ӘЛЕМДІК САЯСИ ФОРУМДА АЛҒАШ РЕТ АЛАШ АТЫ АРДАҚТАЛДЫ
2017 ж. 05 желтоқсан
5456
10
ҚЫТАЙ БИЛІГІНЕ ҚАМАУДАҒЫ ҚАЗАҚТАР ТУРАЛЫ ХАТ ТАПСЫРЫЛДЫ
АЛАШ -100 жыл!
Алаш Орда - ХХ ғасырдағы Орталық Азиядағы алғашқы автономиялық ұлттық үкімет
Тура осыдан 100 жыл бұрын, 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері тарих сахнасына Қазақтың алғашқы заманауи саяси партиясы "Алаш" шықты. Ал бір ғасырдан кейін, 2017 жылдың 2 желтоқсанында Қытай астанасы Бейжіңде Әлемдік саяси партиялар көшбасшылары форумына қатысқан "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев 125 елден жиналған 700 делегат қатысқан дүниежүзілік дүбірлі жиында "Алаш" партиясын ардақтады. Қазақ тілінде бастап, аудармашы жоқ болғандықтан ағылшын тілінде баяндама жасаған ол қатысушыларды қазақтың алғашқы партиясына 100 жыл толу мерекесімен құттықтады. "Мен сөзімді қазақтың алғашқы саяси партиясы - "Алаш" партиясынан бастамақпын. Ол 1905-1907 жылдары Ресейдегі бірінші революциядан кейін ұлттық-азаттық қозғалыс ретінде пайда болды. Оның негізін қалаушылар - қазақ xалқының бетке ұстар өкілдері, Санкт-Петербург пен Мәскеу университеттерінің түлектері, түрлі шаруашылық, білім және басқару салаларында қызмет еткен дарынды тұлғалар. Мысалы, былтырғы жылы "Алаш" партиясы көсемі Әлиxан Бөкейxанның 150-жылдығын ЮНЕСКО салтанатты түрде xалықаралық деңгейде өткізді. 1917 жылы "Алаш" партиясы бәсекелі сайлауда жеңіске жетіп, ХХ ғасырдағы Орталық Азиядағы алғашқы ұлттық автономияны құрды және сол автономияны басқаратын "Алаш Орда" атты қазақ ұлттық үкіметін жасақтады. Биыл, 5-ші желтоқсанда, бүкіл Қазақстан "Алаш" ұлттық автономиясының 100 жылдығын ұлықтайды. Бүгін, осы жоғары мінбеден мен барша қазақстандықтарды және Қазақстанның достарын бұл айрықша маңызды датамен шын жүректен құттықтаймын! Неге мен осының бәрін еске алып отырмын? Себебі, біздің "Ақ жол" партиясы өзін "Алаш" ұстанымдарын жалғастырушылардың бірі деп есептейді," - деді Азат Тұрлыбекұлы өз сөзінде. ( Баяндаманың толық мәтіні сайтымызда жарияланып отыр.) Әлемнің әр елінен келген саясаткерлер бұл сөзді жақсы қабылдап, қуаттай қол соғып, қолдады. "Алаштың" атына 95 миллион мүшесі бар әлемдегі ең үлкен Қытай Коммунистік партиясы өкілдері мен дүниежүзі партия басшылары қызығушылық танытты. Әсіресе, жиынды жүргізген спикер "Алаш" партиясының ерекшелігі туралы сұрақ қойып, "Ақ жол" жетекшісінің нақты жауабына разылығын білдірді. Бұл АҚШ Республикалық партиясы депутаты айтқандай, "осындай орасан зор ауқымда әлемде алғаш өткен саяси форумда" "Алаш" партиясының алғаш аталуы болып, тарихқа енетіні анық. Жалпы форум қазақстандықтар үшін өте жемісті болды. Екі күндік форумда екі рет сөйлеген Азат Перуашев алғашқы күні, 1 желтоқсанда жиынға қатысушыларды Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, елдің қоғамдық-саяси тынысын баяндап берді. Бұл күні "Нұр Отан" партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Фархад Қуандықов та сөйледі. Жиынға Қазақстанның Халықтық Коммунистік партиясы жетекшілері де қатысты. Форумның екінші күні Қытайдың Парламент үйінде сөйлеген Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы, мемлекеттік төраға Си Жинпиннің сөзі тартымды болды. Ол өзі бастамашы болған "Бір белдеу, бір жол" жобасының маңызы туралы және ғаламдық қауіп-қатер, терроризммен күрес мәселелерін сөз етті. Қытай көшбасшысының, әсіресе, "Әлемде бір елге қауіп төнсе, әлемнің барлық еліне қауіпті. Мұндай жағдайда еш ел өзін қауіпсізбін деп айта алмайды" деген сөзі есте қалып, ел қолдауына ие болды. Марксизм ұстанымын мао-измге айналдыруды берік ұстанып, Қытай Коммунистік партиясының ықпалын күшейтуді көздеген Қытайдың көсемі де, министрлері де әр сөзінде "Ұлы қытай халқын жаңғырту" деген идеяға ерекше екпін беріп отырды. Форумның игілікті шаралары аз болған жоқ. Қырғыздың бұрынғы президенті Атамбаевтың "ауырып" отырып айтқан сөздерінің кесірінен азғантай ғана ағайын ел қазақ-қырғыздың жабылып қалған шекарасы миллиардтар елінің астанасы Бейжің форумында "ашылды." Олардың парламентіндегі 6 партиядан 20 адам келген екен. Қытай парламентінде құрметті қонақтарға берілген банкетте қазақ-қырғыз бір үстелдің басынан табылдық. Қырғыз депутаттары екі елдің арасындағы жағдайға Атамбаевтың өзін кінәлап отырды. "Қытайлар қазақ-қырғызды жарастырып жіберу үшін бір үстелге отырғызған екен" деп әзілдесіп те алдық. Бұл табысуымыз да тегін емес екен.. Сол күні Минскіде кездескен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғыздың су жаңа президенті Сооронбай Жиенбеков келісімге келіп, екі ел арасындағы шекара ашылатын болды. Форумға көптеген елдердің басшылары келді. Камбоджаның премьер-министрі сөйледі. Африка елдері басшылары өз сөздерінде елдеріне мол инвестиция әкеліп отырған Қытай мемлекетіне көпшік қойып отырды. Палестиналықтар Израилге қарсы арызын айтып, өауіпсіздік мәселесінде Қытайды қорған тұтатындарын білдірді. Бізді ең қатты қызықтырғаны - Филипмннің №1 адамы, аты аңызға айналған әлемге әйгілі боксшы Мэнни Пакьяомен танысып, суретке түстік. . Ол өз елінде мыңнан астам кедейге баспана сатып әперген азамат, парламент депутаты екен. Өзі де бокстан кезінде түрлі жарыста чемпион болған, қазір Қазақстан бокс федерациясының бюро мүшесі Азат Перуашев әйгілі боксшымен әңгімелесіп, оны қонақ болуға елге шақырды. Жаны жайсаң, жайдары Пакьяо бұл шақыруды ризалықпен қабыл алды.Әлемдегі әр қазаққа Алла жар болсын!
Бейжіңдегі форумда күн тәртібінен бөлек мәселелерімізді де атқара алдық. Ауыз толтырып, атап айтқанда, Қытайдағы қамауда отырған 112 адамның тізімі жазылған хатты Қытай билігіне тапсырудың сәті түсті. Заңның әрбір сөзі үтір, нүктесіне дейін қатаң сақталатын Қытайда мұндай әлемдік масштабтағы зор шараның алдын-ала бекітілген күн тәртібі берік сақталатыны, жазылған хаттамадан жарты қарыс ауытқымайтыны белгілі. Соның өзінде Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық істер департаменті меңгерушісінің орынбасары (біздіңше Сыртқы істер министрінің орынбасары дәрежесінде) Шэн Бэйли ханым әр минуты есептеулі болса да, біз үшін өте маңызды мәселеге уақыт тауып, кездестік. Бұл хатты Астана мен Алматыдағы партия кеңселеріне біз Бейжіңге жүрер алдында оралмандар ұйымы басшылары Қыдырәлі Оразұлы, Серікжан Біләшұлы, Құл-Керім Елемес пен Бейсен Аxметұлы әкеп өткізген болатын. Сонымен қатар «Ақ жол» партиясы атынан да арнайы xат тапсырылды. Екеуінің де қытайша аудармасы да қоса берілді. Біз бұл қандастарымыз Қытай азаматы болып табылатындықтан, өзге елдің ішкі ісІне араласа алмайтынмызды мәлімдедік. Дегенмен, Қытайдағы қиындыққа душар болған қазақтардың Қазақстандағы туған-туыстары қатты мазасызданып отырғандықтан, бұларды қытай полициясы неліктен қамап тастады, олардың жазығы не, жағдайы қандай екенін тексеруді өтіндік Шэн Бэйли xаным бұл жағдайды анықтап, Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы басшыларына жауабын беруге тапсырма беретінін мойнына алды. Сөйтіп, дипломатиялық тіл табысу арқылы бір жарым миллиардқа жуық халқы бар кемел елдің келісімін ала білдік. Бұл үшін Шән Бэйли ханымға көп рахмет айтамыз. Елдестірмек елшіден дегендей, Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің хатшысы Әбу-Тәліп Аймаханов бізді әуежайдан күтіп алып, шығарып салғанға дейін жанымызда жүріп, елшіге тән елгезектік таныта білгеніне алғысымыз мол. 3 желтоқсан күні таңертең 7-де Бейжіңнен ел аманатын орындап, Астанаға аман-есен ұшып келдік, Аллаға шүкір! Келсек, "Қазақ үні" сайтымыз бен әлеуметтік желілер дүрілдеп тұр екен. Халықтың шын ықыласында, айтқан алғысында шек жоқ. Ақсарбас айтып, ақтарыла қуанып жатыр. Арынды ақын ағамыз, қоғам қайраткері Жұмаш Кенебай ақжарма жырын арнапты.Алаш баласының айтқан арызы мен ақ тілектері Алланың назарына шалынсын деп тіледік. Әрине, елдің арқалатып жіберген аманатын орындау кез-келген партияның , қазағым деген кез келген қайраткердің атқаруы тиіс шаруа деп білеміз. Бұл мәселенің көтерілгенін де аз болған жоқ. Биыл 11 мамыр күні мен Алматыдан ұшаққа отырғанда белгілі қоғам қайраткері Советхан Ғаббас ағамыз бен оралман кәсіпкер бауырымыз Қыдырәлі Оразұлы кездесіп қалып, Қытайда қыспаққа ұшыраған қандастар мәселесімен Сыртқы істер министрлігіне хат алып бара жатқандарын айтқан болатын. Менің шақыруыммен олар ертеңіне "Ақ жол" партиясы өткізген латын әліпбиіне өтудің маңызы туралы жиынымызға да қатысып, осы мәселені алғаш сол жерде қозғаған еді. Кейін олар бұл мәселеге байланысты екі-үш рет баспасөз мәслихатын да өткізді. Ал әлемге әйгілі ақынымыз Мұхтар Шаханов пен мен екеуміз шақырту тізімінен сызылып қалған биылғы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Германиядан келген қандасымыз Өмірхан Алтын бұл мәселені көтеріп, Елбасы мән-жайды анықтауға Сыртқы істер министрлігіне тапсырма бергені де белгілі. Кейінгі кезде қазақ зиялыларының ашық хатын дайындау мәселесімен маған жиі келіп жүрген Қыдырәлі Оразұлы мен Қытайдағы ағайындар жағдайына алаңдаған мақаласы қазақ сайттары мен "Қазақ үні" газетінде жарияланған белгілі ақын Құл-Керім Елемес, Серікжан Біләшұлы, Бейсен Ахметұлы үшеуі біздің Бейжіңге баратынымызды есіткесін, осы хатты әкеп тапсырған еді. Ел аманатын орындау үшін қолымыздан келгеннің бәріне барып, қиыннан қиыстырып жүріп, тізім-xатты тиісті басшылардың қолына тапсырдық. Енді жазықсыз қамауда отырғандардың қапастан құтылуына осы қарлығаштың қанатымен су сепкендей қарекетіміз сеп болғай, Алла жар болсын дейміз. Арғы беттегі ағайындар тағдырына араласқан қадамымыз күрделі істің күрмеуі шешіліп, жағдайдың оңға басуына Ақ жол ашады деп үміттенеміз. Қазыбек ИСА, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары. Астана - Бейжің - Астана qazaquni.kz- Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы
- Құл-Керім Елемес
- Мұхтар Шаханов
- Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық істер департаменті меңгерушісінің орынбасары
- Бейсен Аxметұлы
- Жұмаш Кенебай
- Шэн Бэйли
- Қыдырәлі Оразұлы
- Советхан Ғаббас
- Қазыбек Иса
- Алаш
- "Ақ жол" партиясы
- Алаш орда
- Мэнни Пакьяо
- Әлемдік саяси партиялар көшбасшылары форумы
- Азат Перуашев
- Әлиxан Бөкейxан
- Бейжің
- Өмірхан Алтын
- Әбу-Тәліп Аймаханов
- Си Жинпин