Екі ел арасында бірлескен жобалар жүзеге аспақ

Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Данияр Сарекенов «KWAP» малайзиялық зейнетақы қорының Бас атқарушы директоры Дато Ван Камаразуман және «MRCB» компаниясының басқарушы директоры Тан Сри Мохамад Салиммен кездесті. Басқосуда елші Қазақстанның индустриалды-инновациялық жобаларының және инвестициялық климаты жайын сөз етті. Қос тарап инвестициялық әріптестік мәселе­лерін және 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасына «KWAP» пен «MRCB» қатысу мүмкіндіктерін талқыға салды. Дато Ван Камаразуман мен Тан Сри Мохамад Салим қазақстандық тарапымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейте түсетіндігін жеткізді. Сонымен қатар, желтоқсан айында «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, Астана қаласының әкімшілігі, Астана Халықаралық қаржы орталығы мен «KAZAKHINVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ басшылығымен бірлескен әлеуетті жобаларды талқылау мақсатында Қазақстанға баруға ниет білдірді. Тарқатып айтқанда, «KWAP» – Малайзиядағы екінші орында тұрған ірі зейнетақы қорының бірі. Оның қаржы активтері шамамен 30 млрд. АҚШ долларын құрайды. Зейнетақы жинақтарын басқару барысында қор ел ішінде және шет елдерде белсенді инвестициялық жұмыс жүргізіп келеді. Дәл қазіргі таңда, «MRCB» елдегі құрылыс, инфрақұрылымды дамыту және инжиниринг салаларындағы алдыңғы қатарлы компаниялардың қатарында. qazaquni.kz