ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРҒА ҚОСЫМША БИЛІК ПЕН ҚҰЗІРЕТ БЕРІЛМЕЙДІ
2017 ж. 17 қараша
3255
0
Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов қылмысты тергеу шараларына қатысты Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар туралы айтып берді.
«Елбасы біздің алдымызға үш мақсат қойды. Біріншіден, қылмыстық-процестік кодекске қарапайым адамның көзімен қараңдар деді. Екіншіден, бізде қылмыстық процесс мемлекет үшін өте қымбат, яғни тергеушілер, прокурорлар, соттар, мыңдаған сараптамалар қамтылған, сондай-ақ атқару мерзімі тым ұзақ әрі күрделі. Президент осыған үнемдеу тұрғысынан қарауды және адамның құқығы бұзылмайтындай тиісті қадамдарды ескеруді жүктеді. Үшіншіден, бұл заң жобасымен құқық қорғау органдарын күшейтпейміз. Оларға ешбір жаңа билік пен құзырет бермейміз, керісінше мойнымызға міндет аламыз әрі жауапкершілігімізді арттырамыз», – деп түсіндірді Бас прокурор.
«Мысалы, қазір тергеу адамды соттан санкция алмай 72 сағатқа қамауға құқылы. Бұл ретте 48 сағатта үлгеруге мүмкіндік бар екенін анықтадық. Ал егер күдікті 18 жасқа толмаса, онда 24 сағат жеткілікті болады. Сондықтан, біз 72-ден 48 сағатқа дейін азайтуды ұсынып отырмыз. Бұл тек уақытты азайту ғана емес, тергеу бойынша құқық қорғау органдары жұмыстарын жылдамдатады. Осының барлығы 48 сағаттың ішінде болуы керек. Ал үлгермесе, уақытша ұстау оқшаулағыштың басшысы адамды босатуы тиіс. Егер шығармаса, өзі сотталады. Осындай норманы ұсынып отырмыз», – деді Жақып Асанов. Сол сияқты Елбасының ескертуіне орай, қай фактімен іс қозғалса, тергеу тек сол бағытта ғана жүретінін де жеткізді.
qazaquni.kz