Тоқтар Төлешовтың асыл тұқымды жылқылары соғымға сойылды (ФОТО)
2017 ж. 28 қазан
6553
12
Тоқтар Төлешовтен тәркіленіп алынған сәйгүліктер соғымға кетіп жатыр. Иесі қамауға алынған соң Шымкент зообағына өткізілген асыл тұқымды тұлпарлардың біреуін зообақ қызметкерлері сойып алған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Зүлфия Ғаниева, Шымкент зообағы директорының орынбасары:
- Қоршаудан шапшимын деп аяғын сындырып алды. Сүйегінен еті ажырап кеткен соң жанымыз ашып сойып алдық. Сөйтіп етін оншақты қызметкерімізге жалақы есебінен деп бергеніміз рас. Есесіне келісі мың теңгеден ғана түсіп отыр.
Қазір Төлешовтің тағы бір сәйгүлігі ақсап жүр. 18 жастағы араб тұқымдас Берд есімді биенің де аяғынан қалып жүргеніне бірнеше күн ғана екен. Екі құлынымен бір вольерде жүрген ол ветеринардың жеке қарауында.
Жалпы, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыппен сотталып кеткен Тоқтар Төлешовтің асыл тұқымды 5 тұлпары зообаққа өткен еді. Арасында тек шабысқа мінілетін араб және ағылшын жылқылары бар. Мекеме қызметкерлері сәйгүліктердің тәбеті жақсы дейді. Ал, сырқаттанған Бердті соғымға кетірмей емдеп алуға барымызды саламыз деп отыр.