Назарбаев қазақ тілін ұмытып қалып, қайта үйренгені туралы айтып берді
2017 ж. 26 желтоқсан
3574
23
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл қорытындысы бойынша Отандық БАҚ өкілдерімен кездесуінде биыл елімізде өткен шараларды қорытындылап, журналистердің мейлінше өзекті сауалдарына жауап берді. Қоғамдағы түйіткілді тақырыптардың бірі латын әліпбиі мәселесіне қатысты берген жауабында Елбасы қазақ тілін ұмытып қалып, қайта үйренгені туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz.
22 желтоқсан күні мемлекет басшысының Отандық БАҚ өкілдерімен өткен сұхбатында латын әліпбиі мәселесі де назардан тыс қалмады. Өз кезегінде Президент басты мақсаты көп ұлтты мемлекеттегі бірегейлікті қалыптастыру екенін атап өтті. Сондай-ақ мектеп бітіргеннен кейін 20 жыл көлемінде орыс тілді ортада жүргендіктен, қазақ тілін ұмытып қалғаны жайлы айтып берді.
«Өздеріңізге белгілі, 17 жасымда қазақ мектебін бітіріп, Украинаға кеттім. Мұнан кейін Теміртауда металлургия комбинатында жұмыс істедім. Яғни 20 жыл бойы толықтай орыс тілді ортада жүргендіктен, қазақ тілін мүлдем ұмытып қалдым. 80-жылдары Қарағандыдан Алматыға ОК хатшысы болып келгенімде, қазақ тілінде сөйлей алмадым. Сол кезде маған қазақ тіліндегі «Социалистік Қазақстан» газетін оқуға кеңес берді. Бастапқыда қиын болды. Бірақ көп оқығаннан кейін тілді қайта үйрендім. Мұнда адамның ынта-ықыласы, ниеті маңызды. Мысалы мемлекеттік қызметке орналасу үшін мемлекеттік тілді білу керек. Өз кезегінде бұл талап мемлекеттік тілді үйренуге ынталандырады.Қазақстандағы барлық этникалық топтың мемлекет тілін білуі оларды жақындата түседі. Мысалы, Мәскеуде орыс тілін білмесеңіз қалай жұмыс істейсіз? Ол мүмкін емес.
АҚШ – мигранттар елі екені белгілі. Ағылшын тілі ондағы түрлі этносты бір ұлт ретінде біріктіріп тұр. Мен осындай жағдайға жеткізгім келеді. Мақсатым көп ұлтты Қазақстандағы бірегейлікті қалыптастыру», – дейді Елбасы.
Естеріңізге сала кетсек, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 22 желтоқсан күні жыл қорытындысы бойынша Отандық БАҚ өкілдерімен кездесу өткізген еді.