Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты: ӨТІРІККЕ ҮЙРЕНГЕН ЖҰРТТЫ ОДАН БАС ТАРТТЫРУ – ҚИЯМЕТТІҢ ҚИЯМЕТІ
2011 ж. 01 шілде
12885
9
ЕҢ БАСТЫ СЫРЫМ – ӘЙЕЛДЕРДІ ЖАҚСЫ КӨРЕТІНІМ...
– Бексұлтан аға, сіз шығармашылық ғұмырыңыздың көп бөлігін махаббат тақырыбына арнадыңыз. Тіптен оқырмандарыңыз сізді «махаббат жыршысы», қазақтың Мопассаны деп таниды. Дәл осы тақырыпта қалам тартуыңыздың сыры неде?
– Маған бұл сұрақты өте көп қояды. Жауап бере-бере өзімді өзім қайталай бастағалы қашан. Журналисттер сұрақ беруін қоймайды, мен жауап беруімді қоймаймын. Тоқ етерін айтқанда, оның ең басты сыры -менің әйелдерді жақсы көретінімде. Махаббат тақырыбы деген әйелдерге тікелей қатысты. Әйел - әдеміліктің бейнелемесі. Әйгілі суретші Пикассоны әрбір атақты суретін салуға белгілі бір әдемі әйел шабыттандырып отырған. Нәзіктік, сезімталдық, инабаттылық, еркелік, сымбаттылық, сүйкімділік, биязылық секілді, тағы толып жатқан ғажап ерекшеліктер негізінен әйелге тән. Сондай-ақ айярлық, қылымсу, көлгірсу, емексіту, өсектеу, айдап салу, алдап салу, паңдық секілді шеберліктер де әйелге тән. Ыстығы қаншалық күшті болса, суығы да соншалық сұмдық жаратылыс қой. Оның сырын білу, мінез-құлқын зерттеу ешқашан бітпейді, ешкім тауыса алмайды. Ондай таусылмайтын кенді, ұшығына жете алмайтын құпиясы көп нәрсені жазушы жазбағанда, кім жазады. Кім де болса, мәңгі тақырыпқа түрен салуы тиіс қой. Мен де сөйтіп жүрген жазушымын.
– Аға, сіздің туындыларыңызда әйел мен ер мәселесі кең қозғалады? Әйел адамның көңіл күйін, жан сезімін әйелден артық суреттемесеңіз, кем түспейсіз. Құпия болмаса, айтыңызшы мұның сыры неде?
– Оның сырын әйелдердің мінез-құлқын, күюі мен сүйуін, құштарлығы мен қатыгездігін – бәрін айрықша ұнатып, айрықша бағалап жүретіндігімде. Әйел сырын өзі сенген адамға ғана ашады. Ал әйелдің сырын білу кімге де болса оңай дүние емес. Сондықтан оған бойындағы барың мен біліміңді арнау керек. Сонда ғана бір нәтиже болады.
– Аға, 1966 жылы «Күнәлі махаббат» («Кінәлі махаббат» деп өзгертіліп шыққан) повесін жарыққа шығармаққа ниеттенгенде сізге алғаш қол ұшын берген Мұқағали Мақатаев болатын. Ол кісімен қандай қатынасыңыз бар еді?
– «Күнәлі махаббатты» «Жұлдыз» журналына әкелгенге дейін ешқандай қатынасым болған жоқ. 1966 жылы алғашқы повесімді журналға әкелдім де, Мұқағалимен жолықтым. Ол кісі оқыды да, ұнатты. Содан екеуміз біраз уақыт хат жазысып тұрдық. Повесім 1968 жылы қысқарып жарық көрді. Оған Мұқаңның ағалық қамқорлығы себеп болды. Хамза Есжанов деген ағамызға оқытып, ол кісі мақтап пікір жазып, содан кейін ғана баспа бетін көрді. Ол заманда әдебиетке деген талап та қиын еді, есесіне құрмет те жақсы болушы еді. Мұқаңмен мен өле-өлгенше сыйласып өттім. Ауылда жүргенімде бір рет үйіне келіп қондым да. Мұқағали атындағы сыйлық алғанымды өз басым ырым етіп бағалаймын. Ол кісінің: «Осы қалпыңнан өзгермегеніңді қалаймын»,-деген өтініші бар еді, үнемі соны орындауға тырысып жүремін. Бірақ үнемі ауылдың қарапайым баласы болып, үнемі адал болып жүру қиын екен. Сонда да бой бермей келе жатқан сияқтымын.
– Бексұлтан аға, сіздің шығармашылығыңызды қаламдастарыңыздың арасында шыңдап мойындатқан туындыңыз «Күтумен кешкен ғұмыр», «Бір өкініш, бір үміт» романдары, дүниеге қалай келді?
– «Күтумен кешкен ғұмыр» романым – негізінен атам Ешмұханбеттің айтып отырған әңгімелерінің әсерінен туған шығарма. Бас кейіпкерім Әтіке - Әптіке батырмен Әсет ақынның қосынды тағдыры. Атам өзінің екі баласына жергілікті батырлар Әтіке мен Нұржекенің атын қойған. Өз әкесі Тұрғанды орыс әскері жүйрік атына бола жайлауда атып кеткендіктен, күйеуіне ара түскен шешесі Өскелеңді мылтықтың дүмімен ұрып жыққандықтан, о кісінің ішінде күйік боп қатқан кегі де өле - өлгенше өзімен бірге кеткен болуы керек. Маған соның бәрін жиі айтушы еді, бәрі болмаса да біразы есінде қалсын деп айтқан болар, сірә. Райымбек батыр, оған ерген Сатай, Бөлек батырлар туралы айтатын. Бұл күнде ұмыт болған, бірақ кезінде Құлмамбетпен айтысқан Жамбылдың қасында жүрген Суан Шаншар ақын туралы да айтушы еді. «Оны көрдім, есек мініп жүретін», - дегені есімде. Мен оның бәрін баланың құлағымен тыңдадым да, есімде қалғандарын өз ойыммен қайта қорыттым.Қайныкештің бейнетегі етіп алған шешемізді 1955 жылы Қытайдағы қазақтар өтіп келгенде көрдім. Айтса айтқандай, әдемі кісі екен. Ал «Бір өкініш, бір үміт» романы - өз көрген - білгенім мен бастан кешкенімді қорытқан шығарма. Бозбаланы күрт есейтетін нәрсе - махаббат сезімі. Аса күшті сезім адамды аса айрықша күйге бөлейді. Сол күйден адам баласы өзінше ой түйеді, өзінше пікір қалыптастырады. Жақсы көру мен жек көру - адам бойындағы ең күшті сезімдер. Сол күшті сезімдердің ықпалымен адамның кісілігі немесе иттігі, адалдығы немесе арамдығы, ұяты мен ұятсыздығы қалыптасады. Міне, осыған өз бағамды беру үшін, «Бір өкініш, бір үмітті» жаздым.
БІЗДІҢ ТАРИХ -
ӨТІРІГІ КӨП ТАРИХ
– Аға сізді ел «Күнәлі махаббат», «Күтумен кешкен ғұмыр», «Бір өкініш, бір үміт» атты романдарыңыздан, яғни махаббат жайлы жазған туындыларыңыздан таныды. Неге тарихи шығармаларға бет бұрдыңыз? Шығарманың басты мақсаты не?
– Тарих – бар білімнің атасы. Ол тек шындықты ұнатады. Шындығы жоқ тарих бүгін мақталғанмен, түбінде бір жерден шиі шығады. Біздің тарих - өтірігі көп тарих. Ал өтірікке үйренген жұртты одан бас тарттыру - қияметтің - қияметі. Орыс тарихында шындықтан бұрын саясат жүрді, олардың ыңғайымен бізде де солай болды. Енді жеке ел болған соң, өз тарихымызды өз көзқарасымызбен жазуымыз керек. Оған біз дайын болмадық, әлі де түбегейлі дайын емеспіз. Шындықтан гөрі бізге әлі өтірік ыңғайлырақ. Өйткені біз тарих деген ата - бабамызды тек дәріптеу деп түсінеміз. Олардың сан жыл бойы дәріптеуге зәру болғаны рас. Бірақ бәрін дәлелмен ғана дәріптеу дұрыс. Арғы бабаларымыздан бір қателік кетпесе, бір кезде әлемнің Азия, Еуропа, Африка, Америка сықылды құрлықтарына түгел тараған бабаларымыз сол қуатынан қалай айрылып қалды? Біз оған үнілу үшін, әуелі олардың сол қуатқа қалай ие болғанын білуіміз керек. Ал білуге өзгеден бұрын өзіміз кедергі болып келеміз. Тарихқа мен әдейі келдім деп айта алмаймын. Тек тарихи кітаптарды қызыға оқығандықтан келдім. Оқығаныңды жүйеге салсаң, белгілі дәрежеде ой, пікір қалыптасады. Сенің оқығаныңды, оқымаған адам өзінің оқымағандығын көрсетеді, оған олай еместігін дәлелдегің келеді. Мен өстіп жүріп, тарихи тақырыпқа қызығып кеттім. Әсіресе, өзім басқарып отырған «Жалын» баспасынан Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін», Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян», Нығмет Мыңжанның «Қазақтың қысқаша тарихы» кітаптарын, Шәкәрімнің, Мәшһүр - Жүсіптің шежірелерін, «Қазақ тарихы» деген орысша - қазақша төрт томдық, «Жүз тұңғыш» атты тарихи екі томдық жинақ, И. Бичуриннің әйгілі үш томдығын, қытай жазбаларын жетік білетін Мырзахан Жақыптың, Нәбижан Мұхаметхановтың тарихи шығармаларын, көне жазбаларды зерттеуші Т.Досановтың, Қойшығараның еңбектерін жарыққа шығарғаннан кейін менің тарихқа бет бұрмауыма қақым да болмай қалды. Мәселен, Бұқар жырау Абылай туралы былай дейді: «Үйсін Төле бидің үйінде, Түнде туған ұл едің, Оны да мен білемін». Нанбасаңыз, «Бес ғасыр жырлайды» жинағын қараңыз. Ал Бұқардың осы сөзін қай тарихшы зерттеп, қай тарихшы шындығын анықтап жатыр? Бәлесінен аулақ дейді. Өйткені оны айтса, тарих шындық үшін емес, тайпа үшін шайқасқа айналып кетеді. Тағы мысал, Алтын адам Есіктен табылғалы қашан. Соны сақ дәуірінің адамы, сақ жауынгері деп айтып келеміз. Соңғы жылдары ашылған Қытай деректерінде, Қазыбек бектің кітабына үнілсек, оның үйсін ханзадасы екеніне еш күмәніңіз қалмайды. Бірақ үйсін десек, онда ол бір тайпаның ғана құндылығы болып кетеді дейтін болуы керек, шыншыл ғалымдар аузын шым - шым ашпайды. Одан да ешкімге тән емес қылып, сақ дей бергенді тәуір көреді. Әйтеуір, бір -бірінен қызғанып жатқан дүние. Шыңғысхан Отырарды қиратты, жермен жексен етіп өртеді деп келдік. Алайда Мұхтар Қожаев деген ғалым Отырарды Шыңғысханның өртемегенін, Қайырханды Отырарлықтардың о бастан-ақ ұнатпағанын, сондықтан Шыңғысхан келгенде, біраз жұрттың оған өз еркімен беріліп кеткенін қазба жұмыстары арқылы дәлелдеп шықты ғой. Біз сонда да баяғы ескі сарынмен, Қайырханды жақтап, оны патриот қылғымыз келеді. Өйткені өтірік те болса, соның тәрбиелік мәні зор деп бағалаймыз. Аңырақай шайқасына қатысқан, өзі сол соғыста ұлы жүз қолын басқарған Қазыбек бектің ол шайқаста бас қолбасшы Бөгенбай болды дегенін мойындамай, Аңырақай шайқасын Әбілқайыр басқарды деп тықпалаймыз. Райымбек батырдың ұшан-теңіз ерлігін кең таратып, талдап айта алмай, бар күшімізді өтірікпен айтысуға жұмсап келеміз. 1705 жылы Хангелдіден туған деп біріміз, 1730 жылы Түкеден туған деп екіншіміз, оның ерлігін айтудың орнына кімнен туғанын дауға салдық. Қазіргі күнде Алматы облысының бес ауданы орналасқан ұшы-қиыры жоқ жерді қалмақтардан тазартып, теңдесі жоқ азаттық соғысын ашқан, қаншама қазақтың ұл-қызын құлдықтан, қорлықтан азат еткен бабамыздың шын ерлігін бүгінгі ұрпаққа сүйсінтіп айта алмай масқара болып келеміз. Осындай өкініштердің ортасында жүріп, қалайша мен тарихқа бет бұрмайын, қалқам?! Тіпті көз алдымызда болған тағы бір алауыздығымызды айтайын. Кез келген ұлттық ерекшелікке ұмтылуды ұнатпайтын қатыгез кеңес заманында аты –жөнін Момышұлы, Смаханұлы, Қыдырбекұлы деп жаздырған үш ағамыз болып еді. Олар отызыншы жылдары Бөкейханұлы, Байтұрсынұлы, Дулатұлы, Әуезұлы, Мұқанұлы деген ұлы дәстүрді жалғастырғысы келген ақылды жандар еді. Өйткені, солай жазылған аты-жөнінен сенің қазақ екенің қай ортада жүрсең де бірден белгілі болып тұрушы еді. Ұлттық беті бар, ұлттық дәстүрі бар әдет еді. Амал не, біз сол игі дәстүрді де жалғастыра алмадық. Біріміз ары тарттық, екіншіміз бері тарттық, ақыры берекесін шығарып тындық. Мен осының бәрін ішіме түйіп шерменде болғанша, солармен ашық айтысқа шыққанды таңдадым.
АЛАТАУ БАТЫР – ЕСІМ ХАННЫҢ ХАС БАТЫРЫ,
САРДАРЫ
Құрманғазының «Алатау» күйі осы батырға арналған деген болжам шындыққа жақын...
– Орбұлақ шайқасын зертеп жүрсіз. Панфилов ауданын Орбұлақ ауданы деп өзгерту туралы зиялылардың ашық хаты не болды?
– Ондай ашық хат президенттің атына да, сол кездегі облыс басшысының атына да жазылды. Ауданның бүкіл жұртшылығы соған риза екенін білдіріп, әр ауылда жиын өткізді. Жиынға қатысқан әрбір адам жиын шешіміне ризашылықпен қолдарын қойды. Ауданның орысы да, қазағы да, ұйғыры мен кәрісі де – бәрі қол қойған. Алматыдағы зиялылар да Елбасына арнайы хат жолдады. Бір адам оған қарсы емес. Менің ойымша, оған Президент те қарсы емес. Тек уақыттың сәті келмей тұрған сияқты. Күтудеміз. Шешіліп қалатын шығар.
– Осы Орбұлақ шайқасында ерлік көрсеткен батырлардың бірі Алатау батыр туралы біраз ойлар айтып жүрсіз. Соның бірі Құрманғазының Алатау күйі Еділ бойында ерен ерлік көрсеткен осы батырға арналған болуы керек деген болжамыңызды таратып айтсаңыз.
– Алатау – Есім ханның хас батырырларының бірі. Сардар болған адам. Ол Орбұлақ шайқасына қатыспаған, себебі ол кезде ол өмірде жоқ. Алатау батыр жайындағы алғаш жазба пікір Қазанғап Байболов деген белгілі ақынның «Еңсегей бойлы ер Есім» атты жырында айтылады. Ол жырды «Жалын» баспасынан шығардық, сондықтан жақсы білем. «Сол кезде үш жүздің баласында атақты төрт батыр болар еді. Ұлы жүзде бөгежелі елінен Шабайұлы Жақсығұл деген мерген еді. Қоңыраттан Алатау деген батыр еді. Кіші жүз Алшын Жаппаста Бөртоғашұлы Жиембет деген еді. Үйсіннен Сүлеймен батыр, қай үйсін екені белгісіз», - дейді Қазанғап. Есім хан қалмақтармен соғысқанда, Алатау асқан ерлік көрсетеді. «Ер Алатау шанышты, Алдынан тура қарсы кеп», -дейді Қазанғап аталмыш жырында. «Ойласып Алатаудай сардарына, Ешкімге сездірме деп осы хәлді», - дегеніне қарағанда, Алатау Есім ханның жай ғана батыры емес, әрі қол бастаған сардары, әрі сырлас сенімді серігі болған. Алатау батыр Есім хан мен Тұрсын ханның Ташкент үшін болған соғысына да қатысып, үлкен ерлік жасаған. Сонда Есім хан былай дейді: «Алатаудай батырым, Түтінін кос түтінге, Бар қайратты шақырды, Әзір бол сенде тобыңа!» Бұл сөзден де Алатаудың басқарған өз тобы бар сардар екені көрініп тұр. Егжей - тегжейлі жазба мәлметтері қалмағандықтан, біз осындай аз сөздің астарынан көп көруге міндеттіміз. «Қоңыратың Алатаудай оннан шаншып, Домалап басы жерге жатқанының», - дейді жыр. Оннан шаншитын батыр қазақта көп болмағанын, құдайға шүкір, қазақ тарихы біледі. Алатау атының қоңырат тайпасына ұран болуын тек оның осындай айрықша батыр болғанынан деп қана бағалау керек...
Жалпы, Қазанғап шежіреге, тарихқа өте жүйрік, ескі әңгімелерді есіне мықты сақтаған білгір адам болған. Сондықтан оның айтқандарына үлкен сеніммен қарауға тиіспіз.
Алатау батыр жайында пікір айтқан екінші адам- Қазыбек бек Тауасарұлы. Ол, әрине, Қазанғаптан бұрын айтқан, алайда кітабы тек 1993 жылы ғана жарық көргендіктен, екінші деп отырмыз. Қазыбек оның Есім хан мен Тұрсын ханның Ташкент үшін болған соғысына қатысқаннын айтады. Осы кітабында Қазыбек бек: «1005 – қоян жылы Еділ мен Жайыққа Тобылдан шыққан қалмақтар шабуыл жасап, Алшындарға күн көрсетпей жатыр деген хабар жетті», - дей отырып, Қазыбек бек соғыстың болған жерін: «Хазар теңізінің батыс жағалауында елсіз, масалы, қамысты өлкеде , 83 күн соғыс болды», -деп дәл айтады. «Осы соғыста жекпе-жекте сегіз адамды өлтірген соң, тоғызыншы адаммен түскенде, аты жығылып, Алатау батыр дүние салады», - дейді. Бүған қарағанда, Алатау батыр 1627 жылы Құрманғазы бабамыздың ауылына жақын маңайда қайтыс болған. Ол соғысқа Есім хан жиырма мың қол аттандырса, Жиембет батыр бес мың кіші жүз қолын бастап қосылған. Қысқасы, мұнда ұрпақтан ұрпақ айта жүретіндей 83 күнге созылған аса үлкен шайқас өткен. Ол соғыс жайында жергілікті қазақтар бізден гөрі көп білген, бізден гөрі есінде ұзақ сақтаған деп ойлаймын. Және олар сол соғыста қазақтың Алатау атты асқан батыры қаза болғанын да қастерлеп айта жүрген болар. Ел білгенді Құрманғазы да білген, ел көргенді Құрманғазы да көрген, естіген деуге қақымыз бар. Алайда мұның бәрі «Алатау» күйін Құрманғазы Алатау батырға арнаған екен дегенге ғылыми дәлел бола алмайды. Алайда ойлануға, саралауға сан алуан мүмкіндік тудырады. «Алатау» күйінің шығу тарихын Құрманғазы жайында арнайы зерттеу кітап жазған академик Ахмет Жұбанов айтпайды. 1942 жылы жарық көрген «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествасы» атты кітабында да ол күй жайында ештеңе жазбаған. Өйткені о кісіге ол кезде ешкім ондай дерек бермеген.
Бірер жыл бұрын белгілі бас пагер досым Жарылқасын Нұсқабаев маған тосын бір пікір айтып қалды. «Құрманғазы өзінің «Алатау» деген күйін Алатау батырға арнапты дегенді естідің бе?», - деді. «Жоқ, естімедім», - дедім. Бірақ ойланып қалдым. Өйткені осы күйдің тарихы жайында әлдекімнің бұрынырақта алыпқашпа пікір білдіргенін бір жерден оқығаным бар еді. Оған Кәрібай досым күйіп- пісіп ашуланған болатын. Сондағы айтылған пікір: «Алатау деген жер осы маңайда бар, Құрманғазы күйін соған арнаған болу керек», - деген сияқты бірдеме болатын. Әрине, Құрекең өйтіп не болса соған күй арнай бермеген болар. Жетісудағы Алатауға арнады деу үшін, ең құрыса оның Жетісуға келгенін дәлелдеу – міндет. Әзірге ондай нық дәлелді ешкім келтіре қойған жоқ.
Сонымен біраз уақыт ойланып жүрдім де, бір күні Жарылқасынға қайта келіп, әлгі пікірін қайта сұрадым. Ол жай ғана жұрттан естіген әңгіме екенін айтты. «Бірақ мен осы сөзге өте сенемін», - деді.
Құрманғазы - түрмеге бірнеше дүркін түскен адам. Бірінде Сібір айдалып, Үркіт түрмесіне қамалған. Одан қашып шыққанда «Сарыарқаның шетін басып, одан солға қарай Шудың бойын қуалап, Алатауды көз ұшынан ғана шолып,Сырды төмен ағып, Жем - Сағыздың бойымен Жайықтан келіп өтеді». Алыстан көріп қана кеткен Алатауға Құрекең күй арнады деу - өте ұшқары жағдай. Сондықтан болар, ол жайында А. Жұбанов еш әңгіме қозғамаған. Ал енді Жарылқасын айтқан жағдай адамды шынымен ойландырады. Бұрын біз Алатау батыр туралы, оның Еділ бойындағы шайқаста ерлікпен қаза тапқаны жайында ештеңе білмейтінбіз. Білмеген соң, оның атымен Құрманғазының күйінде байланыстыра да алмайтынбыз. Енді қазір ойланып қарасақ, «Алатау» күйінің азалы сарыны құлағымызға қазақ тарихының көне бетінен шерлі, шерменде үндерді жеткізіп тұрғанын анғарамыз. 1627 жылы Еділдің Каспийге құяр жерінде қалмақтармен қатты соғыс болғанын, сол соғыста қазақтың Алатаудай асқан батыры опат болғанын Құрманғазы естімеді, елі мен жері үшін жанын қиған батырды ойламады деп кім кесіп айта алады? Ал, ойласа, сонау Түркістан маңынан келіп қаза тапқан қандасына сүйсінбеді деп те айта алмаймыз. Ендеше «Алатау» күйі Алатау батырға арналыпты дегенге кесіп - пішіп қарсы шығу - қиын. Тек: «Мүмкін», - дейміз. Өйткені осы нұсқадан басқа нұсқаның сенімділік салмағы өте төмен. Осы жорамал ғана жөнге келеді. Оның үстіне, бұған дейін «Алатау» күйінің шығу тарихын зерттеп, ешкім оған арнайы тоқталмапты. Сондықтан бұл пікірді «Алатау» күйінің тарихына үңілудің бастамасы деп бағалаған дұрыс. Мен өз басым осы нұсқаны шындыққа ең жақын нұсқа деп бағалаймын.
– Сіз үшін атақ қаншалықты маңызды?
– Атақ бар да, атаққұмарлық бар. Ешқашан атақ үшін әлдеңе істеген емеспін, істемеймін де.
– Қазіргі жастарды кітап оқымайды дейді. Мүмкін, кінәжастарда емес, жазушылар да болар? Олардың атқарып жатқан жұмысына көзқарасыңыз қандай?
– Оған әлдекімді кінәлаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оқығысы келген адам соғыс кезінде де оқыған. Шынайы мәдениетке ұмтылған адам оқиды, осы жағдайым да жаман емес –ау дегендер оқымайды. Рухани қажеттілік жазушы мен оқырманды бірдей дәрежеде шарпымайды, мәдениетке ұмтылған адамды ғана шарпиды. Сондықтан оқырманның ойсыздығына жазушы кінәлі болуы мүмкін емес. Жақсы мен жаманды ажырату үшін, әуелі оны оқу керек.
– Неге қазір «Бір өкініш, бір үміт», «Махаббат, қызық мол жылдар» секілді романдар дүниеге келмей жатыр?
– Келіп те жатқан шығар, кім біледі. Қазір кімнің не жазып, не шығарып жатқнанын біле бермейтін болдық қой.
– Жастарға қандай ақыл айтасыз. Жақсы жазушы болу үшін не істеу керек?
– Талантты жазушы, талантты әртіс, данышпан ғалым дегеннің бәрі жақсы адам бола бермейді. Жазушының басты мақсаты - оқырманға жақсы адамды аңсату. Ал жазушы болу үшін, қандай адамның жақсы адам саналатынын ажырата білу қажет. Ал ол үшін жатпай - тұрмай оқу керек, көпті көріп, көпті түю керек. Тыным таптым дегенше, тоқтау суға айналып, саси бастадым де.
– Шығармаларыңыздағы көптеген кейiпкерлерiңiздiң прототипi өзiңiз деп жатады. Бұл пiкiр қаншалықты шындыққа сәйкес келедi?
- Жүз пайыз сәйкес келеді.
-Аға, тартымды да, тағылымды әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлнұр ДОСБОЛ