«ЖОЛ ЖҮРУ ЕРЕЖЕСІ» – БІТПЕЙТІН ЖЫР
2017 ж. 25 қараша
2556
0
Үлкен дау-дамайдан соң Үкімет қаулысымен өзгеріс енгізілген жол ережесінің жыры әлі де таусылатын емес. Тіпті, тәртіп сақшылары бір бағыттағы үш жолақпен ағылған көліктер, енді белгіге сәйкес әр түрлі жылдамдықпен жүретін болады дейді.
– Бұрын бір қиылыстан екіншісіне дейін максималды түрде бір жылдамдықпен жүру керек деп көрсетілетін. Енді бір бағыттағы үш жолақта түрлі жылдамдық белгіленеді. Мысалы, оң жақтағы бірінші жолақта 40 десек, екіншісінде 60, ал үшінші жолақта сағатына 80 шақырыммен жүре аласыз, – дейді Алматы қаласы ІІД басқарма бастығының орынбасары Жандос Мұратәлиев.
Тоғыз айдың есебін тізбелеп, түрлі цифр тілімен сөйлеген полицейлерге көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап беруге тура келді. Мәселен, қаланың басты көшелерінде елеусіз тұратын «Крис-П» бейне-бақылау қондырғысының қаншалықты заң шеңберінде орнатылатыны сұралды. Тура жауап беруден жалтарған шенділер алыстан орағытып келіп, жылдамдыққа жаны құмар көлік иелерінің өздерін кінәлап шыға келді.
Тәртіп сақшылары көлік жүргізушілеріне жаппай айыппұл салып, бюджеттің бүйірін қампайтуды көздемейтінін айтқанмен, өткен тоғыз айдың өзінде ғана олар ереже бұзған жүргізушілерге 2 миллиардтан астам теңгеге айыппұл салғанын жасырмады. Бұл аз сома емес, жыл соңына дейін қаншаға жетері де белгісіз. Қалада соңғы уақыттары апаттық жағдай туғызу, қарсы бетке шығып кету және жаяу жүргіншіні өткізбеу секілді жол ережесін бұзатын деректер көп кездеседі екен.
qazaquni.kz