«ӨРЛЕУ» - ТИІМДІ ЖОБА
2017 ж. 28 қыркүйек
4121
0
Оңтүстік Қазақстан облысында «Өрлеу» бағдарламасын іске асыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бір ғана Мақтарал ауданында биыл аталған жоба аясында республикалық бюджеттен 963 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 600 миллион теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде 1439 отбасы, яғни 15493 адам өз кәсіптерін ашып, тірлігін дөңгелетіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникация орталығы ұйымдастырған пресс-тур барысында Мақтарал ауданының әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков мәлім етті.
«Өрлеу» бағдарламасының тиімділігін көрген көпбалалы ананың бірі – Шынар Саттарова мемлекеттен 450 мың теңге демеу қаржы алып, Жетісай қаласынан дәмхана ашыпты. Қазір бұл жаңадан ашылған шағын кәсіпорында 5 адам жұмыспен қамтылған.
– Мемлекеттің «Өрлеу» жобасын қолға алғаны біз секілді көпбалалы аналарға мол мүмкіндік беріп отыр. Мен өз басым осы жобаны пайдаланып, кәсіп ашуға бел будым. Әзірге нәтижесі жаман емес. Халыққа сапалы қызмет көрсетіп, алғашқы табыстарымызды көре бастадық, – дейді кәсібін енді бастаған «Қанат» дәмханасының басшысы Шынар Саттарова.
Мұнан соң БАҚ өкілдері Мақтарал ауданы Ш.Ділдәбеков ауылдық округі «Бірлік» ауылына атбасын бұрып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы аясында ашылған «Жастар» спорт кешенінің жұмысымен танысты. С.Қожанов мектебінің базасында орналасқан кешеннің қайта құрылымдау жұмыстарын осы ауылдың тумасы кәсіпкер Абыз Алипов өз қаржысына жүргізіпті. Мұнда ауыл жастары бір уақытта спорттың волейбол, баскетбол, футбол түрлерімен айналыса алады. Алдағы уақытта кәсіпкер осы ауылдан су спорты кешенін салып беруді жоспарлап отыр екен. Бұдан бөлек, Абыз Алипов «Бірлік» ауылының кіреберісіне қақпа тұрғызып, ауылдағы баспанасыз жүрген жағдайы төмен отбасыға құны 5 миллион теңгелік жаңа баспана салып беріпті. Кәсіпкердің көрсеткен көмегіне, ауылын түлетуге деген ниетіне тұрғындар дән риза.
qazaquni.kz