"Талантты адам аш болуы керек" деген түсінік түбегейлі қате - мәдениет министрі
2017 ж. 07 желтоқсан
2521
6
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет саласы қызметкерлерінің айлығын көтеру керектігін айтты. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазды, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталы.
Министр қазіргі уақытта мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі екендігіне тоқталды. Оның айтуынша, 2005-2011 жылдар аралығында мәдениет саласының қызметкерлері үшін айлық 5 рет көтерілсе де, олардың материалдық жағдайы әлі ойдағыдай емес.
- Мәдениет саласындағы айлық 38 мың теңгеден басталады. Ал, ұл қызметкерлердің де отбасы, бала-шағасы барын ұмытпауымыз керек, - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министрдің пікірінше, өнер қайраткерлері айлықтың төмендігіне қарамастан өз мамандықтарына адал адамдар болып келеді. Алайда, әртіс, кітапханашы, мұражай немесе оркестр қызметкері де ел қатарлы лайықты жалақы алуы керек деп есептейді ол.
- "Таланттты адам аш болуы керек" деген түсінік түбегейлі қате деп ойлаймын. Шама келгенше олардың айлығын көтеру керек, - деді министр өз сөзінде.
qazaquni.kz