ХАЛЫҚ ҮШІН ҚЫЗМЕТ ЕТПЕСЕҢ, ҚҰНЫҢ БЕС ТИЫН…

3
1294

Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішевтің басты ұстанымы осы

…Осыдан бірнеше жыл бұрын орталық газеттердің бірінде Өскемен қаласы туралы мақала жарияланды. Әлі есімде. Көлдей мақаланың қақ ортасында түтінге оранған қаладағы газтұмылдырық киген адам бейнесі. Бұл – ауасы әбден ластанған шаһарға па­родия. Одан кейін де осында асы­ғыс келіп, асығыс кеткем. Енді, міне шұғыл болса да, арнайы көруге келемін.

…Қара жолмен ағызып келеміз. Байқаймын, бірте-бірте қаланың шетіне ілігіп, сұғына кіріп барамыз. Мұнтаздай таза, әдемі үйлер. Сырттан келген кісі қаланың иесі бар екенін бірден сезеді. Жан-жағыма әуестікпен қарап келе жатқанымды сезсе керек, таксист үн қатты:

– Бұл қаланы осыдан үш жыл бұрын көрсеңіз ғой. Лас аула, иесіз қора-қопсы. Ойдым-ойдым көше…

– Неге үш жыл бұрын?

– Қала әкімін білмейсіз бе? Әбішев Исламды?..

Жүргізуші жігіт маған таңдана қарады.

Білем ғой, неге білмейін. Сонау Шым­кенттен. Облыс әкімінің орынбасары болған кезінен. Әншейінде анау-мынау кісілерді жақтыра бер­мейтін оңтүстік өңірі: «Іскер азамат, есі-дерті жұмыс, күндіз – күлкі, түнде ұйқысыз адам», – деп сипаттайтын. Енді мына шығыс өңірінен де осы та­қылеттес пікірге кез болып отырмын.

«Сырттан келген адамға тіксіне қарайтынымыз бар ғой. «Шеттен келді, қалай болар екен?» деген секілді. Араласа келе, көзқарасымыз мүлде өзгерді. Іскер кісі екен, қай уақытта жатып, қай уақытта тұра­тынын білмеймін, бәріне үлгереді. Осында туып-өскен секілді, алда-жалда өсіп, басқа жаққа ауысып жатса, қала қайтіп күн көрер, біз қайтіп жұмыс істер екенбіз?»…

Әкімнің баспасөз хатшысы Гүл­фа­риза Базылова ағынан жарылып отыр.

Осы күні Астанадан үлкен бір ұлық келіп жатты. Сол кісіні қарсы алуға шыққан беті. Көлікке салып алды. Әңгімеміз мәшине гүрілі мен желдің уіліне ілесе өрбуде. Әңгіме тақырыбы – қаланың инфрақұрылымы, тұрғын­дардың әлеуметтік жағдайы…

Алдымен, ауызсу: қала тұрғын­да­­рының 98%-ы таза сумен қамты­лыпты.

«Көшедегі гүлзарлар, аспанға шаншылған субұрқақтар, басқа да қалаға сән, әр беретін нәрсенің бәрі әкімнің «сыйы». Жергілікті тұрғындар осылай дейді. «Бұл – кез келген әкімнің міндеті емес пе?» дерсіз. Барлық әкім осылай істеп жатыр ма? Қай шамада? Қай тұрғыда? Президент жолдауындағы тапсырмалар мерзімінен бұрын орындалуда: 2008 жылғы 1 қаңтарға дейін ЖТҚ үшін кезекке тұрғандар саны 9 мыңнан асатын. Кезек жылжымайды. Бірақ біреулер жер алып, үй салып жатты. 2009 жылы 4 мың, былтыр 3300 адамға жер телімі беріліп, мұндай сорақылыққа тыйым салынды, кезек жойылды.

Әлеуметтік жағынан қорғалмаған жандарға үш жылдан бері қала әкім­шілігі мен «Қаражыра» ЖШС арасын­дағы келісім бойынша жеңілдікпен (тон­насы 4550 теңгеден) көмір берілуде.

2010 жылдан бастап облыс орталығында мүсіншілердің халық­аралық конкурс-симпозиумы өт­кізіліп келеді. Бұл былай: жан-жақтан кәсіпқой мүсіншілер келіп, өз өнер­лерін ортаға салады. Жеңімпаздар ма­рапатталады, ал үздік мүсіндер қала­дағы көрікті жерлерге орнатылады.

Осыдан екі жыл бұрын 5 гектарға емен, манчжур жаңғағы, үйеңкі, қайың, шетен, бүрген және долананың тұқымы егілсе, өткен жылы оған 10 гектар тағы қосылды. Үйеңкі шығып тұр, емен қылтия бастады. Бюджетке қол салынбайды, ұрықты жергілікті тұрғындардың өздері жинайды. Тегін.

Биыл «Балапан» бағдар­ламасы бойынша кезінде жеке қолға өтіп кеткен 3 балабақша кері қайтарылды. Екеуі салынды. Жалпы білім беретін мекемелер жанынан 30 шағын орта­лық ашылды. Сәбилердің 98%-ы балабақшаға орналастырылды. Ал Елбасы тапсырмасы бойынша бұл 2020 жылы аяқталуы керек еді. Қала әкімі оны 9 жыл бұрын іске асырып отыр.

Қала сыртында демалыс аймағын ашу да әкім идеясы. Оны қолдаған «Изумрудный Алтай» ЖШС құрыл­тайшысы А.Чиликин Австриядан аспа жол жабдықтарын әкелді. Өз қар­жысына. Жаңа шаңғы жолының ұзын­дығы – 550 метр, теңіз деңгейінен 400 метр биікте. Жобаның құны – 20 млн. теңге.

Бүгінде қала тұрғындарының 30%-ы спортпен шұғылданады, сондай-ақ «Жол картасы» бағ­дарламасы бойынша 25 әмбебап спорт алаңы пайдалануға бе­рілді. Қалалық спартакиада өткізу дәстүрге енді. «Отбасы старт­тары», «Әкем, анам және мен» жарыстары жаңғыртылып, қаладағы спорт мекемелерінің жұмысы сағат 21.00-ге дейін ұзар­тылды. Уақыттан тыс жұмысқа тартылған дене тәр­биесі пәнінің оқытушысы, спорт нұсқау­шылары қосымша жа­лақы алады.

Екі ірі өзен – Ертіс пен Үлбі қосы­­лы­сында орналасқан қала кісі таны­мастай өзгеріп келеді. Шаһар жақ­сарса, тұрғындардың да мерейі үстем.

– Өскемен ауаның ластығы жағынан Қазақстандағы бес қаланың қатарында. Неге?

– Мына қызыққа қараңыз, Алматы, Шымкент, Қарағанды бұл көрсеткіш бойынша алда тұр. «Ойбай, қырылдық!» деп жатқан ешкім жоқ. Атмосфераның ластану индексі (АЛИ, орысша ИЗА) деген термин бар. АЛИ5 (ауаға тасталатын бес зиянды зат – азот және күкірт диоксидтері, фенол, көміртек оксиді, шаң) 2006 – 2009 жылдары өсумен болса (6,5; 7,2; 7,8; 9,6), ал бұл көрсеткіш былтырдан бері төмендей бастады (7,2). Ненің есебінен?».

«Өткен жылы құрылған жұмыс тобы осы мәселе бойынша 2005 – 2009 жылдарға талдау жүргізді. 500-ге жуық автобус тексеріліп, оның 120-дан астамы ауаға зиянды жат шығарады деп танылды. Сондықтан аялдамалар саны қысқартылып, орталық көшелермен жүретін көлік азайтылды. Ауаны тазарту мақсатында 2009-2010 жылдары 27 гектар жерге ағаш отырғызылды. Шағын аудандарда 12 жаңа сквер ашылды. Осыдан үш жыл бұрын қалада гүлзарлар мен гүлбақшалар 26 мың гектарды алып жатса, қазір 66 мың гектар. Өткен жылы 5 мыңнан астам мектеп оқушысы, ата-ана «Гүлденген бақша» жобасына қатысып, мектеп аулаларын көгалдандыруға атсалысты. Жер көк болса, аспан көк болса, ауа таза, уайым жоқ болады.

«Ауаға зиянды заттарды қайсысы көп шығарады, ол адам денсаулығына қаншалықты қауіпті?» деген мақсатта қаладағы төрт зауыттың жұмысы сарапталуда. Алда аталған кәсіпорындардан науқастарға қаржы бөлдірту жөнінде келісім жасамақпыз. Бұдан кейін олар өз жұмысына өздері бақылау жасап, АЛИ-ді азайтуға мүдделі болады.

Ономастикада проблемасы қайда да жеткілікті. Ол қазағы көп Шымкентте де, Қызылорда да бар. Біз ақырын, бірақ анық басып келеміз. Бұрын Абайды, Мұхтарды қалай әкелдік? Айтыс-тартыспен. Қазір ың-шыңсыз Тоқтаровты, Қайсеновті әкелдік. Жалпы, асығыстық – сайтанның ісі.

Қазақ тілінде сөйлейтін, ән айтатын өзге ұлт өкілдерін тартып, БАҚ-тарда насихаттап жүрміз. Шет елден 40-50 адамның даусын бір мезгілде жазып алатын ТМД-да жоқ студия сатып алып жатырмыз. Оны меңгеретін қазақ жастарын оқыту керек… Мемлекеттік қызметтегілердің 90 пайызы қазақ. Айқайлап жатқан жоқпыз, біртіндеп дәстүр жаңғыртып келеміз».

«Қаланы абаттандыруға өз қаржысын салып жүр» деген әңгіме бар». «Бұл – менің өз үйім. Өз үйіне жаны ашымайтын, ақшасын аяйтын адам көрмеппін. Мен мынаны түсінбеймін: өзі бюджетте отыр­ған қалаға келеді де тендер дей ме, басқа дей ме, әйтеуір амалын тауып, қаржыны «соруға» кіріседі. Бұдан мемлекеттің қазынасы ортайып қал­майды, әрине. Қанағат керек. Адамның өзі тойса да, көзі тоймайды. Сеніп жіберді ме, халық үшін жұмыс істе, Елбасының тапсырмасын орында. Болмаса, құның бес тиын!».

Әкіммен болған жарты күн зу етіп, өте шықты.

… Ұшақ әуеге көтерілді. Төменде бірте-бірте кішірейе түскен қала өз тіршілігі өзінде, құж-құж қайнап, қалып барады. Сол тіршілік ішінде «қаланы қайтсем көркейтемін, қайтсем тұрғындардың өмір-тұрмысы жақсара түседі» деп жанұшырып әкім жүр…

Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ

Астана – Өскемен –Астана

halyksozi.kz

3 ПІКІРЛЕР

  1. Ислам ағаға арнаған ақын Қасымхан Бегмановтың мынадай өлеңі бар еді :

    Ташкентпен қоштасу
    Ислам Әбішевке арналады

    Кіндігімді кескен жұрт,
    Кір-коңымды жуған жұрт.
    Қазтуған жырау

    Ташкенге карап жылағым келді, ардақтым,
    Әлденелерді өзіңнен қайта сұрағым келді, ардақтым.
    Көңіл шіркінің толқыды-ай сол түн,
    толқындарындай Шыршықтың,
    Қара көзімнен ыстық жасымды
    неліктен, тағдыр, ыршыттың.
    Тербеткен мынау әлдиі менен
    сағыныш атты жырдың мен,
    Ислам бауыр, Сарыағаш жақтан
    Ташкенге қарап тұрдым мен.
    Шулы шаһардың самаладай боп
    шамдары жанды жарқырап,
    Көшелеріңде даладай дарқан
    қазақтың көне салты қап.
    Алшаңдай басып алашордашыл
    осында жүрді-ау асылдар,
    Асылдарымды біздерден бөліп
    түбіне тартты ғасырлар.
    Оларды үнсіз іздеймін тынбай
    тарихтай түпсіз тереңнен,
    Шошайып тұрған ана бір қырат белеңнен.
    Бейтаныс жан деп бұрылып қарап өтетін,
    Жас арулардың жанарларынан
    бір нәзік сәуле көрем мен.
    Партиялардың ұранына ермей жарқылдақ,
    Бала кезімнен баураған мені
    аспандай асқақ өлеңмен.
    Есімнен қалған ескі соқпақты қастерлеп,
    Қасымнан қалған қасқа жолменен келем мен.
    Орындалмаған ақ армандары
    Абылай менен Кененің,
    Сағынышымды басып бір кетсем деп едім.
    Сарыағаш жақтан
    қалаға мынау қабырғасынан қарадым,
    Бойымды билеп, өзегімді өртеп нала-мұң.
    Ұлы Даладан бөлініп қалған жерменен,
    Тәңірі бізге бермеген,
    жүрекке түскен жазылмайтұғын
    жара бұл,
    Бұлдыраған шаһарға жасаураған көзімен,
    қасымдағы қарады ұл.
    Оң жағында көсіліп Келеске кетер тұс қалып,
    Сыздық төредей сұстанып,
    Кеудеңді шалқақ ұстанып.
    Шырайлы мынау шаһарға еркін кірер күн озған,
    Талқыға салмас тағдырдан бірақ кім озған.
    Басы сайран, түбі ойран дүние опа бермейді-ау,
    Ташкент енді қазаққа мәңгі қайтып келмейді-ау.
    Осыларды ойласам, көзден жасым сорғалар,
    Ғайып болған бұл күнде қоршай қонған ордалар,
    Ордаларда тайпалған көрінбейді жорғалар.
    Шалдар түсіп есіме, өзегімді өртеген,
    Қолдан шығып баратқан таңғажайып өлкеден.
    Шалғай түсті Астанам,
    бір көтеріп тастаған.
    Еңсемді езген күн болды,
    жарық күнім түн болды,
    Қала жаққа қарасам, көзіме жас толасың,
    Қалай қиып кетермін Төле бидің моласын!
    Елеусіздеу жүрген бір ақыны едім даланың,
    Шерге толып өзегім, кері аттанып барамын.
    Тілім бармай қош деуге, қия алмай көп қарадым,
    Ташкентті ұмытпа, ойлы туған қарағым.
    Қош, Тасқала, қайтейін кіргізбеді кеденің,
    Атам салған көшеңде жүргізбеді кеденің.
    Біле алмадым біздерге ертеңгі ұрпақ не дерін.
    Қош, Ташкент, аяулым, көшімді артқа бұрармын,
    Тілегіңді сыртыңнан тілеушің боп тұрармын.
    Шайырлардан жайыңды хат арқылы сұрармын,
    Архивтерді ақтарып оңашада жылармын.
    Алағай да бұлағай күндер өткен басыңнан,
    Айбыныңды асырған, бар қайғыңды жасырған,
    Түк болмаған тәрізді, қарап тұрсам
    желменен жапыраққа шашылған.
    Аласапыран алқакөл, сұлама қиын кез де есте,
    Ташкент біздің Алаштың тілін ұмытқан,
    сөйлейді бүгін өзбекше.
    Қайран Жиделібайсын – атамекенім баяғы,
    Байбөрі бабам жайлаған өлке саялы.
    Сол түні мені аруақтар түгіл, жұлдызды аспан аяды.
    Қалайша бұрын қайшылық барын сезбедім,
    Алпамыстайын түп атам менің, атасы бопты өзгенің.
    Жайымды ұғар деймісің ұпайы түгел өзбегім.
    Дәл қазір айтар халім жоқ, құлаққа кірмес сөздерің,
    Зар-мұндарымды ақтарып, сөйлейді қара көздерім.
    Халықшыл, елшіл асылдарымнан із қалған,
    Соларды қимай осында қоштасқан мұнды күз қалған,
    Сұрағым келді әлдене қайғысыз, қамсыз қыздардан.
    Әкімдер келіп, тарихтан өтті де кетті Датқалар,
    Халықты сатқан түбінде тозақта өзі қақталар,
    Қазақ деп өткен ерлерім көкейде, есте сақталар.
    Бесікте жатқан бөбектер ертең ер жетіп,
    Ақталмаған әлі күн аталарыңды ақтап ал.
    Қабырғалары сөгіліп, кеше түнде түсімде,
    Шекараның ар жағында
    жал құйрығы төгіліп,
    Елге қарап жер тарпып кісінейді Байшұбар,
    Құлазитын қосылып мұндай сәтте тек қана,
    аспандағы ай шығар,
    Күн тұтылса, жаңа туған құлын да
    қос құлағын қайшылар…
    Әйтеке би, Жалаңтөс, Жолбарыс хан – молалар,
    Аруағым ғой түбінде жер бетінен жоғалар.
    Шыназ түгіл, Бостандық, Қыбырай мен Сіргелі,
    Екі елге жалтақтап не істерін білмеді.
    Қазақты кім сатпаған, қиын сәтте сатты ол да
    Қош, Ташкент, қайтейін қалдын, мәңгі жат қолда.
    Қорқамын мен заманның сұп-сұр болған сұрынан,
    Аман қалған алтын ең тақымы кеппес ұрыдан.
    Жұмысым жоқ дей алман байлығың мен дауында,
    Қайсыбірін айтайын артымдағы қауымға.
    Амал нешік, арман көп, Рух қайта оралсын
    Керуендер көп өткен мынау сайын далаға,
    Сөйлемейтін қазақша мейірімсіз қалаға,
    Тәнін сатқан қыздар мен тәрбиесіз,
    тіл білмейтін балаға.
    Қайран ұлы қазақтың тілі қайта оралсын,
    Ділі қайта оралсын,
    Сыры қайта оралсын,
    Жыры қайта оралсын.
    Бір жылдары мені де, артық туған Исекем,
    Көп тобырдан бөлініп,
    қарашада еске алып,
    Оңаша бір отырып сағынатын боларсың.
    О дүниеге менен бұрын өткендер,
    Көздің жасын өксіп-өксіп төккендер.
    Есте бар ма беткейлер мен өткелдер,
    Сонау жылғы жайма-шуақ көктемдер.
    Қарғыс қурап,
    көгереді алғыстар,
    Жат сүйсінер,
    кейінгі ұрпақ салт ұстар.
    Жердің асты ұйқы болса мәңгілік,
    Жердің үсті айқастар мен тартыстар.
    Халқым аман,
    жоқ қой мендей бай адам,
    Жемесек те күнде жал мен жаядан.
    Адам түгіл,
    сенер болсаң, тірлікте
    Жер бетіне шыққан гүлді аяғам.
    Ойларымның жоқ қалтарыс,
    бүкпесі,
    Талайлардың дүние қуып шықты есі.
    Жердің асты алуан түрлі жолдардың
    Қиысатын,
    сыйысатын нүктесі.

    Қ. Бегманов

  2. Исламның еңбекқорлығы , жауапкершілігі , қабілеті, сауаты өте жоғары азамат екенін бүкіл Оңтүстік халқы біледі . Исекеңе ел үшін еткен еңбегіңізге береке берсін дейміз !

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз