ЕЛІМ ДЕП ЕМІНУ ҮШІН ДЕ ЕРЛІК КЕРЕК

Софы Сыматай

Көрнекті жазушы Софы Сматаев келбетіне кескіндеме

Солай сияқты. Ол үшін тек ҚазМУ-дің журналистика немесе филология факультетіне түсу арқылы жазушы боламын деп дәмеленбеген жөн екен. Ұлтыңның шын жанашыры болатындай сонша батыл, халық тағдыры жолындағы бейбіт майданда тиген жерін алдаспандай алып түсетін өте ұшқыр ойлы қаламгерге айналғың келсе, айрықша бір жүйе құрып алуың керек. Бұл жүйенің тәртібі бір қарағанда қарапайым – алдымен француздың ең әйгілі классиктерін оқып шық. Сол жазушылардың қалай дұрыс, қалай бұрыс жазатынын әбден тексеріп, біліп ал. Бұларды түгескеннен кейін неміс классиктеріне ауыс. Сонан соң орыс әдебиетінің кемел кезеңіне ауыз сал. Сөйте-сөйте Британияның інжу-маржандарына көшесің. Одан Америкаға азу біле. Бұлардың бәрін қадағалап, барлап оқып шыққанан кейін кім қалай жазады, артықшылықтары неде, кемшіліктері қандай, романистері қалай тербейді екен қаламын, ақындары, драматургтері қалай толғанады – бәрін саралап, көкейге құйып алу қажет. Және мұнымен шектелмей, жоғары оқу орнын бітіруге міндеттісің. Оның өзінде гуманитарлық емес, техникалық білім ошағынан сусындағаның дұрыс. Өйткені, негізінен, соларда жүргізілетін физика, математика пәндері сенің сараптамалық ойлау қабілетіңді жетілдіріп-қалып­тастыруға, кез-келген құбылысқа философиялық тұр­ғыда баға беруге орасан зор әсерін тигізбекші.

Бірақ бұл істің бір қыры ғана. Мұндай ақылдың нақты іске асуы үшін оны саған ғұлама Мұхтар Әуезовтің тікелей өзі айтуы тиіс!

Міне, қазақтың көрнекті жазушысы Софы Сматаевтың әдебиеттегі жолы осылай басталыпты. Әрине, мұндай бақыттың екінің біріне бұйыра қоймайтыны анық. Бір көргеннен Сарбала деп ат қойып, бүйрегі бұрған осы бозбалаға ұлы Мұхаңның ерекше ықыласы түседі.

Бірде өзінің барлық лекциясынан қалмай қатысып жүрген филология факультетінің бірінші курс студенті Софының кітапханада араб емлесімен бірдеңе жазып отырғанын көріп қалған Мұхтар Омарханұлы қатты таңырқап:

– Оу, не істеп отырсың, Сарбала?! – деп қасына кілт тоқтай қалыпты.

– Әкеме хат жазып отыр едім, Мұхтар аға!

– Әкеңнің аты кім? Жасы нешедегі адам?

– Қалыбек. Оныншы жылы туған. Сізден кішілеу болуы керек...

– Ә, онда кәне, әкел хатыңды! – деп жас жігіттің алдындағы қағазды ала сала: «Қарағым, Қалыбек! Мына балаңды жақсы тәрбиелеген екенсің. Көп үміт күтеміз. Енді жақсылап оқыт! Сәлеммен – Мұхтар Әуезов» деп лебіз жазып береді. Сөйтеді де:

– Сарбала, сен филфактағы оқуыңды қой. Өйткені, байқауымша, сенің қазіргі білімің біздің кейбір аға оқытушылардың білімінен кем емес. Жазушы болам десең Москваның бір техникалық ВУЗ-на түс. Себебі, біздің қазақ жазушыларының көпшілігінде аналитикалық ақыл деген бола бермейді. Тоқтау, тежеу деген жоқ. Бәйгеде көмбеге келген соң да ары қарай шапқылай беретін кейбір аттар секілді, тіпті, кідіретін жерін білмей жатады. Техникалық оқуға бар деуім сондықтан. Тағы бір айтарым – жазушылықты еш уақытта ешбір оқу орыны да қалыптастырмайды. Жазушы болу үшін Құдай берген талант керек. Мен сенің бойыңнан сол дарын ұшқынын аңғарамын. Демек, уақытты босқа жоғалтпа! – деп кеңес береді.

Болашақ қаламгер, расында да, жазуға деген қабілетін жастайынан-ақ аңдатқан сияқты. Төртінші класта жүргенінде әкесінің жиен қарындасы мұның туған ағасы Мейрамға сағат сыйлапты. Сол сағатының бауы жоқ көрінеді. Соны байқап қалған бала Софы дереу:

Құтты болсын сағатың!

Жоқ қой бауы тағатын.

Серілікті маған берсеңші,

Қой ғой жөнің бағатын! –

деп бір шумақ өлең шығарып, төңіректегілерді ду күлдіреді. Әрине, жас баланың мұндай суырыпсалмалық қабілетіне куә болған ағайын-туманы іштей қатты таңырқатқаны да сөзсіз.

Ал әкесі Қалекең кезінде атақты Шашубай Қошқар­байұлымен, Майасар ақынмен айтысқа түскен адам. Сүйегіне сөз сіңген ол бірде осынау замандастарына өлеңге әуестене бастаған кішкене ұлының аузына түкіртіп те алған.

Бір ғажабы, осы кісі алғаш­қыда баласының әдебиетке бейімділігін құптағанмен, оның жазушы боламын деген талабын естігенде ыршып түсіпті.

Үшінші класта жүргенінде дөңгелек үстелдің шетіне отырып алып, әлдебір балаң ойларын қағазға түсіріп отырған ұлына:

Қарағым, не істеп отырсың?!– демей ме.

Әке, мен келешекте жазушы боламын. Қазір өлең жазып отырмын...

Әкесі шыр ете қалады:

– Ойбай, қой оныңды, шырағым! Қоймасаң, күні ертең мені де соттатасың, өзің де айдаласың итжеккенге...

Сөйдейді де, баланың алдын­дағы дәптерді жұлып алып, шаппашотпен күл-талқанын шығарады.

Ертеректе еншілері бөлінбеген ағайынды Сматай, Ақажан, Атжаубек үшеуінде бес жүз жылқы болыпты. Жиырма тоғызыншы жылы сол малға бола кулак деп, бай деп әкесі Сматайдың жер аударылып кеткенін білетін Қалыбек, біріншіден, осындай жағдайдан қорыққан. Одан соң сонау отыз жетінші жылы Өспен руднигінде шахтада жұмыс істеп жүрген кезінде халық жауы деп, Сәкеннің әкесі Сейфолланы айдап әкетіп бара жатқанын көріпті. Арбада отырған сыйлы адамға амандасып, «немене, бір жаққа жол жүріп барасыз ба, Секе?» десе: «Қалыбек қарағым, жақындама маған, жақындама!» дейді Сейфолла. – «Не боп қалды, ақсақал-ау?!». – «Бірдеңеге ұрынып қаласың, шырағым. Жолама! Мені бұл да халық жауы, Сәкеннің әкесі деп айдап әкетіп бара жатыр!». Қараса – арбаның арғы жағында мылтықтарын шошайтып милиция қызметкерлері тұрған көрінеді.

Аштықтың да, зорлықтың да, асыра сілтеушіліктің де, опасыздық пен сатқындықтың да нешеқилысы көз алдынан өтіп, санасында жазушы біткенді халық жауы деп ұстап әкетеді деген ұғым қалып қойған әкесі сақтанбай қайтсін бұдан кейін.

Бірақ бұл өлең жазуды тоқтатпайды.

* * *

Қалай дегенмен де, әрбір кең тынысты, терең ойлы жазушыны өз дәуірі туғызатыны аян. Әрбір кезеңдегі қилы тарихи жағдайлардың алдыңғы лекке өз серкелерін лықсытып шығарып отыруы – заңдылық. Нағыз суреткердің шығармашылық ғұмыры адамзат алдына өз уақыты қойған қым-қуыт ділгірліктермен тікелей сабақтасып жатады. Қаламгер мен замана шындығы арасындағы өзара күрделі, терең байланыс та дәл сондай тұстардан өзек алмақшы.

Айтуынша, тура Ұлы Отан соғысы басталған сәтте туыпты. Яғни, 1941 жылы маусымның 22-сі күні таңғы сағат жетіде шыр етіп дүниеге келген. Бертінде бұл мерзімді сәл өзгертіп, жетіден бес минут өткенде туыппын деп жүр. Мұнысы – сұрапыл соғысты емес, Ұлы Жеңісті ала келгенін меңзеу шығар...

Дәл сол сәт майданда жүрген әкесі Қалекең бұл бес жасқа толғанда бір-ақ оралады. Келе сала балдаққа сүйене жүріп паровоз машинисі болып жұмысқа кіріседі. Шешесі де ертеңнен қара кешке дейін жел өтінде дамыл таппай азаптанатын теміржол еңбеккері. Бұғанасы қатпай жатып өмір-тірліктің ащы-тұщысын ерте татып, тас шайнап өскен ұрпақ өкілі ретіндегі «төбесі тесік» өзі де Жазушылық деген әлемге сол жас кезінен-ақ бекіне ұмтылған сияқты. Һәм, ара-гідік болсын, әкесі мен оның көзі ашық қатарластарының оңашадағы күбір-сыбырынан ұғып қалатын іргелес отырған басқыншылармен ғасырларға созылып келген шайқастар... ежелгі қазақ хандары мен билерінің кемеңгерліктері мен бертінде ұлтшыл деп атылып кеткен Алаш арыстары туралы әңгімелер... Есейе келе СССР тарихының «Ұлы Октябрь революциясына дейін жазу-сызуы болмаған қазақтай бұратана халықтың тарихы Ресейге қосылғаннан кейін ғана басталған» дейтін қайшылықты сабақтары ертеден-ақ зерделі бозбаланы терең толғанысқа түсіре бастайды.

Сөйте-сөйте көкірегі ояу, санасы сара жеткіншек көршілес империялардың қазақтай рухы асқақ халықты лажын тауып шоқындырып, араларына іріткі салып, тілдерін жойып, мәңгүрттендіріп барып жеңуге бағытталған сұрқия саясатын жіті сезініп, солардың әділетсіз әрекеттеріне деген іштей қарсылығы біртіндеп күшейе береді...

Көкейіне тағдыры күрделі туған еліне деген шексіз сүйіспеншіліктен бастап түскен сонау от ұшқынының лап етіп тұтанып, бүкіл жан әлемін дүр сілкіндіргендей ерекше сәтті де ешбір ұмыта алмайды. Ол Мұхаңдай көреген ұстазының жөн сілтеуімен Мәскеуге аттанып, сондағы Болат және қорытпалар институтының бірінші курсында оқып жүрген кезі-тін.

Қазақстанның қырық жылдығын лайықты атап өту үшін студенті мен аспиранты бар, алты жүз қаракөз қыз-жігіт Ресей астанасының үлкен бір асханасына жиналады. Сонда жоғары курста оқитын көшбасшы жігіттердің бірі ұзыннан-ұзақ жайылған дастархандағы аз-мұз дәм-тұзды татудан бұрын белгілі дәрежедегі маңызды отырысты өзіміздің гимнімізбен бастап, сол гимнмен аяқтайық деп ұсыныс айтады.

Бұлардың қатарына жаңа ғана қосылған Софы әлгі тілекті қуана құптап, бірден ыңылдай жөнелген жерлестерінің әуеніне таңырқай құлақ түрсе – кәдімгі «Елім-ай»! Әрбір қазақтың сай-сүйегін сырқыратып, жүрегін өрекпітіп, жанын тербейтін әйгілі «Елім-ай» әні.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айрылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді...

Енді бір қараса, әлгі алты жүз қандасының бәрінің де көздерінен парлаған жас! Сәлден соң ғана аңғарыпты, соларға қосылып өзі де жан-жүрегі езіле егіліп тұр екен...

Сыртқы дүлей күштердің тепкісінен талай рет тоз-тоз болып, сан мәрте қайта түлеген қайсар елдің намысты ұл-қызының әрқайсысын дәл сол сәт қатты тебіренткен қасиетті Отан-Анаға деген теңдессіз сүйіспеншілік сезімі еді.

Әлгі мезетте ғажайып ән құдіреті дөңгелетіп мұның да көз алдына Алқакөл сұлама, ақтабан шұбырындыда кіндік кескен жерді тастап, ту-талақай үдере көшкен қалың ел елесін... Шапса құлан тұяғы тозатын, ұшса қыран қанаты талатын ұлан-ғайыр даланы мекендеген асқақ рухты бабаларының бітіспес жаумен арадағы қиян-кескі ұрыстарының көрінісін алып келген.

Осы керемет ән әсері туралы бір әңгіме... немесе новелла жазуым керек деген алғашқы ойдың миына қадалғаны да дәл сол сәт...

Содан-ақ Ленин атындағы кітапхана қорына тіркеледі. Көп күшпен Мәскеудің орталық мемлекеттік архивіне рұқсат алады. Сөйтіп қазақ-орыс, орыс-ойрат байланыстары, ойрат-қалмақ қарым-қатынасы... тақырыбын шұқшия зерттеуге отырған. Мұрағат мекемесінің бөлім-бөлімінен тарихқа қатысты тырнақтап, тірнектеп жүріп қыруар материал жинаған.Кейін сол дүниелер арқылы алып Қазақ еліндегі қанды шайқастар өткен жерлерді аралауға кіріскен.

Бастапқыда, әлбетте, жинаған материалдары шағын әңгіменің емес, келе-келе «Елім-ай» аталатын үлкен трилогия жүгін көтеретінін ойламапты да.

* * *

Төл тарихыңды ұмыттырып, түптің-түбінде ұлт ретінде жер бетінен жоқ қылуды көксеген тоталитарлық жүйеде мұндай тақырыпты қозғаудың аса қауіпті болғанын қайталай берудің де реті жоқ шығар. Ол үшін айрықша көзқарас қажет еді. Көзсіз батылдық қажет еді. Мұның батыл жазуына Мәскеуде оқығаны... Тіпті, басын бәйгеге тігіп, бұйығып жатқан Қазақ елінің жастарына аз да болса серпіліс бергізейік, сол Алаш өрендерінің өнерге, әдебиетке, мәдениетке құлшынысын күшейтейік деген тілек-талаппен кезіндегі атышулы «Жас тұлпар» ұйымын құрысқаны түрткі болған секілді.

Шеттегі ортаның бір жақсылығы – бұлардың болгар, неміс, поляк, румын студенттерімен қоян-қолтық араласып, қоғам дамуына мейлінше жаңаша келуге жағдай туғызған-тын. Шындықтың бар екенін... Демократияның не екенін біліп, нақты жағдайға біршама биіктен қарауға жеткен. Өз іштерінде ғана булығып жатқан елдегі студенттерге қарағанда ол жақтағы шәкірттердің айырмашылығы жер мен көктей еді. (Ал сонау алпыс алтыншы жылы ақпан айында Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжанов, Амангелді Сембин төртеуі келіп, Қазақстан Жазушылар одағында, ҚазМУ-де студенттермен кездесу өткізгені... Сонда Қазақ еліндегі жоғары оқу орындарында қасақана орысша жүргізілетін көптеген пәндерді ана тілінде өткізу туралы мәселе көтергені... Осыған жекелеген ақсақал қаламгерлердің: «бұл – барып тұрған арандату, бұл анау келмеске кеткен алашордалық Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, солардың хатшысы болған Мұхтар Әуезовтің дәстүрін жалғастыру әрекеті. Сондықтан біз мұндай басбұзарлыққа түбегейлі қарсымыз» деп, төртеуін де мемлекеттік қауіпсіздік қызметі арқылы дереу ұшаққа мінгізіп, келген іздерімен Мәскеуге қайта жөнелткені өз алдына бөлек әңгіме).

Арада бір жыл өткенде, осындай жастық албырттықтың әсерімен де болар, мадақтап аспанға көтеру былай тұрсын, жай атын айтуға ешкімнің жүрегі дауаламайтын о тұста Абылайханға қатысты либеретто жазуы, расында да, зор ерліктін-ді.

Оған мұрындық болған өзімнің шөберелес ағам, атақты композитор Сыдық Мұха­меджанов еді деп кішіпейілдік танытады бүгінде өзі.

– Бір идея бар. Сен Сәкен Сейфулиннің «Көкшетау» поэмасының желісі бойынша либеретто жаз!– деп ұсыныс жасайды композитор.

– Жоқ, мен, тіпті, опера жазамын бұл тақырыпқа!– деп құлшына түседі әлгі кезеңде «Елім-айын» біршама еңсеріп, қанаттанып жүрген бұл.

Шынында да, шығарма тез жазылады. Дегенмен, алғашқы қойылымын Қазақстан Компартиясы ОК мен Мәдениет министрлігі қызметкерлерінің сынағына ұсынғанда үлкен кедергіге ұшырағаны өз-өзінен белгілі ғой. Шаш ал десе бас алған белсенділер қай заманда да бар; әсіресе, әлгі тұстағы шовинистік пиғылдағы ағайындардан да қашанда асып түсіп отыратын өзіміздің кейбір сыңарезу қандастарымыз үш күнге созылған талқылауда бірінен-бірі озып: «Бұл – масқара! Ұлы орыс халқы мен қазақтың арасына сына қағу!» деп байбалам салады. Расында да:

– Сақта, тәңірім, Абылайды,

Абылай мұң-зарыңды танымайды,

деп екі жүз адам хормен айтатын тұсына қазірдің өзінде күмәнмен қарауға болар ма еді. Қысқасы, көпшілік алқа мүшесі:

– Бұл біздің идеологиямызға өте қарсы шығарма, сондықтан мұны қабылдау санаға сыймайды!– деген пікірге тоқайласа бастайды.

Қара терге түскен композитор бұған: «Сен үндемей ғана тыныш отыра бер. Күшік кезіңнен талансаң бетің қайтып қалар. Солақай алпауыттардың азуларына мен-ақ ілігейін!» деген секілді. Ағасының ақылымен тымпиып-ақ жүрген бұл іс ыңғайын байқап, үшінші күні шыдамай, сөз сұрап қол көтереді. Жиынды басқарып отырған партияның идеологиялық хатшысы Саттар Имашевқа бірден:

– Сәке, сіз Мәскеуге барған көп сапарларыңыздың бірінде Мусоргскийдің «Князь Игорь» операсын көрген шығарсыз. Сонда «Славься, славься!» деп Князь Игорьді мадақтайтын үш жүз әншінің дауысын естідіңіз бе?!– деп сұрақ қояды.

– Иә, ол операны екі рет тамашалаған едім!– дейді хатшы.

– Олай болса орыстың князын аспанға көтеріп мақтауға болады да, қазақтың ханын айтуға мүлде болмай ма? Және оны либерттада дәріптейтін мен де емес, сіз де емессіз, сол кездегі өз замандастары... Өз төңірегі ғой! Ендеше біз неге олардың аузына қақпақ қоямыз?!.

Сол мезет Саттар Имашевтың жаңа туындыға бүйрегі бұрып, қабылдатқанша асығып отырға­ны байқалып қалады:

– Жолдастар, автордың айтып тұрғаны әбден қисынды емес пе! Абылайханды мадақтап тұрған біз бен сіздер емес, өз тұстастары, өз маңайындағылар! Меніңше, мұнда тұрған ешбір сөкеттік жоқ!..

Міне, осыдан кейін барып өршелене қарсылық білдірген сынампаздардың беті бері қарай бастайды. Шығарма басым көпшілік дауыспен қабылданады.

Сөйтсе, үш күн бойғы талқылауға қазақтың мүйіздері қарағайдай бірнеше атақты ақын-жазушысы да қатысып жүріпті. Жиналыста төбе көрсете қоймаған солар бірінен кейін бірі келіп: «Софыжан, сен жақсы болдың! Мына Абылайды шығардың. Енді бізге де жол ашылды. Рахмет. Көсегең көгерсін!» деп құшағына алып, құттықтаған сәттері де есінен кетпейді.

Әрине, мұндай көріністердің бәрі қашанда опырып, өте өнімді жазатын қабырғалы қаламгер шығармашылығының бір қыры ғана. Әйтпесе, «Көрермен үшін, оқушы үшін, жалпы жұрт үшін не қажет – Софы соның бәріне білек сыбана кірісіп кететін әдебиеттің сардары, жанр атаулыдан жүрегі тайсалмайтын батыл қаламгер» деп әйгілі әріптесі Дулат Исабеков әділ бағалағанындай, жазушының «Ел-шежіре» баспасынан шыққан он жеті томдық жинағындағы тоғыз роман, он үш повесть, он төрт пьеса, он екі дастан, үш киносценарий, бес опера либереттосы, бірнеше әңгімесінің өзі талай жәйтті аңғартатыны анық. Һәм: «Зерделі талант, білімді қаламгер өз елінің өткеніне де үңіледі, бүгінін де жаңғыртады. Ой-өріс кеңдігі, аңғарымпаздық халқын жырлаудан жалықпайтын қуатты қаламға қыруар көмбелер көзін ашып, қай тақырыпқа барса да, Софының ел деп соққан жүрегіне өзінің идеялық қазығын қашан да дөп басып таныта білген. Ілгерілеу кезеңі, тоқырау дәуірі дегендерге қарамастан ең алдымен ол өзі өмір сүріп, суреттеп отырған уақыттың сұрыпталған көрінісін бүкпелеп, бақай есепке құрмай, қаз-қалпы күйінде жеткізе берген» деп кезінде сарабдал сыншы Зейнолла Серікқалиев айтқандай, бұлардың қай-қайсы да қалың оқырмандары тарапынан ілтипатқа бөленіп, жоғары бағасын алған туындылар.

 

 

 

Қазақ прозасының ендігі буынының көш басында «Елім-ай» романының авторы – Софы Сматаев тұратыны сөзсіз.

Ғабит Мүсірепов

Софы Сматаев өзінің атақты «Елім-ай» романымен халқымыздың құрметіне бөленген жазушы.

Нұрсұлтан Назарбаев

С.Сматаев в своем романе не только сумел подлинно воспроизвести картину жизни казахов в 17-18 в.в., но и показал лучшие проявления национальнего характера народа: героизм, мужество, стойкость, свободолюбие, умение ценить дружбу и любовь.

Расул Гамзатов

Известно, что писатель откырывается книгами. Я откырыл для себя Софы Сматаева через его «Елим-ай». Диалогия «Елим-ай» не только гимн скорби и печали, но и гимн жизнеутверждающий.

Чингиз Айтматов

Үлкен дастанды біздің алдымызға жайып салған Софы ақынның айтары терең, байтағы кең, биігі заңғар.

Тұманбай Молдағалиев

«Елім-ай» романы Софының жазушылық деңгейін бір өсірсе, қазақ оқырмандарының, қазақ ана емес, басқа да ұлттардың рухани нәрінің бір таза бұлағына айналған еді.

Әзілхан Нұршайықов

Ақтабан шұбырынды оқиғасын тұңғыш рет қағазға түсіріп жария етуші осы Софы болатын. Қалайда ол өз шығармаларымен халқымызды өзіне-өзін танытып, еңсесін көтерді ғой.

Қалмұқан Исабай

Азаматтығы мен пендешілігі ылғи да итжығыс түсіп жататын қазақтың ұлы әдебиетінде сөзі мен ісінің арасында шекара қоймайтын, шалқар дарынын, ұшқыр парасат-пайымын адамгершілігі жетелеген Софыдай қанатты тұлғаның болуы – ұлтымызға қуаныш.

Мұхтар Шаханов

Айтпақшы, әуелгіде баласының жазушылыққа талпынғанын құптамаған Қалыбек аға алпыс жасында қайтыс болғанда, төс қалтасынан Мұхтар Әуезовтің баяғыдағы қолтаңбасы шығыпты. Демек, ардақты әке бәрібір, дарынды ұлының үлкен қаламгерлік жолды таңдағанын және оның Мұхтардай дананың шәкірті екенін іштей лайықты мақтан тұтқан...

Дегенмен, Софы Сматаевтың шығармашылық жолы тақтайдай тегіс бола қоймағанын да байқаймыз. Айталық, оның жиырма жасында жазған алғашқы «Астана оттары» аталатын өлеңдер мен балладалар жинағы жеті жылдан кейін зорға шыққан екен. Сол секілді «Елім-айдың» да бірінші томы баспада он бір жыл «кезек күтіп» жатады. Әйткенмен, жас қаламгер осы кітабы о кездегі үш жүзге таяу тиражбен тарайтын «Жұлдыз» журналында жарияланған сәттен бастап-ақ даңқы бір-ақ күнде шырқау биікке зымырап көтеріліп, нағыз халық жазушысына айналып кеткен еді.

Құлтөлеу МҰҚАШ