Енді смартфон көмегімен базарларда төлем жасауға мүмкіндік бар
2017 ж. 27 қазан
1809
0
Енді қазақстандықтардың смартфон көмегімен базарларда төлем жасауға мүмкіндігі бар. Қазкоммерцбанк пен Visa компаниясы Visa технологиясының мобильдік қосымшасы негізінде инновациялық Homebank Pay төлем сервисі іске қосылғанын хабарлады. Аталған төлем сервисі тұтынушыларға QR кодты суретке түсіру арқылы төлем жүргізуге мүмкіндік береді, - деп хабарлайды qazaqtimes.com.
Тіпті сауда орындары мен қызмет көрсететін кәсіпорындар аталған төлем қызметін пайдаланған жағдайда қымбат тұратын POS-терминалдарды сатып алмаса да болады. Яғни олар да QR-технологиясы арқылы контактісіз төлем қабылдауға мүмкіндік алады. Осы тұрғыдан алғанда жаңа жүйе кәсіпкерлер үшін тиімді болғалы тұр.
Ал мұндай жаңа төлем жүйесін іске қосу үшін тұтынушы смартфонына Homebank мобильдік қосымшасын жүктеп алып, сондағы нұсқаулықтармен танысса болғаны. Содан кейін тұтынушы смартфонның камерасы арқылы сатушының (интернет-сайттағы немесе полиграфиялық сурет ретінде бейнеленген) QR-кодын түсіріп алу қажет, сол сәтте жүйе коммерсанттың барлық деректерін автоматты түрде танып, төлем бірден жүргізіледі.
Осылайша Qazkom-ның басқарушы директоры Нұрлан Жағыпаров жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін таныстырды.
«Сатушы QR-кодты кез-келген қағазға немесе картонға орналастырып қойса болғаны. Қызметті такси жүргізушілері мен базардағы сатушылар да қолдана алады. Тіпті тойға барған қонақтардың қалтасында қолма-қол ақшасы болмаса, жай ғана QR-кодты сканерлеп, жас жұбайларға ақша аударуына болады», – деді ол.
Ал төлем жасалғаннан кейін тұтынушыға және сатушыға төлемнің жасалғаны туралы Homebank қосымшасы арқылы SMS келеді.
Бұдан бөлек жобаны таныстыру кезінде Нұрлан Жағыпаров кейбір елдерде QR-төлем жүйелері басқа технологияларды ығыстырып жатқанын атап өтті.
Оның сөзінше, жүйе осы айдың аяғына дейін онлайн дүкендер үшін 100 пайыз іске қосылатын болады. Ал қараша айында Алматы және Астана қалаларындағы сауда орындарында іске қосыла бастайды. 2018 жылы басқа аймақтар біртіндеп қосылады.
Ал «бұл жүйеге сатушылар, кәсіпкерлер қалай қосылады?» деген сұраққа келер болсақ, олар Qazkom-мен сауда эквайрингі бойынша (банк картасын ұстаушыларға қызмет көрсету - ред.) келісім-шарт жасау керек. Ол бойынша өтінішті банкке бармай-ақ, банк сайты арқылы беруге болады.
Келісімшарт жасалған соң Qazkom-ның эквайринг серіктестері жаңа Homebank Pay қызметіне автоматты түрде қосылады, банкке барудың қажеті болмайды.
Ал осы қызметті тұтынушылар немесе тауар сатып алушылар QR-код арқылы есеп жүргізу үшін жоғарыда айтып өткендей Qazkom-ның Visa картасын және смартфонында (Android немесе iOS) Homebank қосымшасының соңғы нұсқасын пайдаланса жеткілікті.
Маржан НҮСІПБЕК
qazaquni.kz