Нұртай Сабилянов: 57 жыл өткеннен кейін Абай есімі неге өшірілді?

Сабиль   16 маусым. ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен Палатаның жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке сауал жолдады. «Маған Тараз қаласының Төле би даңғылындағы 40 үйдің 19-шы пәтерінде тұратын Сағат Арынұлынан төмендегідей мазмұндағы хаты келген еді. Хат иесі: «...Тәуелсіз Қазақстанда Абай есімі үлкен құрметке бөленген. Бізде мектептер, жоғарғы оқу орындары, мәдениет мекемелері, қала мен аудандар және көшелер ақын атымен аталады. Соның бірі - Жамбыл облысындағы қазақ драма театры болатын. Бұл мәдениет орталығына Абай есімі 1945 жылы берілген. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігінің арқасында Абайдың даңқы бүгінде дүние жүзіне кең жайылды. Ол тәуелсіз қазақ елінің бірден-бір нышанына айналды. Абай десе, шетелдіктер қазақты бірден танитын болды. Президентіміздің бастамасымен әлемдік ұйым - ЮНЕСКО шеңберінде ғүламаның 150 жылдык мерей тойы зор салтанатпен атап өтілгені белгілі. Тағы да Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен беделі арқасында Ресей мемлекетінің төрі - Мәскеуде Абайдың тамаша ескерткіші бой көтерді. Ақын есімі теңдесі жоқ тұлға ретінде көптеген шетелдерде әспеттеліп отыр. Атап айтсақ, Египетте, Туркияда, Германияда, Францияда және басқа достас мемлекеттерде. Ал, Жамбыл жерінде бұлай емес. Сондай жауапсыздықтың салдарынан жергілікті рушылдар көп жылдан бері Абай аруағына қуғын ұйымдастыруда. Солардың «қырағылық» танытумен кешегі коммунистік партияның «қатесі» түзетіліп, облыстық қазақ драма театрынан 57 жыл өткеннен кейін Абай есімі бір жолата өшірілді...» - деп жазған. Осы хатқа байланысты 2011 жылдың 3 наурызында Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігіне Жамбыл облыстық қазақ драма театрына Абай есімін қайтарып беру туралы хат жолдаған едім. Мәдениет министрлігінің азамат С.Арынұлына жазған жауап хатында: «...Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараты бойынша облыстық Партия комитетінің Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумына жолдаған Жамбыл облыстық қазақ драма театрына Абай есімін беру туралы 1945 жылғы 13 маусымдағы ұсынысының негізінде театрдың құрылтайшы құжаттары қайта рәсімделіп, осы театр Абай есімімен аталып кеткен екен. Алайда, кейін театрға Абай есімін беру мәселесі бел­гі­­ленген тәртіппен заңдас­тырылмағандықтан, Жамбыл облысы әкімдігі театрдың атауынан Абай есімін алып тастауға мәжбүр болды (11.01.2005 ж. № 5 қаулысы). Тағы да бір айта кететін жәйт, Жамбыл облысында Абай есімі бүгінгі таңда 120-дан астам нысанға (ауыл, көше, мектеп, колледж, мәдениет үйі, кітапхана т.с.с.) берілген. Ал, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы ұйымдарды, темір жол станцияларын, әуежайларды, сондай-ақ, физикалық-географиялық объектілерді атау мен қайта атаудың және олардың атауларының транскрипциясын өзгертудің тәртібіне» сәйкес, бір тұлғаның есімі бір облыста үш объектіден артық объектілерге берілмеуі қажет. Осылардың негізінде, облыс тарапынан Жамбыл облыстық қазақ драма театрына Қазақстанның халық артисі, режиссер, профессор Асқар Тоқпановтың есімін беру туралы республикаға белгілі Х.Бөкеева, Ф.Шәріпова, А.Әшімов, С.Оразбаев, Е.Обаев, Б.Атабаев сынды өнер қайраткерлерінің ұсынысы қолдау тауып, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының қарауына 2009 жылы жолданған. Комиссия, өз кезегінде бұл мәселе бойынша 2009 жылғы 3 маусымдағы мәжілісінде оң шешім қабылдады. Министрлік тарапынан Жамбыл облыстық қазақ драма театрына Асқар Тоқпановтың есімін беру туралы ұстаным қолдау тауып отыр.», – деп жазылған. Абай атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрынан Абайдың есімін алып тастау қандай қажеттіліктен туды? Әлде Асқар Тоқпановтың атын осы театрға беру үшін Абай есімін алып тастау керек болды ма? Бұл үрдіс болашақта бүкіл республикада орын алмайтынына кім кепіл бере алады? Театрға Абай есімін беру мәселесі кезінде белгіленген тәртіппен заңдастырылмаған болса, онда ол театр неге 60 жылдай Абай есімімен аталып келді? Әлде Жамбыл облысында Абай есімі 120-дан астам нысанға берілгені Абай есімін театрдан алып тастауға негіз болды ма? Бір тұлғаның есімі бір облыста үш объектіден артық объектілерге берілмеу қажет болса онда неге Үкімет өз қаулысының бүкіл республика көлемінде орындалуын қамтамасыз етпейді? Осыған байланысты Сізден С.Арынұлының хатында көрсетілген – Жамбыл облысы Тараз қаласындағы облыстық қазақ драма театрына Абай есімін қайта беру мәселесін қарастыруды сұраймын»,- дейді депутат өз сауалында.