«Алтын адам» табылған Шіліктіде шешілмеген мәселе көп
2017 ж. 28 желтоқсан
4876
0
Отандық археология тарихындағы үшінші «Алтын адам» табылған қасиетті өлке – Зайсан ауданындағы Шілікті жазығын білмейтін жан кемде-кем шығар. Алайда құнды жәдігерімен әлемге әйгілі мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі, ондағы халықтың жағдайы жайында не білеміз?
Кәкен-Талды ауылы Жақында осы өңірдің ақсақалдарының шақыруымен Қытаймен шекарада орын тепкен Шілікті елді мекеніне арнайы барып, ауыл тұрғындарымен сөйлескенімізде түйіні тарқамаған мәселелердің көп екендігіне көз жеткізгендей болдық. Жолы асфальтталмаған жалғыз ауыл Шілікті ауылдық округі аудан орталығы Зайсаннан 65 шақырым жерде орналасқан. Елді мекен тұрғындарын көптен бері алаңдатып жүрген мәселенің ең үлкені – осы 65 шақырым жолдың асфальтталмай, сапалы жөндеу көрмей отырғандығы.
Шілікті – Зайсан ауданындағы жолы асфальтталмаған жалғыз ауыл. Ауыл тұрғындары осыған қапаланады. «Аудандағы басқа ауылдардың жолдары сайрап жатыр. Ауызсу мәселесі шешілген. Жақында газ келеді деп жатыр. Біздің олардан қай жеріміз кем? «Айғайлай-айғайлай қасқырдан да ұят болды» дегендей, жолдың жайын айта-айта аудан әкімдігінен де ұят болды. Облыс басшылығына да, тиісті басқармаларға да айтудайын айтып жатырмыз. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ», дейді Шілікті ауылдық округіне қарасты Жалши ауылының тұрғыны, зейнеткер Амангелді Рахимов. Шіліктідегі екінші түйткіл – ауызсу мәселесі. Осы өңір тұрғындарының сөзіне сенсек, Шілікті ауылдық округіндегі бірде-бір үйге әлі күнге таза ауызсу енгізілмеген. Тек екі ауылдағы бір көшеге ғана екіден-үштен колонка қойылыпты. Тасбастау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағымжан Шажаев елді мекендегі екі колонка тұрғындардың сұранысын қанағаттандырмай отырғандығын, берілетін су мөлшері тым аз, қуаты жеткіліксіз екендігін айтады. Жалши ауылындағы бір көшеге осыдан үш жыл бұрын ауызсу тартылып, үш колонка орнатылыпты. Тұрғындардың айтуынша, осы іспен шұғылданғандар ауызсу тарту үшін ауыл сыртындағы тоқтаусыз ағып тұратын екі артезиан құдығын пайдаланыпты. Пайдаланғанда құрылғыларын осы екі құдық үстіне орнатса керек.
«Әлгілер үшінші құдықты да су тарту үшін бітейміз дегенде ауыл болып әрең тоқтаттық. Өйткені осы құдықтардың арқасында ауыл тұрғындары жыл сайын картобын егіп, қысқы азығын қамдап отыр. Екі құдық бітелгеннен кейін былтырдан бері ауылдың жартысы картоп салмайтын болды. Оны қойшы, ауылға су тартамыз дегеннен кейін құдықтарды жабуға келістік. Келіскенімізді қайтейік, су тартушылар ауылдағы айналдырған жүз метрлік үш көшенің біреуіне ғана су әкеліп, қалған екеуін қалдырып кетіпті», дейді осы ауылдың тұрғыны А.Рахимов.
Қытай шекарасы Биыл көктемде Шіліктінің малдарынан бруцеллез ауруы анықталып, қырдағы ағайынды біраз әуре-сарсаңға салған-ды. Шекаралық аймақтағы елдің жағдайымен танысуға бізбен бірге арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Марат Уәли бұл дертпен күресу үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып, қазіргі уақытта Шіліктіге қарасты бірнеше ауылдан бруцеллезге байланысты қойылған шектеулердің алынғанын жеткізді. Кәкен-Талдының күйі «Алтын адам» табылған киелі өңірдегі ең өзекті, тағдыршешті мәселенің бірі – халық санының азайып, мектептердің жабылудың аз-ақ алдында тұрғаны. Бәрінен де қиыны, дәл шекараның түбіндегі елді мекендердің жалаңаштанып қалуы.
Мәселен, Қытаймен шекарадағы Кәкен-Талды ауылында бар болғаны 10 үй ғана қалыпты. Ауыл іші алқам-салқам. Қаңырап қалған ғимараттар мен үйінділерден көз сүрінеді. Шіліктіге қарасты басқа ауылдарды аралағанда мұндай ызғар сезілмеген секілді еді. Әлде топталып ел отырған жер жылы, ық бола ма екен?! Кәкен-Талдыдағы суық ызғар еттен өтіп, сүйекке жеткендей болды. «Ұйысқан ел кеткен соң ауыл жарықтық та бозінгендей боздап, аңырап қалады екен-ау», дедім іштей қос елдің шекарасын бөліп тұрған сым тартылған бағандарға көз салып тұрып. Баған демекші, қазақтың әйгілі ақыны Сырбай Мәуленовтің: Шеп құрып ап шекараның шетіне, Тұр бағандар терең бойлап бекіне. Бір жағы ашық, ал бір жағы күп-күңгірт, Жалпақ аспан жарылғандай екіге, деген өлең жолдары еріксіз ойға оралғаны бар. Көнекөздердің айтуынша, Кәкен-Талдыда кезінде 200-ден астам адам тұрыпты. Өз алдына бастауыш мектебі жұмыс істеген ауылда тіршіліктің қазаны бұрқ-сарқ қайнап, елді мекен тұрғындары заставадағы әскерилермен тізе қосып, шекараны қорғауға атсалысып, талай қылмыскерді құрықтауға жәрдемдескен екен. Шекарадағы Кәкен-Талды ауылы Бүгінде Шілікті ауылдық округіне Шілікті, Жалши, Тасбастау, Кәкен-Талды, Қарасай, Қазақстан, Кемпірбұлақ секілді жеті елді мекен қарайды. Жеті ауылдың тұрғындарының ұзын саны – 2300. Кезінде мұнда 3 орта, 3 бастауыш мектеп болса, қазір 2 орта, 1 орталау және 1 бастауыш білім ордасы ғана жұмыс істеп тұр. Ауылдық округтегі ең үлкен елді мекен Шіліктідегі жеті жүз орындық мектепте қазір – 190, Тасбастаудағы 160 орындық мектепте – 52, Жалшиде кезінде 200-ден астам бала оқыған мектепте 110 оқушы білім алып жатыр. Кәкен-Талды, Кемпірбұлақ, Қазақстан секілді шағын ауылдардың балалары мектепке жақын тұратындары тасымалданып, алыстағылары интернатта жатып оқиды. Шілікті ауылдық округінде 12 жыл бойы әкім болған, қазір зейнет демалысындағы Саяш Нәсіретов 1997 жылға дейін бұл өңірде 5 мыңға жуық тұрғын тұрғанын айтады. Ақсақал шекара шебіндегі халық санының жылдан жылға азайып, бабалардан қалған шұрайлы жерлердің әлдекімдердің «көзқұртына» айналып, бос жатқанына алаңдайды.
«Шілікті – тек «Алтын адам» табылған қасиетті өлке ғана емес, шекаралық аймақ, елдің қақпасы деуге болады. Іргемізде алпауыт ел. Шекаралық аймақ болғаннан кейін стратегиялық маңызы айтпаса да түсінікті. Мал өсіруге, егін шаруашылығын өрістетуге де қолайлы мекен. Өңірдегі халықты ұстау үшін, санын азайтпай сақтау үшін жол салу, су тарту секілді маңызды шаралар дәл қазір тұрғындар көшпей тұрған кезде жасалса дейміз. Әйтпесе тарихи жер біраз жылда қаңырап бос қала ма деп қорқамыз», дейді ақсақал.
"Алтын адам" табылған төбе Шекаралық аймақтағы өңірге арнайы келгеннен кейін Шіліктінің даңқын шығарған «Алтын адам» табылған жерге тағзым етпегеніміз жөн болмас деп қасиетті орынға аялдадық. Жалши ауылынан 2 шақырым жерде орналасқан екен. Тарихи мекенге алғаш рет табан тірегендіктен іштей «Алтын адам» табылған жер сонадайдан менмұндалап көзге түсетін шығар, сырты қоршалып, арнайы белгі қойылған болар деп ойлағанбыз. Алайда ауыл тұрғындарының бірі арнайы апарып көрсетпесе, сырттан келген жұрт байқамай, елемей өте шығатындай жай төбелердің бірі секілді көрінгені рас. Ауылдағы ағайынның бабалар сүйегі жерленген қорымның үстіне дөң үстіне шыққандай көлікпен емін-еркін шыға беретіні де көңілге кірбің түсіргенін несіне жасырайық?! Жергілікті ақсақалдар ел арасында «Бәйге төбе» аталған бұл жердің бір кездері қоршалып, кейіннен қайта алынып тасталғанын айтты. Қастерлі мекен алдағы уақытта келімді-кетімді жұрттың аяғына тапталмай, қамқорлыққа, күтімге алынатын шығар деп ойлаймыз.
Түйін
«Шекарадағы Шіліктідегі қордаланған мәселелердің түйінін тарқату үшін не істелді, келешекте не істеледі?» деген сауалдарымызды Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжановқа қойдық. Аудан басшысы Шіліктіге ауыз су тарту үшін 50 миллион теңге қаржы бөлінгенін, конкурс аяқталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталатынын жеткізді. Жалши ауылындағы қалған екі көшеге ауыз су тарту алдағы жылға жоспарланып отыр екен. Ал «Алтын адам» табылған Шілікті қорымы Катонқарағайдағы Берел қорық-музейінің филиалы ретінде тіркеліп, бұл мақсатта 10 гектар жер қорықтың балансына беріліпті. Т.Қасымжановтың айтуынша, келесі жылы мұнда аспан астындағы музей салынады. Облыстық мәдениет басқармасы тиісті құжаттарды әзірлеп жатыр екен.
«Бұл Шілікті ауылдық округіне қарасты ауылдардың экономикасын көтеруге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға әсер етеді деп ойлаймыз. Музей оншақты жұмыс орны ашылса, жан-жақтан туристер келсе, оларға қажет қонақүй, дәмхана секілді нысандарды жергілікті кәсіпкерлерге салдырамыз ба деген ойымыз бар. 60 шақырым жолдың жағдайын да біліп отырмыз. Облыстық жол басқармасына тиісті құжаттарды өткізіп қойғанбыз. Бұл мәселе облыс басшылығының алдына да қойылып жатыр.
Биыл 3,5 миллион теңге бөліп, Шілікті мен Жалши арасындағы жолды және екі аялдаманы жөндеп бердік. Халықтың шекарадан бері қарай көшіп жатқаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қазір ірі шаруа қожалықтарын шекара маңына жіберіп жатырмыз. Мәселен, «Қарасай агро» ЖШС 500 гектар жер алып, егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлап отыр. Ірі кәсіпкерлер шекара бойына барып, жаңа нысандар салса, талай адам жұмыспен қамтылып, халық саны арта түсер еді деп ойлаймыз», дейді аудан әкімі.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы