Дулат ИСАБЕКОВ. САНЫ АЗ ҰЛТ САПАЛЫ БОЛУЫ ҚАЖЕТ!
2017 ж. 14 қараша
7338
9

Дулат ИСАБЕКОВ, драматург-жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
САНЫ АЗ ҰЛТ САПАЛЫ БОЛУЫ ҚАЖЕТ!
Ағылшын лорды «Казақ әнін шырқамаған «Битлзге » неге ескерткіш қойып жүрсіңдер?» дегенде... қарап отырып қысылдым...
Мен өзімді әзірше жетпіс бес жасқа келдім деп сезіне қоймағандаймын. Әлі де сол баяғы алпыс жастың о жақ-бұ жағында тұрған секілдімін. Өткен жолы досым Бексұлтан Нұржекеұлының жетпіс беске толуына орай кітапханада өткен кеште жиналғандар жазушыға түрлі сұрақтарын қойып жатты. Мен де сұрадым: – Осы, жетпіс беске келген адамға қыздар ғашық бола ма? – деп. Бексұлтан: – Жоқ, болмайды! – деді. Сол кезде залдан бір жас қыз атып тұрып: – Болады! – деп айғай салды. Сонда біз бәріміз күліп, әлгі баланы құшақтап, рахметімізді айттық. Өткен бір жолы, жылдағыдай қауын пісетін кезде елге соғатын әдетіммен, Арысқа, ауылға бардым. Айлы түн еді, сағат сол, шамасы бір жарым, екінің кезі болар, жалғыз өзім келе жаттым. Жан-жағыма қараймын: еш нәрсе өзгере қоймағандай. Сол баяғы дала, сол баяғы жол. Есектің ақырғаны, әтештің шақырғаны – бәрі сол қалпынша. Бала кезде осы жолмен дәл осылайша келе жататын сәттерім есіме түседі. Сонда ойлаймын: әй, осы қазір мына соқпақпен аяңдай басқан сол өзім бе едім, жоқ әлде басқа адам ба? Баяғы адамдар қайда? Әкем қайда?.. Әкені де қойшы, о бейшара боса-болмаса соғысқа кетіп мерт болды ғой. Өз жеріне бір де бір бомба түспесе де, айдаладағы бір Сталинградты қорғаймын деп, көз жұмды. Республикалық «Қазақ үні» газетінде менің Лондонға барып Лордтар палатасында сөйлеген сөзім жарық көрді; сонда әкемнің үш адамға бір ғана винтовкадан бұйырған алапат өрт ішіндегі шайқаста мерт болғанын ептеп айтып ем. Сөйтсек, оларды әлгіндей өлімге айдаған екен... Иә, жолда, әке елесімен бірге, қатар өскен балалардың шулаған үні, мұғалімдеріміздің дауысы құлағыма жеткендей болады. Шынында да, осы көшемен келе жататын өзім бе едім, бөгде жан ба еді, бәлкім, адам баласы әрбір он жыл өткен сайын, белгілі мүшел жасқа келген сайын біртіндеп өзгере бастайтын шығар деп қиялдаймын. Үйге келген соң жатып алып және толғандым. Баяғы аңқылдаған әпкелеріміз жоқ, көңілдегісін тайсалмай айтып салып, шайпау сөйлейтін жеңгелеріміз жоқ... Қазіргінің бәрі «мәдениетті». Шынайы бейнелер қалмай бара жатқандай. Кейінгі адамдардан образ шықпайтын сияқтанады. Табиғи бітім-болмыстан айырылғандай екенбіз. Бүгінде бәрі жасанды болып кеткені өтірік емес. Ішетін ас, жейтін тамағымыз... қала берді, қияр, қызанға дейін жасанды. Айтатын сөзіміз де жалған секілденеді. Адам да сол жасандылыққа бейімделе түскендей... Сөйте-сөйте, жетпіс беске де келгенімізді сезбей қалыппыз. Сонда, өзі, осынша жасқа жеттім деп қуанамыз ба, жоқ, қайғырамыз ба... Мұңаямыз ба... Кім білсін, Алла-тағала енді қанша ғұмыр беретінін... Амандық болса, көре жатармыз... Сіздердің келгендеріңіз үшін рахмет! Жақында Лондонға барып қайттым. Қазір осы залда отырған Әбекең... Қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов кеше телефон соғып құттықтады. Бұ кісілер – біздің шамшырағымыз. Осы ағалардың алдымызда жүргені қуантады. «Бала» деп сөйлейтіні үшін қуанамын. «Сен айды аспанға шығарып қайтыпсың ғой!» деген сөзіне бола шаттанамын. Негізі, айды аспанға шығарған мен емес қой; ол баяғыдан сонда тұрған... Сол айды, өзі, жерге түсіріп алмасақ ғанибет болар еді... Әрине, шығармаларыңды шетелдіктер оқып жатса, спектакль қойып жатса, әсіресе, зал іші лық толып отырса, қатты қуанады екенсің. Ана жылы Сеулге барғанда кәріс көрермендердің туындыңа тебіреніп, егіліп жылағанын көргенде қалайша толқымассың. Сол қойылымда ойнаған кәріс актрисасы спектакль біткеннен кейін, тіпті, жарты сағат жылады. Отыз минут бойы соны жұбатумен жүрдік. Маған: «Мынау тура менің өмірім ғой. Сол жағдайды дөп басып, қалайша дәл суреттегенсіз?!» деп өксиді. Міне, осындай сәтте өзіңді бақытты сезінесің. Бізден басқа ешкімде әдебиет бар деп мойындамайтын ағылшын жұрты Қазақ деген ел бар екенін және оның аса осал еместігін түйсінгеніне сүйінесің. Лордтар палатасында әдемі киінген сұлу келіншек алдыңа жетіп келіп, тізерлей отырып, тәжім етіп, мінбеге жетелегенде "шынымен осы менбін бе?" деп мерейленесің... Ұлыбритания Ұлттық кітапханасы деген – мемлекет ішіндегі «мемлекет». Өйткені, ағылшын елінде кітапқа деген көзқарас ең жоғары деңгейде. Кітап мәдениеті деген ғажап. Біздегі сияқты интернет шықты деп, кітап оқуды жиып қойған жоқ. Сондағы «Қазақ жазушысы Дулат Исабековтің екі кітабы мәңгілікке сақталады» деп жазылған ақпарат қуантты... Бірақ мен соңынан бірталай мұңайдым. Сонда Абай қайда, Әуезов қайда... Мына отырған Әбекең қайда... Құрдасым Оралхан Бөкей неге жоқ? Ол ешкімнен осал емес еді ғой... деген ой келеді. Сондағы түйгенім – біз ауызбен орақ оруға шебер, бірақ іске келгенде олақ ел екенбіз. Мақтануға бармыз, нақты шаруаға келгенде осал жұрт екенбіз. Басқа мемлекеттер бұл бағыттағы жұмыстарын керемет атқарып жатыр. Ал біз болсақ, өзімізге мүлде қатыссыз бір дүниелерге шашылып, ұятқа қалатын жұрт көрінеміз. Мысалы, есіме түседі, сонда лордтардың бірімен тілдесіп отырып айтып қалдым, «Біздің Алматыда Американың баяғы «Битлз» тобына ескерткіш қойылған» деп. Ол дұрыс естімедім бе дегендей қайталап сұрады. «Иә» деп тағы да жауап бердім. – «Қалай, олар сонда қазақ әнін шырқаған ба?» – деп сұрайды. «Жоқ!». Лондонда отырған лорд аң-таң болды. «Битлз» қазақ әнін шырқамаса, онда неге ескерткіш қойып жүрсіңдер?» деп... Қарап отырып қысылдым, бекер айтқан екем деп... Сол секілді қарлыққан даусымен ән айтатын ресейлік кім еді, иә, Владимир Высоцкийге де мұражай ашқанымыз еске түсті... Ол туралы, әрине, тіс жармадым. Иә, біз осылай шашылатын жерде шашылмай, төгілетін жерде төгілмей, мән беретін нәрсеге мән бермей... көбірек адасатын халық екенбіз.
(12 қарашада Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткен 75 жылдық мерейтойына арналған мерекелік кештегі сөзі)