Әуезов театрының директоры Ерлан Біләл 1,5 миллион теңге парамен ұсталды

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл 1,5 миллион теңге парамен ұсталды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

"Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Алматыда жаңа жыл кезінде балалар қойылым қою мақсатында театрдан орын беру үшін заңды тұлғадан 1,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Кінәсін толық мойындауына байланысты ол қамауға алынған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр", - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығы лауреаты Біләл Ерлан Әбділдаұлы 1971 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Текес ауылында дүниеге келген.

[caption id="" align="aligncenter" width="622"] Фото "Ратель" сайтынан алынды[/caption]

1993 жылы Қазақ Мемлекеттік Т. Жүргенов атындағы Театр-Кино институтын (қазіргі Өнер академиясы) театр-кино актері мамандығы бойынша бітірген. Осы жылы М.Әуезов театрының актерлік тобына қабылданды. 2011 жылы 12 қыркүйегінен бастап М. Әуезов театры директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. 2014 жылы Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарған.

2015 жылы 27 сәуірінен бастап М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры. ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты (2002 жылы), ҚР еңбек сіңірген қайраткері (2007 жылы), Қазақ Ұлттық Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясының аға оқытушысы (2008 жылы).