Қасымхан БЕГМАНОВ, Қазақстан Жастар одағы және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты: Өзің үшін ғана өмір сүру ұлттан ұят

касымхан бегм

– Аға, жақында «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильмді халыққа ұсындыңыз. Көкейдегі көрікті ойды экранда бере алдым деп ойлайсыз ба? Ақынның тарихи зерттеулерге баруына, одан қалды режиссерлік, түсініксіздеу техникалық жұмыстар секілді ауыр да азапты жұмыстарға баруына не себеп болды?

– Біріншіден мен техникалық жоғары білімі бар адаммын. Менің курстастарым, бірге оқыған көп достарым осы салада қызмет істеп жүр. Ал Мұстафа Шоқайды зерттеуді бастағанға дейін оны 10 жылдай уақыт оқыдым, жан-жақты зерттедім. Шоқайтанушы ғалымдардың зерттеулеріне, басқа да сан түрлі еңбектерді түптетіп оқыдым. Мұстафа Шоқайдың тағдыры қайталанбас таңғажайып тағдыр екенін ұқтым. Тіпті дүние жүзінде мұндай өмір жолын басынан кешкен бірде бір адам жоқ. Қым-қиғаш жолды өмірін тіпті ең талантты фантаст жазушының детективтерінен іздесеңіз де таба алмайсыз. Мұстафа Шоқай өмірінің қай кезеңін алсақ та өнегеге толы ғұмыр екенін байқайсыз. Әліштің мектебінен бала кезінде сабақ алғаны, текті әулеттің ұрпағы екендігі, Ташкенттегі ерлер гимназиясында оқуы, Петерборға барып жоғары білім алуы, сол кездің өзінде Әлекеңдермен (Әлихан Бөкейханов) үзеңгілес жүруі, мұсылмандар фракциясында жауапты қызмет істеуі, міне осындай қым-қиғаш әңгімелер, ғажайып сюжеттер көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Ал Қоқандағы қанды қырғын, оның көз алдында он мың адамды қырып тастағанда Мұстафа Шоқай сондағы өзбек моласында жасырынып қалуы. Сол Қоқанда біздің Арыстанбаптағы, Сайрамдағы баптардың бейіттеріне ұқсас молада жасырынған. Қоқан өзбектерінің моласы біздікі секілді лақаттан ғана емес, жер бетінде баптардың бейітіне ұқсас өркешті сандық тектес болады екен. Яғни бүкіл әулет бір молада жерленеді. Мәселен әулеттің бүгін бір адамы қайтыс болса ет пен сүйек ажырайтын 52 күннен кейін сүйекті бұрын қайтыс болғандардың қасына, төменгі бөлігіне түсіреді. Сондай бейіттің астында поляк офицері Юноша Гзовскийдің көмегімен жасырынып, бір аптадай жатқан деген бұлыңғырлау, толық анықталмаған мәлімет бар. Содан кейін өзбек кишлактары арқылы жасырынып Ферғанаға барады. Құмбасты кишлагында жолда кездейсоқ кездескен сарттардың қолынан мерт бола жаздайды. Одан ары Ташкентке аман жетеді. Қиын-қыстау, алмағайып аласапыран заманның дауылы Мұстафа Шоқайды елден біржолата кетуге мәжбүр етеді. Ол елді, жерді қимастан артына қарай-қарай кеткен. Кинода көргеніңіздей, ол содан Вадим Шайхинмен бірге қазақтың Кетік айлағы арқылы Бакуге аман өтеді. Ол жерде азғантай уақыт болып, әрмен қарай Тбилисиге жол тартады. Онда да ұзақ тұрақтай алмастан 2 жыл тұрады. Уақытша өкіметтің басшысы Ной-Жорданиямен жақын араласады. Сан түрлі басылымдарға мақалалар жазады. Біз Мұстафа Шоқайдың Бакудегі, Тбилисидегі, Стамбулдағы, Париждегі, Ножан-Сюр-Марндағы, Берлиндегі тұрған үйлерін, қызмет жасаған пәтерлерін, тоқтаған қонақүйлеріне дейін таптық. Ал деректі фильмде осының бәрін жан-жақты көрсеттік. Ал жаңа шығайын деп жатқан 2 томдық кітабымда мұны толық таратып айттым. Кітап, Алла бұйырса, «Дәстүр» баспасынан 1000 данамен жыл соңына дейін шығады. Әңгімені әрмен қарай жалғастырсақ, Мұстафа Шоқай Батуми айлағы арқылы Түркияға сапар шегеді. Екі-үш ай уақыт болғаннан кейін тиісті құжаттарын жасап, Францияға қоныс аударады. Ал онда ол 20 жылдай тұрады. Францияның азаматтығын қабылдайды. Тұрған үйлері мен қызмет істеген жерлерін, өзі 20 жыл тұрған Ножандағы үйіне бардық, мұны да фильмнен көре аласыздар. Зайыбы Мәриям Шоқайдың жерленген Шелль қаласын, сондай-ақ Фонтенбло қалаларын, сосын Мұстафа Шоқайдың өзі жерленген Берлиндегі бейітіне дейін жүріп өттім. Шиеліден бастап Берлинге дейін барлық жердегі мешіттерге арнайы кіріп дұға оқытып отырдық. Себебі Мұстафа бала кезінде Әліштің мектебінде ескіше білім алғаны, ең озық оқушы болғанын, өз қатары арасында құран оқуға одан жүйрік бала болмағанын, дінге селқос қарамағанын анық білеміз. Оның терең, энциклопедиялық білім иесі болғандығы даусыз.

– Мұстафа Шоқай жолының бағыттарын айтып өтсеңіз. Қай қалалармен, қанша елде болдыңыз?

– Жеті – киелі сан. Жоба 7 бағыт бойынша жасалды. Қазақстанды қосқанда 8 елде болдым. Ал әр бағыттың материалдары менде әбден сұрыпталып, том-том болып тұр. Әлі де көптеген зерттеу жұмыстары өз жалғасын күтіп тұрғаны анық. Көптеген фотоальбомдар мен кітаптар шығару алдағы жылдардың еншісінде. Әзірше үш телесериал, бір толық презентациялық сериясы қазақ және орыс тілдерінде жасалды.

– Жобаның қаржылық мәселесін қалай шештіңіз? Мемлекет тарапынан қандай көмектер болды?

– Өкіметтен ешқандай да қаражат шыққан жоқ. Қақпаған есігім, бармаған адамым жоқ, соңында өзімнің достарым ғана көмек қолдарын созды. Жобаға түгелдей дерлік өз қаражатымды жұмсадым. Мысалы былтыр Шығыс Қазақстан облысында өткен ақындар мүшайрасында екінші жүлде алып, жарты миллион ақша жеңіп алғанмын. Мұны да бала-шаға демей, осы ізгі іске жұмсадым. Өткен жылы ұйғыр меценаттары ұйымдастырған «Ильхам» тәуелсіздік сыйлығын Роза Рымбаева ән номинациясы бойынша бас жүлде алса, мен әдебиет номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алдым. Осы сыйлықтан алған қаржымды (жарты миллион) Мұстафа Шоқай деректі фильмін шығаруға жұмсадым. Бұл ақша, әрине, теңізге тамған тамшыдай ғана еді. Кәсіпкер достарым, бауырларым көмектесті.

– Деректі фильмнің Алматыдағы тұсаукесерінде алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді мұндай фильмдерді Мұстафа Шоқайға ғана емес, барлық алаш қайраткерлеріне арнап бір-бірден фильм шығару керек деп еді.

– Мәмбет Қойгелді қайталанбас, өте терең білімді тарихшы. Евгений Евтушенконың сөзі бар: “Поэт в России больше чем поэт” деген. Сол секілді, Мәмбет Қойгелді қарапайым тарихшы емес, ғалымдардың ғалымы. Ұлт үшін қызмет жасайтын, жанын, жүрегін, өмірін сарқа жұмсап жүрген алаштанушы. Бізде Шоқайтанушы немесе Ә.Бөкейхановты зерттеп жүрген ғалымдар бар. Ал жалпы «алаштанушы ғалым» атанғандар санаулы ғана. Сол аздың бірі – Мәмбет Қойгелді. Бұл кісінің айтқанына, әрине, мен де қосыламын. Бірақ барлық алаш қайраткерлеріне арнап, осындай деректі фильмдер түсіру үшін тек мен сияқты жалғыз адам емес, мемлекеттік тұрғыдан шешілетін мәселе. Қазақфильм деген үлкен акционерлік қоғам бар, онда арнайы мамандар, режиссерлер, актерлер, сценаристер бар. Солар ол жұмысқа бел шешіп кірісулері керек. Егер мен жалғыз өзім барлық алаш қайраткерлеріне арнап, зерттеу жасай бастасам, оған менің ғұмырым жетпейді. Оған төзім мен қаражат, терең білім мен үлкен ізденістер керек. Бұл келесі ұрпақтың атқарар ісі, борышы. Мәселен, «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильмді мен жалғыз өзім жасап шықсам да, менің қасымда тілеулес жақын достарым, иттей адал көмекшілерім болды. Бұл өте терең тақырып. О баста өзім жұмыс атқаратын мекемеде «Алашорда» деген жоба жасағанмын. Ол жобаны 5-6 жылдай уақыт қаржыландыруға өткізе алмадым. Себебі бұл өте күрделі тақырып. Сонымен қатар үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Бұл талайлардың көкейінде жүрген арман. Ал бүгінде қай адамның, қай ақынның арманы орындалып жатыр дейсің? Ал кейінде осы күрделі тақырыптың ішінен бір тұлғаны алып, оны зерттеуге мүмкіндік туды. Мәдениет министрлігі мен ақпарат министрі, кітап шығаратын комитеттер бар, Шәкен Айманов атындағы киностудия бар, соларға неге бармайсыз деген секілді жауаптар айтылды. Ал мен жұмыс жасайтын мекеме ақша бөлсе, оны мен PR мақалалар арқылы өтеп беретін болып шештік. Солай болды да. Яғни PR арқылы мен оны өз уақытында 20 есе қайтардық. Жоба өзін-өзі коммерциялық мекеме заңы бойынша ақталып, өз межелеген мерзімінде жабылды.

– Жарайды, сегіз елде болдыңыз, бүкіл мұрағаттардан тиісті материалдарды жинап алдыңыз. Ары қарай қалай болды?

– Жоба ресми түрде жабылған соң мен ол материалдарымды құшақтап «көшеде қалдым» десем де болады. Ешқандай демеушісіз қалдым, ешкім бұл жобаға ешкім қызығушылық танытпады. Арагідік қызыққандардың қолында қаражаттары болмады. 2 томдық кітап пен деректі фильмнің тез арада шыға қоймағанының себебі осы. Армандап-армандап, қақпаған есігіміз, бармаған адамымыз қалмаған соң бұл істі біраз уақытқа тоқтата тұруға тура келді. Істеп жүрген қызметтен қысқартуға ұшырадым. 50 жаста қызметсіз қалу қазіргі нарық заманында қиын екен. Осылай қызметсіз қалғаннан кейін қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін уағыздайтын «Дәстүр» деген атпен журнал шығаруды қолға алдым. Бұл да ойда жүрген бір жобам еді. Біз мектептен бастап қазақы рухты, отаншыл, мемлекетшіл ұрпақты тәрбиелегіміз келсе рухани құндылықтарды дәріптеуді, насихаттауды шұғыл қолға алуымыз керек. Ал ұрпақ тәрбиесі тек қана қара басын ойлайтын, өз тілін түсінбейтін, білгісі келмейтін, анасы мен әкесін қарттар үйіне өткізе салатын, өзге діндердің жетегінде кететін ұлт тағдыры үшін күдікті адамдардың ықпалында кетпеуі керек. Жиырма жыл өтті. Бізде әлі күнге дейін идеология әлсіз. Тұтас мемлекеттік идеология әлі күнге дейін қалыптаспағаны өкінішті. Осының барлығынан арылу үшін біз не істеуіміз керек деген сұрақ үнемі алдымыздан шығады да тұрады. Менің ойымша, біріншіден, ұлттық-патриоттық, қазақы ұрпақты тәрбиелеуде ең бірінші біз қазақтың салт-дәстүріне түбегейлі қайта оралуымыз керек. Ал осы тақырыптарды насихаттайтын арнайы тәуелсіз мемлекетте бірде бір басылым жоқ. Сондықтан да мен «Дәстүр» деген журнал шығара бастадым. Оны да мемлекет тарапынан ешқандай қаржыландыру тізіміне кіргізе алмай келемін. Текені жезде, ешкіні апа деп жүріп, әлі күнге дейін әліптің артын күтіп жүрміз. Алғашқы кезде ай сайын үздіксіз шығушы еді, ал қазір екі айда бір, екі тілде шығып жатыр. Осындай ниетпен абыз ақсақал Жағда Бабалықұлына бардым. Ол тоқсаннан асқан, бірақ тың, өте зерек кісі болатын. Сосын ол кісімен екі жылдан аса уақыт сырласып, «Этнографпен әңгіме» деген этнографиялық еңбек жазып шықтым. Оның бірінші басылымы «Дәстүр» баспасынан шықса, екінші басылымы мемлекеттік қаржыландырумен «Өлке» баспасында «Салты мықтының халқы мықты» деген атпен жарық көрді. Бұл еңбекке 2-3 жылдай уақытым кетті.

– Ал енді осындай күрделі де көлемді үлкен жобаны жалғыз атқаруға білімнен басқа не керек екен? Шығармашылық жобаны іске асыруда алдыңызда үлгі боларлықтай кімдер бар деп ойлайсыз?

– Алыстан үлгі-өнеге іздеудің керегі жоқ. Кешегі Қадір Мырза-әліні немесе Ақселеу Сейдімбекті, бүгінгі Мұхтар Мағауинді қайта қарап шықсаңыз осы сұрағыңызға жауапты табатыныңызға кәміл сенемін.

– Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған ине шаншар орын қалмаған алғашқы презентациядан кейін сізді Шығыс Қазақстан облысына кетті деп естідік. Ізгі іс исі қазаққа таралуы керек деген ой ма? Онда да тұсаукесер рәсімі өтті ме?

– Алматыдағы деректі фильмнің тұсаукесерінен соң Шығыс Қазақстан облысында болғаным рас. Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев деген өнердің жанашыры бізді, бірнеше қаламгерді арнайы шақырды. Сонда Қатонқарағайдың баурайында бұғы мүйізінің сорпасына шомылып, ем қабылдадық. Осы сапарда Өскемен қаласында «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмінің орысша нұсқасының презентациясы өтті. Онда да көптеген адамдар сөз сөйледі, солардың ішінде облыс әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков мырзаның өзі бастап ашып, деректі фильмге жоғары баға берді. Халықтың да қыбыр етпей тыңдап, тамашалай көруі мерейімізді асырғаны рас. «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы тілшісі Оңдасын Елубаев, белгілі айтыс ақыны әрі облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Серік Құсанбаевтар сөйледі. Деректі фильмнің Өскемендегі презентациясынан кейінгі ең басты жаңалығым – қала басы шеттегі қандастырымызға оралмандарға арнап арнайы қала түбінен ауыл салған екен. Өскеменнің түбіндегі оралмандарға арналған Нұрлыкөш ауылында өткен халық пен әкімнің кездесуіне де қатыстым. Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев қаладағы бүкіл мекеме басшыларынан халық алдында есеп алды. Әрбір он үйге онбасы, әрбір жүз үйге жүзбасы сайланған. Бұл дегеніңіз үлгі аларлықтай тамаша жаңалық екен. Бұл жерде онбасы мен жүзбасылар сол үйлердің жағдайын, тұрмыс-тіршілігін діттейтін адамдар болып арнайы сайланған. Бұл керемет жоба. Дәлелдеудің қажеті жоқ. Соңғы бір-екі жылдың ішінде Шығыс Қазақстан облысында керемет үш ауыл бой көтерген. Мен жақында осы Ақсуатқа дейін барып қайттым. Дархан дала төсінде күні кеше орнаған Көкжыра, Жантекей ауылдарына дейін барып, олардың жағдайын өз көзіммен көрдім. Сондағы тұрғындармен, аудан, ауыл басшыларымен кездесіп, сөйлестім. Қытай мен қазақстан шекарасына жақындаған сайын сайын даланың тасындай бірі қызыл, екіншісі жасыл шатырлы үйлер, уақыт талабына сай жаңа мектеп, аурухана, әкімшілік үйлері көңілге қуаныш ұялатады. Самардағы бұзылған, сосын қайта салынған платинаны барып көрдім. Бүкіл елдің аузында шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішевтердің есімі. Әкімдер үшін қарапайым халықтың алғысынан асқан бақыт бар ма? Бердібек Сапарбаев пен Ислам Әбішев осындай алғысқа бөленген әкімдер екен.

Осы өңірден тағы бір мысал айтайын. Ресейден, Монғолиядан, Қытайдан, Қарақалпақстаннан келген қазақтарға арналып салынған «Нұрлыкөш» ауылындағы кезекті бір жиналысы өтті. Сондағы кездесуге ақын Ауыт Мұхибекұлы екеуміз бірге барып қатыстық. Менің өтінішім бойынша Ислам Әбішев халықтан былай деп сұрады: «Мынау үлкен даңғыл. Жаңа ғана біз Қасымхан Бегмановтың деректі фильмін көрдік, тебірендік, қатты толқыдық. Сондықтан да осы Нұрлыкөш ауылындағы басты даңғылдың атын Мұстафа Шоқайға берсек қалай қарайсыздар?» деп халыққа сауал тастады. Сол арада халық дуылдата қол соғып, Мұстафа Шоқайды үлкен қошеметке бөледі. «Алтын қазған жерді белден қаз» демекші, сол жерде мен өз сөзімде тағы бір ұсыныс айттым, «Тағы да бір көшелеріңізді атақты этнограф Жағда Бабалыққа арнасаңыздар қалай болады?» деп, ал бір көшелеріңізді кеңес одағымен 50 жылдай арпалысқан Азаттық радиосын басқарған Хасан Оралтайға да берсеңіздер» деп, Жағда Бабалықұлы мен Хасан Оралтай жайлы әңгімелеп бердім. Сол арада Өскемен қаласының әкімі таяу күндері Өскеменнің Нұрлыкөш ауылының ең басты көшесін Мұстафа Шоқайдың атымен атау жөніндегі шешім шығатынын біздің көзімізше халыққа жариялады. Ал жоғарыда айтылған Жағда бабалықұлы мен Хасан Оралтай ағамызға заң бойынша тұлға қайтыс болған соң арада 5 жыл өткеннен кейін ғана көше аты берілуі керек деген ұйғарымға байланысты әзірше уақытша тоқтатылды. Бірақ Нұрлыкөш ауылындағы екі көше атын болашақта Жағда Бабалық пен Хасан Оралтайдың құрметіне алдағы уақытта заң бойынша шешілетіні жөнінде әкім халық алдында өз уәдесін берді. Сонымен, бір сапарымызда қазақтың үш арысына деген құрметті баянды еткендей болдық. Осы мәселеге мұрындық болғаныма сол уақытта өзімді бақытты сезінгенім рас.

Сұхбаттасқан

Ардақ ҚҰЛТАЙ