Нұргүлдің нұрлы қадамы жарқын жалғаса беруі тиіс
"Қазақстанның болашағы - Қазақ тілінде"
Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақ Елінің Тәуелсіздік алғанына 26 жыл толуы қарсаңында Мемлекеттік тілдің мерейін көтерген өнегелі іс болды!
ҚР Бас прокурорының кеңесшісі Нұргүл Қарағойшина
«Руxани жаңғыру – патриотизм негізі» атты ведомствоаралық байқау туралы Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде
өткен брифингте тек мемлекеттік тілде сөйлеп, журналистің сауалына орыс тілінде жауап беруден бас тартты!
Бұл оқиғаны ерекше леппен, көтеріңкі көңілмен айтып отыруымыздың бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Конституцияда төрде белгіленген мәртебелі орны бола тұра босағада қағажу көрумен қалыс қалып келе жатқан Қазақ тілінің мерейін көтерген бұл жолы әдеттегідей белгілі қоғам қайраткерлері, қаламгерлер емес... биліктің өкілі – Бас прокурордың кеңесшісі Нұргүл Қарағойшина болды.
Екіншіден, бұл мәселе қатардағы қоғамдық жиындарда емес, ресми орыннан - билік өкілдерінің қоғам алдында есеп беретін Орталық коммуникациялар қызметі мінберінен көтерілді.
Үшіншіден, заңдылықты қадағалаушы орган - Бас прокуратураның өкілі заңды қорғап, қолдауда өзі үлгі көрсетіп, елге өнеге болды.
Төртіншіден, Нұргүл Қарағойшина Қазақ тілін қолдауды тек сөз жүзінде ғана айтып қоймай, нақты ісімен көрсетіп, тек мемлекеттік тілде ғана сөйледі.
Бесіншіден, ең бастысы, Бас прокурордың кеңесшісі тек мемлекеттік тілде ғана сөйлеп қоймай, Ресей тілінде қойылған сұраққа Ресей тілінде жауап беруден бас тартып, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілінде жауап берді!
Міне, бұл нақты жетістік!
Ал, алтыншыдан, ауыз толтырып айтатынымыз, Нұргүлдің өзі брифингте мәлімдегендей,
Елбасымыздың Рухани жаңғыруына үлес қосуды іс жүзінде көрсете білді.
«Бүгінгі тақырыбымыз «Руxани жаңғыру» болғандықтан мен брифингті мемлекеттік тілде өткізгім келіп отыр. Егер сұрақтарыңыз орыс тілінде болса, біз оған қазақ тілінде жауап береміз, кейін өздеріңіз аударып алсаңыздар. Себебі «Руxани жаңғыру» дегенде мұның артында мемлекеттік тілдің мүддесі, ұлттық мүдде деген тақырып жатқанын жақсы түсінесіздер деп ойлаймын. Осы шараны өткізетін кезде баспасөз қызметі арқылы бір мәселе айтылуы керек болған. Біз «Руxани жаңғыру» тақырыбын бастағаннан кейін руxани жаңғырып жатқанымызды дәлелдеуіміз керек. Орыс тілінде өткен шараларды қазақ журналистері аударып жүрді, аударып та келеді, енді сіздер, орыс тілді журналистер, қазақ тілін де аударып көрсеңіздер! »
Нұргүлдің соқырға таяқ ұстатқандай, шегелеп айтылған шешімді сөзі бәрімізді қатты қуантты.
Сонымен,биліктің мемлекеттік тілге деген бетбұрысы Нұргүлдің нұрлы қадамынан басталды! Қадамыңа нұр жаусын Нұргүл! Ұлттық мүддемізді ұлықтаған аяулы аруымызға ұлтым деп жүрген ұлт жанашырларының атынан зор алғыс айтамыз! Мемлекеттік тілге миы жетпейтін министрлер мен әкімдер және депутаттар сенен үлгі алуы тиіс!
Қазақтың қайсар да, намыскер қызының бұл ерлігін «Қазақ үні» ұлттық порталы мен Фейсбуктағы менің жеке парақшам мен түрлі топтардағы парақшаларда ел ақсарбас айтып, қуана қолдауда. Жарты тәулікте жарты мыңдай пікір жазылып, он мыңдай оқырман оқып, мыңға жуық адам фейсбукта бөліскенінен-ақ елдің бұндай бетбұрысты ширек ғасырдан бері зарыға күтумен келе жатқанын білуге болады.
Ал жаппай бәрі қолдап жатқан оқырмандардың ішінде «Қазақстанда қазақ тілі –мемлекеттік тіл, ендеше қазақ тілінде сөйлеу де ерлік болып па? Ол оның міндеті емес пе?»-деген пікір де естіліп қалды. Бұл пікірдің айтылуы орынды да, орынсыз да деуге болады. Орынды болатыны, иә, өзін өзі сыйлайтын барлық мемлекеттің бәрінде мемлекеттік тілде сөйлеу міндетті. Әрине, ол әлемде Қазақстаннан басқа мемлекеттердің бәрінде. Мысалы, Өзбекстанда өзбек тілінде сөйлеу ешкімді таңғалдырмайтыны белгілі. Ал орынсыз болатыны – мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлемейтін елде мемлекеттік тілдің мерейін көтерер кез келген әрекетті қос қолдап қолдаудың орнына, осылай орындалмай келе жатқан заңды айтып, аяқ астынан «ақылды» бола қалатындар Қазақстанға басқа планетадан келген сияқты көрінетінін таратып айтпай-ақ қоялық.
Ал енді 26 жылдан бері Қазақстанның мемлекеттік тілі мен ұлттық мүдделерін қолдаудың орнына үнемі қарсы шығып келе жатқан орыстілді басылымдар мен сайттар бұл жолы Елбасының Рухани жаңғыруын бір ауыздан құптағанын көрсетіп, үнсіз келісім танытты. Мүмкін, Қазақтың қаржысына шығып, қазаққа қарсы саясат ұстау – бассыздық пен басынудан басқа ешнәрсе емес екенін түсініп келе жатқан болар... Ал Ресейдің ешкім оқи қоймайтын кейбір кертартпа сайтының дәлел-дәйексіз, негізсіз байбаламына бас ауырту Тәуелсіз мемлекеттің ісі еместігі белгілі.
«Орысша жауап бермеді, қазақша жауап берді немесе қазақша сөйледі» деген шағымдану ЗАҢСЫЗ. Себебі, ҚАЗАҚ ТІЛІ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ! Тілдер туралы заң бойынша, сауал не өтініш орыс тілінде бола ма, өзге тілдерде бола ма, бәріне Сіз ҚАЗАҚ ТІЛІ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ жауап берсеңіз – ОЛ ЗАҢДЫ! ӨЙТКЕНІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӨЗІ ҚОЛ ҚОЙҒАН ЗАҢЫМЫЗДА ОСЫЛАЙ ЖАЗЫЛҒАН. Ол үшін Сізді ЕШКІМ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРА АЛМАЙДЫ. Қайта патриоттығыңыз үшін алғыс хат, қалауы болса, тіпті сыйақы беруі керек!» деп жазып едік бұрын, енді тағы да қайталап отырмыз!
Бас прокурор кеңесшісі Нұргүл Қарағойшинаның ешқандай министр мен әкімнің
қолынан келмек түгілі, ойына да кіріп шықпайтын бұл заңды да, мәнді қарекеті Павлодардағы Руза Бейсенбайтегінің мемлекеттік тіл мүддесі үшін қақаған қарлы қыста трамвай тоқтатқан қайратынан еш кем емес! Әрине, заңды қадағалаушы орган – Бас поркуратура өкілі бұл игі ісін заңдық тұрғыдан жасап отыр, Ал Рузаның заңның сақталуы үшін заңсыздыққа... баруын да кінәлауға осыған мәжбүр еткен биліктің еш моралдық құқы жоқ.
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР АРУЛАРЫНЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ ТУРАЛЫ ЕСКІ ТРАМВАЙЛЫҚ ТАПТАУРЫН ҰҒЫМҒА ҚАРСЫЛЫҒЫН ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ АЗАМАТТАРЫ ТҮГЕЛ ҚОЛДАУЫ ТИІС!
"Қазақстанның болашағы - Қазақ тілінде" деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін биліктегі Рухани жаңғыруға қарсы "ескі трамвайлардың" қарсы алдына қасқайып тұрып, нақты іске асырушы Нұргүлдер мен Рузаларды қос қолдап, қолдауымыз керек. Ал керісінше, трамвайдың артынан итерушілер шығып жатса, олардың теріс пиғылдарына кім тосқауыл қоя алады? Әрине, Руxани жаңғыруды сөз жүзінде емес, іс жүзінде іске асырғысы келген Билік және Біз! Тәуелсіздігіне ширек ғасырдан асқан Қазақ елінің азаматтары!
Ал Қазақ тілін шалағай білетін, қазақы қан мен ұлттық ұғымнан жұрдай, идеологиялық икемі жоқ кеңесшілері мен баспасөз хатшылары бар министрлер мен әкімдер енді Бас прокурор Жақып Асановтан үлгі алып, билік пен халықтың арасына алтын көпір бола алатын Нұргүлдей алтын кадрларды таба білуі керек.
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz
«Қазақ үні» газеті
http://www.qazaquni.kz/2016/11/20/60799.html