"ИЕҢ  ҚАЙДА, АҚБОЗ АТ?!." Ел Құманын - Ер Төлегенін ұмытпайды!..

 
Дүниеден дүлдүл актеріміз, қазақ өнерінің жарық жұлдызы Құман Тастанбеков өтіпті… Өттің, жалған деген осы! Қазір қайдам, біздің кезімізде қазақтың бар баласы Құман бейнелеген Төлегендей келісті ер болуды армандап ер жететін!.. Төлеген ағамыздың жаны да жайсаң, көңілі де көркем еді! Бір кездері біздің «Қазақ үні» газеті редакциясына қазақтың дарынды ақыны, жақсы көретін досы Ибрагим Исаевпен бірге жиі келіп тұратын… Кеше ғана Елбасы қолынан «Парасат» орденін алып, эфирде қуанышымен бөліскен Меруерт апайымыз енді бүгін нағыз ару Жібектің кейпін кешіп отыр… Ақтауда жүріп қайтыс болған арда Құманын: «Иең қайда, ақбоз ат?»-деп жоқтап отырған бұл қаза – Алаш баласына ауыр қайғы! Берік болыңыз, Меруерт апай! Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз! Ел Құманын – ер Төлегенін ұмытпайды! Бақұл болыңыз! Алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш болғай! Қазыбек ИСА
qazaquni.kz