Ұйымның ұтымды істері

«Журналистика – өмір айнасы» деген ұғым бар. Оны теріске шығаруға әсте болмас. Қоғамда орын алып жатқан жаңалықтар мен оқиғаларды бұрмаламай, қалың жұртшылыққа айна-қатесіз жеткізу бүгінгі ақпараттық аласапыран кезеңде өте маңызды. Одан қалды билік пен қарапайым халық арасындағы берік көпірге айналған бұл саланың еліміздегі саяси, экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды реттеуге де ықпалы зор. Сондықтан, БАҚ атаулының бұқара алдындағы жауапкершілігі ауыр, оған қояр міндеттер аз емес. Ел ішіндегі ақпараттық қызмет өз алдына, шетелдік, тіпті әлемдегі өтіп жатқан жаңалықтарды оқырманға жеткізу де осы саланың мойнында. Ол үшін әлемдегі көптеген журналистермен тығыз байланыста болу маңызды. Сонда ғана ақпарат саласында белгілі бір тұрақты да сенімді жүйе қалыптасады. Әрине, біздің еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары әлемнің барлық жерінде қызмет етіп, танымал болды деуге әлі ертерек. Оған біріншіден мол тәжірибе, үлкен қаржылай қолдау қажет. Дегенмен, қазақстандық БАҚ осыған талпынып келеді. Әрбір басылым, әрбір телеарналар өз алдына, шама-шарқынша әлемдік ақпараттық сахнада көрінуге пейілді. Оған түрлі қоғамдық ұйымдар қолдау көрсетуде. Соның бірі – Түркітілдес журналистер қоры.   Түркітілдес журналистер қоры 2014 жылдың 11-қарашасында құрылған болатын. Белгілі журналист Нәзия Жоямергенқызы басқаратын қордың жанынан Әйел журнали­с­тер клубы мен Жас журналистер клубы, «Ынта мен ынтымақ» қоры да жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың негізгі мақсаты – түркі елдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынас орнату, кәсіби бірлікті нығайту, өзара тәжірибе алмаса отырып журналистердің біліктілігі мен шеберлігін арттыру. Бұл бағыт тегін таңдап алынбаған секілді. Әлемде түркі тілдес халықтар мекен ететін мемлекеттер аз емес. Демек байланыс аясы да кең, ауқымды істер атқаруға мол мүмкіндіктер бар деген сөз. Аталмыш қор сол мүмкіндіктерді барынша пайдаланып келе жатыр деуге болады. Оны біз ұйымның атқарған жұмыстарынан көре аламыз. Солардың бірқатары атап өтуге тұрарлық.

Түркі тілдес журналистер қорының президенті Нәзия ЖОЯМЕРГЕН

2017 жылдың наурызында Түркітілдес журналистер қоры Түркияның Измир қаласындағы Эге университеті Журналис­тика факультетімен бірігіп ғылыми конференция өткізді. Сондай-ақ, 10-24 шілде аралығында жерорта теңізіндегі Кипр аралында орналасқан Солтүстік Кипр Түркия республикасында бір топ қазақ журналистерін 2 апталық Ағылшын тілі курсына қатыстырып, Солтүстік Кипрдің Фамагуста, Кирения, Никося қалаларындағы БАҚ-тарымен тәжірибе алмасты және Ақпарат, Туризм, Ұлттық білім министрлерімен кездесіп, байланыс орнатып қайтты. 2017 жылдың тамыз айында Стамбұл, Йалова мен Ескішаһар қалаларына қазақ журналистер үшін семинар-тренинг пен пресс-турлар ұйымдастырылды. Жоба барысында журналистер Стамбұлдағы «Канал Д», «CNN Turk», Ескішаһардағы «56 Kanal» телеарнасында тәжірибе алмасты. 2017 жылдың 19-22 қазан аралығында ұйымдастырылған жобада қазақ журналистері Стамбұлда өткізілген «NEW MEDIA COMMUNICATIONS» тақырыбындағы семинар-тренингке және «I MEDIA FORUM OF TURKIC SPEAKING JOURNALISTS» атты І Түркітілдес журналистердің медиа форумына қатысты. Сонымен қатар Түркиядағы ең беделді басылым – «HÜRRİYET» газетінің редакциясында тәжірибе жинақтады. Бұл кездесулердің біздің журналистерге берер пайдасы мен әсері мол болды. Алдында айтып өткен «Ынта мен ынтымақ» қоғамдық қоры 2017 жылдың 15-қаңтарында құрылған-ды. Бұл аталған екі қордың да мақсаттары бір десек болады. Сондықтан, көптеген шараларды бірігіп өткізеді. Бұрынғыларын айтпаған күннің өзінде соңғы жарты жылдықта қор қызметкерлері көптеген шараларды жүзеге асырды. Қазақ журналистерін Кипрдағы Түркі жастарының форумына апарды. Форумға Қазақстандағы газет басшылары, телеарна, радио мен сайт журналистері қатысты. Форум барысында түркі елдерінен келген журналистермен байланыс орнатылып, болашақ бірлескен жобаларға келісім жасалды. Осы ретте Солтүстік Кипр Түркия Республикасындағы Global Carrer Institute мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультеті арасында іскерлік қарым-қатынас орнату туралы кездесу өткізілді. Солтүстік Кипр Түркия Республикасындағы Global Carrer Institute директоры Орхан Хасаноғлұ, Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлымен кездесіп, «Түркітілдес журналистер қоры», «Ынта мен ынтымақ қоры» (Toplumsal Gelisim Dernegi) арасында студенттердің тәжірибе алмасуы, ортақ жобалар жасау туралы келісім жасалды. Түркия Мемлекеті Радио және телевидение Жоғарғы кеңесімен ортақ бағдарлама бойынша, қазақ журналистердің қатысуымен Измир қаласындағы Эге университеті журналистика факультетінде «Қазақстандағы телехабар тарату» тақырыбына конференция ұйымдастырылды, журналистер Эге телеарнасы, «Жаңа ғасыр» газеті, Эге радиосында тәжірибе алмасты, РТҮК Измир филиалы мен Ақпарат комитетінде қонақта болды. Қор өзінің жұмысында кітап басып шығару мен қазақ жазушыларының шығармаларын насихаттауға да көп көңіл бөледі. Әзірбайжан жазушы Шамиль Садиктің «Үміттің іздерімен» атты кітабын Алматыда баспадан шығарып, Қазақ Ұлттық университетінде тұсаукесері жасалды. Қазақ жазушылардың шығармаларын түрік тіліне аударған HUZUN KUSAGI атты кітабының тұсаукесеріне қатысты Алматыдағы Ұлттық кітапханада журналистерді жинап, баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. «Ынта мен ынтымақ» қоры шығарған «Тарихымызды бояймыз» кітабын жарнамалау мақсатында «Алматы» телеарнасына сұхбат беріліп, Қазақ Ұлттық университетінде осы кітаптың тұсаукесері өткізілді. Сол сияқты Түркия мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Неват Уянык мырзамен кездесу өткізіп, «Түркітілдес журналистер қоры», «Ынта мен ынтымақ қоры» жайлы әңгімелеп, «Тарихымызды бояймыз» кітабын сыйға тартып, алдағы уақытта жүзеге асырылатын ортақ жобалар жайлы кеңінен сөз болды. Алматы қаласындағы 128 мектептің дайындық тобы мен 3-сынып оқушыларына да кітап таныстырылып, оқушыларға сыйға тартылды. Түркітілдес журналистер қоры тек қана шетелдермен ғана байланыс орнатып қоймай, өз еліміз ішінде де түрлі шаралар өткізіп келеді. Түркістан қаласында өткізілген Әлеуметтік ғылымдар конгресіне қатысып, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Монғолстандағы ғалымдар, журналситермен байланыс орнатылды. Қазақстандағы UNESCO ұйымы, Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетімен бірге «Фараби ілімдері» тақырыбына ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Жарнама, SMM, Push-хабарландырулар туралы қазақ журналистерге арналған семинар-тренинг, Алматыдағы Ұлттық қолөнершілердің еңбегімен танысу үшін қазақ журналистерге арнап пресс-тур, Шымкент қаласында жас журналистерге арнап, жаңа медиа және Интернетке қатысты семинар жүргізілді. Қор жұмысының тақырыбы кең, спорт, мәдениет, өнер, қайырымдылық сияқты түрлі салаларды қамтиды. Мысалы, қазақ боксшысы Қанат Исламның АҚШ-тағы жекпе-жегіне қатысты журналистермен кездесу ұйымдастырылды. Мүгедек бала Нұрбек Асқарұлының еміне ақша жинау үшін «Төле би» мешітінде жәрмеңке өткізіп, көмек көрсетілді. Бұл Түркітілдес журналистер қорының атқарған жұмыстарының бір тарауы ғана. Қоғамдық ұйымдардың белсенділігі бүгінгі күні біздер үшін аса қажет. Күнделікті тіршілігіміздегі кездесетін түйткілдерді шешуге атсалысып, еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосып жатқан ұйымдарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Солардың бірі – бүгінгі әңгімемізге арқау болған Түркітілдес журналистер қорының әрбір қадамына сәттілік тілейміз. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz