ӘЛІПБИІМІЗДІ ӘДЕЙІ ҚАТЕ ЖАЗЫП, АРАНДАТУШЫЛАРДАН САҚ БОЛАЙЫҚ!

Мемлекеттік  әліпбиді  келеке  етуге ешкімнің қақысы жоқ!

Қазақ руханиятының  кириллица қорасынан шығып, бодандықтан бостандыққа шығуына ең алдымен Ресейдің шовинист  саясаткерлері мемлекеттік думасынан бастап, талақтары тарс айырылуда. Оларға  Қазақ Елінің  Тәуелсіздігінің 26 жылында өз әліпбиін өзі таңдап, рухани тәуелсіздікке қадам жасағаны қатты ұнамай қалыпты... Отарлап қалған елдің ойбайлауын қойшы, оларға өзіміздің  құлсаналылар, жау жағадан алғанда, етектен тартып жатқан иттер де қосылып,  жаңа қазақ әліпбиі  бекітіліп кетсе де, шәуілдеуін  қояр емес. Фейсбук желісіндегі  "Ел не дейді" тобында жарияланған    "Қазақ үні" порталының   "Ж.Мәкіш: Биліктің әліпбиімізге реформа жасап жатқаны – үлкен ерлік!"-атты мақаласына    Досбол Оразғалиұлы деген біреу  "Қайырлы күн ағайын" деген сөйлемді төмендегі  суреттегідей  түгел үтірмен жыпырлатып,  әдейі қате жазып, елді адастырып, арандатуда.   Досбол Оразғалиұлы,  жаңа қазақ әліпбиін білмесең, сауатың жетпесе, елді шатастырма! "Қайырлы күн ағайын" деген олай барлық  әрпі үтірмен жазылмайды: «Qai'yrly ku'n، ag'ai'yn» деп жазылады, үш сөзде  үш әріпте ғана үтір бар. "Қ" әрпі жаңа әліпби бойынша K-ға үтір қойылмайды, ешқандай үтірсіз Q q  әрпі.  Сен үш жерде келтірген Ы әрпі де ешқандай үтірсіз  Yy  әрпімн жазылады. Л әрпі де ешқандай үтірсіз L l  болып жазылады. К әрпі де үтірсіз К болады. Екі жерде келтірген Н әрпінде де үтір жоқ, N n болады. "Қайырлы" мен "aғайын" деген cөздерде үш жерде келетін А әрпіне де еш ұялмай үтір қойыпсың, А әрпі А болып үтірсіз жазылады. Р әрпіне де үтір қойыпсың ол да, үтірсіз R r болып жазылады. Сонда үтір қойылатын Й- i', Ү- u', Ғ- g' үш әріптен басқа барлық әріптерің түгел қате! Сонда саған біреулер осылай барлық әріпті қате жазып, арандату үшін тапсырма берген бе? Бұлар жалғыз емес...   Арам ойларындағы  анайы сөздерді келтіріп, әліпбиді  бұрмалаушыларға арандатушылықтарыңды тоқтат, елді сауатсыз,  қате жазуыңмен адастырма  дейміз!  Мемлекеттің мемлекеттік ресми әліпбиімен ойнауға,  келеке  етуге ешкімнің де қақысы жоқ! Өз ойын бүкіл елдің атынан айтып، қазақ әліпбиіне қарсы болып отырғандар елдік намысты ойлау керек алдымен. Мысалы, менің орыс көршім латын әліпбиін үйренуі үшін баласын қазақ мектебіне бермекші. Елге қазақтың жаңа әліпбиі туралы теріс қоғамдық пікір туғызатындар қазақтың кириллица бұғауынан шығып, латынға өтуіне қарсы Ресейдің Думасындағы шовинист саясаткерлерді, жириновский, лимоновтарды қолдаушылар. Кеше де жаздық, тағы да қайталайық.  Алғашқыда бәрі тосын болатыны белгілі, ешнәрсе  оңай қабылданбайды. «Көш жүре түзеледі» дегендей, бұл  жаңа қазақ әліпбиіндегі 32 әріп енді  32 тістен шыққан соң, өмірде қолдану барысында сүзгіден өтетіні анық. Уақыт елегінен өтіп, өмір  өз  түзетулерін жасайтынын да ұмытпайық!
Енді етектен тарта бермей, Ел болып, еңсе көтеріп, Еркін рухтағы әліпбиімізді өмірге енгізуде ерен екпінмен еңбек етуіміз керек! Кертартпалықтың тигізген кесір-кесепаты аз емес!.. Бірнәрсе біліп, сынаса, мейлі ғой, «Анау қарсы шыққан екен, мен де қарсы шықсам, қатардан қалмаспын» – деген тобырлық пиғылдың тобықтан қаққаннан басқа толық шешімін тапқан іске тигізер пайдасы жоқ екенін түсінуіміз керек.
Ең бастысы, 2017 жылы 26 қазан күні – 1940 жылы Кеңес империясы күшпен бір күнде кіргізе салған кириллица қорасында 77 жыл қамалған әліпбиіміз бодандықтан босаған күн! Бостан рухқа бағытталған Көшіміз қозғалды, көлікті болсын дейік! Мемлекеттік тілімізді міндеттеу туралы мақалаларымызда талай жазғандай, «ЖҮЗУДІ ҮЙРЕНУ ҮШІН СУҒА ТҮСУ КЕРЕК!»   http://www.qazaquni.kz/2011/09/14/8911.html Сондықтан, қазақ руханиятындағы тарихи күн – 2017 жылғы 26 қазанды Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі күні деп белгілесе, артық емес.
Латын әліпбиіне өту  – Рухани Тәуелсіздікке жасалған болашағы зор жарқын қадам! Қазыбек ИСА Qazaquni.kz