Балғынбек Имашев өзін «уаxабист» дегендерге жауап берді
2017 ж. 10 желтоқсан
5107
19
Сұрақ: Қазаққа жанашыр алаштың арыстарын «халық жауы» деп қырып тастады. Кейде, сіздің сақалыңызға тиісіп, түрлі «измдерді» жауып, тіпті «халық жауына» шығарып жібереді. Бұған сіз не айтасыз?
Жауап: Рас, қазақтың небір асылдарын, сүт бетіне шығар қаймақтарын «Халық жауы» атандырып абақтыға жапқан қиын кезеңдерде араша түсу былай тұрсын, атып өлтіргеннен кейін аттарын атауға қорқып, тіс жармаған жасықтармыз.
Қазір де ернін бояған гей жігіттердің көбейгенінен қорқудың орнына сақал қойған кей жігіттерді жабыла жамандаймыз.
Дәл сол орамал таққан, сақал қойған бауырлар ештеңе істеп қойған жоқ, «просто» түрлері мен қылықтары ұнамайды. Біздің зайырлы қоғамның мүшелерінің көбінде — жүнге аллергия, дінге антипатия.
Айтыстан алыстап кетті деп мені басқа-басқа тіпті әкемдей болған Жүрсін Ерман көкемнің өзі «сектаға» кіргізіп жібере салады. Ол кісіге не деп ренжиін? Сақалды жиырмадан жаңа асқанда Жүрсін ағама ұқсағым кеп, еліктеп қойғанымды ол кісі біле ме екен?
Өз атам Имаштың да, әкем Қалидың да сақалы болған. Намазды 11 сыныпта жұмаға барып жүріп, мешітте үйренгем.
Ел «уаxабис» деп ойлап қалады екен деп жиырмада қойған сақалымды 40-тан асқанда қырып тастамаймын ғой.
Қазақтығымды мақтан етіп басымнан тақиямды тастаған емеспін. Қазақша етік киіп едім «Балғынбек қысқа балағын көрсетпеу үшін, аяғына етік киіп алатын болыпты» деп өсектеді. «Төрт тоқалы бар екен, алты ашынасы бар» екен деді. «Батаға бетін сипамайды екен» деді, «Беташарды xарам деп айтқан» деді. Қысқасы, кімнің аузына қақпақ боламыз?
Ақталайын десең қисынсыз өтірікке бола неге уақыт кетірем деп ойым теңселіп қалады, ақталмайын десең сол сөздерге ел сеніп қалады.
Кейбіреулер » ақындар жағымпаз» дейді. «Нұротанның бұлбұлы, сарай ақыны» дейді. Елбасымызды мақтап, саясатын қолдап, етегінен тартпай, балағынан қаппай жүрсек, бәрі — Аллаға деген иманымыздан. Басшыға бағыну, қарсы келмеу — Құранның аяты, Құдайдың бұйрығы. Әйтпесе, 25 жыл саxнада жүріп, Мәскеуде жырлап, Парижде сайрап, Африкада айтыссақ та мемлекет тарапынан орден не медаль, қайраткерлік атақ та, сыйлық та алған емеспіз.
Балғынбек Имашевтың «Ақжол» газетіне берген сұхбатынан
Дереккөз: kaz.365info.kz