ҚАЗАҚСТАН ҚЫТАЙҒА ГАЗ ЭКСПОРТЫН БАСТАДЫ

Қазақстандық көгілдір отынды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан «Орталық Азия-Қытай» трансұлттық газ құбырына жіберу салтанатты рәсімі Астанадағы газ операторының бірыңғай диспетчерлік орталығында болып өтті. Рәсімге ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Қайрат Шәріпбаев, «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры Рустам Сулейманов қатысты. Шымкент қаласы маңында орналасқан «Ақбұлақ» газ өлшеу стансасымен онлайн байланыс арқылы өткен рәсім кезінде қазақстандық газды экспортқа жіберу жүзеге асырылды. Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасында 5 млрд. текше метр қазақстандық газды экспорттау туралы тарихи келісімшартқа қол қойылған-ды. Қазақстан аумағындағы табиғи газды экспорттау маршруты 3 мың шақырымды құрайды, тасымалдау процессіне 10-нан астам компрессорлық станса жұмылдырылған. Қытайға газ экспорттаудан қазақстандық компаниялар 1 млрд. долларға жуық пайда табады. Сая ЕРМЕКОВА, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 2-курс студенті qazaquni.kz