БАҒА ҚАЙДА БАРАСЫҢ, ҚАЛТАМЫЗДЫ ТАҚЫРЛАП?..
2017 ж. 07 қараша
3614
7
Қазақта «Алтын, күміс - тас екен, арпа, бидай ас екен» деген айна-қатесіз айтылған нақыл сөз бар. Данышпан бабаларымыз айтып кеткен, ғасырлардан жеткен осы бір тәлімі мен мағынасы зор мақалды біз ұмытып кеткен секілдіміз, тіпті еске де алмайтын болдық. Тойымсыздыққа салынып, болашағымызды ойламайтын бүгінгі біздерге қарағанда ұрпағының қамын алдымен қарастырып, жүздеген жылдарға жоспар құра білген аталарымыз асыл сөзді босқа айтпаған. Оның қайта айналып соғып, еріксіз құлақ түргізер сәті қалайда келері анық. Сол сәт байқатпай келіп те қалған сыңайлы...
FAO-ның (FoodandAgricultureOrganization – БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы) әлемдік азық-түлік нарығының жағдайы туралы жасаған болжамдары көңіл көншітпейді. Дүниежүзілік сарапшылардың жер шарында тұтастай азық-түлік өнімдеріне деген тапшылық пен бағаның есепсіз көтерілуі жалғасатынын айтады. «Азық қорлары бұрынғыдай төмен деңгейде болады және бағалар жоғары әрі құбылмалы болып қалады», – делінген 8-қыркүйекте жарияланған FAO есебінде. Бұл беделді ұйымның болжамы мен сараптамасына сенбеске болмайды. Соғыс өрті шалып аштыққа ұрынған мемлекеттерді айтпаған күннің өзінде, төрт құбыласы тең, қуатты деген Батыс елдерінің өзінде тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету қиынға соғып отырғанын байқаймыз. Халық санының күрт өсуі мен жер тапшылығы бұған бірінші кезекте әсер етері белгілі. Мақтаулы жаңа технологияңның өзі бұл мәселені толықтай шешуге көмектесе алмайды. Әрине, әлемде орын алып отырған жағдайдың Қазақстанға әсері болары сөзсіз. Біздің елімізде байқалып отырған азық-түлік бағасының қымбаттауы соның бір көрінісі. «Қазақстан өз халқын осы қауіп-қатерден қорғай ала ма?» деген үлкен мәселе тұр алдымызда. Жері кең, суы мол еліміздің мүмкіншілігі баршылық, мәселе соны қалай пайланатынымызда.
Тойымсыздық дегенді босқа айтып отырғанымыз жоқ. Жердің асты-үстін қопарып тас-талқан етіп, бүгін соңғы күн өмір сүріп жатқандай жанталасуымыз соны көрсетпей ме? Хан сарайындай коттедж салып, астымызға қымбат «Джип» мінгіміз келіп, ағыл-тегіл той жасап, өзгелердің өзегіне өрт тастауға құмармыз. Пайда табу үшін, тезірек байлыққа кенелу үшін өзіміз үстінде отырған теректі түбінен шабуға әзірміз. Болашағымызды ойламаймыз дегендегіміз, жерімізді жөн-жосықсыз жұлмалап тапқан пайдамыз қазақ ұрпағына ғасырлық азық болмасы белгілі. Жауларымен жағаласып, қанын төгіп қорғаған, ұрпағына мұра етіп қалдырған қасиетті жерімізді қадірлеп, ұқыппен пайдаланып, үнеммен ұқсату деген атымен жоқ. Алысқа көз жүгірте білген ата-бабаларымыздың қасында, ашығын айтсақ, біз – көрсоқырмыз. Оны мойындауымыз керек.
Қазақстан алдымен аграрлық мемлекет бола тұра ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген бағалардың жиі шарықтауы біздің тойымсыздығымызға нақты дәлел. Бағаның қымбаттауы негізінен алыпсатарлардың көптігіне байланысты орын алған деген пікір басым. Ол да рас және одан да басқа себепері толып жатыр. Мәселен, былтыр орамжапырақтың келісі оңтүстік өңірде 17 теңге болса, өзге аймақтарға апарғанда 71 теңгеге жеткеніне куә болдық. Ол да ештеңе емес, былтырғы бағалар биылғы қымбатшылықтың қолына су құя алмай қалды. Бір жылда ғана көтерілген бағалар бас айналдырады. Қиярдың бағасы соңғы бірер айда 26,7 пайызға қымбаттап шыға келді. Тіпті күзгі терім уақыты – қыркүйек пен қазан айында оның келісі 293-300 теңгеге бірден көтерілді. Екінші нан аталған картоп бағасы 20,3 пайызға қымбаттап, қыркүйекте 119,5 теңгеге, қазан айында 180-190 теңгеге жетті. Қызанақ 18,7 пайызға қымбаттап, құны 306 теңгеден асқан.
Етсіз отыра алмайтын қазақтың сорына қарай мал өнімдері де айтарлықтай қымбаттады. Сиыр етінің бағасы осыдан бір жыл бұрын келісіне 1100 теңге болса, қазір саудада сылып алар еті ғана бар сүйегінің өзі кем дегенде 1500 теңгеден асып жығылады. Қой мен жылқы еті одан да қымбат. Қазан айының көрсеткіші бойынша жұмыртқаның 10 данасы 230 теңгеге жеткен. Ал сүттің 1 литрі 188-200 теңгені құраған. Баға туралы айта берсек оның жыры жалғаса береді. Азық-түліктің барлық түрлері қымбаттағанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Сарапшылар мен мамандардың айтуынша жүгенсіз кеткен баға әлі де өсе бермекші.
Енді алдында айтқан «Алтын, күмістің – тас, арпа, бидайдың – ас» екеніне қысқаша тоқтала кетейік. Адам баласының тіршілігіне алдымен азық қажет, бұл – жаратылыс заңы. Астыңа қымбат көлік мініп, алтын сарайда тұрғанмен бәрібір өмір сүру үшін тамақ керек. Министр мен әкім де, қарапайым адам да ас ішпей жүре алмайды. «Ас – адамның арқауы» деп тегін айтылмаған, сондықтан алғашқы байлығымыз да – азық-түлік. Оны өсіріп, өндіруге мүмкіндігіміз жетіп артылады. Жайлымдық жер мен құнарлы егістік дегенді Құдай қазаққа аямай бере салған. Бірақ соны есебін тауып, ұқыпты, тиімді пайдалану жоқ. Жекешелендіру деген желеумен ауыл атаулының басым бөлігін құртып болдық. Бұрын төрт түлігін өсіріп, егін егіп өзін де өзгені де асырап отырған алыс ауылдардың жартысы қаңырап бос қалды. Оның тұрғындары күнін көру үшін қалаға қарай ауысты. «Еуропалықтар сияқты қалада тұрып, мәдениетті өмір сүреміз!» деп ұрандатқан кезіміз де болды. Сонда қалада асфальт үстінде асыр салған «мәдениетті» қазақты кім асырамақ? Осы жағын неге естен шығарып алдық? Бәсекенің негізінде баға түседі деген батыстықтардың қағидасын жатқа соққанмен баға өздігінен төмендемейді. Өнім өндіретін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына «ауыл жылдары» деп аталып, үш жылда үш тиын жетпеген алдартпа бағдарлама емес, шынайы қолдау керек. Қолдаудың әлсіздігінен көкөніс пен жеміс бойынша Өзбекстан, Қырғызстан, Польша секілді мемлекеттерге, тұтынатын тауарлар бойынша әсіресе Қытайға күніміз қарап қалды.
Қазір ауыл шаруашылығы өнімін өндіретіндерден ортадағы сауда-саттықпен жүрген делдалдар саны екі-үш есе көп. Сол қысы-жазы қиындығын көретін санаулы мал өсірушілерден келісін 800-900 теңгеден алған етті базарда 1500-ден сататындар да солар. Тіпті қалада ұйымдастырылған «ауыл жәрмеңкесіне» дейін кіріп кетеді. Сөйтіп бағаны көтеріп жібереді. Шетелге еліктегіш болсақ, олардың құнды тәжірибесін неге енгізбейміз. Мысалы, көптеген елдерде ауыл шаруашылығында істейтін кәсіп иелерінің қалада өздерінің «фирмалық» былайша айтқанда арнайы сауда орындары бар. Олар ешқандай делдалсыз, өнімнің шынайы шығынын есептей келе ойдан құрастырылған емес, нақты бағасына сатады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретіндерге салық, сауда орындарын жалға беру сияқты бағыттарда көптеген жеңілдіктер жасалған, тіпті мемлекет тарапынан тұрақты ешқандай қайтарымсыз субсидия бөлінеді. Соның бәрі азық-түлікті мол өндіру мен бағаның шарықтап кетпеуі үшін жасалған шаралар. Ал, бізде ше? Ауылдан етті арзанға алып бір делдал базардағы саудагерлерге өткізеді. Саудагерлер өз қалауынша баға белгілеп табыс табады. Мал иесі сойып әкелген етін базардың табалдырығынан өткізе алмайды. Ол жердің бәрі алдынала бөлініп қойған. Бағаны бақылауға тиісті жергілікті билік пен базар басшыларының онымен жұмысы жоқ. Оларға саудагерлер әрбір орынға тұрақты түрде қомақты ақша төлеп тұрса болғаны. Мемлекет тарапынан берілген қаржылай көмек үстеме пайызбен қайтарылуы керек. Оның үстіне қаржы өз мақсатына бағытталмайды, орта жолда жырымдалып ұрланады. Бұл айтқанымыздың бәрін бағаның өсуіне байланысты бірінші себеп деп атауға болады.
Екіншіден, түрлі экономикалық немесе кедендік одаққа енген соң, көрші елдермен қарым-қатынас жасаған соң олардың да белгілі бір дәрежеде ықпалы болады. Сондықтан да сарапшылар мен шенеуніктерден «Көрші мемлекетте тауар нарқы жоғары болса, бізде де баға көтеріледі» деген секілді дәйектерді естіп жүрміз. Бұл жерде де негіз жоқ емес. Дегенмен, қандай экономикалық одақта болсақ та, кіммен көрші тұрсақ та біз алдымен өз мүддемізді қарастыруға міндеттіміз. Он жерден тату-тәтті көрші болса да, біз үшін ешқайсысы бас қатырмайтыны белгілі. «Баға төмен болса, біздегі арзан тауарды өзгелер түбімен көтеріп сатып алып кетеді. Сондықтан, бағаны көтеруге мәжбүрміз» деген үркітулер Үкімет тарапынан жиі айтылады. Және дәп солай істеліп келеді де. Солай-ақ, болады делік. Біздің тауарларды арқалап кететіндей сонда бізде шекара мен кеден деген қызмет атымен жоқ болғаны ма? Әншейінде шетелден кіргенде қойын-қонышыңа дейін тіміскілеп тінтетін кеден қызметкерлері сыртқа тауар тасыған көршілерді немесе заңсыз шекарадан өтушілерді көрмей көздері байланып қала ма? Әлде арзан тауарды арқалып әкететіндер оларды арбап, дуалап тастай ма? Сондықтан, бұны сыныққа айтар сылтау деп түсіну керек шығар. Одан қалды экономикалық, кедендік одаққа қатысушы елдер арасында жасалған өзара келісім-шарттар бар емес пе? Кіріп-шығу, тауар тасымалы мен оның бағасы жайлы ережелер сонда алдын-ала бекітілген. Сол ережеде «Кір де, қалағаныңша көтеріп алып кете бер» деген бөлім жоқ шығар. Ондай бөлім болса біз өз мүддемізді мүлдем ұмытқанымыз.
Бағаны еріксіз көтеретін екінші себеп – өз ішімізде өндірілетін қуат көздерінің негізсіз қымбаттауы. Көмір мен мұнайы жүзжылдықтарға жететін елде мұндай қарама-қайшылық атымен болмауы керек-ті. Өкінішке орай, шикізаттың мол көзі бола тұра өзге елдерге тәуелді болып келеміз. Қуат көздері бағасының қымбаттауы бүкіл тауарлар құнын еріксіз көтеріп жіберетінін бес жасар бала да біледі. Сөйте тұра біз осы бір өзімізге тікелей байланысты мәселені ондаған жылдар бойы шеше алмай келеміз. Электр қуатының әлсін-әлсін қымбаттауы мен жақында ғана болған жанармайдың тапшылығы осыған дәлел. Ең қызығы жылдар бойы жанармай көктем мен күз айларында жоғалып кетеді. Артынша бағасы көтеріліп шыға келетініне талай рет көз жеткіздік. Бір қарағанда бұл көктемгі егіс пен күзгі орақ науқанына қарсы біреулер тарапынан жасалған арандатушылық, ұйымдастырылған қастандық па деп қаласың. Нақты дәлел болмаған соң ол жағын дөп басып айту қиын, ал бағаны көтерудің таптырмас әдісі екені айдан анық. Биылғы сондай қолдан жасалған құйтырқыдан кейін энергетика министрі Елбасынан сөгіс алып тынды. Бірақ, бүкіл елге мәлім етілген сөгіс бензин бағасын қайтадан орнына келтіре алмады. Қазір 92 маркалы жиі қолданыстағы бензин бағасы 166 теңге деңгейіне көтеріліп алды. Енді төмен түсе қояры екіталай. Осыған тікелей жауапты министр Қ.Бозымбаевтың өзі алдағы уақытағы бензин бағасына деген болжам жасауға батпай, күмілжулі. Ал алыс аудандарда оны 200 теңгеден саудалап жатқаны туралы деректер айтылып жатыр.
Нарық заңы бойынша баға еркін болу керек деп қарап отырсақ, бұдан да сорақысын көретін боламыз. Бақылаудың жоқтығы бағаның емін-еркін шарықтауына деген үшінші себеп болып табылады. Оны өзіміздің өмірлік тәжірибемізге үңілсек анық байқаймыз. Қарапайым ғана мысал, мемлекеттік қызметкерлерге немесе зейнеткерлер мен мүгедектерге зейнетақы көтеріледі деген сыбыс шығысымен базардағы бағалар алдын-ала көтеріле бастайды. Тіпті қуат көздерінің бағасы сол бұрынғы деңгейде тұрса да, қосылатын зейнетақы адамдардың қолына тимей жатып күнделікті тұтынатын тауарлар азайып, қымбаттап шыға келеді. Неге? Бұл да тойымсыздықтың белгісі. Бағаның көтерілгенінен біздің байлардың қылшығы да қисаймайды, қиналатын қарапайым халық. Оны реттеуге тиісті билік басындағылардың бәріне жуығы ауқаттылар, кәсіпкерліктен келгендер. Депутаттар құрамының басым бөлігі – бұрынғы әкімдер мен бай кәсіпкерлер. Кезінде жағдайын жасап алғандар отыр лауазымды орындарда. Сондықтан, олар бұл мәселеге онша бас қатыра қоймайды. Заң бойынша қарапайым халықтың қамын қарастыруға міндетті болғандықтан өтірік қимылдағандай қейіп танытып қоя салады.
Біздегі баға саясаты туралы сарапшылар мен белгілі деген экономистер өз пікірлерін жиі айтып келеді. Бірақ одан шығарылып жатқан қорытынды жоқтың қасы. Бағаның не себепті көтерілетінін бәріміз де білетін сияқтымыз. Одан шығудың жолдары да жұмбақ емес, іздегенге оның шешімі табылады. Бірақ соған деген шынай құлық пен нақты қимылды көре алмай келеміз.
Мың өліп, мың тірілген қазақ не көрмеді. Бұдан да қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерген. Сол сын сағаттар, сол қиындықтар қайталанбау үшін бүгін дұрыс бағыт ұстап, еңбек етуіміз керек.
«Керей қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымағым жебелеп...» – деген екен сондай бір ауыр кезеңдерде елді бірлікке шақырған абыз бабамыз Бұқар жырау. Әр заманның айтар өз зары бар демекші, бүгінгі күні сол Бұқар бабамыздың сарынымен «Баға қайда барасың, қалтамызды тақырлап?.. демеске шарамыз жоқ. Жалынды жырмен қатыгез нарықтың жүрегін жылытамыз деу бос әурешілік. Оған жібіп, ырыққа көне салатын бағаны көре қоярымыз да неғайбыл-ау...
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz