Абаев жасырын пікір қалдыруға неге тыйым салынғалы отырғанын түсіндірді
2017 ж. 28 қараша
2300
0
ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазақстандық интернет-ресурстарда жасырын пікір қалдыруға тыйым салатын түзетулерді түсіндірді, - деп жазады sputniknews.kz.
Бұған дейін мәжіліс интернет-ресурстарда жасырын пікір қалдыруға қатысты түзетулер жобасын мақұлдаған еді. Оған сәйкес азаматтар жасырын пікір қалдырмас бұрын міндетті түрде тіркеледі. Бірақ бүркеншік атпен жазуға тыйым салынбайды. Электронды ресурс иелері оқырмандармен электронды үкімет порталында идентификацияны немесе SMS-идентификацияны қолданумен жазбаша келісім бекітуге міндеттеледі.
"Қазір, өкінішке қарай, әлеуметтік, ұлтаралық алауыздықты қоздыратын пікірлер көбейіп кетті. Азаматтарға тіл тигізу, негатив жетіп артылады. Осыған байланысты біз ақпарат порталдарына пікірді кім жазғанын біліп, бақылап отыратын мүмкіндік беру мәселесін пысықтап жатырмыз", — деді Абаев.
Министр азаматтар бұрынғыдай бүркеншік атпен пікір қалдыра алатынын атап өтті. Алайда ақпарат порталы бүркеншік аттың артында кім тұрғанын біліп отырады.
"Ұлтаралық алауыздықты қоздыру, Конституцияға қайшы әрекеттерге шақыру секілді жағдайлар болғанда, сол азаматты бақылауға, құқық қорғау органдарында оған наразылық білдіруге мүмкіндік болады деп ойлаймын", — деді Абаев.
"ІP-адрестерді жасыруға болатынын сіздер де білесіздер. Менің ойымша, бұл қалыпты практика. Әр адам пікірін білдіргісі келсе, емін-еркін, ашық айтуы тиіс. Біз қандай да бір сын, ақыл-кеңес, пайдалы дүние үшін соңына түспейміз ғой. Бұл жерде пікір білдіруді мүлде алып тастау мәселесі көтеріліп жатқан жоқ", — деді ол.
Сондай-ақ, Абаев шетелдік ресурстарда пікір қалдыру мәселесі қалай болатынына тоқталды.
"Facebook секілді әлеуметтік желілерге келсек, біз тиісті хабарландыру жұмысын жүргіземіз. Ол дәл қазіргідей жүзеге асады, егер заңға қайшы әрекеттерді байқасақ, фейсбук, ютубке хабар беріп, ол материалдар артынша жойылады", — деп түйіндеді министр.