінің баласы Жұлдыз, келіні Бақыткүл және басқа облыстардан тағы да адамдар қатысқан еді. Екінші жиналыс Қарасаз ауылында болды. Онда мұражайдың жағдайы туралы мәселені көтергенбіз. Ауылға баратын жолды күрделі жөндеуден өткізу, кем-кетіктерін айту да сондағы ісіміз болған еді. Одан кейін Шалкөде жайлауындағы жағдайлар туралы сөйлесіп, енді биыл сол жерлерге барып көрдік. Бәрі де сақадай сай, мерекелік іс-шараға дайын екеніне көз жеткіздік. Ол жерде жазба ақындардың мүшәйрасы өтеді. Оған ақындар көп қатысады. Күні кеше есебін алғанымызда 150 ақыннан қолжазба түскен екен. Тіпті керек десеңіз, бұл шара халықаралық деңгейде өтпек. Себебі шет елдерде тұратын қазақтардың да қолжазбалары келіп түсіпті. Бұрында мұндай мүшәйраларға ең көп дегенде 100-ге тарта ақындар қатысушы еді. Ал бас бәйге автокөлік, бірінші бәйге миллион теңге деген секілді өте бай жүлделік қоры бар. Оған қоса ол жерде ғылыми конференция өтеді. Бұл шараға арнайы Мұқағалидың 4 томдық жинағы шыққан болатын. Оны Мұқағалидың жары Лашын апай бар кезде мен редакторы болып, құрастырған едім. Сол кітаптардың бәрі де өтіп кетті. Сондықтан да оны қайта қарап, толықтыра түсіп, 5 том етіп жинақтап шығардық. Ол Бексұлтан Нұржекеевтің қамқорлығымен «Жалын» баспасынан жарық көрді. Ал мұның сыртында «Мұқағали» журналының негізінде мақалалар жинақталып, тағы да үш томдық кітап жарық көрді. Оның бірінші томында естеліктер, ал екінші томы түгелдей ғылыми зерттеулерге толы. Үшінші томында Мұқағалиға арналған өлеңдер, арнаулар жазылды. Бұған қоса жеке кісілер де Мұқағалиға арнап кітаптар жазып жатыр. Мен Мұқағалиды жиырма жасымнан, яғни абитуриент кезімнен білемін. Естеліктерім бар, арнау поэмаларым бар. Осының бәрін жинақтап, «Мұқағали мұраты» деген жеке кітап шығардым. Ол «Тоғанай Т» баспасынан 1000 данамен жарық көрді. Айта кету керек, кітап «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Алматы облысы әкімінің қолдауымен шықты.

– Мұқаңның туған күні жылына неге екі рет атап өтіледі?

– Бәрімізге белгілі, Мұқағали оқулары жылда, әр жерлерде өтіп жатады. Бұл ақынды қастер тұтқанымыз. Мейлі ауылда болса да, мейлі қалада болса да тойланып жататыны қуантады. Есіме орыстың әні түседі: «Амал қанша туған күн жылында бір-ақ рет өтеді» делінетін. Ал Мұқағалиға келгенде бұлай айта алмаймыз. Жылда екі рет атап өтеміз. Құжат бойынша оның бірі ақпан айының тоғызы болса, ал екіншісі шешесінің айтуы бойынша наурыз айында екен. Наурыз айындағы туған күн ылғи да өз ауылында өтеді. Сонымен қатар, бұл тойларда ылғи да бірнеше аталым бойынша мүшәйралар болады. Бұрынырақта бұл додалар тек аудан, облыс бойынша өтуші еді. Ендігіде бұл Қазақстан, тіпті халықаралық дәрежеде өтеді. Мәселен Атыраудан, Алтайдан, тағы да басқа жақтардан мәнерлеп оқушылар, жазба ақындар келіп қатысады.

Мұқағалидың өлеңдерін басқа тіл­дерге аудару мәселесі де қарасты­рылып жатыр. Орыс тілінде бұған дейін бір ғана кітабы шыққан болатын. Соны ұлғайтып шығармақ ойымыз бар. Қытайда да қытай тілін жетік білетін қазақ ақындар бар. Олардан да қытай тіліне аударамыз деген хабар келді. Қытай тіліне қазақ ақындарынан бірінші болып Абай ғана аударылған екен. Ал Мұқағали өлеңдері қытай тіліне аударылайын деп жатқан екінші қазақ. Бұл болашақта Мұқағали әлем елдерінің барлығына да танылады деген сөз. Мен көптеген кездесулерге барып жүрмін. Сонда байқағаным, Мұқағали өлеңдерін ұлты қазақ балалары ғана емес, орыстар да, кәрістер де, немістер де қазақ тілінде жатқа біледі. Ең үлкен жаңалықтардың бірі Мұқағали тойын Испанияда өткізгендігі болып отыр. Қазақта кітабы ең көп, өлеңдері ең көп оқылатын ақын ол – Мұқағали.

– Мұқағали ақынның азаматтық қырларына барлау жасаңызшы. Ол кісімен қандай қарым-қатынаста болдыңыз?

– Мұқағали менімен танысқан кезінде 1955 жылы ауылда қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ беретін мұғалім екен. Жасы жиырма бестерде. Темекі тартпайды, арақ ішпейді. Орыс тілін өздігінен меңгерген. Ауылда, ауданда, мектептерде кітапханалардың бәрін де оқып алған еді. Сонда Лашынның інісі Мәскеуде жұмыс жасайды екен. Сол жігіттен арнайы Ресейден кітаптар алдырады екен. Мұқағали өзін өзі оқытып, өздігінен білім алған. Бір қызығы, Казгудың филология факультетіне түсіп, екі жылдан кейін ол жақтан шығып кеткен. Одан кейін ақын шет тілін білуі керек деп, неміс тіліне қызығып, шет тілдері институтына оқуға түскен. Оны да солай тастап кеткен. Тіпті Мәскеудегі екі-ақ жыл оқытатын Горкий институтына түсіп, келесі жылы кетіп қалған екен. Өзінің күнделігінде жазады ғой, «білімім орташа, бірақ жоғарыдан кем емес» деп. Ол расында да артық білген. Алла оған дарын берген.

– Мұқаңның өлеңдері мәңгі өлмейді. Ол асқар шыңдарға шықты. Сол шыңға жету жолынан үзік-үзік сырлар айтыңызшы.

– 1952 жылы «Жастар жыры» деген жинақ шықты. Оны Қасым Аманжолов шығарған. Сол кезде Мұқағалидің 2 өлеңін сол жинаққа қосқан екен. Қыранды қыран алыстан таниды дейді ғой. Бұл да соның бір айғағы десек болар. Бұл бір емес, Әбділдә Тәжібаев та «өзімнің гөрі отты, рухты» ақын деп, жас та болса мақтап мақала жазып, сол кездегі «Лениншіл жасқа» тұсаукесерін жасады. Кейін жинақтарын шығарып, елге таныла бастағанда Әбіш Кекілбаев та мақала жазды. Сол кезде «Мұқағали деген ақын шықты, әдеби тілді жөнді білмейді екен» деп сынаушылар да болды. Мұқаң әдеби тілді білмесе, басқа кім біледі екен десіп, жағамызды ұстадық. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. «Не демейді ел ісің оңған сайын» деген осы болар. Қызғанып, аяғынан шалып қалатындар да бар. Бұл қазаққа ғана емес, бар адамзатта болатын құлқын ғой. Мұқағалида осы тақырыптағы өлеңдер бар. «Миым қайнап барады, миым қайнап, өз миым өзіме бұйырмай ма?» деген сөздер. Оның астары өзімді өзім басқармаймын ба дегені. Ол кезде ашық айта алмағанымен қазіргі желтоқсаншылармен үндес азаттықты аңсаған өлеңдері де болды. Ал бір өлеңінде «көргенім ылғи жоқшылық, көргенім ылғи кедейлік» дейді. Бұл оның тек қалтасының қалың болмағанына налуы ғана емес, сонымен қатар, азаттықты көру, аңсау тұр. Өмірде Мұқаң бірнеше қақпайды көрді. Жұмыстан да қайта-қайта шығып қалып жүрді. Ал кейінде Қонаевқа жазған хатын орта жолда жеткізбей тастағандар да болды. Мүмкін сол хат басшыға жетсе ол кісі жағдайын жасар ма еді? Зайыбы Лашынның мұғалімдік жалақысына күн көрген кездері де болған. Осының бәрі де күнделігінде ашық айтылған. Бірақ сонда да Мұқағали ақындық рухын ешқашан да түсірмеген. «Үш бақытым бар менің алақанда, Мені мұндай бақытты жаратар ма!» Міне, мақтанып отыр. Ал шын мағынасында жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жүрген кезі болса да оған мойымаған. «Өлеңдерім аспаннан оқылғанда, Оқылғанда жай болып атылғанда, Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп, Жарық пайда болады соқырларға» деуі оның бойындағы күш-қуаттың асып­-тасып тұрғандығын көрсетеді. Тағы да назар аударайық, «оқылғанда...» Демек алда, яғни болашаққа сенген. Бір сөзбен айтқанда керемет жазған. Ал дәл сол кездерде одан әлдеқайда төменгі деңгейде жазатын ақындар сыйлық алып жүрді. Мұқағали сол сыйлықты алғысы келмеді дейсіз бе? Әрине, алғысы келді. Тек қайтыс болғаннан кейін ғана сыйлығын алды.

– Қазірде «ақын» адам баласынан бөлектеу жаратылатын, тіпті бір пайғамбардай тылсым дүниені сезетін жан иесі секілді. Өзінің өзгеден даралығынан жанына дерт табатын бақытсыз жандар десек ше?

– Ақын бақытсыз деп айтуға болмайды. Бір жақсы өлең жазып бітірген сәттің өзі неге тұрады! Содан кейін жазғандарыңның өлмейтіндігін, оның халықтың бір кәдесіне жарайтынын ойласаң тіпті шарықтайсың. Мұны әсте бақытсыздық деуге келмейді. Ақын басындағы кейбір қиыншылықтар өр кеудені түсіре алмайды. Арақ-шарап пен басқа нәпсіге салынатын жағдайларда өз бойындағы ауыртпалығын молырақ сезінген болар, адам болғасын ол заңды ғой. Ақынның бәрі деп айтуға келмейді, әр адамның мінезіне байланысты шығар. Соның ішінде Мұқағали ақын ең бақыттысы. Өзінің көңіліндегі, ойындағы өлеңдерін жазды. Ұрпаққа қалдырды. Бір ғана «Райымбек» поэмасын алып қараңыз. Өзінің атасы, руласы туралы жазудың өзі ғажап. Оның өлеңдеріне көзінің тірі кезінде-ақ ұлы композиторлар ән шығарған еді. Қазақ өнері деген сөзбен Мұқағали болмысы өзара ұштасып, синонимдік қатарды құрайды. Өзі де бірде бір өлеңінде «мен бақытсызбын» деп айтқан емес.

– Мұқағали ақын поэзия әлемінде жаңа бүршік атып келе жатқан тұста оның әдеби ортасы қандай болды? Қызығынан гөрі шыжығына тоқталсаңыз...

– Шыжығы сол, кезінде көсемдерді, партияларды жырлайтын ақындар ғана бірінші орынға шығып, «дес бермей» тұрған кездері болған. Орысты ұлы халық деп айту дәуірі болды. Ал Мұқағали өз күнделігінде біз байқағандай тек қана өз басының жағдайларын айта отырып, елінің мұң-мұқтажын жоқтаған. Көбінесе ақынды өз дәуірімен бірге алып қарау керек. Себебі бүгінгі күнмен сараптап айтсақ, бұрыс болуы әбден мүмкін. Бұрын қалай жазды? Ертең қалай жазады? Мүмкін тірі болса Мұқаң басқаша жазар ма еді? Қиыншылықтар көргенін айттық. Кедергілерге ұшырағанын да білдік. Ол тек қана өзінің өзгеден артықтау жаратқан дарындылығынан. Оны өзі сезінді де. Ол жер дауы немесе жесір дауын қуып емес, қазақ өнерінің жандануы үшін күрескен адам деуге болады. Бұл күресте ол жеңіске жетті.

Азаматтығын айтар болсақ, Мұқағали өте ащық мінезді, керемет адам болған. Ол өзінің жазғандарының дәрежесіндегі кісілерді өзіне дос деп есептейді. Сондай жағдайда жалғыздық көргенін байқаймыз. Ал қоғамдағы қарым-қатынасына келер болсақ, ол өте тілтапқыш, бір көргеннен сөйлесе кететін адам болатын. Достарына келер бослақ, Шәмілмен, Төлегенмен, Оспанханмен, Қадірмен, Тұманбайлармен дос болды ғой.

– Ақынмен жасты болмасаңыз да, замандассыз. Бір дәуірді көрдіңіздер. Естеліктеріңізден айтыңызшы.

– Мұқағали жолыққан сайын жарқын жүзбен күліп амандасатын. Басқа да сұхбаттарымда айтып жүрген бір естен кетпейтін сәтті айтып өтейін. Ауылға барғанда Мұқаңды таза ауа жұтып келейік деп кешкі кезде сыртқа шақырдым. Аспан ашық, жұлдыздар жұдырықтай болып тұрған кез. Қарап тұрсам, бір жұлдыз бірқалыпты қимылмен батыстан шығысқа қарай кетіп бара жатыр. Жер серігі ме деп ойладым. Сосын «ананы қарашы, батыстан шығысқа қарай кетіп бара жатыр» деп Мұқаңа көрсетіп едім, ол оған қарамастан-ақ «өй, ол менің жұлдызым ғой» деп қоя салды. Ол кезде бұл сөзіне мән бермеген едім. Қазір ойласам, жаңа айтып кеткендей қытай тіліне өлеңдері бүгін аударылып жатыр. Ол демек Қытайға жұлдыз болып барды деген сөз шығар. Оны бері қойғанда Жұлдыз деген баласы Қытай еліне барып қайтты. Бәлкім, Қытайға барған жұлдызын Мұқаң да сезді ме екен.

Ол кезде қызықтар көп болды ғой. Қаламақы алған күндері асып-тасып жүретінбіз. Жазушылар одағында «Қаламгер» деген асхананың қазақша ет деген бір табақтық тамағын отырып алып, екеуміз жеп қоятын кездеріміз де болған. Ұлы ақынмен дәмдес, дос болу да бір ғанибет.

Абаймен үндестігі тіпті де керемет. «Абайға тән, маған да тән сыбаға, Келсін мейлі келмесін тәржімаға, Қайталап оқитын намазымдай, Абай өлеңі әр жұмада» дейді ғой. Абайдың қара сөзбен түсінікті тілмен жазатынын білеміз. Байқап отырсақ, Мұқағали да тура солай жазады. «Абайдың аққан бір шырағын» сөндірмеу үшін поэзиямен егіз болып келген Мұқаң сол Абайдан нәр татып, үлгі алған.

Мұқағалидың алғыр ақын­дығын, өлеңдерінің озық өмір­шеңдігін дәлелдеп жату артық. Ол – қазіргі ең көп оқылатын ақын. Оның көзінің тірісінде 11, қайтыс болғаннан кейін 12 кітабы жарық көрді. Осы 23 кітабы, тіпті күні кеше ғана шыққан «Аманаты» да сирек кітаптар қатарына қосылып үлгерді. Мұқағали жырлары орыс, қытай және басқа тілдерге аударылады. Шыңжаңдағы қазақтар Қазақстаннан алған Мұқағали жинақтарын місе тұтпай, өздері араб әрпіне аударып, «Қаздар қайтып барады» деген атпен басып шығарған екен. Сол кітап жетпей, бір-екі жылдың ішінде халық сұранысына орай 6 рет қайта басылған. Сөйтіп, Мұқағали жырлары – оқырман ойында, жұртшылық жүрегінде. Мұқағалиға «ғасыр ақыны» деген атақ берілді. «Ғасырдан ғасырларға аттау тән асылдарға» деп өз өмірімнің тұрғысынан Мұқаңа, ұлы, өлмес, мәңгілік Мұқаңа сипат берген едім...

– Рахмет!

Сұхбаттасқан Ардақ ҚҰЛТАЙ