Н.Ә. Назарбаев, ҚР Президенті: ИАСАУИ – біздің Конфуции

0
2166

Үстіміздегі жылдың 11 науры­зында елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркістанға ат басын бұрып, ел зиялыларымен кездесіп, ел болашағына қатысты маңызды ойларымен бөлісті. Әрине Түркістан қаласының Түркістан аталуы тікелей Әзірет Сұлтанмен байланысты. Себебі Иасауиді бар мұсылман түркі баласы «Пири туркистан», яғни «түркі елінің пірі» деген.
Қожа Ахмет Иасауи-жалпы түркі руханият кеңістігінде өзіндік ілім қалыптастырып, ойлау қалыптары мен дүниетанымдық жүйемізге исламдық құндылықтар негізіндегі ар түзейтін ғылымның моральдық-этикалық арнасы мен үлгісін көрсетіп кеткен тарихи тұлға.
Бүгін де Иасауи және ілімі, оның мәні, маңызы мен ерекшелігі туралы сөз қозғау – тарихымыздың өткені мен бүгіні арасындағы рухани арналар сабақтастығын қалпына келтіруге ықпал етеді. Сондықтан да тәуелсіз Қазақстан үшін Иасауи ілімі – дәстүрлі түркілік дүниетаным және ислам өркениеті арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз еткен сара жол болуымен қатар бүгінгі заманға сай социо-психологиялық, феноменологиялық ойлау жүйесі мен нақты тұжырымдамаларға бай, адамды жаңа мән—мағынамен сомдайтын және рухани азық беретін ілім ретінде ұлттық болмыстық тұғырымызды танудың негізіне айналып отыр.
Біріншіден,Иасауи дүниетанымы адамды ішкі еркіндікке жетелейтін ар түзейтін ілім. Ал бүгінгі ашық және демократиялық қоғам құру жолындағы Қазақстанның тәуелсіздігі мен еркіндігін баянды ету үшін ең алдымен «еркін ойлайтын” адамдарға деген зәрулігі бар. Еркіндікті баянды ету саяси шарттардан бұрын рухани ар-ождан құбылысына тікелей қатысты. Бұл туралы елбасы Н. Ә. Назарбаев, “…Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақыт құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр”, – деп, мемлекеттіліктің тұғыры етіп мәдениетті, ал мәдениеттің бастауы ретінде де ділді, даналықты көрсетіп отыр.
Үшіншіден, Иасауи ілімі—қоғамдық-әлеуметтік ынтымақ пен бірлікке ұйытқы болатын даналықтың (хикметтің) кені. Яғни, оның ілімі адамдар арасындағы өзара тең сұхбаттың, бауырластықтың, махаббаттың діни-рухани ұстанымдарын қамтитын біртұтас тұжырымдамалар жүйесі болып табылады. Қазақстанда үстемдік етіп тұрған мұсылмандық пен христиандық сияқты екі дін өкілдері арасындағы төзімділік пен кеңпейілділіктің кілті де діндер үсті ақиқатты паш ететін осы Иасауи ілімінде жатыр. Иасауи қазақ мұсылмандық түсінігінің негізін қалаушы ұстаз ретінде нағыз мұсылман ол бірге табақтас болып отырған адамдардың дініне, тегіне мән бермейтін адам деп анықтама береді. «кәпір де болса зарар берме» бұл Иасауи ілімінің ұстанымы.
Адамзат тарихында өткен ғасырға дейін мемлекеттік жүйе өз болмысын саяси билік пен діннің тұтастығы арқылы жүзеге асырып келгендігі мәлім. Сол сияқты алғашқы қазақ хандары кеңесшілері де Ясауи ізбасарлары болғандығын сол кезеңдегі тарихшылар да растайды. Қазақ мемлекетінің құрылуындағы Иасауидің маңызын елбасымыз Н.Назарбаев “…Түркістанның жаңа қазақ хандығының астанасына айналуы тек қолайлы географиялық жағдайына ғана байланысты емес еді. Ол сонау ХІІ ғасырдан бастап әлем назарын өзіне аударып алған-ды. Бұл исламдық руханиятта ерекше орын иемденетін айтулы сопылық мектептің негізін салған шайқы, ғұлама ақын, Қожа Ахмет Ясауидің жан-жақты ұстаздық және уағызшылдық қызметінің арқасы еді” -деп бағалайды. Сонымен қатар Махмұт Хазинидің Иасауи жолы туралы осыдан бес ғасыр бұрын қалдырған еңбегіндегі адамның кемелдікке жетуіндегі алғышарттар ретінде көрсетілген “отан”, “елде тыныштық”, “бауырластық” пен “мемлекет басшысына беріктік” ұстанымдарынан қазақ мемлекеттілік жүйесінің де Иасауи ілімімен байланысты екендігін көруге болады.
Иасауи іліміндегі ұстанымдарды бүгінгі күн тұрғысынан түсіндіретін болсақ, бірінші макан, бұл кеңістік яғни, отан. Негізгі отанға барғандағы адамның орны оның осы отандағы атқарған іс әреттеріне байланысты. Сондықтан Иасауидің бұл отан ұстанымы ең басты тұғыр. Отан Алланың сынақ кеңістігі. Осы кеңістіктегі өткізген уақытың сынақ мезгілі. Осы отанды көркейту, қорғау, сүю арқылы негізгі отандағы орныңды анықтауға болады. Пайғамбарымыз да «отанды сүю иманнан» деген.
Екінші заман, бұл уақыт яғни отандағы тыныштық. Отанда тыныштық, бейбітшілік, тұрақтылық болмайынша Алла мен адам арасындағы рухани байланыстың сапасы болмайды. Ең бастысы адамның рух хәлі құбылмалылығын тоқтатпайды. Ал бұл күйзеліс, яғни, психологиялық, әлеуметтік, экономикалық, саяси тұрақсыздық деген сөз. Осы отандағы барлық тыныштықтарды қамтамасыз ету адамның Алла алдындағы жауапкершілігіне кіреді.
Үшінші ихуан, бұл бауырластық, яғни, отандағы барлық адамдардың өзара туыстықта, бауырдай бір біріне деген жанашырлығы мен қамқорлығы үстемдік құруы керек. Отанда адамдар арасындағы өш, кек, дұшпандық деген теріс психологиялық пиғылдар Алланың құдайлық жүйесіне қарсы. Бұл пиғылдар ертең негізгі отанға барғанда адамды Алла алдында ұятқа қалдырады. Ал Иасауи ілімі бойынша Алла алдында ұялудан асқан от жоқ. Ұят беттің, рухтың пердесі. Ұят жанның тыныштығы.
Төртінші рабти сұлтан, бұл мемлекет басшысына беріктік, яғни, осы отандағы барлық жауапкершілікті, тыныштықты, туыстық пен ынтымақты, Алламен рухани байланысты құдайлық жүйеге сай орнату үшін мемлекет басшысының еркі адамдардың еркінен үстем тұруы шарт. Сонда құранда көрсетілген жақсылықта, ізгілікте жарысу, қауымдардың бір бірінен үйренуі жүйесі жүзеге асады.
Міне бұл ұстанымдар Иасауидің құран негізінде түсіндірген тарихи, мәдени, социо психологиялық және моральдық, саяси жоралғы үлгілері. Бүгінгі қазақ қоғамына Исламды, оның пайғамбарын жүйелі түрде түсіндірген Иасауиді танымай тұрып, бүгінгі ислам туралы мәселерді тану, шешім жолдарын табу мүмкін емес. Бұл ұстанымдар пайғамбарды адамзатқа үлгі ретінде («усват ал хасана») жіберген Алланың қалауына да сай. Бұл қалау туралы түркі ислам философиясында арнайы еңбек жазған Фараби атамыз болатын. Ол пайғамбарды адамзатқа жіберген парасатты басшы, парасатты қоғам орнатушы, моральдық адамгершіліктің үлгісі ретінде дәріптейді. Міне сондықтан да елбасы, Иасауиді «біздің Конфуции» деген болатын.
Түрікшіл ақын Мағжан «Түр­кістан екі дүние есігі» деп бекер айтпаған. Себебі екі дүние есігіне ену үшін Иасауи ілімін тану керек. Соның бірі, дәстүрлі түркілік дүниетаным—Иасауи ілімінің қалыптасуындағы негізгі құндылықтық бастаулардың трансформациялық тұғыры мен ұстындық негізі. Бұлай деуіміздің негізгі себебін Иасауидің методологиясынан көруге болады. Иасауи ілімінің ислам өркениеті мен дәстүрлі түркілік дүниетаным арасындағы еркін сұхбат (аксиологиялық (құндылықтық)-социо-феноменологиялық диалог) негізінде қалыптасқаны белгілі. Иасауи дәстүрлі түркілік дүниетанымдық ұстындарды исламдық ұстындармен үйлестіріп, нәтижеде екі мәдениет арасында тепе-теңдік қоя отырып “еркін сұхбат” құра білді. Ал Иасауидің еркін сұхбат ұстанымы – кешегі маркстық диалектикаға сүйенген “дамудың қажеттілігі” ұстанымынан мүлдем басқаша. Мысалы, оның методологиясында және ислам философиясында ойлау процестерін жалпы адамзаттық даму сатылары ретінде аңыз, дін, философия, ғылым деп қарастырылмайды. Бұлар—бірін бірі толықтырып тұратын, белгілі қызметтік (функциялық) кеңістіктері бар, өзара тең дәрежедегі ақиқатты түсіндіру формалары. Бұлардың арасында тепе-теңдік пен үйлесімділік болғанда ғана адам еркін ойлай алады.
Дәстүрлі түркілік дүниета­нымдағы бақытқа ұласуды және Тәңірмен байланысты қамтамасыз ететін метафизикалық-символдық құбылысты білдіретін “Көктің тірегі”, киіз үйдің “шаңырағы” сияқты түсініктер исламның енуімен формалық және мазмұндық өзгеріске ұшырап, мұсылман түркілерде “құтб” яғни, тірек ретінде жалғасын тапқан. Яғни Тәңірмен байланыс сопылық дүниетанымның енуімен бірге ешқандай құралсыз (Жерұйық, Шаңырақсыз) тікелей кемел адам арқылы жүзеге асатын болды. Мысалы, мұсылман түріктер “қутб-ул ақтаб”– тіректердің тірегі ретінде ілімі және рухани жолы арқылы Тәңірге жөн сілтер ұстаз деп Әзірет Сұлтан, Қожа Ахмет Иасауиды таныған. Сонымен қатар дәстүрлі түркілік дүниетанымдағы “жердің идуқ”, яғни Тәңірдің берген құты, сыйы деген түсініктер сопылық дүниетаным арқылы Тәңірдің “көрінісі” ретінде ұғыныла бастады. Яғни әлем Тәңірдің сипаттарын көрсететін, Оның “Бар” және “Бір” екендігін негіздейтін кеңістік ретінде жаңа түсінікке ие болады. Дәстүрлі түркілік дүниетанымда адам әлемнің үйлесімділігіне қызмет ететін болса, Иасауи ілімінен кейін әлем адамның қызметіндегі Тәңір тарапынан жаратылған болмыс ретінде танылады. Өйткені исламдық дүниетаныммен бірге адам “Әлемнің кіндігіне” айналды. Яғни адам әлемнің жаны, рухы дәрежесіне көтерілді. Бұрын әлем мәңгілік деп есептелетін болса, Иасауи ілімінен кейін әлем өткінші сипатқа ие болды. Абайдың тілімен айтқанда “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес” деген түбегейлі дүниетанымдық, сенімдік өзгерістерге жол ашты. Дәстүрлі дүниетанымдағы әлем­ді кеңістіктерге бөлу арқылы мағыналандырылған құндылықтар жүйесі енді жаңа сапалық мәндегі тұтастыққа жетіп, барлық әлемдік қабаттар, кеңістіктер мен бағыттар Тәңірдің сипаттық ақиқатына айналады. Яғни бөлулер тұтастыққа орын берді. Әлемнің құрылысындағы құбылыстар мен ерекшеліктер тікелей адамның рухани хәлдері мен моральдық психологиялық мақамдары ретінде түсінікке ие болды. Қысқаша әлем адамға айналады. Яғни болмыс тұтастық, бірлік (таухид) сатысына көтерілді. Осылайша адамның әлемдегі орны исламдық дүниетаным арқылы толықтырылады. Бұл процестердің толығымен Иасауи ілімінің негізі болып табылатын еркін сұхбат әдісі арқылы құбылыстық, әрі мазмұндық тұрғыдан жүзеге асқандығын толық айтуымызға болады.
Ежелгі көшпелілер үшін ең ұлы көсем — қаған, ел мен Тәңірі, ел мен қоршаған әлем арасын байланыстыратын көпір ретінде саналған. Қаған Тәңірдің құты арқылы ұлысты, яғни Тәңірдің аманатын басқару құқына лайық бола алады. Бұл түсінікті кейіннен Әл-Фараби исламдық дүниетаным негізінде жаңғыртып, өзінің философ–қаған концепциясының іргетасын қалайды. Бұл концепция бойынша қаған–философ болу, Тәңірдің нұры — “белсенді санамен (ал-фа‘ал ал-‘ақл) құттанғанда ғана мүмкін болады. Әл-Фарабидің осы концепциясы кейіннен Жүсіп Баласағұнидың “Құт-адғу-Билиг” атты еңбегінде жаңғырып көрініс берген болатын. Жалпы “қаған-философта” қандай кісілік болуы керектігі мәселесі Әл-Фарабиді тереңінен толғандыруы кездейсоқ емес. Өйткені дәстүрлі түркілік дүниетанымда болсын, жалпы Шығыста болсын ғарыштық үйлесімділіктің сақталуы мен баяндылығын жүйе (низам) емес тікелей адамның кісілігі анықтайды. Өйткені дәстүрлі түркілік дүниетаным бойынша әрбір адам өз орнына лайық болуы тиіс.
Көшпелі мәдениеттегі негізгі күш материалды қуат, батырлық, білектілік ретінде дәріптеліп “қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды, қанша шешен болса да, дауға салма малсызды” деген қағида бойынша шектеліп, таразыланып қойылатын болса, ал Иасауи ілімінде батырлық жүректе, ал жүрек болса, Шексіздікті–Тәңірді де сыйдыра алатын адамдағы ең асыл жауһар (субстанция) болып дәріптелген. Бұрын “көп қорқытатын” болса, енді ол жүректілікпен, яғни Құрандық аяттармен азықтанған ар тазалығымен тереңдікке жетіп, Абайша айтқанда “мыңмен жалғыз алысатын” дәрежеге, рухани кемелдікке көтеріледі. Өзінің орнын анықтау үшін қоғамға тайсалмай кіріп, етене араласа алады. Яғни “өзіндік менін” “қоғамдық менмен” үйлестіре алады, диалог-сұхбатқа түседі. Еркін сұхбатқа түсу үшін алдымен рухтың тазалығы, сенім, жауапкершілік сезімі қалыптасуы керек. Өйткені адамның бойындағы сезім, қорқыныш, үрей, жауапкершіліктен қашу сияқты психологиялық хәлдерді реттеп отыратын күш — иман нұры болып табылады.
Иасауи ілімі табиғаттың өзін адамның игілігі үшін Тәңір тарапынан жаратылғандығын, барлық әлемнің адамға сәжде етіп тұрғандығын уағыздайды. Барлық жаратылғандардың жаратылыс мақсаты–адам және оның игілігін қамтамасыз ету. Иасауи ілімінде табиғат өзінің жаратылыс мақсаты мен мәнін толық біледі, сезінеді. Табиғатқа бұл қызметті Тәңір бергендіктен, оның еркі Тәңірде. Ал адамның еркі өзінде, сол ерікті қалай қолданғанына байланысты Тәңір алдында жауапқа тартылады. Иасауи ілімі — сол ерікті қалай қолдансақ адамдық мәнге жетеміз, Тәңірге лайықты құл боламыз деген сұраққа жауап іздеу жолы, адамдық мәннің ақиқатын табу, өзін өзі тану жолы. Иасауи ілімі адамның ішкі тыныштыққа жетуі арқылы қоғамда бірлік пен тыныштық орнатуды, адамды іштей бөліну мен ыдырау психологиясынан арылтуды мақсат етеді. Иасауи адамның ішкі әлеміндегі ыдырауды реттеуге ықпал ететін күшті уағыздайды, ол-Тәңірге деген махаббат. Абай да «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деп бекер айтпаса керек. Демек біздің дүниетанымдық негіздеріміз, діни түсінігіміз, рухани құндылықтық қабаттарымыз арқылы сомдалған әлемдегі орнымызды елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Еуропа төрінде «4 т» ұстанымы арқылы паш етті. Олар сенім, дәстүршілдік, төзімділік пен ашықтық. Бұл ұстанымдар тікелей Иасауи ілімімен тығыз байланысты.

Досай Кенжетаев,
ХҚТУ профессоры,
Туркология ҒЗИ директоры

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз