АЛМАТЫДА ҚОҚЫСТАН ҚАЛА ОРНАТУҒА БОЛАДЫ

мусор «Тазалық-саулық кепілі, саулық-байлық кепілі» деген қазақ, қазіргі таңда осы даналық сөздің мағынансын ұмытқандай. Себебі күнделікті көріп жүрген көрініс бізге осыны дәлелдей түседі. Нақтырақ айтқанда айналамыздағы қоқыс, үйілген қалдықтар ауаны ластап, денсаулығымызға кері әсерін тигізуде... Елбасы Алматыға сапары кезінде ерекше назар аударған мәселесінің бірі – қаладан шығатын тұрмыстық қалдықтарды орналастыру мен қайта өңдеудің мүшкіл жағдайы туралы болды. «Қоқыс қалдықтарды қайта өңдеу қаланың өзекті проблемасының бірі болып қалып отыр. Әлемдегі жеткеші елдердің тәжірибесі көрсеткендей, бұл проблеманы оңтайлы шешуге толық мүмкіндік бар. Мәселен, Швейцарияда әрбір тұрғын қоқысты сұрыптап төгуге міндетті: шыныны шыныға, металды металға, қағазды қағазға. Соның нәтижесінде, шыны сауыттардың 90 пайызы, қағаз өнімдерінің үштен бірі қайта өңдеуге пайдаланылады. Осыдан келіп, Швейцария мен Сингапур сияқты елдер әлемдегі экологиялық ең таза мемлекеттердің қатарында есептеледі. Ал, бізде Алматыдағы қоқыс өңдейтін жалғыз кешен бір жылдан бері жұмыс істемей тұр...». Міне, Елбасы тура осылай деді. Шынында да, қазіргі уақытта тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды жинақтау, жою, өңдеу жалғыз қаланың ғана емес, бүкіл мемлекеттік мәселеге айналып отыр. Республика экологтарының басты құжаты болып саналатын Стратегиялық жоспарда қоршаған ортадағы ластану деңгейін кеміту, тым болмаса өсірмей, тұрақтандыру жайы ерекше назарда тұр. Өткен жылы Қазақстан бойынша қоршаған ортаға шығарындылардың 6,1пайызға азайғаны (3,1 млн тонна) осы экологиялық іс-шаралардың нәтижесі. Биыл Алматы қаласының әкімдігі осы шығарылатын қалдықтың жылдық мөлшерін 237 мың тоннадан 187 мыңға түсіруді көздеп отыр. Жалпы, қалада күніне 1000-1300 тонна түрлі тұрмыстық қалдық шығарылады. Мұның сыртында үлкен шаһардың қапталына орналасқан ірілі-ұсақты өндіріс, кәсіпорындардан шығарылатын қалдықтар бар. Статистикалық мәліметтер бойынша департаментке қарасты өңірде барлығы 6081 табиғат пайдаланушы ресми тіркелсе, соның 2446-сы Алматыда орналасқан. Бұдан өзге тіркелмеген (дөңгелек жөндеу, шашылық, нан пісіру, көлік жуу сияқты) нысандар да ішінара бой көрсетіп қалады. Уақытша табыс тауып, пайда қуғандар көшенің ойран-топырын шығарып, ластап кете беретіндіктері де жасырын емес. Солардан шығарылатын қалдықтардың барлығын далаға төге берсек, ару қаламыздың ертеңгі келбеті не болады? Тұрғындардың денсаулығы ше? Сондықтан, Елбасымыз қалдықтарды екінші қайтара өңдеп, адамдар игілігіне жаратуды ұсынса, бұл ең алдымен, қаланың, ондағы халықтың болашағын ойлаудан туындаған қамқорлық екені даусыз. Амал не, осы қоқыстарды өңдеумен айналысатын 22 шағын кәсіпорынның алып шаһардан күнделікті жинақталатын қалдықтарды іске жаратуға қуаты жетпей отырғаны шындық. Шет елдік технологиямен жабдықталып, миллиардтаған қаржыға салынған қоқыс қалдықтарын өңдеуге тиісті жалғыз кешеннің тұрысы анау. Қаланың солтүстік-батысындағы «Дорожник» ықшам ауданынынан таяқ тастам жерде орналасқан, жылына 450 мың тоннаға дейін қалдық өңдейтін бұл кешен 2008 жылдың желтоқсан айында сән-салтанатпен ашылғаны белгілі. Алғашында едәуір қарқынмен дабылдатып жұмыс бастаған, «Вторма эколоджи» ЖШС басқаратын кәсіпорынның тіршлігі соңғы кезде мүлде саябырсып қалды. Жүздеген жұмысшысына тиісті еңбекақысын төлей алмай титықтап, оларды қысқартуға, ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болды. Тығырықтан шығудың жолы ретінде тұрмыстық қалдықтарды қабылдау тарифын 2282 теңгеге дейін көтеріп көрген еді, одан да ештеңе шықпады. Тарифтің көтерілуі қалдық тасымалдаушы мекемелер үшін тиімсіз болғандықтан, олар қоқыс қалдықтарын «Вторма эколоджиге» апарудан бас тартты. Сөйтіп, бар-жоғы екі жылдың ішінде күйі кеткен, шаруасы шайқалған кешен қайраңға отырып қалды. Ал, мұның зардабын ең алдымен қала тұрғындары тартуда. Мұнда табиғат қорғау прокуратурасының талабы бойынша тексеруде болып қайтқан мемлекеттік эколог-инспектор Т.Камбетовтың анықтауы бойынша, 800 тоннадан аса құрамы беймәлім қоқыстар рұқсатсыз жинақталған. Белгіленген экологиялық ережені сақтамастан қоршаған ортаның тазалығына зиян келтіргені үшін аталмыш кәсіпорынға 7 миллион теңгеден аса айыппұл салынды. Заңсыз жинақталған қоқыстар мәжүбірлі түрде сыртқа тасымалданды. Бір өкініштісі, қоқыстың кәсіпорын ауласында ұзақ жатуы салдарынан, бұл маңайда егеуқұйрықтар қаптап кеткен. Егеуқұйрықтардың ірілігі соншалық, тіпті, мысығыңның өзін қорқытатын дәрежеге жетіп қалған сияқты. Иә, соңғы кездері тұрмыстық қалдықтармен, оның ішінде аса қауіпті медициналық қалдықтармен жұмыс істейтін мекемелер тарапынан экологиялық заң талаптарын бұзушылық оқиғалары да жиілеп кеткенін және мұның қоршаған ортаға төнген үлкен қауіп екенін жасыруға болмайды. Жуырда эколог инспекторлар осындай бір қауіптің басын әрең қайтарған. Мәселенің ушыққаны соншалық, оған тіпті, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері араласты. Бұл органның оңайшылықпен қозғала бермейтінін еске алсақ, айтылып отырған жайттың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Іргедегі Қапшағай қаласында «Қапшағайтяжстрой» дейтін ірі кәсіпорынның базасы бар. Кезінде дүрілдеп тұрған шаруашылықтың атшаптырым ғимараты қазір кәсіпкерлерге жалға берілген. Соның бір бұрышында келісім-шартпен жұмыс істейтін «МОД и компания» қызметкерлері біршама уақыт бойы аса қауіпті медициналық қалдықтарды ашық әдіспен өртеп келгені анықталды. Компанияның басшылығы өзге облыстың адамдары бола тұрса да, Алматыға келіп, ҚР Президенті Шаруашылық басқармасының Орталық клиникалық ауруханасы, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты, СПИД-пен күрес орталығы, қалалық клиникалық ауруханалар, перзентханалармен келісім-шартқа отырып, олардан шыққан медициналық қалдықтарды жоюға міндеттеме алған. Ем көрсетуші орындардан қандай қалдықтар шығатынын ежіктеудің өзі артық болар. Баршаға белгілі. Бекітілген ереже бойынша осы қауіпті қалдықтар қызуы 1000 градустық арнайы жабдықталған жабық пеште өртелуге тиісті. Тексеру барысында белгілі болғандай, жан-жақтан тасылған медициналық қауіпті қалдықтар арнайы пеште емес, қарабайыр тәсілмен ашық аулада өртеліп отырған. Осылайша, «МОД и компаниясы» Экологиялық кодекстің талабын өрескел бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылып, ірі көлемде айыппұл салынды. Алматы қалалық әкімшілік соты 2011 жылғы 25 ақпандағы ұйғарымымен департаменттің шешімін қуаттады. Бірақ, арада бір ай өткен соң, Алматы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «МОД и компаниясына» экологиялық сараптаманы қайтадан жасап беруі алаңдатады. Бұл арада біреулердің мүддесін қорғау ниеті жоқ па? Өзінің тұрақты базасы, арнайы техникасы болмаса да, медициналық қалдықтармен жұмыс істеу құқығын ұтып алған осындай фирмалардың қызметіне қатаң қадағалау жасалуға тиісті екені белгілі. Осыған байланысты қазіргі уақытта департамент тарапынан «МОД и компаниясының» қызметтік лицензиясын тоқтату туралы шаралар қарастырылуда. ҰҚК облыстық департаменті мен БАДЭ қызметкерлерінің бірлесе жүргізген арнайы тексеруі барысында «Барт Медиа», «МОД и компаниясы» т.б. мекемелердің медициналық қауіпті (Б санат) және аса қауіпті (В санат) лабораториялық сарқындыларды, биологиялық қан түйіршіктері мен жасанды түсік қалдықтарын, екпе құралдарын Іле, Қапшағай, Еңбекшіқазақ аудандарының қалдықтар жинақтау полигондарына төгіп отырған фактілері анықталды. Тексерумен қамтылған 30 медициналық мекеменің тең жартысында медициналық қалдықтарды тасымалдау, жою талаптары сақталмайтыны белгілі болды. Осы мәселелерге байланыстыАлматы қаласы және Алматы облысы бойыншаБалқаш- Алакөл экология департаментінің бастығы Қ.А. Малибеков Алматы қалалық мамандандырылған табиғат қорғау прокурорына хат жолдап, мәселені көтерген. Мединциналық қалдықтармен жұмыс істеу барысында болып жатқан экологиялық заң бұзушылықтарға қарсы тиісті шара қолданып, осы мәселені бақылауға алуын сұраған. Істің ақыры не боларын, енді күту ғана қалды. Айта кетейік, Балқаш-Алакөл экология департаментіне қарасты өңірде барлығы 513 қалдықтар полигоны мен қоқыс жинақтау нүктелері орналасқан. Соның ішінде мегаполиске жақын Еңбекшіқазақ ауданында 77, Іле ауданында 34, Талғар ауданында 10 полигон жұмыс істейді. Қарасай ауданындағы «Плазма энержи», Қапшағай, Талғар, Есік қалаларында орналасқан қалдықтар полигондары 2-ші санаттағы ірі нысандарға саналады. Бүгінде Экологиялық кодекс­тің талабы бойынша екінші санаттағы қалдықтарды жинақтау, полигондарға тасымалдау, оны қайта өңдеу үшін арнаулы кәсіпорындарға орналастыру – тікелей шаруашылық иелеріне жүктеледі. Мысалы, осы мақсатта 2008 жылы 22 желтоқсанда «Алматы қаласындағы өндірістік және тұтынған қалдықтарды есепке алу, өңдеу және залалсыздандыру Ережесі» жасалып, бекітілген. Алматы қаласы өте үлкен болғандықтан, 71 участокке бөлінген. Мұнда 1056 контейнерлік алаң бар (онда 6014 контейнер орналасқан). Жиналған тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, Алматыдан 34 шақырым жерде орналасқан Қарасай ауданындағы «Плазма энержи» ЖШС-ға қарасты полигонға тасымалданады. Бұл полигон осыдан 25 жыл бұрын салынған, қалдықтарды көму әдісі әбден ескірген. Осы мерзім ішінде 4 млн тонна қалдық жинақталған. Енді, бұдан артық күл-қоқысты қабылдауға бұл полигонның мүмкіндігі көтермейді. Сондай-ақ, ондағы ашыған улы заттардың ауаға үздіксіз «биометан» газын бөліп шығаратынын да естен шығармаған жөн. Жел батыстан соққанда, ол газдың исі бірден Алматыға жетеді. Яғни, оны топырақпен жауып, тегістеп, жұмысын тоқтататын уақыт жетті. Осыған байланысты туындаған мәселелерді шешу мақсатында, Алматы облысы әкімдігі 2009 жылы 19 маусымда жаңа полигон құрлысын салу үшін Іле ауданынан 245 гектар жер телімін бөліп, оны басқару құқығын Алматы қаласының әкімдігіне берді. Алайда, Еуростандарт үлгісімен салынуға тиісті үлкен кешеннің құрылысы көлденеңнен киліккен дағдарысқа байланысты кешеуілдеп тұр. Сыздықов Ахмет ,«Алматы» АД ӘКК» АҚ , индустрия-инновация даму бөлімінің бастығы: «Қазіргі уақытта бұл жоба жүзеге асырылмай отыр. Себебі қаражат жағы қиындау болып тұр. Әлі де қарастырылуда. Техникалық-экономикалық негізі жасалынған, банктерден қаржы сұралынуда.» Мемлекеттік экологиялық инспекторлар өткен жылы тұрмыстық және өндірістік қалдықтар бойынша 477 тексеріс жүргізіп, 437 құқық бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде, «Тазалық-Чистота» ЖШС, «Плазма Энерджи» ЖШС, «Тазар» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны сияқты т.б. кінәлілерге 9 млн 963 мың теңге айыппұл салынды. Ал, үстіміздегі жылдың I тоқсанында тұрмыстық және өндірістік қалдықтар бойынша 88 тексеріс жүргізіліп, 76 құқық бұзушылық анықталды, 1 млн 748 мың теңге айыппұл салынды. Иә, қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинақтау, оны жою, өңдеу өте күрделі және өзекті мәселе. Сондықтан, оған жұртшылықтың назарын аудару үшін Балқаш-Алкөл экология департаменті қалалық әкімдіктің қолдауымен бірнеше семинар, «дөңгелек үстелдер» өткізді. Алматы қаласы және Алматы облысы бойыншаБалқаш-Алакөл экология департаментінің бастығыҚалижан Малибековмынандай іс-шараларды тиісті мемлекеттік мекемелермен бірлесе жүзеге асыруды ұсынуда: - табиғат пайдаланушылардың қалдықтарды есепке алу, өңдеу және залалсыздандыру жұмысындағы жеке жауапкершілігін күшейту, әрі шығарылатын қалдық мөлшерін азайту шараларын енгізуді талап ету; - барлық елді мекенде 2-ші санаттағы қалдықтарды түр-түрімен сұрыптап жинақтау жүйесін енгізу; - қалдықтарды залалсыздандыру мақсатындағы инфражүйелер мен өндірістік қуатты дамыту, өндірісте пайдаланылған үлкен қалдықтарды екінші қайтара игеруді жүзеге асыру; - оған мемлекеттік органдармен бірге шағын бизнес өкілдерін қатыстырудың экономикалық-құқықтық ынталандыру тетіктерін жасау. Осы ұсыныстар толық жүзеге асатын болса қалдықтарды игеру мәселесінде бір қатар жұмыстар орынды шешімін табар еді.

Гүлнұр ДОСБОЛ