НҰР ОТАННАН НҰР КҮТКЕН ӘЙЕЛ... СОТҚА РЕНЖІП, ОТҚА ОРАНДЫ...

орт20 маусым күні елді дүрліктірген оқиға орын алды. Астанадағы «Нұр Отан» ХДП-ның ғимаратының алдында Сәуле Өтепбергенова есімді 50 жастағы әйел өзіне-өзі жанармай құйып өртеп жіберген. Денесінің 95 пайызы күйіп шалған әйел келесі күні ауруханада көз жұмған. Болған оқиға туралы толық ақпаратты сол арада полицейлер де, дәрігерлер де, қорыққан болуы керек, ашып айта алмады. Бұған түрткі болған бірнеше себептер бар көрінеді. Ең басты себебі оның ұлы осыдан бұрын есірткі сақтаған деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал екіншісі – бір ай бұрын марқұмның отбасы Астанадағы жеке жер телімі заң жүзінде өкіметтің меншігіне өткен. Сонымен, 23 маусым күні шындық үшін шырылдаған ана Ақмола облысының Қараегін ауылында (Астана қаласынан 100 шақырым жырақта А.Қ.) жерленді. Жерлеуге тек марқұмның туған-туыстары ғана қатысқан. Өзін-өзі өртеуге баратынын білмегендіктерін жеткізген жақын туыстары және балалары мен бауырлары «Егер шенеуніктердің әділетсіздіктері шектен шықпағанда анамыз мұндай іске бармайтын еді» дейді қайғырып. Марқұм Сәуле Өтепбергенованың артында үш ұлы қалды. 19 жасқа толған үлкен баласы Бауыржан Мұхамеджанов түрмеде. Жұмажан Жүкенов, «Нұр Отан» қоғамдық қабылдау бөлім меңгерушісі: - Келгенде көңілі алаңдаулы екенін сезген едік. Алайда, бізден кеңес алған соң орнына түскендей көрінді. Бізден шыққаннан соң 7 минуттан соң әлгіндей оқиға болды. Бензинді бокалажкаға құйып бірге ала келген екен, өзіне өзі құйып өртеп жіберді. Қанат Өтепбергенов, марқұмның бауыры: - Оны 48 келі анашаны заңсыз сақтаған деген айыппен 10 жылға соттады. Бұл шындыққа жанаспайды да. Менің бауырым 19 жаста. Оның ондай көлемдегі анашаны біреуден алып және таратумен айналысуға мүмкінді жоқ еді. Самал Жақыпова, марқұмның келіні: - Біз баспанаға қол жеткізуге және қала маңынан үй алуға 3 банктен несие алдық. Бұл бізге тым ауыр болды, оның үстіне баласын түрмеге жапты. Осыдан анамыз қатты қиналды. Соңғы кезде тамақ та ішпей қойды. Кімге барып көмек қолын сұраса да ешкім көмектеспеді. Міне, шарасы таусылған отбасының ендігі өмірі қандай халге түсетінін айтпаса да түсінікті болып отыр. Шаңырағы шайқалған үйдің бар шығынын көтеріп беретін ұлтжанды ағаларымыз болса кәне дейміз. Исламдағы шариғат негіздерінде айтылатын өзін-өзі өлтіру ісінің бұрыс екенін ескере отырып, марқұмды біржақты ақтауға да асық емеспіз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисшәріптердің бірінде: «Кім өз жанын қандай затпен қиса, тозақта сол затпен азапталады», – делінген сөзі қаперімізде жүрсе де, Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Барлықтарың қарамағыңдағыларға жауаптысыңдар», – деген хадисі кімді болса да ойландырмай қоймайды. Қазақстан өкінішке қарай, өзін өзі өлтірушілердің жалпы саны жағынан әлемде үшінші орынға, тіпті қыз балалар жағынан бірінші орынға шыққандығына не деуге болады?..

нехорошев « НЕХОРОШИЙ» СӨЗ АЙТТЫ...

ОНЫҢ ОЙЫНША ӨРТЕНГЕН ӘЙЕЛДІҢ ЕСІ ДҰРЫС ЕМЕС, АЛ «НҰР ОТАНДА» БӘРІ ДҰРЫС ЕКЕН...

Ал бұл мәселеге Ақ ордадағы кісілер қалай жауап сипаттама береді екен? «Нұр Отан» партиясының мүшелері мен депутаттары «Сәуле Өтепбергенованың психологиялық ауытқулары бар» деп тапқан. Соңы насырға шапқан атышулы істі қайта қарамақ түгілі марқұмның туған-туыстарына да көңіл айтпаған билік орындары мен «нұротандықтар» халықтың алдында «Марқұм әйелдің балаларының тағдырын назарымызда ұстаймыз, қолдан келген көмекті аямаймыз» деп жауап берген көрінеді. Қаза болған әйелдің бауырлары бір-ақ өтініш айтады. Ол – 10 жылға бас бостандығынан айырылған баласының қылмыстық ісін қайта қарау. Себебі олардың айтуынша, айыптының қалтасына қасақана есірткі препаратын салып жіберген.

Ирак Елекеев «Нұр Отан» партиясы ғимаратында өзіне бензин құйып, өртеніп өлген әйелге қатысты ішкі істер министрі мен бас прокурорға сауал жолдаған еді. Бұл сауалға ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошев: «Ондай фактілер бар. Мен ішкі істер министрімен сөйлестім, оның айтуынша ол әйелдің баласы граммдар үшін емес килограммдар үшін дәлірек айтқанда бір келіден астам гашиш үшін 10 жылға сотталған»,- деді: Сонымен бірге:

«Сондықтан, оның өзін өзі жағып жіберуін Нұр Отанмен байланыстыруға болмайды. Оның психологиялық жағдайын қарау керек, өйткені ауытқулар болған көрінеді», - деп В. Нехорошев «Нехороший» сөз айтты.

Сонда Владимир Нехорошевтің ойынша, өртенген әйелдің есі дұрыс емес, ал «Нұр Отанның» есі дұрыс екен. Билік орындарындағы салғырттықтар мен намыссыздардың нәтижесі, міне, осындай болмақ…

«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Біз кез-келген азаматтың өтінішін жауапсыз қалдырмаймыз» деп, елдің күймелеген көп күмәнін басып еді, ендігі іске қандай сиапттама бере алатынын ойлаудың өзі артық...

Ардақ ҚҰЛТАЙ