Алматылықтардың өмір сүру ұзақтығы 5,5 жылға ұзарды

Алматылықтардың өмір сүру ұзақтығы 5,5 жылға ұзарды

Алматылықтардың өмір сүру ұзақтығы 5,5 жылға ұзарды. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы медициналық қауымдастығы  Тұңғыш Президент күніне орай жиын өткізді. Салтанатты жиында қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қызметкерлерді құттықтап сөз сөйледі.

Басқарма басшысы атап өткендей, Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы оң динамика Алматыдағы өзгерістерден-ақ көрініс береді.

«Соңғы 10 жылда бір тұрғынның денсаулығына бөлінетін қаржы 3 есе, жылына  17 081 теңгеден 55 000 теңгеге артты. Сондай-ақ, жалпы халық денсаулығына жұмсалатын қаржы көлемі 19 млрд теңгеден 99,5 млрд теңгеге ұлғайды. Қала тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 5,5 жылға 70,43 жастан 75,9 жасқа жетті», - деді Серікбол Мусинов.

Науқастарды амбулаториялық емдеуге бөлінетін қаржы 4,3 есе өсті. Медициналық ұйымдардың материалды техникалық қамтылуына - 27,5 млрд теңге, күрделі жөндеу жұмыстарына 9 млрд теңге жұмсалды. Медициналық жұмыскерлердің жалақысы 1,4 есе артқан.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде денсаулық сақтау саласының басты индикаторлары жақсарды. Алматыда туу көрсеткіші 2011 жылдан бері өсіп келеді. Халық арасындағы өлім көрсеткіші 1,5 есе азайды. Ана мен бала өлімі 2-2,3 есе азайды.

Сонымен қатар, жүрек қан тамырлары ауруынан көз жұматын тұрғындардың саны  2 есе, қатерлік ісіктен - 2 есе, жарақат алып уланудан 3 есе,  туберкулёзден көз жұматындардың саны 3,5 есе қысқарды.