Аша Матай жүргізетін атышулы "Қалауым" бағдарламасы тексерілетін болды
2017 ж. 16 қараша
9626
33
Танымал блогер ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа ерекше ұсыныс тастады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі "Нұр Отан" партиясының желідегі парақшасына сілтеме жасап.
Өз өтінішін блогер әрі заңгер Айгүл Орынбек видеобайланыс арқылы жеткізді. "Нұр Отан" партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген министр бірқатар азаматты қабылдап, видеобайланыс арқылы ел тұрғындарының өтініштерін тыңдаған. Шымкенттен байланысқа шыққан заңгер "Еуразия" телеарнасындағы "Қалаулым" бағдарламасын жабу мәселесін қозғады.
Оның айтуынша, бағдарлама ресейлік атышулы «Дом-2» реалити-шоуына ұқсайды.
"Қалаулым" бағдарламасы бойынша әлеуметтік желіде де жазған болатынбыз. Бұл бағдарламаға қатысты зерттеу де жүргізіп көрдім. Түркия елінен екен. Түркияның вице-премьері бұл бағдарламаға қарсы болып, жабылған. Яғни, жастардың бейәдеп сөздері, төбелесі бағдарламада белең алып кеткеннен кейін "ұлттық мәдениетімізге қарсы" деп жапқан. Енді өзге елде қаңсық дүние бізге таңсық болуда. Жастарымыздың бұзылуына түрткі болып отырған бұл бағдарлама неге бізде көрсетіледі?", - деді Айгүл Орынбек.
Дәурен Абаев бағдарламаға қатысты сараптама жүргізетінін, арнайы шағым жасалғандықтан міндетті түрде тексерілетінін айтты. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының бірінші кезекте еліміздің азаматтарының санасын жаңғыртып, тәрбиелеуі керектігін жеткізді.