Экс-депутат жезөкшелікті заңдастыру керек деп мәлімдеді
2017 ж. 13 желтоқсан
3996
39
Қазына қаржысын түнгі көбелектер арқылы толтыруды көздеген экс-депутат Айгүл Соловьева осындай тосын ұсыныс жасады. Өйткені өркениеті мен мәдениеті дамыған кей мемлекеттерде тәнін сатып нәпақа тапқандармен күресіп әуре болмайды, керісінше салық төлетеді деген пікірде,-деп жазды Еуразия Бірінші арнасы.
Оған жеңіл жүрісті арулар мен халықтың пікірі қандай?
Бүгінде елімізде жезөкшелік пен жеңгетайлық қызмет қылмыс деп саналады. Өз нәтпақасын осылайша тауып жүрген елордалықтар вокзал маңын торуылдайды. Заңсыз әрекет етіп жүргендіктен, құқық қорғау орган өкілдері мен журналистерді көргенде жаңағыдай қаша жөнеледі.
Интим қызметін ұсынатындар ашықтан-ашық ұсыныс білдіре алмай, «массаж жасаймыз» деген жамылғы сөз арқылы да бұл істерін жүргізуде. Сондықтан олардың әрекетін заңдастыру арқылы ғана реттей аламыз дейді бұрынғы депутат ханым.
«Бұл жезөкшелікке ешқандай үгіт-насихат жасап жатқан жоқпыз. Ал, реттеуге тырысып жатырмыз. Жас қыздар онсыз да сол шырмауға араласып кетіп жатыр. Кейбірі тіпті құл ретінде қызмет көрсетеді. Міне сол себептен осыны салық салу арқылы заңды түрде қолға алу керек деп ойлаймын» – экс-депутат Айгүл Соловьева.
Алайда бұл ұсынысқа билікте отырған бүгінгі депутаттар қарсылық білдірді.
«Заңдастыру керек емес. Өйткені, бұл болмауы керек секілді. Оны өзі болдырмау керек» – ҚР парламенті сенатының депутаты Нұржан Нұрсипатов.
«Біз мына рухани жұмысты тереңінен кеңірек жүргізуіміз керек. Сонда бәрі өзінен-өзі шешіледі» – ҚР Парламенті сенатының депутаты Төлеубек Мұқашев.
Дегенмен, көше бикештері мен олардың жеңгетайлары мұны құп көріп отыр. Қашып жүруден шаршаған секілді. Сол үшін қазірден салық төлеп, қартайғанда ел қатарлы зейнетақы алуға ниетті.
«Ондай заң шығып жатса, дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, тапқан ақшамызды налогқа бер деп жатса береміз. Біз бір жағынан еркін жүре аламыз. Ешкім бізге тиіспейді» – Сабина.
«Легализует девочки будут налоги платить и все будет нормально по-моему» – Света Тураева.
Десе де, қала тұрғындары бұл ұсынысты бізге жат нәрсе деп, одан ат тонын ала қашып отыр.
«Жақсы нәрсе емес қой келешекке. Қоғамымызға қауіп-қатер келеді. Сондықтан меніңше керек емес» – дейді қала тұрғыны.
«Заңдастырса одан да, көбейіп кетуі мүмкін. Уже жастардың бәрі еліктеп кетеді ғой сондайға» – дейді қала тұрғыны.
Секс-индустрияға кәсіби сипат беріп, олардың медициналық сақтандыруы мен зейнетақыға қол жеткізуіне 2002 жылы Германия жол ашты. Бүгінде жезөкшелерге қатысты заңдар Германиядан бөлек, Жаңа Зеландия мен Голландия, АҚШ пен Ұлыбританияда да жұмсартылған.