БІРІНШІ БАСШЫЛАР ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ЖАЛТАРУҒА КІРІСТІ
2017 ж. 21 қазан
2670
7
МИНИСТР Т.СҮЛЕЙМЕНОВТіҢ ҰСЫНЫСЫ ДЕПУТАТТАРДЫҢ ЖАҒАСЫН ҰСТАТТЫ
Министрлер мен әкімдер игерілмей қалған қазына қаржысына жауап бергісі келмейді. Оны Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің Мәжіліске алып келген бюджетке қатысты құжатынан анық аңғаруға болады. Министрдің ұсынған жобасы бойынша жыл соңында мемлекеттік мекемелердің шотында игерілмей бос қалатын миллиардтардың сұрауы енді тек орынбасарлар мен департамент директорларының мойнына ілінбекші. Үкімет бюджет туралы заңға осындай өзгеріс енгізіп, Мәжілісте тастай етіп бекітіп алмақшы екен. Бұны естіген халық қалаулылары отырған орындарында есеңгіреп, бірден «накаутқа» түскендей болды. Естерін жиып алған соң депутаттар министрді сұрақтың астына алып, өздері де жаппай қарымта шабуылға шықты. Министрлер мен әкімдер жылда депутаттарға ауқымды жоспарларын көрсетіп, уәдені үйіп-төгіп, өлердегі сөзін айтып бюджеттен қыруар қаржы бөлдіріп заңдық тұрғыдан бекітіп алады. Бірақ, сол шенеуніктердің басым бөлігі іс жүзінде мойнына алған міндеттемелерін толық орындай алмай қалады. Нәтижесінде жыл соңында мемлекеттік мекемелердің шотында миллиардтаған қаржы игерілмей бос қалады. Сөйте тұра көптеген аймақтарда мектеп, емхана, балабақша салуға, жол, су жүйелерін жүргізуге қаржы жетіспей жатады. Бұл жыл сайын тұрақты түрде қайталанатын үйреншікті жағдайға, былайша айтқанда созылмалы «сырқатқа» айналған. «Дертке» дауа іздеген депутаттар сол үшін шенеуніктерді сынаумен келеді. Тіпті ақшаны толық игере алмағандарға жазаны қатаңдатайық деп те айтып жүр. Бірақ онысы сөз жүзінде ғана қалып отыр. Біздегі түрлі деңгейдегі бірінші басшылар халық қалаулыларының тоқпағынан шаршаса керек, Үкімет бюджет туралы заңды енді өз ыңғайына орай өзгертуге шешім қабылдап, бірінші басшыларды қорғаудың жаңа жолын ойлап тауыпты. Сөйтіп, министрлер мен облыс әкімдерін қазына қаржысына жауапкершіліктен босатпақшы. Бұл депутаттардың жағасын ұстатып, одан сайын ашуына тиді. – Қазіргі қарап отырған заң жобасында бюджет қаржысы үшін министрліктің тағайындаған бағдарлама басшысы жауап береді деп көрсетілген. Осыны қалай түсінуге болады? Сонда бірінші басшы еш нәрсеге жауап бермейтін болғаны ма?- деді оқыстан алған «соққыдан» бірінші есін жиған депутат Жексенбай Дүйсебаев – Жоқ, бірінші басшыдан жауапкершілік алынбайды. Мемлекеттік органның бірінші басшысы тек қана қаржылық жауапкершілік емес, түпкілікті мақсаттарға қол жеткізу үшін оның жауапкершілігі бар, –деді алдауратпақ болып ойын жұмбақтай жеткізген ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов. Оның айтуынша министрлер мен әкімдер жыл бойы атқарылған жұмыстың жалпы нәтижесіне жауапты. Ал босқа рәсуа болған қаржының сұрауы жекелеген жетекшілерден болады. Бірақ бұл жалтарма жауап халық қалаулыларын қанағаттандырған жоқ – Мен түсіне алмай отырмын. Бұл заң жобасынан «бірінші басшыны» алып тастап, «бюджеттік бағдарламаның жетекшісі» деген сөзді қалдырып отырсыздар. Оған департамент директоры, вице-министр, басқарма басшысы, мемлекеттік мекемедегі бюджеттік департамент жетекшісі жатады емес пе? – деп сұрады мәселенің басын ашып алмақшы болған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. Үкіметтің түпкі ойын түсінген мәжілісмендер бюджет ақшасына жауапты қылып бірінші басшыны қалай да қалдырмақ ниетте. Өйткені, онсыз да жылда миллиардтар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуде дейді мәжілісмендер. – Қазына қаржысын жымқыруға икемделген талай бағдарламаны көрдік. Шенеуніктер жаңа жоспарлардың құнын әдейі қымбат есептеп, артық ақша бөлдіреді. Сөйтіп, ешкімге байқатпай шетінен кеміріп жейді. Бұл үрдіс өте жиі, тіпті жылда қайталанады – деді ашығын айтқан коммунист-депутат Владислав Косарев. Депутаттар жемқорлыққа жол ашатын бюджеттік бағдарламалардың бағасын төмендетуді талап етті. Сөйтіп жоспарлау әдісін түбегейлі өзгертпекші. Жалпы, министрлер үш жылдық бюджетті мұнайдың бағасы 45 доллар, АҚШ ақшасының теңгеге шаққандағы бағамы 340 болады деп есептеген екен. Ал келесі жылдың шығыны 9 триллион теңгеден асады деп болжануда. Сондай-ақ, жаңа заң жобасында ұлттық компаниялар мен холдингтерге берілетін мемлекеттік қарызды Ұлттық экономика министрлігі шешеді деп жазылған бұл жобада. Депутаттар бұл тармақпен де түбегейлі келіспей отыр. Мәжілісмендер квазисекторға берілетін әр тиынға Үкіметтің тікелей өзі жауапты болуы тиіс дейді. Халық қалаулылары бюджет туралы заңға өз ұсыныстарын енгізіп, екінші оқылымда бұл мәселені тағы да майшаммен қарайтындықтарын ескертті. Мүйіз сұраймын деп келіп сақалынан айырылғандай болған министр депутаттардың қыспағына түскен соң заң жобасын қайта өзгертеміз деп әрең құтылды. Енді ойланып көрелікші. Алдымен, «Бұл жобаға өзгерту ретінде жасалған осы бір санаға сиымсыз ұсыныстың негізгі авторы кім?» деген сұрақтың пайда болуы заңды. Осы жобаны Мәжілісте депутаттарға бекіту үшін министр Тимур Сүлейменов алып келгенмен, ол қалайда Үкімет мүшелерімен, одан қалды Үкімет басшысымен келісілетіні айдан анық. Сонда Бас уәзір Бақытжан Сағынтаевтың да бірінші басшылардың басын қорғап, шенеуніктердің шекпенін қымтауға көшкені ме? Басқаша түсіну мүмкін емес қой. Бұлай деп қаттырақ айтуға да себеп бар. Біздің мемлекетіміздің де, оған жан-тәнімен беріліп адал қызмет етуге тиісті мемлекеттік қызметкерлеріміздің де алдындағы ең басты міндет – бөлінген бюджеттік қаржыны (халықтың қаржысын) мақсатты жұмсап, дер кезінде қалтқысыз орындау. Өйткені ол – аса маңызды мемлекеттік жобалар. Жай ғана жоспар емес, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін, отанымыздың қуатын, дәулетін арттыру үшін арнайы қабылданған нақты іс-шаралар. Біздің бұл пікірімізге қарсы шығатындар жоқ шығар. Олай болса бірінші басшылар осыншама маңызды істі атқарудан, оған деген жауапкершіліктен неге бас тартпақшы? Елбасы өзіне тиесілі құзырлы міндеттерді Үкімет пен түрлі деңгейдегі әкімдіктерге ресми түрде бөліп беріп, заңды жолмен бекітіп сеніп тапсырғандағы жеткен жеріміз осы ма? Бұл халықтың және Елбасының үлкен сенім білдіріп отырған Үкімет басшысының да жауапкершіліктен қашқақтағанын көрсетпей ме? Олай демеске амалымыз жоқ, министрдің мына ұсынысы соны айтуға итермелейді. Мақұл, Мәжіліске әкелген бұл ұсыныс өтіп кетті делік. Ал, оның соңғы нәтижесі қандай болмақ? Соған бір сәт көз жүгіртіп көрелікші. Бүгіннің өзінде бірінші басшылардың қатаң қадағалануында отырған түрлі сала мен әр деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің аптасына кем дегенде он шақтысы жемқорлыққа байланысты ұсталып, құқық қорғау орындары құрықтап жатқаны белгілі. Осыдан-ақ бұл қаржыға қатысты жауапкершілікті кім-көрінгеннің мойнына іле салудың соңы жақсылыққа апармасын аңғаруға болмай ма? Бұл-бір. Екіншіден, аса маңызды болып табылатын қаржылық жауапкершіліктен жалтарған бірінші басшыларды сонда не үшін ұстап отыруымыз керек? Әкімдер мен министрлердің бұдан маңызды, бұдан артық жұмысы жоқ десек те болады. Олардың «бонус» атты сыйлықтарын есепке алмаған күннің өзінде әрқайсысына айына миллион теңгеден жалақы төлейтіндей халықтың артық ақшасы бар ма? Егер жауапкершіліктен жұрдай етсек онсыз да мемлекеттік бағдарламаларды орындай аламай жүрген «біріншілер» бұдан кейін жұмыс істеуді мүлдем қоймай ма? Төрге құрметтеп отырғызып, ақ батасын алатын ақсақалдан айырмашылығы болмай қалады ғой. Ақсақалдардың ақ батасын аласың, ал жауапкершіліктен құтылған қызметкерден не күтеміз? Бірден айтайық, ештеңе күтіп керегі жоқ. Белгілі бір академияның «Құрметті академигі» деген сияқты, бұдан кейін бәленбай министрліктің «құрметті министрі», түгенбай әкімдіктің «құрметті әкімі» деген секілді ештеңе бітірмейтін, саны бар да сапасы жоқ жаңа қызмет түрі пайда болып жүрмей ме? Үшіншіден, осы жасалған ұсыныспен кете берсек одан сорақысын көретін шығармыз. Бүгін министр мен әкімдер қаржылық жауапкершіліктен босатылса, ертең олардың орынбасарлары мен департамент басшылары да ештеңеге жауап бермейтін күнге жетеміз. Одан кейін аудан мен ауылдық округ әкімдері де жауапкершіліктен «жұрдайлардың» қатарына қосылары сөзсіз. Сонда мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, қаржының уақытында тоналмай жұмсалуына кім жауап береді? Бір қызығы, бюджет қаржысын оңды-солды шашып, қолды етіп жымқырғанда «бірінші» де «екінші» де ешқашан ондай «қызметтен» бас тартпайды, таласа-тармаса істейді. Ал, жауапкершілікке келгенде біреудің қолымен от көсегісі келеді. Бізде бастығы емес орынбасарлары жемқорлықпен жиі ұсталатыны да сондықтан. Қол астындағы орынбасарының қып-қызыл ұры екенін бастықтың мүлдем білмегені ме сонда? Жоқ, ол мүлдем мүмкін емес. Өз саласында, танауының астында не болып жатқанын білмеген басшыны бір күнде онлдай лауазымда ұстамаған жөн. Сондықтан да депутаттарымыздың қаржылық жауапкершілікті Үкіметтің, министрлер мен әкімдердің өзінде қалдыру керек деген пікірі өте орынды. Жоғары лауазым мен жайлы креслоны өздері таңдап алған соң жұмыстың да ауыры мен жауапкершілігін бірдей көтере білуге міндетті. Оларды министр немесе әкім боласың деп ешкім қыстап отырған жоқ қой. Олар тіпті осы орында желкелеп қуып шыққанша отыра беруге пейілді, ол анық. Өйткені, өз еркімен қызметінен кеткен әкімдерді әлі көрген емеспіз. Мемлекеттік бағдарламалар үшін басын қатырмайтын, оған бөлінген қаржыға деген жауапкершіліктен бас тартып жатса ондай қызметтік орынды біржолата жауып тастаған әлдеқайда тиімді. Сондықтан, жымысқы жобаларын ұсынбас бұрын «біріншілер» алдымен осы жағын мықтап ойланғаны жөн. Ал халық қалаулылары алған бетінен таймай, өз сөзінде тұрса жарағаны. Сайлаушылар алдындағы беделі де бір көтеріліп қалар еді. Ал бедел деген әкімге де, министрге де, тіпті депутаттарға да оңайлықпен келмейтіні белгілі... Зейнолла Қабиоллаұлы qazaquni.kz