«Bank RBK»-да жатқан БЖЗҚ қаржысына қауіп жоқ

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басшылары Bank RBK шоттарында жатқан қор қаржысы туралы түсініктеме берді. «Қазинвестбанк пен Дельта банкте зейнетақы қорының мерзімі өткен активтері жоқ. Олар лицензияның қайтарылып алуына дейін өтелді. Ал, Bank RBK шоттарында жатқан 49 млрд. теңгеге жуық зейнетақы активтеріне келер болсақ, қаржылық реттеуші мен банк акционерлері банкке қатысты қабылдаған қалпына келтіру бағдарламасы мен шараларды ескере отырып, бұл ақшалар қайтарылмайды деген ешқандай қауіп көріп тұрған жоқпыз. Олар қалыпты режимде қызмет етіледі», – деді баспасөз конференциясында БЖЗҚ басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева. Айта кетерлігі –БЖЗҚ қаражаттарының сақталуы мақсатында олар қазір түрлі жерге инвестициялануда. «Бүгінгі таңда шетелдік мемлекет­тердің мемлекеттік құнды қағаздар үлесі бастапқы 5 пайыздан 10 пайызға дейін артты. Шетелдік банктерде депозиттер пайда болды. Ол 5 пайыз. Бірақ, оны негізгі табыс көзі деп айтуға болмайды. Негізгі үлес – бұл еліміздің мемлекеттік құнды қағаздары. Олар 43 пайызды құрайды. Олар орташа есеппен 8-9 пайыз табыс әкеледі. Қазақстандағы нарықтық жағдайды есепке алғанда, бұл жеткілікті табыс», – деді БЖЗҚ басқарма төрайымы. Н.Наурызбаеваның айтуынша, шетелдік мемлекеттердің құнды қағаздары мен шетелдік банктердегі депозиттердің табыстылығы шетел валютасында негізгі құралдар бойынша табыстылықпен салыстырғанда төмен. «Ұлттық банк портфельді әртарап­тандыруды іске асырып жатыр. Шетелдік мемлекеттердің көптеген құнды қағаздарын иелену портфельді әртараптандыру мақсатында іске асуда. Бұл валюталық тәуекелдерді хеджерлеу мен ұзақ мерзімді перспективада табысқа ие болу үшін қажет. Себебі, зейнетақы активтері – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар. Ұлттық банк БЖЗҚ портфелінің бір бөлігін мандат бойынша басқа табыс көзін ұсынуы мүмкін шетелдік басқарушы компаниялардың басқаруына береді. Бүгінгі таңда Ұлттық қордың қаражаттары дәл осындай тәртіппен басқарылады. Бір бөлігі шетелдік басқарушы компаниялардың басқаруына берілген. Зейнетақы активтеріне де дәл осылай жасау жоспарланған. Келісімшарт бекітілген, Ұлттық банк бұл бағытта жұмысын қарқындатпақ», – деді Н. Наурызбаева. Bank RBK топ-менеджерлері банкті қалпына келтіру бойынша нақты қадамдарды тілге тиек етті. qazaquni.kz